ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат БАЛАБИЕВ: «Жеті атасы малмен өскендер жеті баласының біреуіне мал бақтыра алмай жүр...»

– Қайрат Рахымұлы, қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин бір ғасыр бұрын «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз» деп ырыс-құттың қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдарында сақталғандығын жырлап өткен еді. Енді міне, Мемлекет басшысы өткен жылдың 26 қарашасында «Ауылдарды 2027 жылға дейін дамыту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлық өңірлерге не береді?
– Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құрып, ауылдарды дамыту жолдарын көрсетті. «Ауыл шаруашылығы экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық береміз. Біз ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасаймыз, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдаймыз. Тұрғындарға жер қолжетімді болады. Ол үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмайтын жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандырамыз» деді Президент. 
Бағдарламаға сәйкес бір миллионнан аса ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығын дамытуға 1 трлн. теңге бағытталды. Сол сияқты жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтік кәсіпке тартып, микрокредитті қолжетімді ету арқылы 350 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.
– Ауылда береке барын Үкімет те, депутаттар да айтады. Сөйте тұра әлі күнге дейін неліктен ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеуге қол жеткізе алмай келеміз?
– Иә, дұрыс айтасыз, қазіргі таңда 7 млн. адам ауылда тұрады. Олардың шаруашылықпен айналысатындары аз болса да, малмен жан бағып жүргендері жоқ емес. Түсінгенге ауылда қалай болғанда да береке бар. Мысалы, Түркияда бұл салада он миллионнан аса адам еңбек етіп, өз елін жыл сайын 100 миллиардтаған табысқа кенелтіп келеді. Түркияның балы, інжір, жүзім, өрік, жаңғақтары әлемде алғашқы орында тұр. Еуропа, ТМД елдері мен бірқатар мұсылман мемлекеттерінің сөрелерінде түрік тауарлары самсап тұрады. Түркия басымдықты егін және мал шаруашылығына берген. Ол жақта өңдеу ісі өте жоғары деңгейде жолға қойылған. Израильдің жері егінге қолайсыз болғандығына қарамастан, олар ішкі сұранысты өздері өтеп жатыр. Ал, бізге жаңғақтың өзі Қытайдан, кептірілген жемістердің түр-түрі Өзбекстан, Тәжікстаннан келеді. Негізі егін мен мал шаруашылығы арқылы тоқыма-тігін және тамақ өнеркәсібін  дамытуға болады. Бірақ, бізде мал әрі кетсе сүт пен етке ғана жарап тұр. Жүн түтіп, жіп иіретін, тері илеп, тон тігетін фабрикалар, өзге де өңдеуші кәсіпорындар қалада емес, ауылдарда салынса, ауыл адамдарын жұмыс орындарымен қамтуға болар еді. Сүт өнімдерін, томат пастасын, алма, өрік сусындары мен балмұздақ шығаратын зауыттар Алматы мен Түркістан облыстарының тек кейбір аудандарында ғана жұмыс істеп тұр. Оның өзі еліміз үшін аздық етеді. Жалпы, кез келген саланың өсіп-өркендеуі кәсіпкерлерге тікелей байланысты. Үкімет тек жер беріп, субсидия немесе несие бөліп,  ауыл шаруашылығының даму стратегиясын әр өңірдің, тіпті, аудан, ауылдардың жағдайына қарай үйлестірумен айналысуы тиіс. Жоспарлы жүйе болмай, дұрыс даму да болмайды. Ауыл шаруашылығындағы біресе жүгері, біресе мақта, біресе картоп, біресе бидай өсірушілердің наразылықтары осы жүйесіздіктің кесірінен орын алуда. Сондықтан ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі жан-жақты талқыланған ұзақ мерзімді даму жүйесін құруы керек. Бұл істе Америка, Қытай, Түркия, Еуропаның тәжірибелеріне сүйенген артықтық етпейді.
– Бүгінде елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның алғашқы нәтижелері қандай?
– Өткен жылы шағын несие беруге 2,059 млрд. теңге бөлінді. Оның 1 млрд. 548 млн. 331 мың теңгесі – мал шаруашылығына, 511 млн. 250 мың теңгесі – егін шаруашылығына бағытталды. Ауылдарды аралағанда жергілікті жұртшылықтың кәсіппен айналысуға деген ынтасын байқадық. Алайда, көбінесе кепілге қоятын мүліктің талапқа сай келмей жатқаны айтылды. Партия бұл мәселені де оңтайлы шешіп, ережені жеңілдету жағын қарастырып жатыр. Ал, жалпы мемлекеттік қолдау аясында бөлінетін субсидия, несие ұсақ шаруашылықтарға да қолжетімсіз. Мысалы, қой саны – 
5 мың, сиыр саны – 2 мыңға жетпейінше мемлекеттік мүмкіндіктерді пайдалана алмайтын шектеулерді алып тастау керек. 3-4 мың қойы, 100-200 сиыры бар жеке шаруалардың кооперативтерге біріккісі келмейді. Өйткені, кооперативтер арасында дау көп. Сондықтан жекелеген шаруашылықтар да Президент бастамаларының игілігін көру үшін ұсақ шаруашылықтарды да қолдау механизмін қарастыру керек. Өйткені, үлкен бизнес шағын кәсіптен басталады.
– Өзіңіз сайланған Түркістан облысының әлеуетін басқа өңірлермен салыстырып көрдіңіз бе?
– Түркістан облысының мәртебесі белгіленген бес жылда ұланғайыр жұмыстар атқарылды. Онда халық саны көп болғандықтан, мемлекеттік қолдауға сұраныс та көп. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өңірге 19,7 млрд. теңге бөлініп, оның 17,7 млрд. теңгесі игерілген. Жыл соңына дейін бөлінген қаражат түгел берілді. Жоба 64 ауылдық округте 6 бағытта іске асырылды. Қаржы егін, мал, балық, құс шаруашылығы, кооперация мен бағдарлама талабына сай келетін кәсіптерге жұмсалды. Алдағы жылға 30 млрд. теңге қажеттілігі туындап тұр. Төмен пайызды несиеге қолы жеткен жандардың алғыстан басқа айтары жоқ.
Президент айтқандай, мелиорация және суару жүйесін қалпына келтіру де өзекті мәселе. Мәселен, солтүстік өңірлерде ауа райы қолайсыз демесеңіз, топырағы құнарлы, не ексеңіз де өседі. Сондықтан онда тек картоп пен бидай емес, суық климатта өсе беретін дақылдарды өсіру керек. Айталық, мүкжидек, итмұрын, барбарис өсіруге болады. Сусамырға өте пайдалы мүкжидектің кептірілген түрін қымбат бағада көршілес елдерден аламыз. Қазір ғылым дамыды, қысқа уақытта пісіп жетілетін бақша өнімдерінің жаңа сорттарын өсіруге көшу керек. Алайда, отандық сапалы тұқымның өзі жоқтың қасы. 
Ал, Түркістан облысында қар жауады да еріп кетеді. Жаздың шілдесінде күнгейдегі аудандарда ауа температурасы 55 градусқа дейін ысиды. Қазір құмда жыңғыл мен сексеуіл, фармацевтикада бағалы саналатын кеурек, дермене сияқты шөптер өседі. Ендеше, шөлейтте өсетін өсімдіктер мен талдарды неге көбейтпеске?! Түркістанда есігінің алдында бадам мен фисташки, банан, лимон, апельсин, жаңғақ өсіріп, жемісін жеп жүргендер бар. Ертегі сияқты естілсе де, талаптанып еңбек еткенге көрінген таудың алыстығы жоқ. Лимон, банан, саңырауқұлақ өсіріп жатқандар – қосымша кәсіптің көзін тапқандар. Оның үстіне,  Оңтүстіктің климаты жылына 2-3 рет өнім алуға қолайлы. Осылайша оңтүстікте қызанақ, қияр, құлпынай, орамжапырақ сияқты бақша өнімдерін жыл он екі ай бойы өсіретіндер жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы нұсқаған мелиорация жұмыстары жанданса игерілмеген жер қалмас еді. Білесіздер, кешегі Кеңес өкіметінің кезінде мына сайын дала игеріліп, көшпелі жұрт отырықшы елге айналған. Демек, қазір де сондай қадамға баруымыз керек болып тұр.
– Еліміз биыл тасқын судан зардап шекті. Бұл су қоймаларының, гидротехникалық құралдардың әбден тозығы жетуінен, иесіздіктен болып отырған апат емес пе?
– Өздеріңізге белгілі, кезінде Қазақстанның әрбір өңірінде су қоймалары салынып, 100 миллион гектарға жуық жер суландырылатын. Нәтижесінде, суармалы егістік көлемі 2172 гектарға ұлғайған еді. Тоқсаныншы жылдарға дейін елімізде 54 мың гидротехникалық нысан салынған. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алған жылдары Кеңес өкіметінің кезіндегі 730 мың гектар көлтабан талан-таражға түсіп кетті. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру керек, ал, ол оңай шаруа емес. Мелиорацияның ауыл шаруашылығына пайдасы көп. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған су үнемдеу мәселесін шешуге септігі тиеді. Арабтар да сайын сахарасын суландырып, егіншілікпен айналыса бастады. Демек, «қалауын тапса қар жанады». Ал, бізде су құмға сіңіп кетіп жатыр. Үкімет су тапшылығын азайту үшін жаңадан 20 су қоймасын салмақшы. Құрылыс 2024–2030 жылдарға арналған су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сай жүргізіледі. Жылдың жағымды жаңалығы осы. Жауапты іспен тиянақты айналысу үшін ел Президентінің  Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Сол сияқты Су Кодексіне де өзгертулер енгізіліп жатыр. Заңда су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы мемлекеттiк саясатты жүргізумен қатар халықты және шаруашылық объектілерін су шаруашылығы құрылыстарындағы төтенше жағдайлардан және олардың зардаптарынан қорғау  да қарастырылған.
Президент тапсырмасы бойынша жер асты суларын пайдалану аясы кеңейтілмек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құрылмақшы. Олар жер асты суларына мониторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гидрологиялық ұңғымаларды жоюмен айналысады. Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жер асты суларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауыз сумен қамтылады. Сол сияқты Ұлттық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы атқарса, тұзды және шамадан тыс минералды судан бөлек, жер астынан таза су табады деген сенімдеміз. Сонымен қатар Президент тапсырмасымен Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты 
құрылады. Бұл да үлкен жаңалық. Ал, су саласындағы кадр тапшылығын жою үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс және гидромелиорация мамандарын даярлайтын ЖОО қажет-ақ. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін жоғары білімді мамандар қажет.
– Су үнемдеу технологияларын цифрландыруға көшірмесек, бұл іске мұраптар араласқан сайын сыбайластық қылмыс өршіп кетпей ме?
– Ойыңыз дұрыс. Президент Жолдауын жүзеге асыру барысында еліміздегі 14 мың шақырым арна күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарына қарасты 3500 шақырым су жүйесін цифрландыру басталып та кетті. Су үнемдеу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынды. Осы жоба аясында 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнемделді. Тамшылатып суғару әдісі кең тарады. Қауын, қарбыз, мақта да бұрынғыдай суарылмайды. Негізі мәжбүрлік адамның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сайрам ауданында егін егетін жер аздық еткенде, тастақты жерде израильдік тәсілмен қызанақ өсірілген еді. Демек, қандай жерде тұрса да, ебін тапқан дегеніне жетеді. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ауданында болатын, енді өзге  аудандарда да жылыжайлар көбейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Олар мемлекеттің демеуіне мұқтаж. Жылыжайлар мен мақташылар, сондай-ақ, бірқатар ауылдың каналдарын жөндеу бойынша жолдаған депутаттық сауалдарымның Үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады. Жалпы елімізде арктикалық та, африкалық та атмосфера ұзақ сақталып тұра бермейтіндіктен, ауыл шаруашылығын әр өңірдің географиялық ландшафтына қарай икемдеу керек деп есептеймін. Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн. текше метр болатын 9 су қоймасы, ал, екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн. текше метрден астам суға арналған 11 су қоймасы салынады. Бұдан бөлек, суармалы алқаптардың жалпы көлемін 1,8 млн. гектардан 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ, 212 каналдың суды пайдалану мөлшерін есепке алу үшін олар цифрландыру жүйесіне көшірілмекші. Цифрландыру ашықтыққа жол ашады. Цифрландыруға көшкен кәсіпорындардың басы дауға қалмайды.
– Қазіргі таңда өңірлерде бірнеше өнім өндірушілерді кооперативке біріктіру саясаты жүзеге аса бастады. Алайда, күштеп колхоздастырудан қаймығып қалған халық бірігуге құлықсыз.  Бұған не дейсіз?
– Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қажетті техника шығарып жатыр. Олардың құрастырған техникалары біздің қажетімізге жарап келеді. Президенттің бір тапсырмасы лизингке техника алу жолдарын ашу болатын. Осының арқасында шаруалар бүгінге дейін 40 млрд. теңгеге 1053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар 2,8 мың мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд. теңге бөлінген. 
«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз» делінген Президенттің сайлауалды бағдарламасында. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Тек кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидия алып, құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-дамай шығып жатады. Үлес, пай бөлуде де тура сол сияқты күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруа қожалықтарының төрағаларының жауапкершілігін арттыру керек. Сонда олар Президент тапсырмасының игілігін тең көретін болады. АҚШ-та шаруашылықтар арнайы ауыл шаруашылығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мысалы, біздің солтүстіктің бидай белдері сияқты ол жақта да жүгері, мақта қырлары мен мал жаятын жайлаулары біркелкі болады. Міне, біз де осылай әлемнің озық әрі тез өсу үлгісін пайдалануымыз керек.
– «Өзеннің басындағы ел су ішеді, аяғындағы ел у ішеді» дегендей, суды кесте бойынша мөлшерлеп беру жайы да ойландырады. Көп фермерлік шаруашылықтар осы мәселеден қиындық көріп келеді. Бұдан хабарыңыз бар ма?
– Елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352-сі – су қоймасы, қалғаны су тораптары, бөгеттер мен тоғандар. 6 629 нысан – республикалық, 6 007 нысан – коммуналдық, 528  нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен. Негізінен, су көздерін жекеменшікке беруде сақ болу керек. Өйткені, ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қысады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан, жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін. 
Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер көп. Себеп – топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күре жолдардың бойынан көлеңкелейтін бұта таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар... Су жоқ деп қарап отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптары суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялауды 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл әдіс арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. «Судың да сұрауы бар» дегендей, пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауы тиіс. Бүкіл әлемде суға төлем жасалады.
– Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін қалдықсыз өңдеу жайын қалай шешеміз?
 – Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Басымдық берілген бағыттар қатарында етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған міндеттер бойынша, алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып, азық-түлік импортын азайтып, экспортын арттыру керек. Елімізде жыл сайын 24 млн. гектар алқаптан орта есеппен 17-20 млн. тоннаға дейін астық жиналады. Оның 7 млн. тоннасы ішкі нарыққа, шамамен 10 млн. тоннасы экспортқа шығарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар салынуда. Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның 10-ы жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн. теңгеден асты. Бұл салаға 88,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. 2023 жылы егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн. тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналды. Отандық өнімдер шығаратын 22 кәсіп-орын іске қосылып, төрт жүздей адам жұмыспен қамтылған. Десек те, қазір ауыл шаруашылығы  құрылымдарының саны 250 мыңға да жетпейді. 
17 облыста 23 тәжірибе стансасы егін және мал шаруашылығы бойынша ғылыми-зерттеулер 
жүргізіп жатыр.
– Мемлекет басшысы айтқандай, кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жерлерді ортақ жайылымға қайтару жайы қалай жүргізілуде?
– Атап өтерлігі, бір жыл ішінде ғана 8 млн. гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайылым, егінге алқап таппай жатқан ауылдар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жерлердің қай маңда екені қызық, кездескен сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет басшысы  да бұл мәселені назарында ұстап отыр. 
2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игерілді, ал, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасып жатыр. 
Қалалар салынбай тұрғанда қазақтың кең даласында ауылдар болды. Ауыл – қазақтың қарашаңырағы. Адам еңбек етуге талаптану керек. Небір малға бай дәулетті адамдар ауылда тұрады. Мәселен, Түркістан облысында Қарабұлақ деген береке дарыған үлкен ауыл бар. Тәулік бойы сауда-саттық жасайды. Сол ауылда мал жаятын да, егін егетін де жер жоқ. Бірақ, екінің бірі мал мен жеміс саудасымен айналысады. Титтей бақшасында жүзім де, жаңғақ та, қызанақ та, мал да өсіре береді. Міне, еңбек деген осы!
Бос жатқан жерлерді суландырып, егістікке жағдай жасалып жатқанда қарап қалмау керек. Жеті атасынан бері мал тауып келіп, енді жеті баласының біреуіне де мал бақтыра алмай жатқандар бүгінде қойшы  жалдауда. Керек десеңіз, қазір малға сауатты қарай алатын қойшылар да тапшы. Ауылдан қашқан балалар қалада бос сандалып жүр. Абай хакім сипаттағандай, өзгені жамандап, өзі жалқауланатын жұрт болмай, Президент айтқандай, ауылдарды оңалтып орнықтыратын ел болайық.
– Салиқалы сұхбатыңыз үшін  көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Ләззат САРЫБАЕВА,
журналист.
Пікір қалдырыңыз