«Сауранда сансыз тірлік бар»

2021 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылғанда отандастарымыз бұл жаңалықты ерекше қуанышпен қабылдаған. Бір кездері Ақ орданың астанасы болған, тарихы тым тереңде жатқан көне шаһардың өз алдына дербес аудан болып еңсе көтеруі ел тарихындағы елеулі оқиға еді. Содан бері небәрі үш жыл өтті. Осы үш жылда Сауран ауданы ерекше қарқынмен дамып келеді. Оның әлеуметтік-экономикалық бағыты айқындалып, айтарлықтай табыстарға жетті. Сондай-ақ, рухани-мәдени саладағы жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Біз осы және басқа да мәселелер бойынша таяуда Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар ЖҰМАБЕКОВАМЕН тілдескен едік.
– Жанар ханым, Сауран шаһары – тарихы тым тереңде жатқан шаһар. Демек, бұл өңірге қызығушылық танытатын туристердің де қарасы қалың болатыны сөзсіз. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Әрине, ауданның туризм саласын дамытып, әлеуетін арттыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бүгінде аудан аумағында 54 тарихи-мәдени нысан бар. Соңғы жылдары Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана, Үкаша ата кесенелері мен Ескі Сауран қалашығына туристер көптеп келіп жатыр. Саяхатшылар өздерін еркін әрі ыңғайлы сезіну үшін заманауи талапқа сай нысандар салынған. Мәселен, Ескі Сауран қалашығы мен Жүсіп ата кесенесінің маңынан «Сапар орталығы» мен музей салынды. Одан бөлек, күре жолдың үстінде «Ақжол» қызмет көрсету орталығы, Үшқайық ауылдық округінде спорт кешені, Жүйнек және Ескі Иқан ауылдық округтерінде тамақтану орындары, Иассы ауылдық округінде «Ozen» демалыс аймағы салынған. Аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени нысандарға былтыр 60 мыңға жуық саяхатшы келген.
Ауданымыздағы тағы бір ауыз толтырып айтар жаңалық, халық санының көбейгені болып отыр.  Осы себепті жаңа елді мекендер саны көбеюде. Мәселен, былтыр Ескі Иқан ауылдық округінде жаңа елді мекен құрылып, ол «Мәшһүр Жүсіп» деп аталды. Ал, Жібек жолы ауылдық округіне қарасты жаңа елді мекенге «Ескі Сауран» атауы берілді.
– Осы арада ауданда мәдени-рухани саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Туристер тек тарихи нысандарды ғана емес, ауданның мәдени өміріне де назар аударатыны белгілі ғой.
– Сауран ауданын өнер қонған аймақ десек, қателеспейміз. Сөзімізге дәлел ретінде өңірімізде үш бірдей ансамбль бар екенін айта кетейін. Нақтырақ айтсақ, Сауран аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Сауран сазы», «Дилшод», «Достық» этно-фольклорлық ансамбльдері мен өзбек халық театры халыққа қызмет етіп келеді. Жуырда  «Сауран сазы» фольклорлық ансамблі аудандағы барлық дерлік елді мекендерде концерт қойды. Халықтық атағы бар «Дилшод» өзбек ән-би ансамблінің «Тарихы терең сырлы Сауран» атты өнер кеші өтті. Бұл ансамбль 1972 жылы құрылған, содан бері халықтың оларға деген ықыласы бәсеңдеген емес. 1976 жылы құрылған «Достық» этно-фоль­клорлық ансамблі 1996 жылы жұмысын тоқтатқан еді. Бүгінде олар құрамы жаңарып, сахнаға қайта оралды. Ансамбль «Жаңарған Сауран» атты концерттік бағдарламасымен ауданымыздағы 12 ауылдық округті аралап, тыңдармандарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Ал, өзбек халық театры Елтай Бимаханбетовтің «Қырсық келін» атты пьесасын көрерменге ұсынды.
Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты 11 клуб, 4 Мәдениет үйі бар. Осы ғимараттарда түрлі мерекелік іс-шаралар, облыстық ақындар айтысы мен өнер фестивалі өтіп тұрады.
Бүгінде аудандық Мәдениет үйінің «Газель» микроавтобусы бар. 15 ауылдық мәдениет ошақтары компьютермен жабдықталған. Ескі Иқан елді мекеніндегі Мәдениет үйі мен Шорнақ ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарды, кітапхана ғимараттарын жөндеуден өткізу үшін тиісті жұмыстар қолға алынуда.
Осы орайда мәдениет саласына қатысты қажеттіліктерді де айта кетейін, Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылына Мәдениет үйін салдыру қажет болып тұр. Аудандық Мәдениет үйінің көрермендер залына мәжіліс, жиналыс өткізетін трибуна, президиум столы, дыбыс студиясы керек.
Сонымен қатар, музыкалық аспаптардың аздығына байланысты әр қызметкер өзінің музыкалық аспабымен өнер көрсетіп жүр. Бұған штат бірліктері мен сахна реквизиттерінің жетіспеушілігін қосыңыз.
– Жаңа ауданның жас басшысына бұл мәселені шешу аса қиын болмаса керек. Сіз бұлардан бұрын аудандағы кітапханалар жүйесі туралы айтыңызшы, олардың жай-күйі қалай?
– Ауданда отызға жуық  кітапхана бар. Олардың жетеуі жекеменшік ғимараттарда, басқалары клубтарда, әкімшіліктерде, почтада, медпункт пен мектептерде орналасқан.  Бүгінде ауданда 308 515 дана кітап қоры, 17 220-дан аса оқырман тіркелген.
17 ауылдық кітапхана компьютермен  жабдықталған. Аудандық кітапханалар жүйесіне RABIS   бағдарламасы  орнатылған. Яғни оқырмандарымыз Fairfox браузер арқылы Mega-rabis.cloud сайтына  пароль, логинмен кіріп, керекті ақпараттарын автоматты түрде таба алады.
Оқырмандарымыздың белсенділігін де айта кеткен жөн. Мәселен, облыстық «Фараби оқулары» атты байқауда Гүлбаршын Оразбек атты оқырманымыз ІІ орын иеленді. «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауда Қарашық ауылының кітапханашысы Зиннира Абдураимова ІІІ орын алды. Аша ауылының кітапханашысы Нулифар  Абдуахапова «Жылдың үздік жас  кітапханашысы–2023» байқауына  қатысып, Алғыс хатпен марапатталды.
Алдағы уақытта аудандық және ауылдық кітапханаларды компьютерлік-мультимедиялық жабдықтармен, заманауи жиһаздармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, барлық ауылдық кітапханаларды  балалар әдебиетімен қамтамасыз ету үшін қаражат  қарастырудамыз. Сонымен қатар, ауылдардағы клуб, кітапханаларға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін арнайы жоспар түзілген.
– Жаңа құрылған ауданның спорттағы жетістіктері қандай?
– Соңғы жылдары аудан әкімдігі тарапынан жастардың спортқа деген қызығушылығын ояту мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Балаларға арналған спорттық ғимараттар салынып, ойын алаңдары көбейді. Заманауи жабдықталған спорт мектептері ашылды. Оның ішінде үш спорт кешені, бір спорт манежі, бір футбол манежі, 13 атқыштар тирі бар. Ауданымызда 40 жаттықтырушы жұмыс істейді. Мыңнан аса жасөспірім  спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Сондай-ақ, биыл Бабайқорған елді мекеніндегі кешенді спорт залының құрылысы аяқталады.
Жалпы алғанда, саурандық жастардың спортқа деген құлшынысы өте жоғары.  Оған әр уақыттарда ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар барысында толық көз жеткіздік. Қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан, шағын футболдан, волейболдан, шахмат, дойбы, қол күрес, бестас, асық ату, дзюдо, бокс секілді спорт түрлерінен өткен түрлі деңгейдегі сайыстарда жастардың белсенділігі байқалады. Таяу болашақта ауданымызда  тағы да балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылуы тиіс. Бұл мектептерді мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашудың мәні зор. Аудан көлемінде өткізілетін спорттық іс-шараларды көбейту, ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі де кезек күттірмейді.
Айта кетейік, ел ішінде жастардың спортпен шұғылдануы үшін демеушілік танытып жүрген азаматтарымыз баршылық. Мәселен, Хуршид Баба-жанұлы, Ғалымхан Сүлейменов, Талғат Мұсабеков, Давран Дадажанұлы секілді кәсіпкер ағаларымыз Қарашық, Шаға, Шорнақ ауылдық округтерінен спорт залдарын ашты. Ол жерде жастар баскетбол, шахмат, волейбол, ауыр атлетика, үстел теннисі, футбол, гандбол, қазақ күресі, дзюдо, таэквондомен айналысып жүр.
–  Туристер ауданға әр тараптан келеді. Ал, оларға туған жердің тарихын түсіндіру үшін тіл білу өте маңызды, солай емес пе?
– Дәл қазіргі таңда Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-де мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде 200 адамды оқыту жоспарланған. Ағылшын тіліндегі курсты бүгінге дейін 80 мемлекеттік қызметкер мен 18 жастан асқан 50 ерікті  оқыды. Ағылшын тілінен 92 сағаттық курстан  25 адам сертификат алған. Алдағы уақытта қырыққа жуық адамды қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқыту жоспарланып отыр.  
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Пернебай САПАР,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз