«Поэзия ұлтымыздың болмысын ұстап тұру үшін қажет»

Ғабеңнің көп оқылмайтыны – оның деңгейіне жететін оқырманның болмауында

– «Поэзия – Тәңірдің өзі таңдаған әулие жанр» депсіз бір сұхбатыңызда. Өзіңізді «Сөз киесі» қонған ақын ретінде бағалаймыз. Қазақ поэзиясына ойлы образдар мен тың тіркестер қосқан ақынсыз. Ендеше, сөзіміздің әлқиссасын осы «әулие жанрдан» бастасақ.
– Поэзия жөнінде көп айтуға болады. Поэзия алдыменен дыбыстардың үйлесімі ретінде дүниеге келген. Сол дыбыстардан сөз құралып, одан кейін мағынаға ие болған. «Еркелеп ап өткізетін әмірін, Поэзия жүректегі өмірің». Поэзия шынайы, сұлу, нәзік болуға тиіс. Поэзияда нәзіктік қуатының жігері болуға тиіс. Көркемдігі болуға тиіс. Мен поэзияға осы тұрғыдан қараймын. Әсіресе, көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың өмірінде поэзия ең бірінші орынға шыққан. Мысал үшін арабтар да көшпелі халық. Олардың поэзиясы да өте мықты. Тіпті, Құранның өзі арабтарда дыбыс үндестігінен, мағынасының беріктігінен тұратын өлең. Біз оны қара сөзбен ғана аударып жүрміз. Арабша оқығанда Құранды бір шумақ ішінде, не бір жол ішінде и дыбыстарының, с дыбыстарының бірнеше рет қайталануы осы поэзияның үндестігі. Поэзия – халық өмірінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан поэзия біздің ұлтымыздың болмысын ұстап тұру үшін қажет.
– Ұлттық әдебиетімізде «Сөз зергері» атанған классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің туғанына – биыл 120 жыл. «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді». «Оянған өлке» романынан алынған бұл үзінді шығарманың көркемдік қасиетін танытқандай. Қайран қазағым таласпай, тақаспай жүре ме? Мұны айтып жатқан себебіміз, тағы бір сұхбатыңызда «Мені о баста көркем әдебиетке алып келген Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» шығармасы» депсіз. Қазіргі нарықтық кезеңде Ғабит Мүсірепов есімі тасада қалып бара жатқандай көрінеді. Ғ.Мүсірепов шығармаларын бүгінгі тәуелсіздік уақыт көзімен бір таразыласаңыз.
– Мен Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» 6-шы сыныпта жүргенде оқып бітірдім. Кітапты оқу бар да, оның мән-мәнісін түсініп оқу бар. Екеуі екі бөлек дүние. Әлгі өзің келтіріп отырған «Оянған өлкенің» басында «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді. Жаз бойы Құланөтпес пен Құдайменденің кең шиырына сыйыса алмай, күнде қанат серпісіп, күнде қамшы сілтесіп, қақтығысып келген екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты» деген сөйлемдер бар. Осындағы тіркестерге қарасақ барлығы да ақындық. Өзің айтқандай, бүгінгі заманымызға да келіп тұрған шығар, қазір де таласып, тақасып жүргеніміз, тіпті қанат серіппесіп жүргеніміз рас нәрсе ғой. Ғабит ағаның қазіргі кезде көп оқылмайтыны, оқығанда да оның деңгейіне жететін оқырманның болмауынан деп түсінемін. Бұл кісінің күнделіктері қолыма түспей жүр. Күнделіктерінен басқасының барлығын қолыма қалам алып отырып, оқып шыққан адаммын. 1938 жылы «Әдебиет майданы» журналында Ғ.Мүсіреповтің «Өрлеу» повесі латын әрпімен басылған. Сол повесте «Ата-бабаңнан қалған жер түгілі беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер таппайсың әлі» деп жазыпты. Осыны бүгінгі оқырманға қайта-қайта айтып, жазып сүйреп шығарған адамның біреуі менмін. Дәл осы повесті оқып біткен кезде Қазақстанда жерді сатуға қоямыз ба, қоймаймыз ба деген мәселе Мәжілісте көтеріліп жатты. Біреулер сату керек деді, біреу сатпау керек деді. Мен ойладым, ойпыр-ай, осылардың төбесіне Ғабит ағаның рухы «Ата-бабалардан қалған жер түгілі, беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер таппайсың әлі» деп төніп тұрған шығар төбесінен. Осыны ескеретін адам болмады-ау деп өкіндім. Ғабиттің қазіргі заманға келетін ойының барлығы астарлап жазылған. Бірақ, оны ойлы оқырман ғана түсіне алады. Бір пьесасында Ғабит аға «Ұл өсірдік деп жүрсек құл өсірген екенбіз. Қыз өсірдік деп жүрсек, күң өсірген екенбіз» деп жазыпты. Бұл не? Қазіргі заман көзімен қарасақ базарда арба сүйреп жүрген жігіттерді де ұл өсірдік деп өсірдік қой. Ол негізінде күнкөрістің қамымен жүрген біреулердің тауарын тасып, соларға құл боп жүрген адамдар ғой деп елестетем. Ал, арбамен тасып жеткізген азық-түлігін не киімін қыздарымыз сатып жүр. Ол да біреу үшін сауда жасап, біреуге күң боп жүр ғой. Міне, Ғабит Мүсірепов қаламының құдіреті!
– Қазақ әдебиетінде ақындық проза деген бар. Оған М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов прозасы жатады. Осы үрдісті жалғастыру жоспарыңызда бар ма? Осы  ақындардың сіздің шығармашылық өміріңіздегі орны қандай?
– Жалғыз аяқ көпірменен жалғыз адам өтеді. Жалғыз аяқ жолменен жалғыз адам ғана жүреді. Жақында Асанәлі Әшімовтің бір кітабын оқып отырып, «Кейде ұяттан қысылғаным соншалықты, космонавт болып көкке ұшып кетейін десем, төртінші болғым келмейді» деген лебізіне кезіктім. Сол сияқты біреуге еліктесеңіз, ессіз еліктеуді айтам, сөз жоқ, екінші боласыз. Сондықтан екінші болмауға тырыстым. Прозашылар да ақыннан асырып жаза алады. Егер ол нағыз талантты болса, әрине. Әлгі өзіңіз айтып отырған Ғабит Мүсіреповтің «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» дейтін сөйлемі қандай керемет. Әрі сурет, әрі қайнап жатқан ойды білдіріп тұр. Қара құманның шырт-шырт түкіріп тұрғаны поэзия емес пе?! Поэзия. Сол сияқты Оралхан Бөкейдің тіркестері. Оралхан да қара сөзбен жырлады. Тургеневтің де қара сөзбен жазған жырлары бар. Сол сияқты прозашылар прозада өлең жазамын дейтін болса, прозаны өлеңді қалыппен қалыптаймын дейтін болса, мүмкіншіліктері мол деп ойлаймын.
Шымкенттегі педагогикалық институтта оқып жүргенде Мұхтар Шахановтың үйіне Төлеген Айбергеновпен, Әнуар Жақыпбековпен жиі баратынмын. Ол кезде Жұмекен «Лениншіл жаста» әдебиет бөлімін басқаратын. Сол қоңырау шалып қалды. Мұхтар Шахановқа «Не жаңалық?» деген еді, «Нармаханның үйіндегі келінді жұмысқа орналастыру керек» деді. Ар жағынан «Ол үшін не істеу керек?» деген болу керек. «Аудандық комсомол комитетінен жолдама керек» деді.  «Күтіңдер. Мен барамын. Сол жолдаманы алып беремін» деді. Самолетпен ұшып келіп, бірден Мұхтарды ертіп, Бөген ауданынан жолдаманы алып, келініне өзі ұстатып кетті. «Міне, енді жұмысыңды істе» деп. Соның алдында ғана менің екі өлеңім Жұмекеннің қол қоюымен «Лениншіл жасқа» жарияланған. Жұмекен ағам самолетпен бір күнде ұшып келіп, әйелім Пернеге ауданнан жолдама алуға көмектесіп, мектепке тұруына себепкер болды. Мұндай адамгершілік, мұндай мейірбандық мүмкін қаламгерді қаламгер тануынан да болды ма екен деп ойлаймын. Қазір мейірім, шапағат көтеріліп кеткен заманда осы нәрселер менің көңілімде тұрады. Өзің айтқан «Ақ шағылын» да, «Даңқ пен дақпыртын» да –  барлығын  оқып шыққанмын.  Жеке кітапханам болғандықтан әр сөйлемнің асты қызыл қаламмен сызылған. Бұл кітаптар керемет. Бұл еркін жазылған өлең деуге болады. Қара сөзбен еркін жазылған өлең. Таптауырынға түспеген. Жұмекен балалық шағынан бастап қай адам қандай сөз айтты, соны жадына сақтап қалған, романдары тіпті қазақтың ауызекі тіліне өте жақын.

Менің ең басты сыншым – өз ішімдегі Нармаханым

– Сынды қалай қабылдайсыз? Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абайға сын айтады. Жампоз жазушы, сыншы Тәкен Әлімқұловтың да «Жұмбақ жан» зерттеу еңбегінде ұлы ақынмен білім жарыстыра отырып, Абайға аздап сын айтатыны бар.  Сіз ақын ретінде тұлғалар айтқан осы сынға қалай қарайсыз? Өзіңіз де сын мақала  жазасыз. Әсіресе, Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» туындысына жазылған «Қазақы құнар» мақалаңыз көптің көңілінен шықты. Алайда, сирек жазуыңыздың сыры неде? 
– Мұхтар Әуезовтің қанатты сөзге айналып кеткен «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген сөзі ойыма оралады. Мұндағы Ахмет Байтұрсынұлының да Абай өлеңіндегі кемшіліктері жөніндегі жазғаны, Тәкен Әлімқұловтың да жазғаны бұл шындық. Өйткені, Абай періште емес. Абай да пенде. Пенде кемшіліксіз болмауы мүмкін емес қой. Пенде болғаннан кейін бәрімізде кемшілік болады. Мен Ахмет Байтұрсын­ұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласын оқығаннан кейін өзімнің өлең жазу тәжірибеме бір тәсіл, әдіс енді деп айтуға болады. Мысал үшін әр шумақты жазғанда мен қазақтың «Елім-ай» әнінің ырғағына салып, іштей ыңылдайтын болдым. «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». Ахмет Байтұрсынұлының Абайға ескертіп отырғаны осы сіздің өлеңдеріңіз кейде әнге түспей қалады. Әуезін жоғалтып алады деген сияқты. Тәкен Әлімқұловтың да жазғанына келісуге болады, көп жеріне келіспеуге де болады. Білімді кісі ғой. Серік Нұғманұлы дейтін бір азамат Тәкеннің сынаған сынын сынап мақала жазған кезінде. Демек, бұл әдебиеттің өсуі үшін керек нәрсе. Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны да, Тәкеннің айтқаны да киелі сөздің қадірін арттыру, соның әуезін бұзбау. Бірақ, осыны қазіргі қолына қалам ұстағандар ескере бермейді. Өкініштісі сол, алысқа бармай-ақ қояйық, Шымкенттің өзінен бір топ жастың өлеңдерін оқып отырғанда аздап тіксініп қалатын жағдайымыз бар. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлы айтып отырған буын, бунақ мәселесіне, ішкі әуезге мән бермейді, орыстың өлең түріне салғысы келеді. Ал, енді біреуге ессіз еліктегендер ешқашан өзінің шығармашылығын жасай алмайды. Жалпы, екі сын да дұрыс. Серік Нұғманұлының да сыны дұрыс, Тәкеннің де сыны дұрыс деп қабылдаймын. Сыншылардан Зейнолла Серікқалиевті оқып тұрамын. Сол сияқты сыншылар көп енді. Бірақ, менің ең басты сыншым өзімнің ішімдегі Нармаханым. Ішімдегі дауыс менің қабылдауымша Тәңірдің даусы. Сол Тәңірдің даусы не айтса, мен сол сынға тұрамын. Бірінші сыншым – өзім деп айтамын. Сынды сирек жазуымның сыры біреуге сын айту үшін қазақтың «Қонақ, қонақ өз үйіңе қарай отыр» деген мақалы бар емес пе?! Мен сын айтқалы отырған адамыммен деңгейлеспін бе, сын айтуға құқым бар ма деп отырамын. Сынды сирек жазатынымның бір сыры осында.
– Сіздің кезінде қазақ тарихында үш жүз биінің басын қосқан «Ордабасы» атауының оралуына үлкен еңбек сіңірген қайраткерлік ісіңізден хабарымыз бар. Онан бөлек «Ордабасы оттары» газетін  басқара жүріп, талай әдеби, мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болған еңбектеріңізді де білеміз. Бүгінде даналық жасқа жетіп отырсыз. Өткен күндерді бір саралап өтіңізші... 
– Ойға алған біраз тірліктерді орындадық. Бұл ел алдындағы парыздың өтелгені. Ордабасы жөнінде айтатын болсақ: Ордабасы тауын сол Бөген ауданындағылардың өзі қайда екенін білмейтін кез еді. Сол кездегі КСРО-ның бірінші басшысы Горбачевқа дейін даусымызды жеткізіп, Ордабасы тауындағы Мәскеуге бағынатын тасын талқандауын тоқтатып, карьерді жапқыздық. Одан кейін Бөген деп айтылатын ауданды Ордабасыға айналдыру үшін халықаралық ақындар айтысын өткіздік. Қарағандыдан келген Қуаныш Мақсұтовқа әдейі айтып, аузына сөз салдық. Елдің бірінші басшысы Нұрсұлтан Назарбаев-тұғын. «Аға, Ордабасыңызды талқандатып қойып, қайда қарап отырсыз?» деген өлең айтқыздық ақынға. Серік Байғонов қазақ радиосы мен телевидениесінде редактор еді. Соған айтып жүріп Қуаныш Мақсұтовтың сөзін эфирден үзбей бергіздік. Бәлкім, өзі көрмесе де, жандайшаптары айтып барған шығар Назарбаевқа. Сөйтіп, өзімізден пәрмен болмағаннан кейін Горбачевқа дейін даусымызды жеткізген сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Терещенко болды. Мен Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына кетіп бара жатыр едім, бұрынғы облыстық партия комитеті ғимаратының алдында Терещенко жолығып қалды. «Нармахан, поздравляю» деді. «С чем?» деп едім, «Сенің қоймай айтып жүрген нәрсеңді мен Горбачевқа айтып едім, осында келгенде ол сессияға қойды. «Зауыт жабылу керек болса, жауып таста» деп айтты. Сонымен құттықтағым келеді. Сен жеңіске жеттің» деді. Осының бәрін біз міндет қылмаймыз. Қазір Ордабасыға ие де көп. Ордабасыны әкелген мен едім деп жүргендер де көп. Зауытты тоқтатқаннан кейін Бөген ауданын Ордабасы ауданы еттік. Бұрынғы Бөген ауданы да Қуаныш Мақсұтовтың өлеңі жолында бар-тұғын. «Бөгенім енді қанша бөгелесің» деп жүріп, Ордабасы ауданы болды. Қалада «Ордабасы» футбол командасы пайда болды. Алматыға барсам, «Ордабасы» дейтін корпорация пайда болыпты. Мұның барлығы менің ғана емес, менімен бірге ұжымдас болып, мені қолдаған адамдардың да еңбегі деп есептеймін. 
Ордабасыға оралу дегенді біз 1993 жылы өткіздік. Қырғызстанның, Өзбекстанның, Қазақстанның барлық облыстарының өнерпаздарын жинап. Бірақ, ешкім бұл тарихты айтқысы келмейді. «Ордабасы» энциклопедиясына енгізіп қойдық. Барлығы «1993 жылы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қырғызстан, Өзбекстан Президенттері келіп, осылай басталды» дейді. Олай емес. Ол жерде біздің ұжымның үлкен еңбегі тұр. Міндет қылмаймыз. Біз мұны сол елдің алдындағы  парыздың өтелгені деп білеміз. 
«Тутөбе» деген атауды көрнекті бір жазушы өз атына теліп жүр. «Тутөбе» деген атауды М.Мағауин бастаған бір топ қаламгерді Ордабасыға ертіп келіп, сонда тұрып Захардин Қыстаубайұлы айтты. «Қандай ескерткіш қою керек?» дегенде «Оған ескерткіштің не керегі бар? Тәуелсіздік алып жатырмыз. Тәуелсіздіктің көк туын желбіретсек мына төбеге ту тіксек болды» деді Захардин Қыстаубайұлы. «Ордабасыға оралу» дейтін тіркесті бір кезде облыстық мәдениет басқармасын басқарған Асқар Әлихан термин етіп енгізді. Ол кезде «Наурыз» дейтін ансамбль құрып, сол ансамбльге басшылық жасады. Алматыға барып «Ордабасыға оралу» деген атпенен Республика сарайында концерт береміз деген еді. Залды жалға алуға қаражаттары болмай, концертті Абай ескерткішінің жанында берді. Сол концертті «Ордабасыға оралу» деп атады. Бұл да өз егесін табуы керек. «Ордабасы» энциклопедиясына біреудің жаласына ұшырап кетпесін деп әдейі енгізіп қойдық. Шындық керек қой қай кезде де. Черчильден қалған сөз бар: «Шындық шалбарын киіп үлгергенше, жалғандық жер жүзін аралап шығады» деген. Сол сияқты жалғандықты қабылдап қоймасын біздің зерделі оқырмандар. 

