«Пошта бүгінде жалғыз хат-хабар таратпайды...»

«Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалы ұжымының киелі кентке қоныс аударып, жаңа да еңселі ғимаратқа жайғасқанына көп уақыт өте қойған жоқ. Осы аралықта мекемеде қандай жаңалықтар болды?  Жалпы, пошта саласындағы елеулі ерекшеліктер қайсы? Біз осы сауалдарға жауап іздеп, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Бақытжан  ЫСҚАҚОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан Бекболатұлы, «Қазпошта» ұжымы заман ағымына сай даму жолына түскенін білеміз. Осы жолда ұжым қандай қиындықтарға кезікті және тұтынушыларыңызды қандай жаңалықтармен қуанта аласыздар?

– Бүгінде «Қазпоштаның» қызметі баз-баяғынша хат-хабар тарату, сәлем-сауқат жеткізу сияқты қызметтермен ғана шектелмейді. Біз тұрғындарға да, бизнеске де заманауи пошталық және қаржылық қызметтер сервисін  көрсетеміз. Дәстүрлі пошталық қызметтеріне тоқталсақ, соңғы жылдары еліміз бойынша тасымалданатын хат-хабар, жөнелтілімдердің сексен пайыздан астамын үш күннің ішінде алушыға (адресатқа) табыстауға қол жеткіздік. Мәселен, сәлем-сауқат, хат-хабар Қазақстан бойынша, тіпті шетелдерге де жөнелтіліп жатады емес пе?! Солардың барлығының жол-жөнекей жоғалып кетпей әрі иесіне уақтылы табысталуына біз жауапты боламыз. Әзірге жөнелтілімдердің жоғалып кетуі немесе мерзімінен кеш баруы сияқты шағымдар түскен жоқ.

Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде «Қазпошта» бірқатар қаржылық қызмет түрлерін көрсетеді. Олар – төлемдерді, салық төлемдерін қабылдау, зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді төлеу, несие және депозиттер рәсімдеу қызметтері. Жалпы, Қазақстан Республикасының пошта байланысы  Дүниежүзілік пошта Одағында Қазақстанның пошта операторы міндетін атқарады  және жалпы мемлекеттік инфрақұрылымның негізгі салаларының бірі болып табылады.

– Сіз бүгінде пошта қаржылық операцияларды да атқарады дедіңіз, осыны тағы да бір нақтылап кетесіз бе?

– Нақтылап айтқанда, «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалы пошталық, қаржылық, сондай- ақ, агенттік қызметтердің кең спектрін ұсынады. Хат-хабарлар мен сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу, гибридті электрондық пошта, баспа өнімдерін тарату қызметтері, ірі габаритті пошта жөнелтілімдері, онлайн бақылау, 24/7 қызмет көрсету поштаматы, коммуналдық және өзге де төлемдерді қабылдау қызметтері, зейнеткерлерге, жеке кәсіпкерлерге, заңды және жеке тұлғаларға шот ашу, депозиттік шоттар ашу, аударым және валюталық операциялар, жеке тұлғаларға кредит беру, лотереялық билеттер сату сияқты қызметтермен айналысамыз.

– Иә, сіздерде халыққа қызмет көрсету ауқымы кеңейіпті. Олай болса,  филиалдың қазіргі құрылымы қандай?

– «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалында 14 аудан, қалалық пошта байланыс торабы, 15 орталық операциялық учаскесі, 15 сәлемдеме супермаркеті, 20 қалалық пошта бөлімшесі, 232 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі, 11 төлемдерді қабылдау пункті, 1 поштаны сұрыптау және тасымалдау учаскесі,  15 пошта жеткізу қызметі бар.

– Осыншама ауқымды жұмысы бар мекеменің жұмысшы-қызметкерлері де көп шығар?

– Қазір біздің  филиалда 1200 штаттық қызметкер, сондай-ақ, өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша 130 адам (жаяу курьерлер) жұмыс істейді. 80  автокөлік, оның ішінде 30 «броньдалған техника» инкассаторы бар. Айта кетейін, филиалымыз өз қызметі аясында облыстың барлық аумағын қамтиды. Ауылдық елді мекендерге ерекше көңіл бөлінеді. Пошта желісі электрондық сауданы, көлік-логистикалық сервисті, сондай-ақ, бизнес пен халық үшін қаржылық қызметтерді ілгерілетудің тиімді құралы болып табылады. Қазіргі уақытта компания посткеңестік пошта бөлімшелерінен әмбебап, көпсалалы және инновациялық ұйымға қарай қарқынды даму жолынан өтіп жатыр. Соңғы жылдары «Қазпошта» АҚ-ында жаңа пошта қызметтерін көрсетуде, жаңа озық өнімдерді енгізуде және қолда бар процестерді оңтайландыруда оң қадамдар жасалынуда. Сонымен қатар, электронды платформа құрылды «Post.kz» бағдарламасы аясында «Card2Card» және «card2сash» аударымдары, «Salem Online!», «Salem, mobile!» «Сәлемдемелер супермаркеті», «Поштаматтар» арналары арқылы пошта қызметтерінің процестері оңтайландырылды. Айта кету керек, «Қазпошта» АҚ сияқты ірі және бірегей пошта-қаржы институты өз қызметіне жауапкершілікпен қарайды және әлеуметтік функцияларды орындайды.

Жоғарыда атап өткенімдей, «Қазпошта» АҚ қаржылық және пошта қызметтерінің кең спектрін көрсетеді, олардың арасында жәрдемақылар мен зейнетақыларды, сондай-ақ жалақыны төлеу, коммуналдық төлемдерді, бюджетке төлемдерді қабылдау, кедендік төлемдер, ақша аударымдары, сәлемдемелерді, жазбаша хат-хабарларды және газеттерді, журналдарды қабылдау және жеткізу маңызды орын алады.

– Жоғарыда сіз бізде лотерея ойнатылады деп қалдыңыз.

– Иә, солай. Біз «Сәтті жұлдыз» лотереясы ұлттық операторымен тығыз әріптестік байланыс орнаттық. Бөлімшелерімізден жергілікті тұрғындар көптеген лотерея түрлерін сатып ала алады. Билеттерді барлық бөлімшелерде тексертіп, ұтыс шыққан билеттерді нөмірлерімен салыстыруға болады. Бөлімшелерде ұтыстың белгілі мөлшері қолма-қол төленеді.

– Енді соңғы жылдары пошта қызметіне енгізілген инновациялық бағыттағы жаңалықтар жөнінде айта кетсеңіз.

– Мемлекет басшысы халықаралық кедендік құжаттарды рәсімдеуді жеңілдететін құжатқа қол қойғаны белгілі. Мұның бізге де орасан зор пайдасы тиіп жатыр. Айталық, бұрын интернет дүкендер заңды тұлғалар атынан өз тауарларын өзге мемлекеттердегі сатып алушыларға жөнелте алмайтын. Сондықтан кәсіпкерлер әр жөнелтілім үшін кедендік декларация толтырып, кедендік құрылымдарға кедендік төлем төлеуге жүгіретін. Қағаз толтырудан ығыр болған іскер жандардың алды халықаралық сауда-саттықтан бас тарта да бастаған. Ал, пысықтары тауарларын жеке тұлға атынан жөнелтетін. Оның да өз қиындықтары бар. Барлық клиент жеке тұлғадан тауар сатып алуға дайын емес еді.

Енді кедендік құжаттардың орнына пошталық құжаттарды пайдалануға болады. «Қазпошта» кедендік құрылымдармен ақпарат алмасу үшін жеңілдетілген экспорт сервисін қолданысқа енгізді. Экспортқа шығарылатын тауарды рәсімдеу пошта бөлімшесінде бірнеше минутта жасалады. Сондықтан біздің қызметке жүгінетіндердің қатары күн сайын көбейіп келеді.

– Дегенмен, түкпірдегі ауылдардан, тіпті аудан орталықтарынан газет-журналдарға жазылушылардан мерзімді басылымдардың уақтылы жеткізілмейтіні жөнінде  шағымдар үздіксіз түседі. Әлде сіздерде почтальондар жетіспей ме? Жетіспесе, неге жетіспейді?

– Жасырмаймыз, қазіргі таңда газеттер мен журналдар, хат-хабарлардың сапалы да уақтылы жеткізілмеуіне  бізде пошташы курьер мамандардың жетіспейтіні  себеп болып тұр.  Филиалдық штаттық кестеге сәйкес бізге 326 хат тасушы керек. Қазір 

14 хат тасушының орны бос тұр. Жазылушыларға айтар біздің де өтініш, базынамыз бар.  Мысалы, хат-хабар, газеттер мен журналдарды үйлеріне жеткізгенде тұрғындардың көбі  үйлерінде болмайды. Сосын пошталық жөнелтілімдер әр тұрғынның арнайы жәшігіне салынуы керек. Мұндай жәшіктерді қоюды көп тұрғындар ұмытып кете береді. Енді хат тасушы не істейді? Амалсыз шарбағына, не есігіне қыстырып кетеді.Оны ойнап жүрген балалар алып қоюы, не жел ұшырып кетуі мүмкін ғой. Содан барып бізге өкпе артады. Біз әр жазылушыға үйлеріңіздің сыртына белгілі орынға пошта жәшігін орнатып қойыңыздар дер едік. Ал, енді почтальондар жетіспейді ме деген сұрағыңызға келсек, олардың жұмыс істеп жүргендері де еңбек демалысына шығады. Денсаулығы сыр берсе, емделеді. Жұмысқа жаңадан тұратындар бар. Осындай кездері 50-60 хат тасушының орны бос тұрады. Мұның өзі де газет-журналдардың, хат-хабарлардың уақтылы жетпеуіне әкеліп соқтырады.

– Егер құпия болмаса айтыңызшы, курьер пошташылардың айлық жалақысы қанша?

– Осыған дейін хат тасушылардың айлық жалақысы орта деңгейде болды. 2023 жылы «Қазпошта» АҚ айлықты  көтеру жөнінде шешім қабылдады. Осыдан соң айлық жалақы  25 пайызға өсті. Енді хат тасушылардың орташа жалақысы – 93 750 теңге.

– Ашық сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

«Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз