Медеу Сәрсеке, жазушы: «Нағыз біртуар Ебіней Бөкетов еді...»

Он бесінде Пушкиннің «Тас қонағын» сахналайды 

– Медеу аға, Ебіней Бөкетов туралы өзіңіз оқыған Қазақ Тау-кен-металлургия институтында (кейінгі поли-техникалық, қазіргі Ұлттық техникалық университет) сабақ берген ұстазыңыз жайлы кітап жазу деген ойға қашан, қалай келдіңіз?
– 2002 жылы ол кісінің туған інісі Қамзабай Бөкетов маған телефон соғып, ғалымның 2005 жылғы 80 жылдық мерейтойына не істесек болады деп сұрағанында, мен біраз өз ойымды, оның ішінде, ғұмырнама кітап жазған дұрыс болар еді, соны Ақселеу Сейдімбек  пен Оразбек Нұрмахановтың біріне тапсыру керек дегенді де айттым. Қамзекең «ал, біз сол істі сенің өзіңе тапсырған дұрыс деп шештік» деді. Күтпеген ұсыныстан абдырап қалдым. Өйткені, ұстазымның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында көлемі 100 беттей естелік жазып, шәкірттік парызым өтелді деп жүрген жанмын. Қаныш Сәтбаевтай алыпты ұлықтауға қырық жыл ғұмырымды арнап, ауыр еңбектен әбден шаршағаным тағы бар. Одан бөлек, Қанекеңнің ізбасары, оның өзіндей екінші алыпты, қиянаттың құрбаны болған шерлі тағдырды ойдағыдай етіп жазып шығудың жауапкершілігін айтсаңызшы... 
Бірақ, Қамзекең маған шегінер жер қалдырмады: «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің!» Керек қағаз-құжаттың бәрін Семейге жеткізіп береміз, айтқаныңның бәрін орындаймыз. Сенікі тек екі жыл бойы тыпыр етпей отырып жазу!» Институт қабырғасында жүргенде-ақ менің бойымдағы шығармашылыққа деген қабілетті танып, көзін ашқан, түптеп келгенде, өзіңнің өмірлік нәсібің мен кәсібіңді айқындап берген адамның әруағы риза болу үшін қандай іске болсын көнесің ғой, мен де 
келістім...
– Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың «Әдебиет танытқышында» «баулу» туралы арнайы тарау бар. Ал, сізді Ебекең қалай баулыды?
– Институттың «За инженерные кадры» деген орысша шығатын қабырға газеті бар-тұғын. Оны жүргізуге жауапты – болса да Ебекеңнің өзі. Соның алғашқы нөмірінің біріне маған сүйікті профессорымыз Старков жайлы мақала жаз, мен өзім аударып басам деді. Геодезист ретінде Алтай мен Атырау арасында бармаған жері, баспаған тауы қалмаған, 66 жасында кандидаттық қорғап, 75 жасында профессор болған, өмірбаяны өте қызық Старков бізге математикадан беретін. Мен 1-курстағы бірінші емтиханда масқара болдым. «Қымбаттым, екі сұраққа да жауап бере алмадың. Білімің – нөл! Оқуға қалай түскенсің?» деді ол маған. Мен даусым әрең шығып, «мен медалистпін» дедім. «Медаль?! Қандай?!» «А-а-алтын...» «Онда тексереміз қазір!» 
Сөйтті де ақ параққа екі белгісізі бар теңдеу жазды. Оңай екен, ойланған жоқпын. Профессор енді екі есеп берді. Қиындау. Екеуін де ойынан құрастырды. Он-он бес минут отырып, ол екеуін де шығардым. Профессор басын бір шайқады да, тағы екі есеп берді. Бір сағат қиналсам да, оларды да шығардым. Қысқасы, топтағы 15 бала тапсырып біткенше, мен үш сағат бойы Старков берген есептермен алысумен болдым. 
Екеуміз-ақ қалдық. Профессор бұл жерде бір кәкір бар екенін сезіп, «медалің шын алтын екен» деді. «Бірақ, неге жоғары математиканы оқығың келмейді, а?» Мен ауылдан келгенімді, сөзінің көбін түсінбейтінімді айттым. «Е-е, неге сен о бастан маған келмедің?!.. Жарайды, саған үш қойып беремін, бірақ, келесі семестрде математиканы басынан бастаймыз».
Мен мақалама осыны өзек еттім. Ол басылды. Ебекең төрттен бірі қазақша шығатын болған апталық қабырға газетінің осы бөліміне мені жауапты етіп қойды. Менің жазушылық алғашқы қадамым осылай басталды...
– Медеу аға-ау, мыңдаған қазақ баласы күні кешеге дейін сол орыс тілдің кесірінен бірінші семестрден соң оқудан шығып кетіп жатты ғой! Біздің ауылда да бір-ақ үй орыс бар-ды, балалары қазақшаға судай-тұғын. Шымкентке, технологиялық институтқа түстім. Сабақтың бәрі орысша, түк түсінбейміз. Бес ай оқудың екі айын мақта тердік, қалған үш айда мен күніге түн ортасына дейін күнделікті «Известия» мен «Комсомолканы» аударатынмын. Орысшаны сөйтіп үйрендім, әйтпегенде менің де оқудан шығып кетуім мүмкін еді...
Жақсы, енді ұстазыңыздың есімінің елде жоқ есім болуына келейікші.
– Жалпы, Ебіней Бөкетовтің өзінің ғана емес, оның ата-бабаларының да өмірі тұнып тұрған өнеге. Арғынның ішіндегі атығайдан Абылай хан тұсында аты дүрілдеген Ханкелді батыр шыққан, оның бір ұлы Нақ батыр болса, одан Алыпқаш туады. «Аты қызық екен...» дейсіз бе? Нақ батыр жетпіске жасы жеткенше бір балаға зар болып, жаны жасып, жабығумен болады. Әне, сол кезде барып оның тоқалы ұл туады. Сүйінші хабарды сапарда жүріп естіген Нақ қуанудың орнына: «Уа, құлағы керең Құдай! Елу жыл тілімнің зарын есітпей, көзімнің жасын көрмей келіп, енді бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда мені мазақ қылайын деген екенсің ғой! Оны жетім қалдырып, жұртқа көзтүрткі еткенше, өз қолыммен жайратып кетейін!»  деп ауылына қарай тұра шабады. Ауылдастары баланы алып қашып, тығып қояды, ол содан Алыпқаш атанады. Нақ болса өлмек түгілі тағы 50 жыл өмір сүреді, жүруге жарамай қалған қарт батырды жайлауға қайың сүйретпеге қалың киіз төсеп, Алыпқаштың жеті ұлының бірі Қашқынбайдан туған шөбересі өгізбен сүйреп алып жүреді екен... 
Тағы бір ұлы Қостанайдан – Көшімбай, Тумырза, Сақтаған туады.  Тумырза кейін Бөкет атанып кетеді, одан Арыстан, Ыбырай, Маутай, Қанапия. Арыстаннан – Ебіней. Арыстан мен Балтай атанған Ұмсынның алғашқы сегіз перзенті өмірден жастай өтеді. Тоғызыншы баланың атын молда Зейнел-Ғабиден  деп қояды. Өте дарынды әнші, жыршы, ақын бала тоғызға келгенде 1925 жылы  артынан ұл ереді, оның атын молда Ибн-Ғабиден деп атайды. Бірақ, үйдегілер ағасының атына ұйқастырып Ебіней-Ғабиден атап кетеді. Кейін Ғабидені түсіп қалады, ал, орыс мектебіне барғанда олар есімін Евней деп жазып жібереді. Жасы онға жетпей Зейнел-Ғабиденді де алған Алла-Тағала тоғыздың орнына Арыстанға тағы төрт ұл береді: Қамзабай, Жартас, Шабдан және Есләмбек.
Арыстан ел ішінде аты сақталған батыр аталарына тартқан алып денелі, қайратты, әрі алысты болжай білетін, сабырлы, салмақты, Ебекең өзі жазғандай «оқымағанның ақылдысы» болса, анасы Ұмсын Байжанқызы «соқыр  Тоғжан ақын» атанған Тоғжан Ендібайұлының немересі. Сөз оған осы нағашылары жағынан қонса керек. Кәмпескеден кейінгі елдегі ауыр жағдайды көріп отырған, әрі өте зерек туған Ебінейді орысша оқытуды армандаған Арыстан 1931 жылы наурызда үй ішін бір арбаға тиеп, Орал тауының қойнына қарай тереңдеп, Қорған облысына көшіп кетеді, онысын інілері қостай қоймайды. Келесі жылы көктемде ол қазақ даласын жайлаған ашаршылықтан сол жаққа ауып барған жерлестерінен жанға толы, малға толы үш ауыл Алыпқаштан ешкім қалмауға айналғанын естиді. Естіген бойда арбаға ет, ұн, тары-талқан салып, бір өзі туған ауылына тартады. Тоқтамай жүріп жетсе, Ибрайдың жағдайы өте нашар екенін көріп, барын соған тастайды да, өзі Маутайдың үй-ішін көшіріп әкетеді. Ағасы әкелген азық-түліктің арқасында жазға аман жеткен Ибрайдың отбасы арттарынан өзі көшіп келеді. Бұлардың бәрі кейін, оның ішінде ең соңынан Арыстан да жеті жылдан соң, туған жерге қайта оралады.
– Е, әкенің бір арманы орындалған екен ғой?
– Иә, мен де ұстазыма бір рет «орысшаңыз қазақшаңыздан күштірек, әрі сөздік қорыңыз да кейбір орыс жазушыларынан артық...» деп сыр тарта қарағанымда ол кісі «жас кезімде жақсы ұстаздардан тәлім алдым. Алғашқы мұғалімім Августина Устиновна Тарасова поляк революционерінің ұрпағы, Екатеринбургтағы гимназияны үлкен алтын медальмен бітірген екен. Әдебиетке деген құмарлығымды сол апайым оятты» деді. Ол апайы адамшылықтың да үлгісін көрсетіпті. Аудан орталығына барып, үйіндегі қалған-құтқан алтын-күміс бұйымды азыққа айырбастап алғысы келген Арыстанды милиция қамап қояды. Ебінейді мектепке алып келген, екі көзі бұлаудай Балтайдан мән-жайды білген бойда Тарасова күйеуіне арбаны дайындатып, ауданға аттанады, сөйтіп «алыпсатар» қазақты түрмеден босатып алады. Августина болмағанда, Арыстанның алдағы тағдыры алмағайып еді...
Ұстазы сепкен ізгілік дәнінің өнім берер жерге түскені көп ұзамай-ақ белгілі болады. Ебіней елге оралған соң Марьевка орта мектебінің 5-сыныбына барады. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларды сапқа тұрғызып, «орыстар – бір адым алға, қазақтар – екі адым артқа!» деп бұйрық береді. Бәрі оның айтқанын істегенде, Ебіней ғана орнынан қозғалмайды. «Сен неге бұйрықты орындамайсың?» деп кіжінген ұстазсымақ немеге, «Мен – Бағанатыданмын, ал, олар ешқашан кейін шегінбейді!» деп қасқайып жауап береді. Тіпті оның сабағына қатыспай қояды. Ызаланған мұғалім баланы жазда емтиханға жібермей, күзгі сынаққа қалдырады. Оның себебі сол кезде мектептегілерге мәлім болады. Ақылды директор мұғалімді басқа жаққа ауыстырып жіберіп, Ебінейді 6-сыныпқа көшіреді. Осылайша қайсар қазақ он үш жасында-ақ қатыгез өмірдегі алғашқы жеңісіне жетеді...
Институтқа түскенде де (1-курста екі-ақ қазақ болыпты!) кеудесіне нан піскен бір майдангер орыс студент намысына тиген кезде, «жаным – Алланікі, арым – өзімдікі» деген тәрбиемен өскен бұрынғы қазақтың баласы емес пе (кім қазір ұлына сөйтіп үйретеді?), әлгіні бір-ақ ұрып, сілейтіп салады. Жатақханадан айрылады, бірақ, оны ойлап жататын уақыт па?!
– Мына екі мысал соңғы отыз жыл бойы рухы әбден тапталған қазаққа басынан сөз асырмайтын өрліктің таптырмас  өнегесі екен! 
– Ебіней оқуда озат болып қана қоймайды, драмалық үйірмеге жетекшілік етеді. Оқушылар А.Пушкиннің «Тас қонақ» деген трагедиясын  сахналағанда әрі оның режиссері болады, әрі басты рөлде ойнайды. Спектакль бірнеше рет қойылады. Ебіней оған да қанағаттанбайды – ол пьесаны қазақшаға аударып, оны Бағанатының тұрғындарына ұсынады! Ол  сол кезде бар болғаны 15 жаста екен...
– Бұл тұрғыдан келгенде ол кісі 18 жасында «Еңлік-Кебекті» қойған екінші Мұхтар Әуезов болыпты ғой! Мұхаң пьесаны өзі жазса, Ебекең аударма жасап отыр... Ғажап!
– Ебекеңе мектепте физикадан жер аударылып келген ғылым кандидаты А.Мирзоев сабақ берсе, институтта металлургия жайлы оқулығы шетелдерге де тараған профессор Х.К.Аветисян, профессорлар В.В.Спендер, В.Д.Пономарев секілді басқа да өте білімді ұстаздардан дәріс алады. 300 сом стипендиясынан ауылдағы анасы мен Қамзабайға ақша салып тұрады (Қамзабайдың жалақысы 300 сомға жетпейді екен). Үздік студентке профессор В.Спендер 4-курста жүргенде-ақ ғылыммен айналысуға, өзінің аспиранты болуға ұсыныс жасайды. Студенті оны қабыл алған соң, дипломдық жұмысына «электролиттік тәсілмен алынған жоғары жиілікті металл шығаратын алюминий зауытының жобасы» деген тақырып береді. Ондай зауыт КСРО-да жоқ екен (әлі күнге дейін де жоқ). Ебіней жұмысты «5-ке» қорғап шығады және аспирантураға қалады.

Әлемдік жаңалығын әуелі түсінде көрген...

– Талантты ұстазыңыз аспирантураны мерзімінен бұрын бітірген шығар?
– Керісінше, бір жыл кешігіп бітіреді. Себебі, алдағы үш жыл емес, отыз үш жылды ойлауға баулыған әкенің үлгісімен ол жетекшісі В.Пономаревпен ақылдасып, «Сирек металдар қалдығынан молибден алу» деген тақырыпты таңдайды. Бұл елуінші-алпысыншы жылдардағы әлемдік ғылыми-техникалық төңкеріс әлі басталмаған кез. Ебінейдің осы жерде 1949 жылдың желтоқсанында, 5-курстың ортасында Зүбайра Дүйсенқызына, 1938-1951 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып қызмет атқарған Нұртас Оңдасыновтың қолында өскен, оның әкесі Оңдасынның (иә, Нұрекеңнің әкесі Оңдасын, Дәндібай – атасы, құжат алған кезінде қате жазылып, сол бойы түзетілмеген – Ө.А.) інісінің қызына үйленгенін айта кету керек. Зүбайра өзінің қалауымен Мәскеудің тау-кен институтында оқиды екен, 4-курста Алматыға ауысады. Айтайын дегенім, үйленгеніне бір жыл да болмаған Ебіней жас келіншегін ұмытып, қыркүйектен шілдеге дейін жертөледегі лабораториядан шықпай қояды. Себебі, молибденді ала алмайды! Бұл құшырланған сайын металл да қасарыса түседі. Содан бір күні түсіне ...доңыздың торайы кіреді. Сілті ерітіндісі құйылған үлкен ыдыста, бүйірінде «молибден» деген жазу бар сүйкімсіз жәндік бұған қарай еркелей жүзіп келе жатыр. «Алла-ай, мына жексұрынды қалай қолыма аламын?!...» деп жиіркенген ол оянып кетеді...
Түсін қасындағы жасы үлкен аспирант әріптесі Халетке айтса ол «жетер жерге жеттің деген сөз бұл, енді ең кемі екі ай молибденді  ойлауға шамаң келмейтін жаққа кет!» деп кеңес береді. «Іздегенге – сұраған», жас жұбайларға осындай мінәйі себеппен «бал айын» Бағанатыда өткізудің сәті түседі. Ел үшін бұлардың келгені мерекеге айналады, ай бойы қолдан қолға түсірмей қонақ етеді. Бір ай мереке біткенде орақтың мерзімі де келеді. Жас жұбайлар ауылдан алыс алқаптағы шалашқа көшіп барады, Ебіней үш апта шөп шабады, екеуі армансыз суға шомылады, балық аулайды. Бір күні... Ебіней су бетіндегі толқындарға қарап тұрса, толқынның молибден алатын химиялық формулаға айналып кеткенін көреді. Түсінде емес, өңінде көріп тұр!.. Енді Ебінейдің мазасы кетеді. Он күн өткенде жертөлесіне асыға жетеді ғой...
– Алла Тағала өзі осылай  ретін келтіріп тұрғанда үш жылда диссертацияны жазып үлгермегені қалай?
– Сұрағыңыз орынды. Ебіней шикізаттан металл алудың мүлдем жаңа жолын ұсынып, ол кафедрада алдын-ала талқылаудан өтсе де, оның бұл жөнінде ғылыми конференцияда жасаған баяндамасы қолдау тапса да, кейінгі күнді ойлаған жетекшісі оны пысықтай түсу үшін аса бір қажеттілік болмаса да, Мәскеудегі осы саладағы жетекші институт ғалымдарына көрсетіп келуге жібереді. Жұмыс ол жақтан да қолдау табады. Тек бұл бағыттағы отандық ғалымдардың көшбасшысы Г.И.Теплов сөз алғанда өзінің  еңбегіндегі кезінде асығыстықтан жіберген кішкене қателігін түзеткен жас ғалымға алғысын айта келіп, «бір реакцияңыз күмәнділеу көрінеді, соны қайта қараған артық болмайды» деген тілегін айтады. Оны Ебінейдің өзі де байқап жүреді екен, қайта қарау тура жарты жыл уақытты алады, есесіне кейін диссертация өте жылы қабылданады... 
1954 жылы кандидаттығын қорған Ебіней Бөкетов институтта сирек металдар жөнінен сабақ берді. 1958 жылы күзде институт директорының (ол кезде осылай аталатын) оқу ісі жөніндегі орынбасары болып бекітілді. Ол орынға оны директордың өзі, академик Өмірхан Байқоңыровтың өзі ұсынды. Сол жылы қазақ ғылымының Алматыда ғана емес, өлке-өңірлерде де және сан-салалы боп дамуын көздеген Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті Қаныш Сәтбаев КСРО Ғылым Академиясының вице-президенті И.П.Бардиннің көмегімен Қарағандыда Химия-металлургия ғылыми-зерттеу институтын (ХМИ) ашқан болатын. Екі жылдан соң ол институтқа директор етіп Ебекеңді жіберді. 
– Ұстазыңызға құлашын барынша сермейтін, қарымын барынша көрсететін сәт туған екен ғой! 
– Иә, сырт қарағанға солай болды да. Құлшына кіріскені де рас. Тіпті, Оралдағы Жоғарғы Пышма қаласына іссапармен барғанда танысқан, оралдықтар сыйғызбай қуып жіберген білікті ғылым кандидаты, өнертапқыш, әдебиеттің білгірі Н.А.Полукаровты жарты жыл бойы қоймай іздетіп, сонау Одессада жүкші болып жүрген, ішімдікке салынып кеткен жерінен тауып алып, өзіне алдыртады, қайтадан адам қатарына қосады. Ол келген соң эксперименттік домна пешінен вольфрам алына бастайды. Бірақ, Ебекең бір жылдан соң Сәтбаевқа жұмыстан өз еркімен босату туралы арызын жазады. Неге? Институт ашылар кезде Ресейден, Оралдан алдырған, ішінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылым докторы мен бір ғылым кандидаты бар бір топ ғалым ұйымдасып алып, нақты істің орнына қысыр сөзбен айналысып, жұмыс істетпей қояды. Олар институттың алғашқы директорын да солай қызметтен кетуге мәжбүр еткен екен. Институт қаптаған тексеруден, комиссиялардан көз аша алмай қалады. Бір жылдың ішінде анасынан айырылған, бала көтере алмайтындығының салдарынан Зүбайрамен тұзы жараспаған, екінші үйленген қосағы «мен бала бағып үйде отыру үшін оқыған жоқпын» деп екі баламен одан ажырасып жүргенде, ғылымдағы алаяқтардың әрекеті жығылған үстіне жұдырық болып, аяғы арыз жазуға әкеледі.  
Бөкетовті бір айдан соң Сәтбаев өзі шақырып, сөйлеседі. Ұялтады. Осал тұсына көзін ашады. Ақылын айтып, тұйықтан шығатын жолды нұсқайды. Нақты көмек көрсетеді. Ал, асыл жеңгелерін жанындай жақсы көретін інілері де аналарының Зүбайраға қайта қосылу жайлы ақтық өсиетін орындауға ағаларын көндіреді. Арадағы біраз жылда техника ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап үлгерген Зүбайрамен бірге отбасына бақ-береке, ырыс-ынтымақ қайта оралады. Алдымен Жартас бір жасар, артынша Есләмбек «Мәжит жалғыз өспесін» деп жеті айлық ұлдарын аға-жеңгенің бауырына салып, Ебекеңнің төрт құбыласы тең жанға айналып шыға келеді!..
– Туу, не деген «атасы бірге атқа мін, атасы бөлек аттан түс!» деп  бауырының қамын баласынан артық ойлайтын теңдессіз қазақы болмыстың бүгінгі заманғы көрінісі мынау! Неткен асыл азаматтар! 
– Иә, тұрмыстық қиындық артта қалғаннан кейінгі Ебекеңнің қарқыны бет қаратпаған. Шаршап-шалдығу дегенді білмейтін адам алдағы  он жылда институтқа арнап үлкен кешенді ғимарат салынғанша бел шешпеген және көне жатақхана ғимаратында отырып-ақ талай игі істің ұйытқысы бола білген, талай талант пен дарынның көзін ашып, өзінің ғылыми мектебін құрған.
Жалпы, металлургия – жан-жақты және терең білімді талап ететін күрделі ғылым. Соның бір саласы – түсті металдар кенінде өте аз мөлшерде кездесетін сирек металдар. Мысалы, 10 мың тонна полиметалл кенінде небәрі 3-5 келі селен немесе теллур болады. Ал, 10 тонна Жезқазған кенінен 5-10 грамм рений алуға болады. Бұрын олар керек болмаса, өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы ғылыми-техникалық революция жаңадан пайда болған электроника өнеркәсібінде оларға деген ерекше ділгірлік туғызды. Компьютерлерді, түрлі-түсті телевизорлар мен ұялы телефондарды оларсыз жасап шығару мүмкін емес.
Ебіней Бөкетовтің жасынан зерттеген, айналысқан ғылымы – нақ осы сала болатын. Ебекең өзі басқарған Қарағандыдағы Химия-металлургия институтында өзара бәсекелес екі топ жасақтап, ғалымдар әлгі қажетті элементтерді отпен күйдіру арқылы және ерітіндіде еріту әдісі арқылы алуды қатар зерттейді. Сегіз жыл бойы үздіксіз жүргізілген зерттеу нәтижесін ғалымдар Балқаштағы және Ресейдегі Орал зауыттарында өндіріске ендіреді. Егер Кеңес Одағында кен құрамынан селенді айыру  алпысыншы жылдарда 40 пайызға тең болса, Ебекең шәкірттері ол көрсеткішті 90 пайызға дейін көтереді. Әрине, ғылымның мұндай ең алдыңғы қатарлы саласымен Қарағандыдан  басқа да Ресейдегі, Украинадағы ғылым орталықтарында, дамыған шетелдердегі институттар мен лабораториялардағы ғалымдар да айналысқаны түсінікті нәрсе. Мәселе қарағандылық зерттеушілердің жаңалықтарының солардан озық, ұтымды болып шыққанында. Оларды қолдануға сол кезде АҚШ, Германия, Канада бастаған 14 ел патент алыпты. Е.Бөкетовтің бір өзі жаңалықтарға 70 (!) куәлік алған екен.1962 жылы әлемдегі ең таза селенді алғаны үшін КСРО Мемкомитетінің №158416 куәлігі Е.Бөкетов пен шәкірті В.Малышев екеуіне берілсе, Ебекеңнің 1966 жылы Мәскеуде селен мен теллур алу туралы докторлық диссертациясын ғылыми кеңестің 12 мүшесі бірауыздан қабылдайды.
Бұл екі ғалым ашқан молибденді «қайнаған қабат» пешінде күйдіру арқылы алу технологиясы әлемдегі ең озық технология деп танылып, шетел мемлекеттері оған патент сатып алады. Ал, ғылыми жаңалықтарын өндіріске ендіру жолындағы екеуінің бастан кешкен қиындығы мен Брежневке хат жазғанға дейінгі қызығы кинофильмнің дайын сценарийі десе болады. 
Ғылымда «халькогендер тобы» деген ұғым бар, ол мысқа еріп жүретін элементтер дегенді білдіреді. Оған Менделеев кестесінің селен, теллур, т.б.19 элементі кіреді. Олардың  серіктестері халькогенидтер деп аталады. ХМИ ғалымдары  Ебекең жетекшілік еткен 12 жылда осы элементтерді көп мөлшерде және тиімді бөлудің тамаша әдістерін ойлап тапқан. Олардың осы ерен еңбегі ескеріліп, 1978 жылы және 1982 жылы халькогендер мен халькогенидтерге арналған алғашқы Бүкілодақтық ғылыми екі кеңес Қарағандыда өтті және оның екеуіне де Е.Бөкетов төрағалық етті. Екінші кеңесте нағыз ғылыми сенсация орын алды: Социалистік Еңбек Ері, Бүкілодақтық физикалық химия институтының директоры, академик В.И.Спицин мен ол да Социалистік Еңбек Ері, МГУ-дың профессоры, академик А.В.Новоселова мышьякты атомдық салмағына сай Менделеев кестесінде отырған орнынан халькогендер қатарына қосуды ұсынады.
Бұл шын мәніне келгенде жиырма жыл бойы аса улы мышьякты (күшала) бөліп алу мен оны сақтау, іске жарату проблемасын шешудегі Бөкетов бастаған қарағандылық ғалымдар тобының еңбегінің ең жоғары мәртебеде бағалануы еді. Өйткені, ол кезде бұл одақтық қана емес, әлемдік проблемаға айналған болатын. Е.Бөкетов 1983 жылы қайтқаннан кейін үш рет өткен Бүкілодақтық халькогендік ғылыми кеңес үш ретте де, соңғысы 1997 жылы,  Қарағандыда өтеді. Бұл – Бөкетовтің шәкірттері ғылымдағы алдыңғы орнын ешкімге бермей отыр деген сөз. 

Арыздар бұл кісінің де адымын аштырмапты... 

– Медеу аға, қандай ірі ғалым болсын, алдымен өзінен бұрын оның соңында қалған мектебі мен шәкірттерінің жетістігі арқасында шынайы бағасын алмай ма?
– Әлбетте! Бұл тұрғыдан алғанда да Ебекеңнің тұлғасы ерекше дараланып тұр. Мысалы, Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын қызыл дипломмен бітірген Әбдуәлі Бәйешевке тиесілі аспирантурадағы орынды ректор бір дәудің еркетотай қызына беріп жібереді. Әбдуәлі жолдамамен Қызылжардағы сабын қайнату зауытына аттанады. Бір жылдан соң ол институттағы екі ұстазының кепілдеме хатыменен Ебекеңнің алдына келеді... Әбдуәлі өзі ғана емес, жұбайы Ажар Қоспанқызы да ХМИ-да жиырма жылдай жұмыс істеп, екеуі де ғылым докторы атанады. «Біздің көп идеямыз жүзеге асса, ол тікелей Ебекеңнің теңдессіз қайтпас қайсарлығы мен бұзып-жарар жігер-күшінің арқасы» дейтін ғалым ашқан бір жаңалығын ұстазының құрметіне «Бөкетов – Бәйешев әдісі» деп атаған. Ерлі-зайыпты ғалымдар  химия саласындағы ірі жаңалығы үшін 2003 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады. Яғни оларды қазақтың Пьер және Мария Кюриі деп атаса да болады.
Ал, менің студенттік досым Төкен Ғабдуллиннің еңбек жолы нағыз киноға сұранып тұрған дүние. Жұмыс бабымен Қарқаралыда жүрген Ебекеңнің машинасы жолда батпаққа тығылып қалады. Көмек берер жан бар ма деп төбеге шыққан ғалым шопанның үйін көреді. Шақырып келтіре алмас қонағына қуанып кеткен шопан бір марқаны жайратып салады, шоферді машинасымен ертіп келуге көмекшісін жүгіртеді. Олар келем дегенше түн де болады. Шопан ертеңіне қонағы кетерде бір өтінішін айтады, Төкен деген баласы мектепті күміс медальмен бітіріп, Алматыдағы Тау-кен институтында оқып келсе де, Қарағайлыдағы кеніште екі жылдан бері темір ұстасы болып жүр екен. Ебекең ерінбей бұрылып барса, рас, ақсақал алдамапты. Сол жерде бірден Төкенді Қарағандыға ертіп келеді, қара металлургия лабораториясына жұмысқа алады.
Бірақ, республикада бұл саланың проблемасымен айналысатын басқа ғылым ордасы жоқ, ал, Оралдан алдырған лауреат істі жүргізбек түгіл жұрттың бәріне кесірін тигізіп болған соң оны командасымен бірге еліне қайтарып жіберген. Ебекең бір күні Төкенді өзіне шақырып алып, «айналайын, 5 жыл зу етіп өтіп кетті, біздің елде саған жетекші болатын ғалым жоқ,  өз кадрларымызды өзіміз дайындамасақ болмайды» деп Грузияға жібереді. Сөйтіп, ол лаборатория ашып, республикадағы ферроқорытпа өндірісінің теориясы мен технологиясының, ғылыми мектептің негізін салушы ірі ғалымға айналады. Ферроқорытпа дегеніміз болаттың сапасын көтеруге ауадай қажет нәрсе. Ақсудағы, Ақтөбедегі ферроқорытпа зауыттарында өшпес ізі қалған ол 1994 жылы 59 жасында инфарктен қайтыс болады. 
Осы лабораторияда еңбегін бастаған 7 ғалым 2001 жылы ферроқорытпа саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығын алады. Олардың арасында Ебекеңнің ең сүйікті шәкірті, өзі 1972 жылы Қарағандыда ашылған университетке ректор болып кеткенде, институтқа жетекші етіп қалдырған Жантөре Әбішев (марқұм) те болады. Ал, оның алдында, 1984 жылғы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын Лисаковск кенін аса тиімді технологиямен пайдалануды ендіргені үшін Теміртау металлургия комбинатының басшылары алған болатын. Ал, сол технологияны ойлап табушы ғалым Жантөре Әбішев сыйлықтан құр алақан қалып, есесіне ҚР ҰҒА-ның сол кездегі президенті А.М.Қонаев лауреаттардың қатарынан табыла қалады...
Тағы бір жетістік, Ебекеңнің академик Ә.Жәрменов бастаған бір топ шәкірті Жезқазғанда кеннен сирек металл айырып алатын шағын кәсіпорын ашады және 3 келі осьмийді Чехияға 40 млн. долларға сатады. Нарық бағасын жөнді білмегендіктен үш есе арзанға сатқандарын кейін естиді, өйткені, АҚШ ғалымдары тазалығы 70 пайыз, одан арыға шамалары келмеген, осьмийді сонша бағаға сатқан екен. Ал, бұлардың өнімінің тазалығы 99,99 пайызға жеткен.
Ал, Ебекең басқа институттан шақырып алып, физика-математика ғылымының кандидаты З.Молдахметовке химиялық қосындылардың молекулалық деңгейін математикалық тұрғыдан зерттеші деген ұсынысы (ол үшін ғалымға өте қымбат аппарат сатып әпереді) химиктерге кілт ұсынған жаңалыққа алып келеді, физикалық химияға үлкен үлес қосады, ал, Молдахметовтің өзі сол жаңалығынан докторлық қорғап, Ебекең жазғандай «өзін Бөкетовтің шәкірті санайтын болды, физиктен химикке айналды». 
Ебекеңнің уақытынан озып туған ғалым екендігіне тағы бір мысал – ол кісінің көмірден бензин алу технологиясы. Рас, оны алғашқы болып жерінде мұнайы жоқ неміс ғалымдары екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ашқан болатын. Бірақ, ол мұнайдан бензин алғаннан үш есе қымбат әдіс еді. Ал, Кеңес Одағында ол жайлы алғаш рет биік мінберден, 1978 жылғы Қарағандыда өткен Бүкілодақтық кеңесте мәселе көтерген академик 
В.Спицин болатын. Оның сөзі тек Ебекеңнің жүрегіне ғана ұялап, Е.Бөкетов көмірден арзан бензин алу әдісін ашады. Бірақ, республикадан қолдау таппаған соң академик Спицин арқылы КСРО ҒА президенті А.Александровқа шыққан. 1984 жылы 24 қаңтарда Мәскеуде, КСРО  Ғылым Академиясында ғалымдардың әр жылды қорытындылайтын жалпы жиналысында осы жаңалық талқыланатын болады. Тек, тағдырына жазбаған екен, жәбірді көп көрген, күрестен әбден қажыған жүрек 1983 жылы 13 желтоқсанда соғуын тоқтатты. Академик Спицин қаралы хабарды естігенде «біз онсыз не істейміз енді?!..» деген сөзді қайталай беріпті... Шынында да, ғалым кеткен соң бұл мәселені көтеретін ондай дәрежедегі адам табылмаған.
Мен өзім қазақ ғылымына Қ.Сәтбаевтан кейінгі ең көп еңбек сіңірген осы Е.Бөкетов деп білемін. Геолог Қанекең металл қорының қай жерде және қанша мөлшерде екенін, оны қалай іздеп табуға болатын металлогения ғылымын түзіп беріп кетті.
– Қанекең сол Қазақстанның қазба байлығының атласын жасағаны үшін Лениндік сыйлық алды ғой. 
– Иә. Ал, 1969 жылы Балқаш металлургия комбинатында мыс кенін кешенді түрде өңдеу технологиясын енгізген жаңалығы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген металлург Ебекең кен тасы мен қалдықтардан сирек металдарды қалай  түгел айырып алуды іске асырған ғалым.
Ал, жеке өзінің жетекшілігімен 60-тан астам шәкірті ғылым кандидаты, оның ішінен 12-сі ғылым докторы диссертациясын қорғады. Оннан астамы ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болады.
– Енді Е.Бөкетовтің ректорлық қызметіне тоқталайықшы...
– Негізі, Ебекең о бастан ғылым үшін жаратылған адам. Оның жеті жыл ректорлық жұмысы халыққа пайдалы болғанымен, өзіне оншалықты тиімді болған жоқ. Неге десеңіз, ҚазақТМИ-да оның жастығын, адуындылығын пайдаланған Ө.Байқоңыров Ебінейді екі жыл бойы жаңа корпустар құрылысынан шығарған жоқ. Олар дайын болды, бірақ, қызыл лентаны қия алмаған күйі Қарағандыға кетті. «Менің мамандығым – құрылысшы» деп өзі ащы жымиятындай, он жыл арпалысып, ХМИ-ды не қажеттің бәрі бар жаңа ғимаратқа енді көшіргенде, бұрынғы пединститут негізінде құрылған жаңа университетке жіберді. Тағы да тыңнан ҚарМУград қалашығын салу деген міндет тұрды.
Оның үстіне қайнағасы Нұртас Оңдасынов секілді «ешкімнен пара алмаған – қолы, ешкімнің үстінен арыз жазбаған – ары, ешкімді ұлтқа, руға бөлмеген – жаны таза» адам, университетке де білімі барлар түсетін болсын деген тәртіпті қатаң ұстанады. Алғашқы жылы қабылданған 625 студенттің 20 пайызы бірінші сессиядан емтиханды тапсыра алмай қалады... Пединститутта жыл сайын жазғы қабылдау емтихандарына қатысып, оқуға бала түсіріп дәндеп қалғандарды жемханаға жолатпай қояды. Олар аянып қала ма, қалалық, облыстық партия комитеттеріне «домалақ арызды» қардай боратады. Университет партбюросының «қабылдау комиссиясының құрамын жыл сайын жаңалап тұру қажет» деген шешімі де «анонимщиктерге» тосқауыл бола алмайды... 
Әйтпесе, Ебекеңнің ұстаздар құрамын талғаммен жинаудағы, оған көбіне жас ғалымдарды тартудағы, ғылымның жаңа салаларын дамытудағы еңбегі ересен. Мысалы, университет ашылғанда 227 оқытушы, оның ішінде 59-ы ғана ғылым кандидаты, 2-еуі ғана профессор болса, жеті жылдан соң 700 оқытушы, оның үштен бірінен астамының ғылыми дәрежесі болды. Ректор физикалық химия кафедрасын ашты. Ал, сол кезде мұндай кафедра Одақ бойынша тек МГУ-де ғана болған. 
Ғылым кандидаты ғалымға аспирантура ашуға жол бермейтін тәртіпті бұзып-жарып рұқсат әперу – Одаққа аса беделді басшының ғана қолынан келетін іс. Кейін сол кафедрадан оннан астам адам ғылым кандидаттығы мен докторлықты қорғады, ал, оның жетекшісі Темірғали Көкетаевтың өзіне 2000 жылы Кембридж университеті «Ғасыр ғұламасы» атағын берді. 
Иә, «айдың тіке туғаны өзіне жайсыз, халыққа жайлы» дегендей, Ебекең университет жұмысын жолға қоюдағы ерен еңбегінің жемісін өзі көре алмады, әріптестері, шәкірттері, жалпы халық көрді...

Оның қызметтен кететіндігі шешіліп қойған болатын...
 
– Медеу аға, ұстазыңыздың көп ғалымнан ерекшелігі – ол кісі әдебиетке де зор еңбек сіңірді емес пе?! Енді Ебекеңнің осы қырынан сөз қозғасаңыз.
– Соғыстан кейінгі шақ – қазақ өнері мен әдебиеті, мәдениеті күрт дамыған шақ. Ол кездің студенттерінің театрларға, концерттерге, ақын-жазушылармен кездесулерге бармауы масқара іс саналатын. Ебекең де осы кезде қазақ әдебиетімен танысып, оған құлай бас қояды.  Ал, оның әдебиетпен айналысуы жас отауға аспиранттың 80 сом стипендиясы аздық етіп, Ебінейдің «Казгосиздат» баспасына редактор болуынан басталады. Осы жерде ыждаһатты жастың тілі ұшталады, білімі молаяды.
...1953 жылы 23 ақпанда Е.Бөкетовтің «Ленинская  смена» газетінде «Шалағай аударма және талғамсыз баспагерлер» деген ең алғашқы сыни мақаласы жарық көреді. Осы жылдың 29 наурызында «Казахстанская правда» газеті оның көлемді әрі В.Маяковскийдің қазақ тіліндегі поэзиялық шығармаларының аудармасын тас-талқан етіп сынаған «Маяковскийдің шығармаларының қазақ тіліндегі аудармасы туралы» деген екінші мақаласын жариялайды. Бұған басқа емес, Кеңес Одағының ең басты газеті «Правда» бір аптадан соң «Ұлы ақынның өлеңдеріне деген жеңілтек көзқарас» деген атпен жоғарыдағы мақалаға оң пікірлер топтамасын жариялайды, бұл әдеби қауымда үлкен резонанс туғызады. Қазақстан Жазушылар Одағы өзінің кезекті пленумында баяндама жасауға аспирант Е.Бөкетовті шақырады. Шілденің 14 және 19 жұлдызында «Казправдада» В.Маяковскийдің шығармашылығына және драматург Ш.Хұсайыновтың «Көктемгі жел» деген комедиясына арналған тағы екі мақаласы басылады. Осы төрт мақаламен-ақ жас жігіт әдеби ортадан ойып тұрып орын алады.
1954 жылы 4 сәуірде «Казправдада» оның Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романының бірінші кітабын сынаған «Ұлы достық бастауында» деген сыни мақаласы, пьесаларға пікір білдірген рецензиялары жарияланады. Бұдан кейінгі төрт жылда аудармамен айналысып, И.Василенконың «Артемка», француз классигі Эмиль Золяның «Әңгімелер мен мақалалар» деген жинағын, В.Маяковскийдің «Қандала» деген комедиясын, «Жақсы!» деген поэмасын, болгар жазушысы И.Вазовтың «Құлдықта» романын аударады. Мұның бәрін ол өзінің жүрек қалауымен істейді. 1956 жылы оны Қазақстан КП Орталық Комитетіне шақырып, одақтық әйгілі «Литературная газетаның» меншікті тілшісі болуға ұсыныс жасалғанда ол «мен – ғалыммын» деп ол қызметтен бас тартады. «Ал, әдебиет ше?»  деген сұраққа «ол менің хоббиім» деп жауап береді... Хобби болса да Сергей Есениннің «Анна Снегина» деген эпикалық поэмасын аударып, классикалық деңгейдегі дүниені өмірге әкеледі.
Поэманың алғашқы шумағынан-ақ оның аудармасы түпнұсқаға қарағанда сәтті екенін байқайсыз.
«Село, значит, наше – Радово,  
Дворов, почитай, два ста.                    
Тому, кто его оглядывал,                      
Приятственны наши места.                   
Радово атты селомыз,
Екі жүз түтін санасаң.
Сүйсіндірер даламыз,
Көз жіберіп қарасаң.
1971 жылы КСРО Жазушылар Одағына мүше болып қабылданғанда, Ебекеңнің аудармалардан басқа көркем туындысы жоқ еді. Ал, аудармашының мүшелікке қабылдануы өте сирек кездесетін жайт. Демек, Ебекеңнің сыни еңбектері ескерілген болса керек.
Ебекеңнің көзі тірісінде жарық көрген екі әдеби шығармасы 1972 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Атан түйе қомында туған адам» деген мақаласы және 1978 жылы «Простор» журналының 8-9-санында шыққан «Сәулелі тағдыр заманы» мемуарлық  шығармасы. Академик Ишанбай Қарақұлов басты кейіпкері етіп алынған алғашқы очерк бүкіл Одақ көлемінде халықтың қатты қызығушылығы мен ырзашылығын тудырса, өзі туралы шығармасы оған сор болып жабысты. Автор оның атын кейін «Досыма алты хат» деп өзгертті, түзеп, өңдеп, қайта жазып шықты, бірақ, ол сол бойы автордың көзі тірісінде қайтып басылмады, 1989 жылы ғана шықты, ал, қазақ тілінде «Алты хат» деген атпен тек 1996 жылы ғана басылды.
«Мен қалай ғалым болдым? Осы сұрақ менің ойыма жиі оралады...» деп басталатын повесін оқырман қауым өте жылы, тіпті ерекше шаттана қабылдаған болатын, бірақ, баспасөз бетіндегі тоқтаусыз мадақ пен тәнті болу сарыны түптің түбінде оған жақсылықтың орнына жамандық болып тиді. Мысалы, мәскеулік В.К.Покровский «Сіздің шығармаңызды А.Герцен мен И.Эренбургтың мемуары секілді эталондармен салыстыруға болады» деп жазса, «Простордың» бас редакторы В.Лариннің өзі 1978 жылы 3 қазандағы Алғыс хатында: «...Меніңше бұл әдебиеттегі соңғы жылдардағы үлкен оқиға. Оны айтасыз, повесіңіз мәні жөнінен де, мәнері жөнінен де, тіпті тақырыбы жөнінен де жаңашыл дүние – және тек қана қазақ әдебиетінде емес!» деп жазады.
Сөйтеді-дағы, 1979 жылғы мамыр айында: «Е.Бөкетов өзін орынсыз және тым көп мақтаған, ал, өзінің көптеген әріптесіне әділетсіз тиіскен. Мұндай шығарма деректерге және партиялық шынайылыққа қатаң сәйкес болуы тиіс» деген Ж.Тюленевтің пікірін басады. Сонда бұрынғы сөздің бәрі қайда қалды? Не болды, не көрінді?
Жұрттың бәрі не болғанын – жоғарғы жақтың қатты қаһарланғанын – мұның жәй ғана жел екенін, дауыл да көп күттірмейтінін айтпай-ақ түсінді. Дәл солай болды да. 19 мамырда, бұдан 25 жыл бұрын аспиранттың бірінші сыни мақаласын жариялаған, жарты миллион тиражы бар «Ленинская смена» газетінде мәскеулік тарихшы Ю.Рощин дегеннің «Хлестаковпен ...бірге» деген жаласы жарияланды. Тақырыптың төменгі жағында ірі әріппен «Ғылыми қызметкер Е.А.Бөкетовтің жазбалары» деп жазылған. 
Мақсаты айдан анық – қоғам алдында Одаққа белгілі ғалым, жазушы, ҚарМУ-дің ректорын масқаралау, оның беделін түсіру.  Мақалаға қарсы «бұл жала!» деп ешкім жауап жазбаса! Достар, жолдастар, әріптестер, партияластар, ағайын-туыстар, құда-жекжаттар, бәрі-бәрі бұғып қалса! Газет бетіне «жарияла!» деп  мақала жазу былай тұрсын, обком хатшысына біреуі кіріп «не істеп жатырсыңдар, қайтадан 37-ші жылды орнатпақшысыңдар ма?» демесе! Төрт жыл бұрын Ебекеңнің 50 жылдық юбилейінде құлаш-құлаш мақтау мақала жазған, мадақтау сөз сөйлеген, ең ақыры: «Друзья, пятидеситилетний юбилей, Пусть каждый встретит как Евней!» деп өлең жазғанның бірі үн қатуға жарамаса, бұл тұлғаның беделін түсіру болмағанда не?
Қоғамда да бұл жағдай бір күнде қалыптасқан жоқ, бірте-бірте қалыптасты. Әсіресе, «анонимщиктердің» бұл сұмырай іске қосқан «үлесі» сұмдық болды. Қазақ та өзінің жанына жат «моя хата с краю» деген қағидаға бірте-біре бой үйрете бастады, ақыры көбі сол ұстанымға көшіп болды. Әділеттің жеңілуі, қолында билігі бар немесе жоғарыда «блаты» барлардың үстемдік құруы қалыпты жағдайға айналды. Мұны көріп отырған биліктегілер ешнәрседен тартынбайтын болып алды...
Сол 1979 жылы жазда республикадағы барлық жоғары және арнайы орта оқу орындарының басшылары бас қосқан жиын болып өтті. Сонда сөз сөйлеген Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы С.Имашев «ректор Е.Бөкетов кейінгі кезде өз ісімен емес, өзін аспанға көтерген мемуар жазумен  айналысып кетті» деді. Мақала кімнің батасымен жазылғаны, Бөкетовтің қызметінен кететіні шешіліп қойғандығы көпшілікке түсінікті болды...
Осы кеңестен шыққан соң бір ескі досы Ебекеңді таудағы саяжайына апарып, қонақ етеді. Сол жерде ол Ебекеңе «Бәленің бәрі сенің 1972 жылы «Знамя» журналындағы очеркіңнен басталды. Сен онда республикадағы 72 ғалымды атап, ағайынды Қонаевтарды айтпай кеткенсің. Очеркің 1975 және 1977 жылдары кітап болып шыққанда да «қатеңді» жөндемегенсің. Соны Димекеңе әдемілеп жеткізген жауларың болған. Маған мұны «Үлкен үйде» істейтін лауазымды досым айтты, ол айтса білген соң, саған жаны ашып айтып отыр» дейді. 
Ебекеңе бұл сөзге бірден сене алмаса да, 1975 жылы ҚарМУ-дың құрылысы жоспарға сай жүрмей жатқан соң Д.Қонаевқа алдын-ала жазылып кіргені, кірер алдында достары «сөзіңді университетті ашып бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз, жақында халық оны сіздің атыңызбен атайтын болады де, Рашидов Брежневті Ташкентте 44 рет «данышпан» деп атаса, Қонаев Алматыда оны 54 рет «данышпан» деп атады, сен де одан тәтті сөзіңді аяма, сені тексеру үшін немесе әдеп сақтап «қой, ондай сөзіңді!» десе де қойма, жалғастыра бер, сөзіңнің ең соңында барып құрылысқа көмек сұра» дегені, ал, бұл болса ол сөздің бірін де айта алмай, құрылыстың жүрмей жатқанынан бастағанын, Қонаев болса: «Жұрттың бәрі мені «прорабқа» айналдырғысы келеді, ақша бөлінді, білекті сыбаныңыз-дағы, бөтен нәрселерге көңіл бөлмей, жұрт сізді ондайға да қабілетті деп жүр, тікелей өз міндетіңізбен айналысыңыз, жүрмей жатса жергілікті басшыларға барыңыз» дегені; ең болмаса кешірім сұрап ақталудың орнына «Орталық Қазақстанға Ғылым Академиясының филиалын  ашатын уақыт келді, егер Орталық Комитет қолдаса...» деген кезінде Қонаев карандашын тақылдатып: «Бөкетов жолдас, тікелей бастығыңыз Асқар Меңліахметұлына барыңыз; екіншіден, мен филиал ашудың қажеттігін көріп тұрған жоқпын, ал, сізге өзіңіз басқарғыңыз келетін филиал  қажет шығар? Оған республикада қаржы жоқ» деп жауап берген соң қоштасып, шығып кетуге мәжбүр болғаны сап етіп есіне түсе қалды...
Досы қоштасарда «екі кеңес айтайын» деді: Қонаевтар жайлы «Ғалымдар династиясы» деген үлкен мақала жаз. Оны жаза алмасаң, ең болмаса біреуін істе – Димекеңе кіріп, шын жүрегіңнен жылап, кешірім сұра! Мені ректор қойдыңыз, мен оны бағалай алмаппын, кешіріңіз. Енді мені не істесеңіз де ризамын, тағдырым өзіңіздің қолыңызда!» де. Ештеңең кетпейді. Есесіне кешірім аласың. Мен айтты дейсің! Бес жыл бойы бір адам шертпейді сені...»
Ебекең, әрине, мұның біреуін де істеген жоқ. Ал, күзде Орталық Комитеттен үлкен комиссия келді. Ол кеткен соң ғылыми кеңес болып, онда ректор да, партком хатшысы да тексеруде көрсетілген кемшіліктерді жөндеуге уәде берді. Ал, бір ай өткен соң, 18 желтоқсанда Орталық Комитет комиссияның қорытындысын қайта қараған қаулы қабылдағаны белгілі болды. Обком хатшыларының бірі ректорды шақырып алып, қаулымен таныстырды. Тоғыз пункттен тұратын қаулы ректордың сегіз жылдық жоқтан бар, бардан зор жасаған еңбегін жоққа шығарыпты. Ең ақыры 1979 жылы қаржының үштен бірі ғана игерілгеніне де ректор кінәлі екен.
Ебекең қаулыны оқып болған соң үн-түнсіз денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыстан босатуын сұрап, арыз жазады... Шәкірті Ж.Әбішев «ХМИ-дағы өз орныңызға қайта отырыңыз, сіз тұрғанда менің істегенім ұят болады» дегенде, «Жантөре, маған енді директорлық түгілі лабораторияны бермейді бұлар» дейді. Шынында да, аға ғылыми қызметкерлік қана орын береді.
Бірақ, ең ауыры алда еді – өмірінің соңғы бес жылында Ебекеңнің бірде-бір әдеби шығармасы мен ғылыми мақаласы жарық көрмейді! Бұрын жіберілген дүниелерінің бәрі өзіне қайтарылады. «Қаламымды қолымнан ешкім тартып ала алмайды ғой» деп ойлаған Ебекеңе бұл өте қатты тиеді – әйгілі Г.В.Плеханов айтқандағыдай: «Біз ойластырамыз, құпия полицияның дегені боладының» кері келеді. Қаныш Сәтбаев жайлы үлкен роман жазуды өз өмірінің жазушылық мақсаты етіп қойған ол 1975 жылы 21 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінің екі бетінде «Алғысөз орнына» деген мақала беріп, онда өзінің жоспарын оқырмандарымен бөліскен болатын. Туындыны өте жылы қабылдаған жұрт оған баспасөз бетінде ыстық ықыласын білдіріп, шығармаларыңызды асыға күтетін боламыз, тезірек жазыңыз деп тілек айтқан еді. Ебекең соның 200 беттік бірінші бөлімін «Қаныштың балалық шағы» деген атпен 1980 жылдың сәуір айында «Просторға» жібереді. Бірақ, ол басылмай, «шығарыпсалма» жауаппен өзіне қайтып келеді... Осының бәрі қабаттасып келіп жүрегінің туабітті ақауынан 1943 жылы әскерге де алынбаған, жетпісінші жылдардан бері оны үздіксіз емдетумен жүрген ғалымды 1980 жылдың күзінде инфаркпен құлатып тынады. Тіпті, 1981 жылы, сәл айыққан соң Ебекең Шоқан Уәлиханов жайлы керемет еңбегін – «Шоқанның қасиетті ісі» («Святое дело Чокана») – жібергенімен, ол да «Простор» бетінен жарық көрмейді. 1983 жылы желтоқсанда жүрек ақауы Ебекеңді 58 жасында өмірден әкетіп тынады...
Осы жерде оқырмандар тарапынан «бұл не деген қысастық, не үшін оның атын атауға дейін тыйым салынды?» деген сұрақ туары хақ. Бізде бұл сұраққа жауап жоқ. Іс жүзінде бұл партиялық элитаның алдында құлдық ұрмағаны үшін кек алу, шектен шыққан жазалау. Димекең қудалау жайлы білмеген шығар деген сұраққа келсек, Бәйкен Әшімовтің, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бұрынғы Төрағасы, «Ең қымбат нәрсе – халық сенімі» деген кітабының 158-бетінде мынадай сөздер бар: «...Мен Мәскеуге барып жүргенде Н.Оңдасыновпен жиі кездесетінмін. Бірде ол әңгіме үстінде Е.Бөкетовтің жазықсыз қудалануы жайлы сөз қозғады. Мен өз тарапымнан Димекеңе бірнеше рет айтқанымда ол кісінің менімен келіскендей болғанын, бірақ, айналасындағылардың жетегімен кеткендігін Нұрекеңе ашық мәлімдедім. «Сіздің Үкімет Төрағасы кезіңізде Димекең он жылдай орынбасарыңыз болды, сіздің тәрбиеңізді көрді, әділетсіздік екенін өзіңіз айтпадыңыз ба?» дегенімде: «Бірнеше рет айттым, бірақ қолдау таппадым» деп жауап берді»
Ал, Д.Қонаевтың «Менің заманым туралы» және «Сталиннен Горбачевқа дейін» деген мемуарларындағы: «...Мен Бөкетовпен тіпті жеке таныс болған емеспін және онымен ешқашан әңгімелескен жоқпын» деген сөзіне келсек, Қамзабай Бөкетов «Досым менің, ағам менің» деген естелігінде: «...Д.Қонаев Қарағандыға университетке келгенде 
Е.Бөкетовпен әңгімелескенінің куәгерлері әлі тірі. Университет музейінде Д.Қонаев пен Е.Бөкетовтің бірге түскен суреттері бар. Олардың біразы кезінде газеттерде де жарияланды. Фотографиялар өтірік айта алмайды, оларды не істейміз?» деп жазған...
– Бауыржан Момышұлы атамыздың «Әділет әрқашан жеңеді, бірақ, кешігіп жетеді» деген қанатты сөзі бар еді... 
– Бұл жолы да дәл солай болды. Қарағанды университетіне Ебекеңнің есімі берілді. Ебіней Бөкетов атында туған жерінде мектеп бар, Петропавловск қаласында облыстық кітапхана бар, орталық көше бар. Алматыдағы тұрған үйі мен Қарағандыдағы ХМИ корпусында мемориалдық тақта орнатылған. Қарағандыда алып ескерткіші қойылған. Ең бастысы, артында керемет кітаптары мен өшпес еңбегі қалды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген осы!..
– Уақыт бөліп, мәнді де мағыналы әңгімелер айтып бергеніңіз үшін рахмет!
Айтарыңыз да, жазарыңыз да таусылмасын!

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз