«Банкрот болғандар бес жыл кредит ала алмайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 22 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңға (Банкроттық туралы заң) қол қойды.  Ол биылғы наурыз айында күшіне енеді. Яғни 3 наурыздан бастап елімізде жеке тұлғалар банкроттыққа өтініш бере алады. Жаңа заң туралы Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібековпен аз-кем әңгімелескен едік.

– Еркін Кеңесбекұлы, «Банкроттық туралы» заң нені көздейді?
– Азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін үш түрлі нұсқаның бірін таңдай алады – «соттан тыс банкроттық», «сот банкроттығы» және «төлем қабілетін қалпына келтіру».
«Соттан тыс банкрот-тық» – егер жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспаса (5 млн. 520 мың теңге), соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Бұл үшін қарыз алушы мына талаптарды сақтауға тиіс. Біріншіден, атына тіркелген, ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек. Екіншіден, өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлар мен коллекторлардың алдындағы міндеттемелері бойынша төлем жасамаған болуға тиіс. 
– Егер азаматтың берешегі 5 млн. 520 мың теңгеден асып кетсе не болады?!
– Онда «сот банкроттығы» бойынша ресімдейді. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үйі кепіл болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды. Сот банкроттығы ресімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың құрамына заңды тұлғалар мен жеке азаматтардың банкроттық ресімін жүзеге асыратын әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң консультанттары, аудиторлар кіруге құқылы.
– «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» дегенді қалай түсінеміз? Оның ерекшелігі неде?
– Бұл ресімді қолданушылар толық банкрот болмайды. Жеке тұлға қаржы ұйымы алдындағы берешегін бес жыл мерзімге бөліп төлеп, төлем қабілетін қалпына келтіре алады. Үдеріс сот арқылы жүзеге асады. Мұның ерекшелігі – бұл ресімнен кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды.
– Банкротқа ұшыраған адамдардың несие ала алмайтыны рас па?
– Иә. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялағаннан кейін 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуына тыйым салынады. Қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады. Сондай- ақ, банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
Барлық үш ресімді тек борышкердің өзі бастайды, яғни несие берушінің борышкердің банкроттығын беруге құқығы жоқ. Банкроттық туралы өтінішті борышкер «E-salyg Azamat» мобильді қосымшасы, «E-gov» веб-порталы және ХҚКО АЖ арқылы жібере алады.
– Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Ысқақ САДЫҚ,
«Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз