Ресей – Украина: Еуропадағы соғыстың тоқтамауына бірінші кезекте мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ мүдделі...

Әлбетте, жаңа жылдан жақсы өзгерістер күтетініміз белгілі. Күллі әлем тұрғындары тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүруді қалайды. Дегенмен, кейде бір-бірімен бақталаса өмір сүретін алпауыт елдердің астамшылығы шектен шығып кетеді. Мұндайда, әрине, көп зардап шегетін қарапайым халық. Сонымен, бүгінгі таңда әлемді ерекше дүрліктіріп тұрған қақтығыс – Ресей мен Украина арасындағы соғыс. 

Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин 2022 жылы 24 ақпанда Украинаны демилитаризациялау мен денацификациялау  мақсатында арнайы әскери операцияны бастау туралы жарлыққа қол қойған еді. Ол көршілес Украина жерінің бір бөлігі орыстардан әділетсіз тартып алынған территория деп ұйғарым жасап,  Донецк халық республикасы мен Луганск халық республикасын өз құрамына алуға әрекет етуге шешім қабылдаған болатын. Содан бері бұл аймақтарда ысқырған снарядтардың даусы әлі өшкен жоқ. Екі жақтан да адам шығыны көп. Шиеленіске байланысты елде көші-қон дағдарысы да ушығып, Еуропа елдеріне 8 миллионға жуық украин босып кетті.
Әскери сарапшылар әдепкіде Киевтің бірнеше күнде күйрейтінін болжаған еді, алайда, украиндықтар берісер емес. Сосын бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Соғыс Украина территориясында жүріп жатқанымен, Ресей жалғыз Украинамен емес, бүкіл Батыс әлемімен соғысып жатыр десек те болады. Бұл соғыста әсіресе Американың рөлі басым болып тұр. АҚШ Украинаны қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр. Қалай болғанда да бұл қақтығыс жаппай қымбатшылықтың белең алып, инфляцияның рекордтық деңгейге жетуіне алып келді. Еуропаның ахуалы күрт нашарлады. Осыған байланысты әлемдік қауымдастық Ресей билігінің әрекетін қатаң сынға алды. Еуроодақтың өзі санкциялардың тоғыз пакетін бекітті. Сондай-ақ, ресейліктер үшін жеңілдетілген визалық режимнің күшін жойды. Ресей Еуропа кеңесінен шығып кетті. Оған қоса, Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі мүшелігі тоқтатылды. Бертін келе ресейлік мұнайға эмбарго енгізілді. Оған қоса, осы елдің шикізатына шекті баға қойылды.
Қыркүйек айында Ресейде ішінара мобилизация жарияланды. Көптеген Ресей азаматтары көршілес мемлекеттерге барып бой тасалады.
Ашығын айтсақ, әлем елдерінің басым бөлігі Кремльдің Украинадағы басып алған жерлерін Ресейдікі деп мойындамайды. Әзірге белгілісі, екі тарап та ортақ бір мәмілеге келуге асықпайтын сыңайлы. Былтыр 23 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды. «Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Ыстанбұлдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді, бірақ, түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек» деді Қазақстан Президенті.
Алайда, Путин былтыр желтоқсан айында Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелерімен онлайн-кездесу барысында соғыс «ұзақ процесс» болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Ол Украинадағы жағдайды Ресей емес, 2014 жылғы мемлекеттік төңкерістен кейін Киевте билікке келгендер тудырғанын айтты. 
   Ал,  Зеленский 2023 жылдың 4 қаңтарындағы бейнежолдауында Украинаның жеңісін жеделдетуге көмектесетін қорғаныс мүмкіндіктерінің ешқайсысын кейінге қалдырмауға шақырды. «Бүгінде біздің дипломатиялық марафонның жаңа және күшті нәтижелері бар. Франция Украинаның қорғаныс қолдауды жаңа деңгейге көтеруде. Мен президент Макронға осы көшбасшылығы үшін алғыс айтамын. Біз броньды машиналарды, атап айтқанда, француз өндірісінің доңғалақты танктерін аламыз» деді Зеленский.
Өткен жылдың соңына қарай Ресей Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына зымырандармен соққы беріп, миллиондаған украиналықты қаратүнекке батырып, жылусыз қалдырды. Мәскеу осылайша Киевті өз шарттары бойынша келіссөздерге көндіруден үмітті. Ал, Украина көршісінің ракетамен азаматтық нысандарды жаппай қиратуын әскери қылмыс деп есептейді.
    Биылғы жылы қаңтардың 1-інде Украинаның Ресей бақылауындағы Донецк облысындағы кәсіптік-техникалық училищесіне Украина тарапынан зымыранмен алапат шабуыл жасалды. Сол сәтте ғимаратта таяуда ғана мобилизация бойынша әскерге шақырылған жүздеген ресейлік жауынгер болған. Бұл – РФ армиясының көрші елдегі бір жылға жуық соғысындағы ең үлкен шығыны екендігін айтады сарапшылар. Украинаның дерегінше, Макеевкадағы училищеде 400-ге жуық әскери мерт болды. Ресей қорғаныс министрлігі Украинаның АҚШ-та жасалған алты HIMARS зымыранымен училищені атқылағанын хабарлап отыр. Осындай қиян-кескі ұрыстарда соғысты аяқтау немесе оған үзіліс жариялау мүмкін бе?... Киев тіпті уақытша бітімнің өзі Ресейге қайта топтасып, басып алынған жерлердегі позицияларын нығайтуға мүмкіндік береді деп есептейді. Дегенмен, Украина президенті Владимир Зеленский соғыс 2023 жылы аяқталады деп үміттенеді. «Дәл осы жылы Ресей агрессиясына нүкте қою керек» дейді ол. Бұдан бұрын ол Украина армиясы жаздың ортасына дейін Ресей оккупанттарын біржақты ететінін мәлімдеген болатын. Жаз өтіп, қыстың ортасынан ауды. Бүкіл әлемнің қару-жарағы Украинада болса да Ресей тоқтар емес. Соған қарағанда бұл соғыстың қашан бітетінін әзірге ешкім дәл айтып бере алмайды-ау...
    Ақ үйдегі Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Америка Құрама Штаттары Украинаға жаңа әскери көмек пакетін дайындап жатқанын айтты. 2022 жылдың 7 желтоқсанында АҚШ Конгресінің Сенаты 2023 жылға арналған рекордтық қорғаныс бюджеті туралы келісімге келді. Оның жалпы сомасы 847,3 миллиард долларды құрайды. Соның 800 миллион доллары Украинаға арналған. 
2023 жылы Украина Ресей басып алған барлық территорияларды қайтара алады деген болжам айтушылар да бар. Ал, Ресей Мемлекеттік Думасының спикері Вячеслав Володин 2023 жыл Ресей үшін даму мен жеңіс жылы болуы керек деп есептейді. «Өткен жылы тарихи оқиғалар болды. Біз бәріміз бірге еліміз тап болған қиындықтар мен санкцияларға қарсы тұра алдық. Президент Ресей егемендігінің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін тағдырлы шешімдер қабылдады. Процестер басталды, олардың нәтижелерін біз 2023 жылы көреміз» деп жазды ол өзінің телеграмм-каналында.
Соңғы апталарда Донбасс аймағында өте қиян-кескі шайқастар жүріп жатыр. Сенімді ақпарат көздерінің дерегінше, ресейліктер Бахмутты басып алу үшін барын салуда. Украинаның бұл ауданы – ауылшаруашылық алқаптары мен ашық далалы жерлер. Екі тарап үшін де осындай сындарлы сәтте АҚШ Украинаға 3 миллиард доллардан асатын әскери көмегін жібермек. Жаңа қару-жарақтың ішінде жаяу әскерге арналған Брэдли жауынгерлік көліктері, гаубицалар, қашықтан басқарылатын көп реттік зымыран жүйесі және басқа да жабдықтар бар.  АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби жаңа қарулар мен әскери көліктер елдің шығысындағы қорғанысты нығайтып, басып алған жерлерді азат ету үшін керектігін айтады. Сонымен қатар, әуе шабуылына қарсы қорғанысқа арналған «Теңіз торғайы» деп аталатын зымырандар елдің энергетикалық инфрақұрылымдарын қорғауға қажет. Бұған дейін АҚШ пен Германия Ресейдің әскери дрондарына тойтарыс беру үшін Патриот зымыран кешендерін жіберуді міндеттеріне алған еді. Ресей Ғылым академиясының Орталық экономикалық-математикалық институтының директоры Альберт Бахтизин: «Математик ретінде мен қастандық теорияларынан алыспын, бірақ, Украинадағы қақтығыстың көптеген себептерінің бірі Вашингтонның Ресей мен Германияның жақындасуына алаңдаушылығы болды, бұл екі елдің рөлін айтарлықтай арттырады деген көзқарас бар» дейді. Сарапшының айтуынша, Германия Ресейдің арзан энергия ресурстарымен, ал, Ресей Германияның озық технологияларымен күшейіп кетуі әбден ықтимал еді. «Бұл экономикалық одақтан Ақ үй өзінің Еуропадағы, сондай-ақ, бүкіл әлемдегі мүдделеріне айтарлықтай қауіп туындайтынын көрді» деп қорытындылады А.Бахтизин.
8 қаңтарға қараған түні Ресей әскері Украинаның Харьков облысындағы Мерефа қаласын атқылаған. Донецк облысы билігінің айтуынша, Ресей әскері Краматорскіге жеті рет ракета соққысын жасаған. Константиновкаға екі зымыран жіберген. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Журналистердің хабарлауынша, Херсонда бірнеше жарылыс болған. Украинаның қарулы күштерінің мәлімдеуінше, Ресей армиясы «атысты тоқтату» режиміне қарамастан өткен тәулікте дүркіндетіп ататын реактивті жүйеден 40 соққы жасаған. Бұған қоса, үш авиасоққы және тоғыз зымыран жіберген.

Б.Дарғожина.

Израиль сыртқы саясатын өзгертпек

Израильдің жаңа үкіметі саясатты жүзеге асыруда өзінің көзқарасын қайта қарастырады және Иранға қатысты да белсенді әрекет ете бастайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мәлімдеді.
Оның айтуынша, Израиль бұрынғы «әрекетсіздіктің» орнына «белсенді, жігерлі, жауапты және ұлттық саясатты» жүргізеді. Атап айтқанда, Нетаньяху аймақтағы радикалды исламға қарсы тұру туралы  жариялады.
Израиль премьер-министрі Иранның Сирияда орнығуына жол бермеу және Иранның ядролық арсеналын құруды бұзу жоспарларын бөлек жариялады.
«Біз халықаралық қатынастарды қайта қарастырамыз: біздің даусымыз әлемде естіледі. Басымызды иіп, халықаралық қауымдастықтың диктатурасына бағынудың орнына, біз өз мүдделерімізді қорғаймыз» деді Нетаньяху.
Өткен аптада Израиль үкіметі Палестина автономиясына қарсы санкция жариялады. Палестиналықтардың Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сотына «Израиль  басқыншылығын» тергеу туралы шағымынан кейін билік өкілдері осындай шешім  қабылдаған.  Енді Израиль Палестина әкімшілігі атынан кедендік салық түрінде жинайтын қаржыдан 39 млн. долларды алмақ. Бұдан бөлек, Израильдің батыс жағалауында палестиналықтардың құрылыс жүргізуіне тыйым салынбақ.

Түркия қарсы болып тұр...

Осынау қысылтаяң шақта Финляндия мен Швеция НАТО-ға кіруге өтініш тастағаны белгілі. Яғни 2022 жылдың ақпан айында Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін екі ел НАТО-ға кіру туралы шешім қабылдады. Көп жылдар бойы бейтарап саясат ұстанып келе жатқан елдердің бұл өтініштері Түркияға аса ұнамаған сыңайлы. НАТО-ның бір мүшесі – Түркия Финляндия мен Швецияға шарт қойып отыр. Анкара Стокгольмнен Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысты содырларды және 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасағандарды сұрап отыр. Түркия Финляндияға да дәл осындай талаптар қойған.
Былтыр маусымның соңында НАТО-ның Мадридте өткен саммитінде үш ел бірлескен меморандумға қол қойған болатын. Меморандум бойынша Швеция мен Финляндия өздеріне міндеттеме алған, Түркия олардың НАТО-ға қосылуына кедергі жасамауға уәде берген.
Айта кету керек, НАТО-ға мүше болу үшін НАТО-ның 30 мүшесі түгел келісім беруге тиіс. Қазір 28 мемлекет келісіп отыр. Венгрия да таяуда хаттаманы бекітеді.
Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссонның мәлімдеуінше, Швецияның НАТО-ға қосылуы үшін Түркия қойып отырған шарттарды түгел орындау мүмкін емес. Сонда да ол түбінде Түркия келісім беретініне сенімді екенін айтты. Кристерссон: «Түркия өзі қойған шарттардың бәрін Швеция қазірдің өзінде орындады деп отыр. Бірақ, тағы да шарт қойғысы келеді. Біз ол шарттарын орындай алмаймыз, орындағымыз да келмейді» деді. Бірақ, нақты қандай шарттар қойғанын атамаған. Бір белгілісі, өткен жылдың соңында Швеция жоғарғы соты Анкара сұратқан түрік журналисін экстрадициялауға рұқсат бермеген. Түркия бұл журналисті төңкеріс жасауды ұйымдастыруға қатысқан деп есептейді.
Пікір қалдырыңыз