«Қылмыспен күресудің ең тиімді тәсілі – профилактикалық шаралар»

ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне құқық қорғау саласын жетілдіру бойынша нақты шаралар қабылдап, Жаңа Қазақстанға лайықты полиция құру міндетін жүктегені белгілі. Өзгерістің өзегіне айналған салада Президент ұсынған реформалар қалай жүзеге асырылып жатыр? Өңірдегі бүгінгі қылмыстық ахуал қандай? Біз осы мәселелер төңірегінде облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мұрат ҚАБДЕНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Мұрат Талапұлы, Президенттің полицияға қатысты жаңа реформалары мен бастамалары өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр? Алғашқы нәтижелер қандай?

– Бүгінге дейін құқық қорғау саласында көптеген реформалар жасалып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Мемлекет басшысы өзінің былтырғы Жолдауында полицияның жұмысын жетілдіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл шаралар халықтың сұранысына, қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған полиция құруды көздейді. Біз осыған орай саланы бюрократиядан арылту, цифрландыру және оңтайландыру бағыттарына басымдық бере бастадық.

 Талдау көрсеткендей, біздің қызметкерлер жұмыс уақытының 45 пайызын жиналыстарға, анықтама дайындау және расталмаған фактілер бойынша материал жинауға жұмсайды екен. Ал, ең басты міндеті профилактикаға тек 2-ақ пайыз уақытын бөледі. Қазір біз осы мәселені ретке келтіріп жатырмыз. Қызметкерлерді есеп мәліметтерін қолмен жазудан босатып, процестерді автоматтандырудамыз. Мұндағы мақсат – құжаттың қағаз күйіндегі айналымын төмендету. Бұған қоса, Түркістан қаласы – сервистік модель аясында пилоттық жоба ретінде таңдалған аймақтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде бағдарламаның төртінші кезеңі іске асырылуда. Бұл орайда білім-білігі мол сақшылардың қатары артып, олар толығымен техникамен жабдықталып, елмен тығыз байланыста болуы шарт. Ішкі істер министрі «сервистік модель» жобасы аясында әрбір полиция органдары жанынан «Сервистік орталықтар» салынуы қажет екенін айтқан болатын. Соған орай, 2023 жылды «Қала, аудандардағы полицейлер жылы» деп бекіттім. Жаңа жылдан бастап жеке құрамға демеу болып, олардың проблемаларына жіті мән беріп жатырмыз. Полиция ғимараттарын жаңартып, жаңа талапқа сай қызметкерлерді құрал-жабдықтармен және сервистік орталықтармен қамтамасыз етеміз. 

Сервистік модель өз кезегінде бірқатар жаңа міндеттерді айқындайды. Оның біріншісі – құқық тәртібін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Екіншісі – полицияның жұмыс процестерін қайта құру. Алдағы уақытта облыс тұрғындары полициядағы осы өзгерістерді сезінуі тиіс. Біз облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен осы ауқымды жобаларды іске асыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. 

– Облыстың криминогендік ахуалына қандай баға бересіз? Ол бұрнағы жылдармен салыстырғанда қай деңгейде?

– Өткен жылы облыстағы криминогендік ахуал тұрақты болды. Есептік мерзімде 5411 қылмыстық іс тіркелсе, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде аса ауыр қылмыс 23,2 пайызға, тонау 16,1 пайызға, мал ұрлығы 3,5 пайызға, бұзақылық 8,1 пайызға төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі 93,0 пайызға жоғарылады.

– Өңірде қылмыстың қандай түрлері көп? Олардың алдын алу бағытында қандай шаралар қолға алынуда? 

– Біздің облыс мал шаруашылығына қолайлы аймақ. Елдің көпшілігі мал ұстайды. Өз кезегінде мал ұрлығы да жиі орын алады. Десе де, жеке құраммен бірге мал ұрлығының алдын алып, оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мал базарларын, мал артатын көліктерді, алыпсатарларды үнемі бақылап отырамыз. Одан басқа төрт түлік иелеріне үшжақты келісім ұсынып, малдарын қараусыз жібермеуді ескертеміз. Ірі қаралардың мойнына жарық шағылыстыратын таспалар ілуді де қолға алдық. Мұны да өзіміз бастап тағып көрсетіп, тұрғындарға түсіндірдік. Сондай-ақ «Мал ұрысы» атты жедел-профилактикалық іс-шараны кезең-кезеңімен өткізіп отырамыз. Осындай жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде өткен жылы 248 мал ұрлығы тіркелсе, оның 129 дерегі ашылды. Ұрланған 1200-ден астам малдың 700-ге жуығы иелеріне қайтарылды. 

– Соңғы жылдары облыста есірткіге әуестенген жастардың қатары көбейіп барады. Бұған не себеп?

– Қылмыспен күресудің ең тиімді тәсілі профилактикалық жұмыстар екені даусыз. Осыған орай біздің қызметкерлер орта, арнайы орта және ЖОО-да жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыруда белсенді жұмыстар жүргізуде. Есірткі қылмыстарының жауапкершілігі, оның адам ағзасына тигізетін зияны және нашақорлық тақырыптарында облысымызда бүгінге дейін 40 000-ға тарта адам қатысқан 145 профилактикалық іс-шара өткіздік. Осының нәтижесінде былтыр облыстық полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 225 деректі анықтады. Заңсыз айналымда жүрген 1,4 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Сонымен қатар облыс сақшылары тұрғын үйлердің, аялдамалар мен ғимараттардың қабырғаларына «QR» адресін көрсете отырып граффити жазбаларын жазу арқылы есірткі заттарын жарнамалау, насихаттау бойынша 3 деректі анықтады. 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында синтетикалық есірткілермен күреске баса назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты синтетикалық есірткілерді таратумен айналысып жүргендерді анықтау, олардың жолын кесу бағытында жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Мәселен 2022 жылы облыс аумағында синтетикалық есірткілерді жасырып-сатумен айналысып жүрген Шымкент қаласының 4 тұрғыны құрықталды. Олардан жалпы 250 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Жалпы синтетикалық есірткіге байланысты былтыр 11 дерек анықталды.

– Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың бірі – саланы цифрландыру. Осыған байланысты сіз басқаратын департамент цифрландыру процесінің көмегімен қандай нәтижелерге қол жеткізді?  

– Әрине бүгінгі күннің талабына сәйкес цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Бұған мемлекет тарапынан да жеткілікті қолдау көрсетілуде. Яғни полиция қызметкерлері соңғы үлгідегі қызметке қажетті құрал-жабдықтармен, техникалармен жабдықталуда. Бейнебақылау камераларының саны артып, өңір қауіпсіздігі цифрлы бейнежазбалар арқылы қадағалануда. Қағазбастылықты жою мақсатында барлық іс-қағаздары электронды түрде орындалуда. Сонымен қатар тұрғындар полициямен тез арада байланыс жасау үшін ұялы телефондарға, облыс орталығының адамдар көп шоғырланатын аумағында «SOS» батырмалары орнатылды.  

– Жасыратыны жоқ, облыс көлемінде киберқылмыс, интернет алаяқтығы секілді қылмыстың жаңа түрлері пайда бола бастады. Мұнымен күресу үшін жаңа әдістер мен технологиялардың қажет екені даусыз. Оған жағдай жасалған ба?

– Бүгінде алаяқтық қылмыстардың ішіндегі кең таралған түрі – интернет-алаяқтық. Аталған қылмыс түрі уақыт өткен сайын азаюдың орнына көбейіп барады. Олардың жолын кесу үшін біз прокурорларды, ұялы байланыс операторларының өкілдері мен банк қызметкерлерін шақырып, қаншама жиын өткіздік. Осындай жиындардың бірінде тұрғындарды алаяқтықтан сақтандыру мақсатында мобильдік қосымшалардың басты бетіне екі тілде сақтандыру, банк бөлімшелеріне ескерту шаралары бар баннерлер орналастыру, екінші деңгейлі банк операторлары арқылы тұтынушыларға ескерту жасау, алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда банктен жедел түрде алынған ақшаның түбірін анықтап, тез арада бұғаттау сынды ұсыныстарымызды жолдадық. Осындай қылмыс түрімен күресу үшін біздің осы саладағы мамандар қажетті барлық техникалармен қамтамасыз етілген. Статистикаға сәйкес, 2022 жылы Түркістан облысында интернет-алаяқтық бойынша 524 іс тіркелсе, оның 240 дерегі сотқа жолданып, 366 іс тоқтамға алынды. 

– Президент тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлерінің парасаттылығын тексеретін пилоттық жобаның іске қосылғанын білеміз. Облыс полицейлері бұл сынақтан қашан өтеді?

– Мемлекет басшысы бекіткен 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасында полицейлердің парасаттылығын тексеретін integri check тетігін енгізу көзделген. Осыған орай тексерілетін адамдардың іс-әрекеттерін бағалау критерийлері әзірленді. Бастапқы кезеңде азаматтармен қарым-қатынас құру, олардың қарапайым азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету қабілетін тексеруге базар назар аударылады. Сондай-ақ, қызметкердің сыртқы келбеті, яғни қызметтік киімі, материалдық-техникалық жарақтандырылуы, қызметтік планшеттерді, бейнетіркегіштерді, жетондарды, автокөліктерді мақсатты пайдалануы да бағаланады.  

Тексеру кезінде тәртіп сақшыларының күнделікті жұмыстағы түрлі жағдайларға, олардың азаматтармен қарым-қатынас кезіндегі жауап беру қабілетіне де ерекше назар аударылады. Бүгінге дейін Астана, Алматы қалаларының және Алматы, Қарағанды, Павлодар, Жетісу облыстарының полицейлері тексеруден өтті. Алдағы күндері облыстағы учаскелік полиция инспекторлары, Түркістан қалалық полиция басқармасының ювенальды және басқа да бөлімдері, Кентау қалалық полиция бөлімі мен Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері тексеруден өтеді.

– Сіздіңше, Жаңа Қазақстанның полициясы қандай болуы керек?

– Ең бірінші кезекте полиция халықтың қамқоршысы әрі жанашыры болуы керек. Біздің басты мақсат – сол! Сыбайлас жемқорлықты жасамақ түгілі, оны мүлде ойға алмауымыз шарт. Жемқорлыққа жол берген қызметкерге жазаның қатаң екенін әрбір жиында жеке құрамға ескертіп отырамын. Әділетті Қазақстан құру жолында оның полициясы да талапқа сай жаңарып, жүктелген міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Жұртшылықтың жүрегінен орын алғанда ғана нағыз ел қорғаны деген атқа ие боламыз. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз