«Түркістанды түлету – баршамыздың қастерлі борышымыз»

Күллі түркі баласы тәу ететін Түркістан қашан да рухани орда ретіндегі орнын, адамзат өміріндегі маңызын жоғалтқан емес. Сол себепті де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын түркістандықтармен кездескенде «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр» деп рухани астанаға ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс білдірген еді. Тиісінше, бұл бастама жұртшылықтан қызу қолдау тапты. Қазір ол Заң жобасы Мәжіліс қарауында. Осы ретте Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековпен жолығып, шаһардың бүгіні мен ертеңі туралы әңгіме қозғаған едік.

– Нұрбол Әбдісаттарұлы, бүгінде Түркістан қаласын тарихи және рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін Үкімет арнайы Заң жобасын әзірледі. Сіздіңше, рухани астанамызға берілгелі отырған мұндай мәртебенің маңызы қандай? Ол бізге қандай жауапкершілік жүктейді?

– Мемлекет басшысының Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы ұсынысы бойынша арнайы Заң жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілгеніне біршама уақыт болды. Аталған Заң жобасы аясында бірқатар шешімдер қабылданып, олар тиісті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді. Аталған заң жобасының мазмұнында: «Осы Заң Түркістан қаласына Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы деген ерекше мәртебе беру үшін тарихи-мәдени негіз ретінде Түркістан қаласының бірегей мұрасын сақтауға, зерделеуге және ілгерілетуге қатысты кешенді тәсілді іске асыру үшін ерекше реттеу мен қала құрылысын регламенттеудің құқықтық негіздерін белгілейді», – деп жазылған.

Заң жобасындағы І тараудың баптарында қағидаттар белгіленіп, тарихи-мәдени мұраларымызды қорғауға, пайдалануға, жаңғырту үшін жағдай жасауға, сақтауға басымдық беру, қорғаудың заманауи әдістеріне негіздеу, әрбір қабылданатын шешімнің ғылыми және экономикалық негізділігі болуы керектігі атап көрсетілген. Ясауи кесенесі мен қорғау аймағындағы ғылыми жұмыстарды жоспарлауға және басқаруға қатысты кешенді тәсілді қолдану; дәстүрлі қолөнер әлеуетін дамыту, Түркістан қаласын маңызды халықаралық рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту, ілгерілету осы Заң аясында жүзеге асырылатын болады.

– Заң жобасы қабылданғаннан кейін бірнеше бағытты қатар дамытуға мүмкіндік туындаса керек. Ал, ол жұмыстарды іске асыратын жергілікті атқарушы органдарға қандай да бір құзыреттер беріле ме?

– Заң жобасында бұл мәселе «Түркістан қаласындағы мемлекеттік және жергілікті басқарудың ерекшеліктері» деп аталатын екінші тарауда қарастырылған. Ол бойынша Түркістан облысы және Түркістан қаласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыреттерін Заң аясында жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бірнеше қағидалар мен ережелер қабылданып, мекемелер сол арқылы жұмыс істейтін болады. Жалпы, Заң жобасы Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді атқарушы органдардың құзыретін кеңейтуге де бағытталған. Осы орайда, Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады.

– Түркістанға арнайы мәртебе бергелі жатқан Заң жобасында тарихи-мәдени жәдігерлерді сақтауға да ерекше мән берілмек. Осы ретте заң нормалары арқылы күрмеуі шешілмей келе жатқан қандай проблемаларға нүкте қойылады?

– Жобада «Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты» деп аталатын 13-бап бар. Ол бірнеше бөлімнен тұрады. Біріншіден, тарихи-мәдени мұраның неғұрлым осал, орны толмас бөлігі ретінде археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылады. Екіншіден, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына ескерткіш кешендерімен қатар археология ескерткіштерінің жекелеген элементтері де енгізілуі мүмкін. Үшіншіден, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты: археология ескерткішін тұрақты инспекциялау; оған алдын-ала күтім жасау және оларды қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді. Осы іс-шараларды жүзеге асыру ескерткіштің тұтастығына, оның дизайнының, материалының, орындалуының және қоршаған ортасының түпнұсқалығына теріс әсер ететін ыдыратушы әдістерді қолдануға тыйым салуды көздейтін, қандай да бір іс-шараға мейілінше араласпау стратегиясына негізделеді. Төртіншіден, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган бекітетін археология ескерткіштерін іріктеу өлшемшарттары, оларды Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватына енгізу және одан шығару тәртібі «Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты» туралы қағидамен айқындалады.

– Біршама уақыттан бері Түркістан облысындағы, әсіресе, Түркістан шаһарындағы туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бұл саланы ілгерілетуге жаңа Заң жобасының әсері қандай болады?

– Туризм саласындағы бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау көрсету бағытында бірқатар іс-шаралар көзделген. Олар: Туристік қызмет объектілерін, яғни қонақүйлерді салу, қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%. Кәсіпкерлік субъектілері қонақүйдің барлық құжаттарын ұсынуы тиіс: пайдалануға беру актісі, Жобалық-сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, фото-бейне материалдар, өтініш); Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10%. Жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан); Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне, яғни көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 25%. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектісі ретінде туроператор, турагент немесе гидтер болып табылады. Автокөлікке қойылатын талаптар: жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны болуы және техникалық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Субсидия алғаннан кейін туризм саласында туристерді тасымалдауды ұйымдастыру міндетті); Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау («ҚР кейбір  заңнамалық актілеріне  туристік қызмет мәселелері  бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу  туралы» 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 34-VII ҚРЗ. Заңға сәйкес субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде). Сонымен қатар, Түркістан қаласының аумағында қолөнер саласындағы шеберлер үшін шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған. Қолөнершілердің қызметі мынадай негізгі шығындарды қамтиды: қолөнер бұйымдарын жасау үшін өндірістік үй-жайды жалға алу;
қолөнер тауарларын сатуға арналған коммерциялық үй-жайларды жалға алу; қолөнер тауарларын дайындау үшін шикізатты сатып алуға арналған шығыстар; сатып алу шығындары жабдықтар үшін қолөнер бұйымдарын дайындау; коммуналдық қызметтер. Субсидия мөлшері туристік қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының ұқсастығы бойынша 10%-дан 25%-ға дейін өзгереді. Аталған қолдаулар қолөнер саласын дамытуға өз септігін тигізеді деген үміт мол.

– Түркістанда алты жылдың ішінде көптеген әлеуметтік мәдени нысандар, тұрғын үйлер салынды. Жаңа Заң жобасы құрылыс саласына да өзгерістер енгізе ме?

– Заң жобасы шеңберінде қала аумағындағы құрылыс регламентін, Түркістан қаласының дизайн-кодын, шаһардың сәулетті келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Мәселен, шаһар аумағына құрылыс салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін қала әкімі «Түркістан қаласының қала құрылысы кеңесін» құрып, сәулет-қала құрылысы және монументалды-көркемдік безендіру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды қарайды және енгізеді. Оған қоса, қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

– Рухани астананы дамыту әкімдіктің ғана емес, тұтас қала тұрғындарының ортақ ісі десек, қателеспейміз. Осы ретте тұрғындардан не күтесіз, жерлестеріңізді қандай іске үндейсіз?

– Жалпы, аталған Заң жобасы Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, қаланың мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлеуетін ары қарай жақсартуға өз септігін тигізері анық. Қаламызды қайырымды, қолайлы да берекелі мекенге айналдыру әрбірімізге жүктеліп отырған қастерлі міндет. Сондықтан барша түркістандықтарды еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығын дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет! Түркістан түрлене берсін, гүлдене берсін!

 

Сұхбаттасқан Бауыржан ЕРМАН,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

Пікір қалдырыңыз