Ойыңызды таза ұстаңыз, бақыттың үлкені – сол

– Адам дүниетанымы балалық күндердегі өмір суреттері мен танымдық түйсік-түсініктер тұрғысынан қалыптасатыны белгілі. Әрине, кім-кімнің де балалық шағына, жастық шағына деген сағыныш сезімі болары хақ. Ендеше, сол кезеңдердің естелігінен бір сыр шертсеңіз.
– Бізде балалық болған жоқ деп те айтуға болмайды. Алайда, балалық шағымыз қиын кезеңге тура келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар болатын. Киетін киімге, ішетін асқа зәру кездер бастан өтті. Бірінші сыныпқа барған кезде жазатын дәптеріміз болмады. Ол кезде аудан Арыс ауданы деп аталатын. Арыс ауданының «Социалистік жол» деген газеті шығатын. Газет үйме-үй таратылатын. Осы газеттің жиегіндегі ашық жерлерге әріп жазып үйренетінбіз. Менің әкем аурушыл болатын. Көршіміз Тасыбай дейтін ақсақалдың үйіне барып әңгімелесіп жүретін. Сол Тасыбайдың Сасықбай дейтін баласы соғыстан оралып, біздің Темірланнан бір кішкентай  дүңгіршек ашты. Ішінде азық-түлігі де, киімі де, кітабы да болатын. Бір күні сол Сасықбай көкеміз велосипедінің артқы тіркемесіне бір бума дәптерді қыстырып кетіп бара жатқанын көрдім. Содан әкеме: «Сасықбай көкем велосипедінің артына бір бума дәптер қысып әкетті. Бір дәптер сұрап әкеп беріңізші» дедім. Әкем қиналды. «Неге қиналасыз, күнде барып жүрсіз? Әкесімен сырлассыз, сыйлассыз. Сұрасаңыз береді ғой дәптерді» дедім. «Мен бермейді деп отырғаным жоқ. Нармахан, есіңде болсын, өзі жұрттың үстінен күн көріп жүрген кісіден ештеңе сұрама» деді. Осы сөз менің жадымда бүгінге дейін жатталып қалды. Адамдармен араласқанда да, біреуден бірдеңе сұрағың келген кезде де алдымнан шыға береді. Бізде балалық шақ болмады дегеннің бір дәлелі осы.
Есігіміздің алдында үлкен алма ағашы болатын. Алма ағаштың көлеңкесінде ошақ бар еді, сол ошаққа қазан асылған. Оның ішіне сірә кір жууға деп анам су толтырып қойыпты. Енді үлкен қазанға ас асатын ол кезде жағдай жоқ қой. Сол кезде ойнайтын ойыншығымыз да жоқ, көк шыбықты ат қылып есіктің алдында олай-бұлай шапқылап жүр едім, әкем «тоқта» деді. Тоқтап едім, «мына қазанда су толып тұр ә» деді маған. «Көріп тұрсыз ғой, несін сұрайсыз» дедім арғымағымның арыны басылмай шауып кетейін деп тұрып. «Сен тұра тұр, асықпа» деді. Ошақтың үстінде кішкентай тостаған тұр екен. «Анау тостақ шіреніп тұр, – деді. – Мен қазаннан биікте тұрмын. Пештің үстінде қазан толса, мен де толып тұрмын. Одан менің қай жерім кем деп. Бірақ, қазанның ішіне кеткен су, өзінің ішіне сыймайтынын білмей тұр ол». Осы сөз менің санама кәдімгі бұранда болып бұралып тұрып қалды. Бір жанменен әңгімелескенде де кейде өзімді деңгейлестіктен әрі асырмай отыратыныма осы жағдай үлкен себеп. Мүмкін бұл қазан шығар, мұның ішіндегі байлық менің ішімде жоқ шығар дегенді ойлап отырамын. Міне, біздің балалық осылай боп өткен. Өткен жылдардың бірінде қайтыс болған жақсы ақын Тұрсынзада Есімжанұлы «Қара қайғы қара нан, Оралма сен менің бала шағыма» дейді ғой. Біздің балалығымызды бүгінгі ұрпақ көрмей-ақ қойсын. Олар бақытты болып өссін. 
– Сіздің ақындық лабораторияңызға тағы оралсақ. Сіздің бекзат болмысыңыз, сіздегі білім, интуиция барша оқырманның қызығушылығын туғызады. Шабытты қайдан аласыз? Сізді шығармашылық жетістікке не жеткізді? Әбдіжәміл Нұрпейісов «Мені тұлғалар өсірді» дейді. Сізді ше?
– Шығармашылығыма әсер еткен Ғабит Мүсірепов жөнінде айттық. Мені тәрбиелеген фольклор, ауыз әдебиеті. Фольклор – халық даналығы. Мен осы халық даналығынан халықтық сөз саптауды үйреніп өстім. Мені өсірген нәрсе осы. Екінші білім деп айтып қалдың. Ескере кететін жайт, қазақта білік деген бар, білім деген сөз бар. Қазақ осы екеуін білім деп ойлайды. Білікті Алла береді. Алла ақыл-ой берді. Осы оймен ізденіп жүріп өзімізді танимыз. Демек, білік бізге Алланың берген мүмкіндігі, Алланың берген сыйы. Білім – біреулердің білігін оқи жүріп, соны көшірме түрде аударуымыз. Білім – басқа дүние. Сондықтан біздің ата-бабаларымызға білікті Алланың өзі берді. Сол білігін кеудемізге  көшірсек ол да аз тірлік емес. 
– Өмірде «жақсы көру» мен «жек көрудің» ара салмағын қалай ұстанасыз?
– Мүмкіндігінше әр адамды жақсы көруге тырысу керек. Өйткені, әр пенде Алланың туындысы. Алланың жетілдіріп жасаған туындысы. Мұны Абай айтып кетті ғой: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...». Әр адамға бауырым деп қарау керек. Жек көретін нәрсенің өзін де ой әлеміңізде көп ұстамаған жөн деп ойлаймын. Өйткені, жек көрінішті нәрсенің де сізге әсері болады. Болмысыңызды  бұзуы мүмкін. Жеккөрінішті адамға бас имей тұрған – Ібілістің амалы. Мен оттан жаралғам, бұл топырақтан жаралған деп кердеңдеп басып кетуі. Сондықтан ібілістік қылыққа бармау керек. Мүмкіндігінше ойыңызды таза ұстасаңыз, сол – бақыттың үлкені. 
Арасалмақ дегенде де кеше ғана өмірден өткен ініміз Көпен Әмірбек «Абай» телеарнасынан берілетін  «Тұлға» хабарында Талғат Теменов жөнінде «Шашқаның емес, тергенің қалады. Алғаның емес, бергенің қалады» дейді. Ойлы оқырман осыны да ойлай жүрсе болады. Өйткені, Көпен өмірде өте ақкөңіл, дархан жігіт болды.  Адамгершілігі мол. Жүрген жерінде қалтасына аз ғана ақша түссе, соны жұртқа үлестіріп беріп кететін. Бұрынғы сұхбатымда да айтқанмын. Кенже қызым Рауан оқуға түсіп келген күні Көпен үйге келіп қалды-дағы, «мына қарындасың оқуға түсті» деп сүйінші сұрап едім, қалтасын сипалап ештеңе таппады білем, қолында апталық қалың блокноты бар, соған «Айналайын Рауан, сен бүгіннен бастап Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреатысың» деп жазып берді. Ол қыз институтты магистратурасымен қосқанда бес жыл оқыды. Бес жыл бойы Көпен сол қызға стипендия төлеп тұрды. Жаңағы алғаның емес, бергенің қалады деп. Мүмкін бізден бірдеңе алып кетсе, ол біздің есімізде қалмауы мүмкін еді, әперген есте қалады. 
– Рахмет, Нараға! Жырларыңыз әр жүрекке парасат сәулесін шашсын. Өзіңіздей қазақтың текті ұлдары аман болсын!

Сұхбаттасқан Жадыра ОРАЗАЛИЕВА, 
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.


Жусанның жасыл жұпары

Жусанның жасыл жұпары көкірек кернеген,
Оңтүстік түні – көк аспан шып-шып терлеген.
Бұйра белдермен бүлкілдеп алыс ағады,
Арманды жолдар сағыныш зергер зерлеген.

Ағады алыс арманды жолдар аңсатқан,
Сынығы күннің – бағанадағы моншақтар.
Жапырақтардан судырлап түсіп тыныштық,
Тәтті ұйқыны аңсап,
теңселеді әзер, шаршап тал.

Күміс сәуледен кірпігіме келіп сүйенген,
Таңдантып жұртты тамаша түйін түйер ме ем?!
Көк пойыздағы жолаушылардай көп жұлдыз,
Арыстың ерке толқындарына тиелген.

Ұйқысыз бұлақ тарқатып бұрым тереңнен,
Жастықтай көшіп барады ақ бұлт төбемнен...
Екеуміз алғаш қыдырған түндей сәт мынау,
Осыны ғана айтайын саған деп ем мен.

Өмір – таусылмас ертегі

Өмір – таусылмас ертегі
Ару дүние – әсем сазды домбыра.
Самал – саусақ ғажап күйлер шертеді,
Сезімшілге тастау үшін мол мұра.

Көк аспанға алаулатқан ақ жалын,
Көк теңіздер тебірене ме құм жәйлі?
Бар жаныммен сезем мен шөл арманын,
Шөл арманы ыстықтар ықыласымен жырлайды.

Аңсатады әлі атпаған таң маған,
Тамшыларды дүниеге келмеген.
Өйткені,
Шақтарымда ой толғаған,
Мен – шөлмін шөлдеген.

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ.


Пікір қалдырыңыз