Оқушылар сарайы — ойлы шәкірттердің ордасы

Бауыржан Ерман, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облыс орталығы болғалы бері қала аумағында көптеген нысандар бой көтерді. Солардың бірі – бірнеше жылдың ішінде ЮНЕСКО клубтарының қатарына еніп үлгерген «Оқушылар сарайы». Қазіргі таңда бұл мекемеде 6 бағыт бойынша 60-қа жуық үйірме жұмыс істеп, 1200-ден астам 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, студенттер мен ересектер қосымша білім алуда. Осы және «Балалар жылында» атқарылған өзге де жұмыстар бойынша мекеме директоры Индира Икапова өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында айтып берді.

Индира Сарқытқызының айтуынша, өткен жылы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубы мен бірнеше мекеме арасында өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған. Ол келісімдер ендігі нәтиже де беріп жатқан көрінеді. Мәселен, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, Халықаралық туризм және меймандостық университеті, М.Әуезов атындағы ОҚУ және Тұран – Астана университетімен өзара ынтымақтастық аясында былтыр өнерлі жас, бармақтар, өлкетану, хореография, жас дарын, мәдени-тынығу жұмысы, бейнелеу өнері, сән, интерьер дизайны, өнеркәсіптік дизайн, дизайн, сәндік өнер және этнодизайн бағыттары бойынша республикалық «JAS TALANT» онлайн конкурсы өткізілген. Оған еліміздегі білім беру мекемелерінің бітіруші оқушылары мен колледж студенттері қатысып, 4 жоғары оқу орны бөлген 30 грантты сарапқа салған. Республикалық деңгейде өткізілген бұл жобаға қатысу бойынша 70-ке жуық өтініш түсіп, додаға түскен үміткерлердің 21-і грант иегері атанған. 
– Сонымен қатар, «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубына қарасты тігін шеберханасындағы «Киім моделін жобалау» үйірмесінде ересектерге арналған «Ісмер ана» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның мақсаты – үйінде жұмыссыз отырған көп балалы аналарға бос уақыттарын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау және қыз-келіншектердің қоғамдағы мәртебесін арттыру. Аталған курста толық білім алған аналар «Оқушылар сарайы» мен облыстық кәсіпкерлік палатасы арасындағы меморандум арқылы сертификат алып, өз кәсіптерін жалғастыра алады. Қазіргі таңда бұл жоба кеңінен қолдау тауып, өңірдегі аудан, қалаларда «Ісмер ана» жобасының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Көпшіліктің сұранысына ие болып отырған тағы бір жобамыз – «Qumyra» жобасы. Онда саз балшықтан құмыра жасау бойынша шеберлік сабағы жүргізіледі. Қазіргі таңда қала тұрғындары мен қонақтары мұнда құмыра жасауды үйрену үшін жиі бас сұғады, – дейді мекеме директоры.
Сондай-ақ, өткен жылы ЮНИСЕФ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Оқушылар сарайы» ұжымы арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде мекемеде ғарыштық технологиялар бойынша UniSat білім беру хабы ашылған. Қазіргі уақытта осы жобаның арқасында түркістандық балалар STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеру үстінде. Оған қоса, аталмыш жоба аясында наноспутниктер әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру жобасы құрылып, оған Түркістан қаласынан 30-дан аса оқушы қатысқан. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Оқушылар сарайында»  наноспутниктерді құрастыру және ұшыру бойынша орталық хаб орнатылып, «Нанотехнология және  Радиотехнология» үйірмелері ашылған. 
Одан бөлек, «Оқушылар сарайы» өткен жылы жастардың білім, тәрбие, ғылым және шығармашылық дағдыларын арттыру мақсатында «Тұран жастары» атты қалалық мектепаралық президент сайлауын ұйымдастырған. 
Төрт кезеңнен тұрған жобаға қаладағы 32 мектептің президенті қатысып, бақ сынасқан. Бір ай бойы өткізілген жобада жалпы көрсеткіштер есепке алынып, Сапаров Бақытхан есімді оқушы қалалық мектепаралық президент атанған. Ал, финалда қарсылас болған үміткерлер министр ретінде тағайындалып, бүгінде олар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүр екен. Аталмыш мекеме ұлттық өнерді дәріптеуге де көңіл бөліп келеді. Мәселен, былтыр осы мақсатта «Жас тұлпарлар жырлайды» атты республикалық оқушылар айтысы өткізілген. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас айтыскерлер тапқырлығы, суырып- салмалығымен көзге түсіп, бас жүлде және І орын иегеріне тұлпарлар тартылған. 
– «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубы білімгерлерінің халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқауларға қатысып, қол жеткізген табыстары аз емес. Атап өтсек, «Жеті Өнер» халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсы, «Ертеңіме сенемін» фестиваль-байқауы, «Әмен» анимациялық фильм фестивалі,  «Думанды елім» халықаралық өнер сайысы сынды байқауларда бақ сынаған шәкірттеріміз 50-ге жуық бас жүлдені, 60-қа жуық І және ІІ орындарды, 100-ге жуық ІІІ орынды қанжығаға байлады. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз – «Оқушылар сарайының» ЮНЕСКО клубтарының мүшесі атанғандығы. Мұның өзі біз үшін үлкен мәртебе, әрі алдағы жұмысымызға шабыт сыйлайды. Сонымен бірге, бәріңіз білетіндей, жыл соңында облыс орталығында «Балалар жылын» қорытындылаған «Бәрі де балалар үшін» атты мерекелік іс-шара өтті. Тиісінше, «Оқушылар сарайының» жыл бойы атқарған еңбегі мен жетістіктері бағаланып, жылдың үздік ұжымы ретінде микроавтобустың сертификатына ие болдық. Бұл біздің ұжымның табанды еңбегі мен алғыр оқушыларымыздың арқасында бағындырған белес деп ойлаймын, – дейді Индира Сарқытқызы.
Жалпы, Түркістан – еліміздегі бала саны ең көп өңір. Көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір бесінші сәби Түркістан облысында дүниеге келеді екен. Сондықтан әсіресе, біздің облыста балаларға ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл тұрғыда «Оқушылар сарайының» атқаратын рөлі өте маңызды десек, қателеспеспіз. 

7 пікір

  • Арайлым
    Арайлым

    Іскерлігіңіз осындай жобалардан көрінеді!

  • Mendigani
    Mendigani

    Іскер кісі!

  • Сымбат Тасболатова
    Сымбат Тасболатова

    Оқушылар сарайындағы өткізіліп жатқан іс-жаралар расымен адамды қызықтырады екен. Жиі жариялнып тұрса деймін

  • Есентаева Ляззат
    Есентаева Ляззат

    Оқушылар сарайы облысымыздың теңдесі жоқ бірегей нысан деп білемін. Тек алға самғай бер!!!

  • Жанат Қалдарханқызы
    Жанат Қалдарханқызы

    Балаларға арналған барлық игі істеріңіз, яғни әрбір балаға жасап жатқан қамқорлығыңыз, мейрімділігіңіз, қайрымдылығыңыз, жақсылығыңыз аз емес. "Келешектің тұтқасы - білімді ұрпақта" - деп осы балалардың болашағы үшін жасаған әрбір игі ісіңіз жемісті бола берсін.

  • Сисенбаева Мадина
    Сисенбаева Мадина

    Сизге мын алгыс!оте керемет!

  • Акмарал Серіккызы
    Акмарал Серіккызы

    Баланың дамуына көптеген іс шаралар мен моторикасын дамытуға окушылар сарайының өз қосар үлесі әлі де көп.Еліміздің болашағ келешек ғалымдар өнерпаздар осы жерден бастау алады деп сеніммен айтамын. Іскер Индира Саркытқызын бағындыратын белестері әлі де алда.мың алғы !

Пікір қалдырыңыз