Әкенің жақындығы жездедей ме?..

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Біздің сөздік қорымызда «жалғызілікті ана», «жесір әйел» деген тіркестер бар. Оған құлағымыз үйреніп кеткен. Алайда, бізде «жалғызілікті әке» деген сөз жоқ. Алда-жалда біреу осылай айта қалса, құлаққа түрпідей тиеді. Дегенмен, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер де кездеседі ғой. Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Біреудің қосағы дүние салады, енді біреулер бір шаңырақ астына сыйыса алмайды. Біздің қоғамда ажырасқан отбасылардың балаларын анасына қалдыратын заң бар. Аналық құқығынан айырылған немесе қайтыс болған әйелдердің, келіншектердің ұл-қыздары әке қолында қалады. Ал, осы ұл-қыздарын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер қандай санатқа жатады? Оларға жеңілдіктер бар ма?
Осы сауалға жауап іздегенде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар мен азаматтардың хал-актілерін тіркеу бөлімдері қызметкерлері кібіртіктеп қалады. Өйткені, АХАТ-та ажырасқандардың саны болса, басқармада «аз қамтамасыз етілген отбасы» деген ғана санат бар. Олар осы отбасыларды әкесі ме, шешесі ме, қайсысы асырап отырғанын білмейді. Олардың міндеті – аз қамтылған отбасыларға көмек беру, жұмысқа жарамдыларын анықтап, жұмыс ұсынады. 
Қазақ қоғамында жалғызілікті әйелдерге көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Сөз жоқ, бұл жеңілдіктердің барлығын да қолдаймыз. Олардың мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы қай жағынан алып қарағанда да өте дұрыс шешім. Біз құрмет көрсетсек, аналарға көрсетейік.
Десек те, біздің қоғамда «жалғыз-ілікті ана» санаты бар да, «жалғызілікті әке» ұғымы мүлде ұмытылғандай. Балаларын бір өзі асырап отырған әкелер аз қамтылған отбасы ретінде үй кезегіне тұра алады. Оларға мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Үшіншіден, айлық табысы кедейшілік шегінен аз болса, атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Төртіншіден, баласы мүгедек болса, оны күткені үшін қаралатын жәрдемақы да бар. Әйткенмен, ешбір заң шеңберінде «жалғызілікті әке» жеке санат та, оларға арналған жәрдемақы да ешбір заңда қарастырылмаған екен. Ал, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер бізде жоқ па? Мұндай әкелерді қай қаладан да, қай ауданнан да, қай ауылдан да кездестіруге болады. 
Жалғыздықтың жабырқаулы күндерін бастан өткеріп келе жатқандардың бірі – Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылдық округі, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Ағабек Төлегенов. Оның жары ауыр науқастан қайтыс болады да, Ағабек 6 ұл-қызбен қала берді. Үлкен қыздары тұрмысқа шығып, одан кейінгі ұлы аяқтанғанда келіншегінен айырылып қалған Ағабектің қолында төрт бірдей баласы қалып еді. Қазір оның қолдағы үлкен ұлы Бақкелді – оныншы, одан кейінгі Ақмейір – сегізінші, Бибарыс – алтыншы, Аяулым төртінші сыныпта оқып жүр. Жасмин – төрт жаста. Балалар бақшасына барады. Үйелмелі-сүйелмелі осы балаларды бағып-қағу жалғызілікті Ағабекке оңай тиіп жүрген жоқ. Оның тұрақты жұмысы да болмай шықты. Жекеменшік көлігімен жолаушы тасып, ас-суын содан айырады. Балаларға берілетін жәрдем-ақы басқа тартса, аяққа жетпейді. 
– Келіншегім тірі кезінде бір сиырымыз бен бір танамыз бар еді. Осыларды есепке алып, отбасымызды әлеуметтік көмектен қақты. Келіншегім қайтыс болғанда әлгі сиыр мен бір тана сойылды. Қорамда мал қалмағандықтан әлеуметтік көмек беріліп қалар деп ауылдық округ әкімдігіне бардым. Алайда, ондағылар «компьютерде жазулы тұр, оны өшіре алмаймыз» деп әлеуметтік көмек бере алмайтындарын жеткізді. Жаңа жылға дейін балаларыма 139 мың теңге жәрдемақы алатынмын. Жаңа жылда ол 152 мыңға жетіпті. Осы қаржымен бес баланы асырап отырған жайым бар, – дейді Ағабек Төлегенов бізбен әңгімесінде.
Осыдан-ақ «жалғызілікті әке» деген санат біздің қоғамда ескерілмейтінін көруге болады. Заң, Кодекс беттерін парақтасаңыз, мұндай сөз, ұғым таппайсыз. Сондықтан да жалғызілікті әкелерге мемлекет тарапынан ешқандай жеңілдіктер қарастырылмаған. Ағабектің қызы тұрмыста, шаңырағы бөлек. Одан кейінгі ұлы 2000 жылы үйленген. Демек, оның да түтіні бөлек. Сонда Ағабек төрт баланы 152 мың теңгемен қалай асырайды? Таксист болып тапқан теңгесі қай жыртығын бүтіндейді? Шиеттей баласы бар Ағабек салып ұрып, күні-түн таксист бола алмайды. Ол бір мезгіл балаларына бас-көз болуы керек. Балаларының тәрбиесімен айналысады. Жаңа түскен келін жас босанса, төрт бірдей балаға қарауға шамасы келер ме? Қазір атасына қарайласқанымен, ертең өз перзенттері болады, сонда жұмысы қиындамай ма? Иә, Ағабек «қайтсем, төрт баламды асыраймын?» деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүр. Оның бүгінгі бар арман-тілегі перзенттерінің үстінде. Соларды қалай жетілдіремін дегеннен басқа мақсаты жоқ. 
Шардара аудандық электр жүйелері бөлімінде учаске бастығы болып жұмыс істейтін Нұрлан Әлайдаров жарынан айырылғанда аспан айналып жерге түскендей ауыр халде қалыпты. Оның бес баласы бар. Үлкені бұйыртса биыл мектеп бітірмек. Одан кейінгілері тоғызыншы, жетінші, үшінші сыныптарда оқиды. Ал, кенжесі үш жаста. Балалар бақшасына барады. Нұрлан әлеуметтік көмекке 63 мың, балалар жәрдемақысына 140 мың теңгедей алатынын айтады. Әйткенмен, бес бірдей баланы мектепке жібереді. Олардың киімі, тамағы, сабағы бар, жалғыз өзіне ауыр тиіп жүргенін айтпаса да, бар сыры көз жанарынан аңғарылады. Барға шүкіршілік етіп отырған Нұрлан бүгінде қайткенде де балаларына аналарының жоқтығын сездірмесем дейді. 
Ал, Қазығұрт ауданында жылыту қазандығында оператор болып жұмыс істейтін Нұралы Ешбердиев сегіз ұл-қызды болғанда жарынан айырылыпты. Оның екі қызы тұрмысқа шыққан. Бір баласы үйленіп, жеке шаңырақ болып отыр. Бір баласы әлі аяқтана қоймапты. 4 бала мектепке барады.
– Әлі мемлекет тарапынан ешқандай көмек алмадым. Құжаттарымды тиісті мекемелерге енді ғана өткіздім, – дейді Нұралы бізбен әңгімесінде.
Қалай тартсаңыз да жылыту қазандығында оператор болып жұмыс істейтін Нұралының айлық табысы осынша балаға жетпейтіні көрініп тұр емес пе? Үйленбеген баласының да жұмысы әлі тұрақтана қоймаған сыңайлы. 
Тағы бір кейіпкеріміз екінші топтағы мүгедек. Оның төрт ұл-қызы бар. Екі қызы мектепте оқиды. Ол да өмірдің кермек дәмін бір кісідей татып жүр.
Созақ ауданы, Құмкент ауылындағы Ерғали Тұрсынбековтің басына түскен тауқымет те ауыр. Ол вахталық әдіспен жұмыс істейді. Үлкен ұлы Диас әскерге барып келді. Қазір Тараз қаласында. Ал, Бақдәулеті Шымкентте. Ақнұр атты қызы 6-сыныпта оқиды. Уақытының көбін сыртта өткізетін Ерғали қызының бар жағдайын жасап отыр. Дегенмен, әкесі ұзақ уақыт сыртта, шешесі қайтпас сапарға кеткен Ақнұрдың мұңға оранып отыратын кезі аз емес. 
Сауран ауданында тұратын Серік Исаевтың жағдайы тіпті алаңдатарлық. Үшінші топтағы мүгедек Серіктің екі құлағы да естімейді екен. Басында жеке баспанасы жоқ. Келіншегі аналық құқынан айырылған. Серік 1 ұл мен 1 қызды жалғыз тәрбиелеп отыр. Ол жеңілдікпен қалай пәтер алатынын білмейді. Басқа да жеңілдіктерден қағылған. 
Аты-жөнін атамауды өтінген жалғызілікті әке екі бірдей мүгедек баласына қарап отыр. Басқадай емес, мүгедек баланың күтімі қиын болатыны белгілі. Бірақ, басқа түскен соң амал жоқ, перзентін кім далаға тастайды?! Осы балаларының жағдайын ойлап, әке байғұс жұмысқа да бара алмайды екен. 
Ал, Сарыағаш ауданы, Жемісті елді мекенінің тұрғыны Арман Жүнісбеков келіншегімен ажырасқан. Ол қазір анасымен тұрады. Екі ұлы мен қызына берілетін жәрдемақыны келіншегі алып тұрады. Балалар Арманның қолында. Оның қолын «гендерлік саясат» байлап отыр. 
Қалай дегенде де балаға ана жүрегінің жылуы керек. Әйелдің аты – әйел. Олар кез келген нәрсені ұқсата алады, жоқтан бар жасайды. Баласының киімі жыртылып қалса жамап, кірлесе жуып беретін де анасы. Перзенттеріне күнделікті тамақ дайындап, ашықтырмайтын да солар. 
– Ер адам түзге жаралған. Үй шаруашылығындағы тіршіліктерді еркек ұқсата алмайды. Ол жұмыстан келіп балаларына  ас дайындай ма, әлде сабағын қадағалай ма, бұған уақыт керек. Түздегі тіршілігінен титықтап келген ер адам тыныққысы келеді. Осы сәтті пайдаланып, кей балалар сырттан жылу іздейді. Сондықтан жалғызілікті әкелерге қиын. Бірақ, басқа түскен соң амал не? – дейді психолог Гүлназ Жаппарқұлова.
– Мен мектепте сабақ беремін. Әкелері жоқ балалардан гөрі аналары жоқ балалар ұяңдау келеді. Олар көбіне әйел мұғалімдерге жақын жүреді. Өйткені, олар ана жүрегінің жылуын іздейді. Сыныбымызда бір қыз болды, шешесі қайтыс болған. Сол қыз үнемі маған келіп сырласып, ішіндегі әлдебір шерді маған айтқысы келіп оқталып тұрады. Бірақ, ашыла алмайды. Оны көрген сайын ішім уылжиды. Әрине, ананың орны бөлек қой, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұрзия Әбдікерімова.
Осы мақаланы жазарда жанының жартысы қайтыс болып, жалғыз қалған ер азаматтардың бірқатарымен әңгімелестік. Олардың көбісі ашылып сыр бөліскісі келмейді. Бәлкім, әлем-жәлем болып жатқан ішкі әлемін ашқысы келмейтін де болар. Ер азаматтар көбіне өзгелерден жәрдем сұрауға арланады. Сондықтан көпшілігі өздеріне тиесілі жәрдемақыдан хабарсыз да екен. Хабардар болғанның өзінде тиісті мекемелерге баруға намыстары жібермейді. Олар тұрмыс тауқыметтерін арқалаумен бірге іштей күйзеліп те жүреді. Сондықтан да оларға психологиялық, моральдық, материалдық көмек көрсететін ұйым керек-ақ. Бұл орайда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың бастамасымен ұйымдастырылған «Әкелер мектебі» үлкен көмек көрсете алар еді деп ойлаймыз. Бұл мектеп әкелердің қоғамдағы орнын анықтап, ер азаматтардың отбасы тірегі екенін насихаттап-ақ келеді. 
Қалай болғанда да, жалғызілікті ерлердің бастарынан өткеріп жатқан қиындықтарын ортаға салып, сол тығырықтан шығар  жол көрсетіп, оларға сүйеу болатын бір ұйым керек сияқты. Жалғыздың жары – Құдай дейміз. Жаратқаннан әрбір өзекті пенде жәрдем сұрайды. Дұрыс-ақ, дегенмен, қоғам қайда? 
Қазақта «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген де мақал бар. Әйткенмен, бұл мақал әкесіз қалған балаларға жұбату үшін ғана айтыла салғандай көрінетіні бар. Біз сұхбаттасқан жалғызілікті әкелердің барлығы дерлік балаларына шешелерінің жоқ екенін білдіргісі келмей, ұрпақтарына саналы тәрбие, сапалы білім беруге ұдайы көңіл бөліп келеді. Олар ұл-қыздарын қатардан қалдырмау жолында барын салып күресіп жатыр. Қай әке баласын жаман болсын дейді?! 
Демек, әкенің жақындығы жездедей емес...
Мұны басына қандай тауқымет түссе де ұрпағы үшін жанын аямай шыр-пыры шығып жүрген әкелердің тіршілік-тыныстарынан аңғардық.

Қарыз бен парыз

 Теледидардан  «Астарлы ақиқат» ток-шоуы  жүріп жатыр.  Жетпістен асқан кейуана зары мен запыранын шығарып, мұңын айтып отыр. Бес  баланы дүниеге әкеліп, бағып-қаққанын, барлығын  өзі үй еткенін айтады. Енді бойынан күші кете бастаған шағында балаларының  бәрі теріс айналып, қарттар үйіне өткізіп жіберіпті...
Кәрібай досым сұрайды: «Әбдімаштың  (шын аты Әбдімұқан) сендерге қандай жақындығы бар? Үйлеріңде жиын болса қалмай араласады. Зыр жүгіріп, қолбала болып қызмет жасайды» деп. «Туған інім» деймін. Досымның талағы тарс айрылады. «Жасың алпыстан асса да бір түзу сөзің жоқ, қисықсың» деп. «Қандай інің? Сен болсаң шалдарсың, ол болса тутамғалы»  (Ауылымызда Сіргеліден тараған екі ру: шалдар, тутамғалылар тұрады. Бір-бірімен қыз алысады. Соны меңзегені ғой).
Бір мың тоғыз жүз алпыс екінші жылы, сәуірдің он алтысы күні айы-күні жеткен анам дүниеге Манат қарындасымды әкелді. Алланың бұйрығы ғой, сол күні Гауһар апамыз да  босанып, Әбдімаш дүние есігін ашады. Ертеңіне сынама алғанда Гауһар апамыздан сары аурудың белгісі анықталады да, менің анам бір емшегімен Әбдімашты емізеді. Бір апта бойы (Ол заманда жас босанғандарды ауруханада бір апта, тіпті он күн ұстайтын).
Әбдімаш пен Манат қарындасым мектепке бірге қабылданып, он жыл бойы бір партада аға-қарындас болып қатар отырды. Әбдімаш, Отан алдындағы екі жылдық борышын атқару үшін әскерге аттанар алдында үйге соқты. «Аман барып, сау қайт. Әскери міндетіңді абыроймен атқар!» деген әкемнің ақ батасын алды.
2010 жылы ауылдағы қара шаңырақты  жаңарту керек болды. Іргетасы құйылып, алғашқы кесектері қаланып жатқан кезде, жеңіл машинасымен Әбдімаш інім жетіп келді. Көлігінің іші тола мәуе-шәуе, сусындар. Жүк салғышын ашып, төрт аяғы байланған ту қошқарды түсірді. Анама қарап: «Апа, жексенбіде келіп көмектесіп кетемін. Үйдің бұрыштары көтеріле берсін деп асаршылардың сыбағасын  әкелдім» деді (Сондағы асаршылар: мен, Тараздағы інім Әліби, қара шаңырақтағы інім Болат пен баласы Айбол). «Ал енді, апа,  сіздің сыбағаңыз бөлек» деп аузын жиып болғанша  бұзаулы сиыр жетелеп Әбдімаштың баласы келді. Баласы келген соң Әбдімаш апама «Терлеп отырып сүт қатқан шай ішіңіз» деді тағы да. Анам болса бұлқан-талқан. «Мұның не, айналайын-ау? Бір емес, екі бірдей сиыр сауып отырмыз ғой» деп кейіді.
– Апа, мен сізді аш отыр деп отырғаным жоқ. Дүниеге келген кезде ана сүтінің тәттілігін сіз арқылы сезіндім емес пе?! Анамнан бұрын алақаныңызға салып әлдиледіңіз. Мұсылманда ана алдындағы перзент қарызы деген бар. Сол қарыздың бір түйірін қайтарғаным болсын деп отырмын, – деді.
2016 жылы анамыз 98-ге келіп дүниеден өтті. Ақ жуып арулап, соңғы сапарға шығарып салдық. Әбдімаш інім де бізбен бірге қатарда жылап тұрды.
Жетісін өткіздік. Қырық күндік асын бердік. Жұрт аяғы саябырсыған кезде Әбдімаш інім:  «Екі ананы тел еміп, еркелеп өскен телқоңыр едім. Жүз күндік асын өз үйімде өткіземін» деп рұқсат сұрап, ана алдындағы тағы бір парызын  өтеді. Енді қалай Әбдімаш менің туған інім болмайды?!
...Теледидарда «Астарлы ақиқат» ток-шоуы жалғасып жатыр. Хабарға қатысуға келген заңгерлерден кейуана кеңес сұрап отыр. Өзінен теріс айналған ұлдарынан алимент өндіру туралы.
Бұған не дерсің енді?

Мұхамет МОЛДАБЕКОВ.
Созақ ауданы.


Пікір қалдырыңыз