«Ең маңыздысы – қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі»

Расы керек, полицияға деген  теріс көзқарас қоғамда әлі де бар. Бірақ, басымызға іс түскенде бәріміздің де бірінші  жүгінетініміз осы полиция! Яғни полиция – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда олардың еңбегі зор. Қылмыс территория талғамайды, бұзақы ауылда да бар. Келес аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Болат ҚАНЫБЕКОВПЕН әңгімеміз аудандағы криминогендік ахуал төңірегінде өрбіді.

– Болат Бахадырұлы, аудандағы жағдайды саралау үшін әңгімемізді бірден статистика сандарынан бастасақ.
– Келес ауданы бойынша
12 ауылдық округте 83 елді мекен орналасқан, оларда 11 учаскелік полиция пункттерінде 39 учаскелік полиция инспекторы және 10 ювеналдық полиция тобының инспекторлары қызмет атқарады. Аудандағы халық саны – 145 211 адам. ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 24 желтоқсандағы №1598 қаулысына жүгінсек, Келес АПБ-ге әлі де 33 учаскелік полиция инспекторының штаты жетіспейді. Соған қарамай қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, болған қылмыстарды дер кезінде ашуға бағытталған жұмыстарды дер кезінде жүзеге асырып келеміз.
Биылғы тоғыз айдың статистикасын негізге алып мысал келтіре кетейін. Келес ауданы бойынша 9 айда 235 құқық бұзу фактісі тіркелді. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,3 пайызға артық. Былтыр 221 факті тіркелген еді.
Көрсетілген мерзімде ауыр және аса ауыр қылмыстар 34,8 пайызға (66-дан 89-ға) өсіп, бұл істердің 83,7%-ы ашылды. Аса ауыр қылмыс түрі 7-ден  2-ге төмендеп (екеуі де ашылды),  ауыр қылмыстар  керісінше 59-дан 87-ге өсті.
Бір қасақана кісі өлтіру фактісі орын алып, бұл оқиға бойынша қылмыс жасаушы анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Ауыр қылмысқа жататын алаяқтық қылмыстар 27-ден 24-ке, ауырлығы онша емес орта алаяқтық қылмыстар 19-дан  16-ға төмендесе, керісінше орта дәрежелі алаяқтық қылмыстар 1-ден  9-ға өскен.
Тонау қылмыстары 3-тен 4-ке өссе,  бұзақылық қылмысы 7-ден 6-ға төмендеген.
Онша ауыр емес орта қылмыстар 127-ден 116-ға, онша ауыр емес қылмыстар  58-ден 45-ке төмендеді.
Ұрлық саны былтырғы осы кезеңге қарағанда 37-ден 63-ке артып отыр.
33 пәтер ұрлығы (былтыр – 8), 38 мал ұрлығы (былтыр – 27) тіркелді. Яғни биыл мал ұрлығы көбейген.
– 38 мал ұрлығы – ішкі істер бөліміне тіркелген факті. Біздіңше, тіркелмегені одан көп сияқты.  
– Тіркелгені осы. Көп жағдайда мал иелері жоғалған малын өздері іздеп, уақыт өткізіп алады. Бұл полицияның қылмыстың ізін суытпай дер кезінде ашуына кері әсерін тигізеді. Қылмысты саралау нәтижесі көрсеткендей, малдың ұрлануына 80% жағдайда мал иелерінің өздері кінәлі. Қазір ауылдарда бақташы жоқ, тұрғындар малды жайылымға айдап жібере салады. Міне, осындайдан кейін мал ұрланады, ұрланбағаны біреудің егістігіне түседі.
Малды қараусыз қалдырмау, ұрлықтың алдын алу мақсатында барлық ауыл әкімшіліктерінде ауыл тұрғындарының қатысуымен кездесулер өткіздік. Малдарын қараусыз қалдырған азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК 408-бабымен 362 хаттама түзіліп, шаралар қабылданды. Алайда, көп мал иелерін табу қиындық туғызуда, сондықтан Келес ауданы әкімдігіне әр ауылдық округтен осындай малдарды қамайтын орындар ашу туралы ұсыныс жолдадық. Сонымен қатар «мал иесі – жергілікті атқарушы орган – бақташы» арасында бүгінге дейін 1175 үш тарапты келісімшарт жасалды. Бұл ауылдарда мал жаятын орынның нақтыланып, малды қараусыз қалдырмау, құжаттарсыз тасымалдау дейтін мәселелердің алдын алады деген сенім бар.  Осы келісімшартты бұзған 33 тұлғаға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен әкімшілік айыппұл салынды.
– Ауыл ақсақалдарының «Трамодол» дейтін дәріні есірткі ретінде тұтынатындар көбейіп бара жатқаны туралы дабылынан соң  көп ұзамай келестік полицейлер  есірткі сатушыны қолға түсірді. Ауылдарда  жағдай расында ақсақалдар айтқандай қауіпті ме? Жалпы, ауданда есірткімен күрес қалай жүріп жатыр?
– «Трамадол» бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын психотропты бұл препарат негізінен дәріханаларда рецепт бойынша ғана босатылуы тиіс. Алайда, қазір дәріханалардың бәрі жеке кәсіпкердің меншігі болған соң олардың қызметін бақылау оңай емес.
Келес АПБ-нің КПБ, УПИ қызметкерлері жыл басынан бері  қылмыстың осы түріне қатысты 21 деректі анықтады. Оның ішінде 4 жағдай – есірткі затын контрабанда жолымен тасымалдау, 9 дерек – есірткіні сату мақсатынсыз сақтау, 7 дерек – заңсыз егіп, өсіру, 1 дерек – сату немесе тасымалдау.
Келес ауданы бойынша осы препаратты пайдаланып жүрген 8 тұлға анықталды. Оларға қатысты рәсімделген тиісті құжаттар шара көру мақсатында ҚР  Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданды.
Есірткі пайдаланушыларды, сатушыларды анықтау, онымен күресу  полиция құрылымының ғана міндеті емес. Есірткі бизнесімен күресіп, оған төтеп беру үшін қоғамның кең қолдауы қажет. Бізде тұрғындар арасында кімнің есірткі сатып, кімнің тұтынатынын жақсы білетіндер бар, бірақ, ешкімге, оның ішінде полицияға айтпайды. Ертең біреудің осы «құпиясын» жасырып жүрген адамның өз перзенті, туыстары сол күйге түспесіне кім кепіл? Сондықтан өз жақындарын жамандықтан қорғағысы келген әрбір адам есірткі бизнесімен күресте белсенді болуы керек.  
– Болат Бахадырұлы, енді азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген Келес ауданы тәртіп сақшыларының жұмысына аз-кем тоқталып өтсеңіз.
– Біз үшін маңыздысы – қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі. Осы мақсатта тәулік бойы халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Келес аудандық полиция бөлімі құрамындағы әрбір  құрылымның қызметіне жеке-жеке тоқталып, атап өткенім жөн шығар.  
Криминалдық сала бойынша ауданда «Допинг», «Қару», «Қаңғыбас», «Арқан», «Көкнәр», «Айдап әкету», «Мал ұрлығы», «Іздеу», «Контрафакт» және «Стоп трафик» секілді бірқатар  жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, осы бағыттарда жұмыстар жүргізілді.
Тергеу бөлімшесі тарапынан биылғы 9 айда 287 іс қаралып,  64 қылмыстық іс айыптау актісімен өндірістен тоқтатылды, сотқа дейінгі жеңілдетілген өндіріс нысанында 4 іс асыра орындалды.
Ал, анықтау тобының қызметкерлері осы мерзім аралығында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген 143 істі (2021 жылы 147 іс) қарады. Жалпы, биыл өндірісте болған 182 істің 127-сі өндірістен тоқтатылды, ал, 2021 жылы өндірісте болған 170 істің 120-сы өндірістен тоқтатылған болатын.  Биылғы тоғыз айда  85 іс өндірістен тоқтатылды (2021 жылы – 77). Атап айтқанда, 61 қылмыстық іс (2021 жылы – 45) ақтайтын негізде, ал, 24 қылмыстық іс (2021 жылы – 32) ақтамайтын негіздермен тоқтатылған.
Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторларының басты міндеттерінің бірі – қылмыстың алдын алу, құқықбұзушылықтарға жол бермеу. Осы бағытта учаскелік полиция инспекторлары тарапынан аудан көлемінде «Құқықтық тәртіп», «Учаске», «Қару» және «Қауіпсіз қала» жедел-профилактикалық іс-шаралар негізінде жұмыстар атқарылып, сондай-ақ, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына қарсы түнгі топтар құрылып, жұмыстар атқарылған. Учаскелік полиция инспекторлары 5238 (2021 жылы – 4987) тұлғаға әкімшілік шара қолданды.  Осының нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 2,9 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар
15 пайызға төмендеді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық есепке 187 (2021 жылы – 174) тұлға алынып, отбасының шырқын бұзған тұлғаларға қатысты 108 «қорғау нұсқамасы» шығарылды. Ал, 22 тұлғаға мінез-құлқына «ерекше талап» белгіленген.
Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босатылған тұлғалар мен әкімшілік қадағалауда тұратын азаматтармен жүргізілген жұмыстарға қарамай, Қазығұрт ауданында ұсталған пәтер ұрылары кесірінен бұрын сотты болғандар жасаған қылмыстар 200 пайызға (17-ден 51-ге) өсіп отыр, ал, мас халде жасалған қылмыстар 27,3 пайызға (11-ден 14-ке) өскен.
Ювеналды полиция тобының қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып, рейдтік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Рейд барысында түнгі уақытта көшеде жүрген 203 жасөпірім анықталып, олардың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершіліктер қаралды және 23 жасөспірім  есепке алынды. 14 жайсыз отбасы анықталып, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар 28,6 пайызға (7-ден 5-ке) төмендеді.
Патрульдік полиция тобының инспекторлары 4925 құқықбұзушылықты анықтап, 22 қылмысты ашты. 48 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза болып, 67 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл жерде апат көбіне республикалық маңызы бар тас жолда орын алуда.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Жолда қабылдау», «Қауіпсіз жол», «Абайлаңыз, балалар!» акциялары өткізіліп, аптаның әр жұма, сенбі күндерінде апат жиі орын алатын орындарға рейд жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар, ҚР ҚПК-нің 200-бабына сәйкес, тас жолдардың сапасына, белгі орнатуға қатысты аудан әкіміне және ауыл әкімдеріне ұсыныстар жолданды.
– Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың кесірінен аудан аумағын кесіп өтетін Келес өзеніне, оның жағалауында орналасқан ауылдарға үлкен қауіп төніп тұр. Табиғатқа зиянын тигізушілерге не шара көріп жатырсыздар?
– Бұл мәселе бойынша ауданда проблема бар. Жыл басынан бері жер қойнауын заңсыз пайдаланудың   40 дерегі тіркеліп, ҚР ҚК-нің 334-бабының 1-бөлігі бойынша
1 дерек анықталып, қылмыстық іс қозғалған. 11 дерек бойынша әкімшілік шара көру үшін  облыстық экология департаментіне іс-құжаттар жолданды. Ал, 29 жағдайда тиісті шақырту бойынша оқиға расталмай, нарядтан тыс қалдырылды.  Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес нәтижесінде биыл жыл басынан бері 6 «Драглайн» маркалы техника және 1 «Хюндай» маркалы эксковатор техникасы, сонымен қатар, 12 КамАЗ жүк көлігі мен 4 тиегіш техника айыптұраққа қойылды.
Ал, жалпы әкімшілік практика саласы бойынша Келес АПБ қызметкерлері тарапынан 9984 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, хаттамалар түзілген. Оларға 74,5 млн. теңге айыппұл салынып, 46,3 млн. теңгесі өндірілді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз