Ақылдың кені еді

Қазақтың қай сөзі де мағынаға тұнып тұр ғой, шіркін! Мәселен, «Әке – асқар тау» деп жатамыз. Былай қарағанда бұл сөзде ерекше ешнәрсе де жоқ сияқты. Ал, астарына үңілсеңіз, түпсіз терең рухани әлемге сүңгіп кетесіз. Алла жаратқан жаратылыстың ішінде таудан құдіретті, таудан қатал, таудан мейірбан не бар?! Ал, перзент үшін әкеден асқан құдірет, әкедей қатал, әкедей мейірбан кім бар?! Тау адамзатқа пана болса, әке перзентке пана емес пе?! Әкеңнің ұлы тұлғасы, әкеңнің өнегесі, әкеңнің ұлағаты өмірлік сабақ емес пе?!
Бүгінде өзіміз де әкеміз, атамыз. Алайда, әкеден алған ұлағат өмір бойы естен шықпайды екен. Әкең есіңе түссе өзіңді қайтадан бала сезінесің.
Шамасы 6-7 жасар кезім. Әкем мен анам бір жаққа кететін болды да, «біз кешігетіндей болсақ, қарның ашып қалмасын, көр-жер алып жерсің» деп маған азын-аулақ тиын-тебен тастап кетті. Біз ол кезде Темір стансасында тұратынбыз. Бекет басында жолаушыларға оны-мұны сатып, апалар отыратын.
Сол күні ауылға ақ шапанды, басына ақ сәлде ораған бір диуана келді. Біреу ұн, біреу нан, біреу тары, біреу жүгері дегендей, тапқандарын беріп жатыр. Біздің үй ауылдың шетінде еді. Әлгі диуана әлден уақытта біздің үйге қарай бет алды. Мен ол кісіні қуып жеттім де, «ата, бұл біздің үй, үйде ешкім жоқ, есік жабық, сондықтан ұн, нан бере алмаймын. Менде бары осы еді, ата ренжімей, разы болыңыз» деп қалтамдағы әке-шешем тастап кеткен тиын-тебенді бердім. Балалық қой, ол кісіге тек ұн, нан, тары, жүгері беру керек деп ойласам керек. Ақсақал «балам, қолыңды жай» деп бата берді. «Кісіге тіке қарайды екенсің, жанарың от шашып тұр, болайын деп тұрған бала екенсің. Алла жолыңды ашып, бабалар әруағы қолдап, Шаяхметовтің орнына бар, болмағанда жанында қосшы бол, балам» деп берді батасын. Кешке қарай әке-шешем келді. Күнімен аш жүрген басым, тамаққа опыра кіріссем керек. Әкем «не болды балам, ақшаңды жоғалтып алдың ба, түскі ас ішпеген сияқтысың ғой» деген кезде, «көке, кейін айтам» деппін. Шәй ішіп болған соң болған жәйді баяндап, «Шаяхметов деген кім?» деп сұрадым. «Е, балам, саған бата берген Қыдыр ата шығар, әумин, айтқаны келсін! Шаяхметов деген атаң Қазақстанның бірінші басшысы!» деді. Тереңдей түсінбесем де Шаяхметовтің үлкен басшы екенін сезіндім.
Жылжып, жылдар өтті, екінші рет ҚР Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымының депутаты болғанымда, қатты ойландым. Менің зейнетке шыққаныма 2 жылдай болған, «енді жастар істегені дұрыс шығар» дедім де, Парламент мерзімін аяқтаған күні Астанадан көшіп кеттім. Қайтадан сайлансам деген ой мүлдем болған жоқ.
Үш миллионға жуық халқы бар өңірде Құдайға шүкір, қабілетті жігіттер аз емес. Сенсеңіздер, сол күндері есіме бала кезімде жолыққан диуана ақсақалдың батасы түсті. Қайран бабалар «Жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді» деп қалай дәл айтқан!
Болашақтың тұтқасы болар жастар бабалардан қалған осы бір сөзді естерінен шығармай жүрсе, қанеки!
Өзім үшін ыңғайсыздау болса да жастарға ұлағат болсын деп бастан өткен тағы бір жайтты айтсам деймін.
Кластағы жақсы оқитын шәкірттердің бірі едім. Сегізіншіні бітірген жылы «Арыс» кеңшарына жүгері шабыққа апарды. Сол шабық кезінде математика пәнінен сабақ беретін ағаймен бір мәселе бойынша келіспей қалдым. Содан ол кісі 9-сыныптан бастап маған бола математика пәнінен сыныптағы ешкімге «5» деген баға қоймайтын болды. Мектеп бітірген кезде математика пәнімен сабақтас алгебра, геометрия салалары емтиханға түсті де, бірнеше бала комиссия мүшелерінің шешімімен «5» деген баға алдық. Бірақ, бәрімізде 9-сынып қорытындысы бойынша тригонометрия сабағы «4» болып тұр. Медальға іліну үшін тригонометрия сабағын қайта тапсыруымыз керек. Маған сынып жетекшісі «математика пәні мұғалімінен кешірім сұрасаң, тригонометрия пәнінен 9-сынып қорытындысын қайта емтихан алуға келісім береді. Кешірім сұрай сал» деді. Мен «әкем мені ісің тура болса, әділетті болса, ешкімнен кешірім сұрамасаң болады деп тәрбиелеген. Білімге ұмтылдым, жұрт қатарлы оқыдым. Ісім тура, сондықтан кешірім сұрамаймын, маған медаль керек емес» деп кешірім сұраудан бас тарттым.
Сонымен аттестат алдық, енді оқуға бармақшымыз. Алайда, әкем оқуға баруыма рұқсат бергісі келмеді.
Мен тыңдамай, оқуға аттандым. Әсем қала Алматыға келдік, көңіл құсы көк аспанда қалықтап жүр. ҚазМУ-дің жоғары математика факультетіне құжат тапсырдым. Күн сайын қасымда жататын балаларға қарағанда ерте тұрып, бой сергітіп жүретінмін. Қара басып, бірінші емтихан болатын күні ұйықтап қалыппын. Балалар оятыпты, мен «қазір тұрамын» деппін де жата беріппін. Олар емтиханға кеткен, мен қайта ұйықтап қалғанмын. Оянсам, сағат 9-дан асып барады екен, пәтерім ҚазМУ-ге жақын еді. Алып-ұшып жүгіріп келсем, емтихан әлдеқашан басталып кетіпті. «Емтиханға жіберіңіздерші, қалған уақыт маған жетеді» деп өтінішті жаудырудамын, бірақ, «тәртіп солай» деп жібермеді. Басым салбырап, елге келдім. Әкем жарықтық ұрысқан жоқ. Тек қана «балам, есіңде болсын, ата-ананың ықтиярынсыз жігіттің ісі оңға баспайды. Әсіресе, әке батасын алмаған баланың жолы болмайды. Қазақ «ана қарғысы боқ, әке қарғысы оқ» дегенді тегін айтты дейсің бе?! Бар, атаңның ауылына барып, жұмыс істе, өмір көр. Құдай қаласа, келесі жылы барасың оқуға» деді. Мен сонда 16 жаста едім. Мектеп бітіргенде аттестатқа қоса алған кең профильді механизатор мамандығы бойынша қазіргі Отырар ауданындағы «Талапты» кеңшарына жұмысқа орналастым. Осы үшін де әкеме ризашылығым шексіз. Өмір көрдім, 1 сом ақшаның құнын білдім.
Енді бүгінде өзім де атамын. Соңымыздан өсіп келе жатқан көк балаусадай жас өркенге мен де «балаларым, ата-аналарыңның ризашылығын, батасын алып жүрсеңдер, жаман болмайсыңдар» дегім келеді.
«Жаман шынын айтамын деп сырын айтыпты» дегендей болмасын, дегенмен, мұның да өнегесі бар-ау деп тағы бір әңгіме айтқым келіп отыр. Бір күні ұйқы қанған соң үйден шығып бара жатыр едім, әкем «балам, кешікпей кел, бүгін қонақ күтеміз» деді. «Жарайды» дедім де шығып кеттім. Күн батар-батпас үйге келсем, дастарқан жасаулы, бірақ, бөтен ешкім көрінбейді. «Көке, қонақтар келмеген бе?» деп едім, жымиып күлді де, «жоқ, келді, үйге жүр» деді. Үйге кірдік. Әкем маған өзі отыратын төрді нұсқады да, «отыр балам, бүгінгі қонақ сенсің, сен бүгін календарь бойынша 12-ге келдің, бірінші мүшеліңе толдың. Қазақ бірінші мүшелді 13 жасқа келді деп есептейді. «Он үште отау иесі» деген сөз бар. Сондықтан бүгін сенің жігіт болғаныңды жуамыз» деді. Сонымен мені кісі қылып төрге отырғызып қойды. Бір кезде алдыма бас тартты. Мен түсінбей, аңтарылып бетіне қарадым да, «көке, қазақта әкесі бар бала бас ұстамайды ғой» деген едім, «балам, оны білгеніңе шүкіршілік. «Әке балаға сыншы» деген, сені төрт кісіге төрелік айта алатын азамат болып өсе ме екен деген менің Құдайдан үмітім бар. Егер үмітіміз ақталып, сен келешекте басшы болсаң, жасыңа қарамай жолыңа қарап, алдыңа бас қояды. Сол кезде сен басты қалай ұстауды білмесең, сөз маған келеді» деп басты қалай ұстау керек екенін көрсете бастады.
Шын мәнінде Алла тағала адамның ниетіне, пейіліне қарай береді деген сөздің растығына әбден көзім жетті. Жылжып жылдар өтті, 1968 жылы 5 тамызда, 22 жасымда жоғары оқу орнын бітіріп, жолдамамен Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының жаңадан құрылып жатқан Абай атындағы кеңшарына келіп, құрылыс цехының мастері болып жұмысқа кірістім.
Құрылыс цехындағы жұмысшылардың дені Кавказдан келген қыз-жігіттер еді. Олар жұмысты күн шыға бастайды, күн бата аяқтайды. Жұмысты үйрену үшін мен олардан жарты сағат бұрын келіп, жарты сағат кейін кетемін. Жұмыс тоқтап қалмас үшін жұмысшыларды қажетті құрал-жабдықтармен, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді қарастырамын. Қалай болғанын қайдам, жігіттермен тез тіл табысып кеттім. Сол жылдың қараша айының басында цех бастығы Ақтөбеге отбасы жағдайына байланысты көшіп кетті де, ол қызметті атқаруға басшылар маған салмақ салды. Мен, әрине, қашқақтадым, жасым болса небәрі 22-де ғана, тәжірибем де шамалы. Дегенмен, басшылар менің жоғары білімді екенімді, ең бастысы, жұмысшылармен тез тіл табысып кеткенімді ескеріп, сол құрылыс цехына ақыры бастық қылып тағайындады. Осы бір жағдайға әлі күнге дейін таң қаламын, оң-солымды әлі танып үлгермегенмін, қызметтік тәжірибем жоқтың қасы, жалпақ тілмен айтқанда, биографиям да, географиям да келмейді, бірақ, жергілікті басшылар сол лауазымды қызметті маған сеніп тапсырды.
Мұның сырын араға пәлен уақыт түскенде ғана аңғара бастадым. Сөйтсем Алла тағала әкемнің шын тілегенін берген екен ғой.
Сол 13 жасқа толып, отау иесі болған шағымнан бастап әкем мүмкіндігінше уақыт тауып, менімен екі аптада бір рет әңгіме-дүкен құрып жүрді.
Кейде тапсырмалар беріп қоятын. Ең алғашқы тапсырмасы естен шықпайды. «Сіздер Александр Македонский дейсіздер, біз Ескендір Зұлқарнайын болмаса мүйізді Зұлқарнайын дейміз. Сол кісі 16-17 жасында атқа қонып, әлемнің жартысын жаулады, жарты әлемнің байлығына еге болды да, 33 жасында өмірден озды. Өмірден озарының алдында бас уәзіріне «менің күнім бітуге таяу. Мен өмірден озған соң сен менің қолымды табыттан шығарып, алақанымды ашып қойып, табытты қаланы аралатып, жаяу алып жүріңдер. Сосын ғана жерлеңдер» деп бұйырады. Бүкіл әлемді үрейде ұстаған Ескендір Зұлқарнайын уәзіріне неге сондай тапсырма берді? Осыны мен жұмыстан келгенше ойланып, жауабын тауып қой» деп жұмысына кетті. Мен күні бойы ойланып, «Македонский әлемнің жарты байлығына ие болса да, ана дүниеге ешнәрсе алып кетіп бара жатпағанын ишаралағаны шығар» деген ойға келдім.
Әкем жұмыстан келген соң осы тұжырымымды айттым. «Сұрақтың жауабын жарым-жартылай тауыпсың, екінші жартысын айта алмайсың ба?» деді. Мен иығымды қиқаң еткіздім. Ол кісі «енді әлі жастау болып өрең жетпеген шығар, оның екінші жартысы мынау: мен әлемнің жартысын жаулап алдым, орасан байлыққа ие болдым, ол жолда қаншама адамның қанын судай ағыздым. Енді Алланың алдында не деп жауап беремін? Мына дүние маған не опа берді, ана дүниеге ешнәрсе алып бара жатқан жоқпын. Сондықтан болашақтың егелері, соғыспай, қан төкпей, бейбітшілікте өмір сүріңдер деп жол көрсетіп бара жатыр. Түсіндің бе?» деді. Мен түсіндім дедім. Не түсіндің деп қайта сұрады, өзінің аузынан не естігенімді айтып бердім. «Дұрыс түсініпсің, дегенмен, толықтыра кетейін» деп әңгімені жалғастырды.
– Ескендір өмірден бар-жоғы 33 жаста өткен, енді өзің ойланшы, 16-17 жаста атқа қонып, әлемнің жартысын жаулап алған жап-жас жігіт, батыр жігіт неге өмірден жастай кетті? Себебі, әрбір адамның Алланың алдында бағасы болады. Мәселен, менің құным 5 тіллә, сенің құның 10 тіллә, содан бір мысқал артық дүние жинасаң, лимит бітті деп өмірден алып кетеді. Сондықтан қарның тоқ болсын, көйлегің көк болсын, ағайын-туыспен, жора-жолдаспен, құда-жекжатпен араласып тұратындай мүмкіндігің болса жетеді, артық дүние жинамауға тырыс, балам. «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атыңды сойғызады» деп атаң қазақ бекер айтпаған, – деп әңгімесін аяқтады әкем.
Бұл мен үшін өмірлік қағида болды.
Тағы бір әңгімесінде «балам, жаман адам болмайды» деді. – Тәрбиесіне, өмір соқпағының жағдайына орай ерекше мінезді адам болуы мүмкін. Халық жаман деп ат қойған адам екі жағдайда жақсы адаммен бірдей болады. Мысалы, тамақты бірдей жейді, ұлы сөзде ұят жоқ, төсекте бірдей болады, содан оның да үйелмелі-сүйелмелі балалары болады. Қазақ бабаң «Бесіктің жақсы болуы ағашынан, жігіттің жақсы болуы нағашыдан» дейді. Ол алғаның жақсы болса, одан туған балалар да жақсы азамат болады деген сөз. Сен зәуіде басшы болып кетсең, ешкімді ол жаман адам, жұмысты нашар істейді деп жұмыстан шығарма. «Күріш арқасында күрмек су ішеді», көптің ішінде бір адам жүрер. Сен нашар кісі деп жұмыстан шығарған адамның балалары сол себепті ашқұрсақ қалып, денсаулықтарын бұзып алса, Алланың алдында не деп жауап бересің? Қоғамдағы ол адамның орнын кіммен толтырасың? – деді ойланып.
Бұл әңгіме де мен үшін өмірлік қағидаға айналды. Жарты ғасырға жуық қызметте мен бірде бір кісіні жұмыстан шығарып жібермеуге тырыстым. Бұл менің ешкімге айтпаған сырым еді. Алайда, осыдан бірер жыл бұрын бір тұсаукесер жиында асабалық жасап жүрген келіншек менің қызметте жүргенде ешкімді жұмыстан шығармағанымды сөз арасында айтып қалды. Мен ешкім халықтан ешнәрсе жасыра алмайтынын сонда түсіндім.
Иә, әкем жарықтық мен үшін ақылдың қазынасы еді. Тағы да осындай бір сырласу үстінде «балам, сен қоғамға, өмір сүру ортаңа пайдалы іс жасасаң, ол ісің заңға томпақтау келіп қалса, сені жауапқа тартуы мүмкін. Бірақ, ол ісің шын мәнінде қоғам үшін аса пайдалы болса, Алла қолдап, жауапқа тартылмауың да мүмкін. Зәуіде жауапқа тартылсаң да, қайтып келген соң сот арқылы сотталғаныңды жоюға болады, ақ қағаздай таза болып шыға келесің. Ал, енді өкіметке, жеке адамға, қоғамға қиянат жасап, адалдықтың ала жібін аттасаң, сені өз жүрегің соттайды, сен ол сотталғаннан көрге кіргенше, жүрегің тоқтағанша арыла алмайсың. Сондықтан ешкімнің ала жібін аттама, кісіге қиянат жасама, қолыңнан келсе жақсылық жаса, қолыңнан жақсылық жасау келмесе, ең болмағанда зияныңды тигізбе. «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген қазақтың баласымыз. Сондықтан ешкімге ешуақытта зиян келтірме, бәріне кеңшілікпен қара, балам» деді.
Әкемнің осы тағлымға толы әңгімесі 1981 жылы алдымнан шықты. Осы жылдың наурыз айында сол кездегі Қызылқұм аудандық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланған соң, бір апта өтер- өтпесте ұжым басшыларымен кеңесе отырып, мекемедегі 10 машинаның біреуін асарға бөліп алып, Шәуілдірдегі отыз шақты көшені ретке келтіру үшін тас, топырақ тасуды ұйымдастырдық.
Асар деуімнің мәнісі – жыл соңында облыстан қаржы бөлдіре алсақ бұл жұмыс үшін төленеді, бөлдіре алмасақ ешнәрсе төленбейді, асар болады. Әрине, бірен-саран қарсылықтар болды, алайда, ауданның бірінші басшысы мені қолдаған соң дау-дамай одан әрі өршімеді. Қараша айында тас төселіп бітті. Есептей келгенде қомақты қаржы іздеу керек болды. Тәуекел деп облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары В.И.Немченкоға кірдім. Немченко көпті көрген, әбден ысылған басшы еді. Негізгі кәсібі құрылысшы болатын.
Кірсем, ол кісі өте қатты мазасызданып отыр екен. «Үй-іші аман ба, неге көңілсіз отырсыз?» деп сұрап едім, мән-жайды жайып салды. «Жыл басында облыстың бірінші басшысы мерейлі жасқа толады, сол кісіні жоғарғы жақ Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынуы мүмкін. Алайда, бізде бір көрсеткіш – абаттандыру көрсеткіші орындалмайын деп тұр. Азғантай қаржы бар, бірақ, уақыт өте тығыз. Осы мәселені шеше алмай, басым қатып отыр» деді облатком төрағасының орынбасары. Байқасам орындалмай тұрған жұмыстың көлемі біз атқарған абаттандыру жұмысының көлеміндей екен. Іздегенге сұрағанның нағыз өзі болды. Мен «біз бұл жұмысты атқарып қойдық, соған келесі жылға қаржы сұрап келген едім, соны биыл-ақ бөле салыңыздар, біз бірден есепке кіргіземіз» дедім. Осыдан кейін облыстан дереу комиссия құрылып, ол комиссия ауданға келіп, жұмысты қабылдап, сол күні кешке есепке кіргізді. Қаржы бөлінді, мекемелерге жалақы төленді. Сонымен, құда да тыныш, құдағи да тыныш дегеннің өзі болды.
Жаңа жылдан кейін басшы марапатын алды. Проблеманың бәрі оңынан шешілді.
Күндердің күнінде мені В.И.Немченко өзіне шақырып, «Шалатай, менің саған кеңесім болсын, бұдан кейін мұндай заңсыздық іске бара берме. Түсінемін, сол елдің патриотысың, туған жерге пайда келтірген дұрыс. Бірақ, заңның
аты – заң! Туындаған жағдайға байланысты мәселе оңынан шешілді. Әйтпесе іс насырға шабатын болса, жәй сотталу ғана емес, ең жоғары жазаға ілініп кетуің де мүмкін. Отызда орда бұзғанда, осылай бұза ма екен?!» деді. Сонда әкемнің «ел үшін, қоғам үшін жақсылық жасап, заңды айналып өтсең, оны Алланың өзі қолдайды» деген сөзі есіме түсті. Дегенмен, көзе күнде сынбайды, бір күнде сынады. Аса бір ділгір жағдай болмаса, заңның аясында жұмыс істеу керек екенін түсіндім, мұны да өзіме басты қағида етіп алдым.
Иә, бүгінде әкемнің үмітін орындай алдым ба деп жиі ойланамын. Бар білетінім әкемнің атына жаман сөз келтірмедім. Жарты ғасырдай қызмет еткенде не билік тарапынан, не бұқара халық тарапынан әкемнің атын атап тұрып маған ешкім сөгіс берген жоқ. Көңілге бұл да бір медеу.
Сөз соңында «әке, сіздің тағлымдарыңыздан ой түймей, көңіліңіз толмайтын істерім болса, жалғызыңды кешіре гөр...» дегім келеді.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.