«Мансап орталықтары» немен айналысады?

Таяуда Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «ҚР Әлеуметтік кодексі» жобасының негізгі бағыттарын таныстырғаны мәлім. Министр Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болатынын және оның басты мақсаты қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын көтеру мен нығайтудың базалық жағдайын қалыптастыру екенін атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау қарастырылмақ.

 АӘК-тің мәні өзгереді 

«Біріншіден, атаулы көмектің мәні өзгереді. Енді атаулы көмек отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Екінші өзгеріс қолданыстағы әлеуметтік келісімшарттың (контракт) жаңа мазмұнына қатысты, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті» деді Тамара Дүйсенова. 
 
Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы өседі
 
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал қосымша көмек көзі болмақ. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылатын болады. Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өседі және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылмақ. Тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталатын болады. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді» деді министр.

Еңбек ұтқырлығы орталығы 

Еңбек министрлігі «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. «Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта Халықты жұмыспен қамту орталықтары «Еңбек ұтқырлығы орталықтары» болып қайта құрылатыны жазылған. Сонымен қатар, органның қызмет құзыреті кеңейеді.
«Әлеуметтік кодекстің қабылдануына байланысты жұмыс нәтижесі бойынша мамандарды қосымша ынталандыру үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтары Еңбек ұтқырлығы орталығы болып қайта құрылады. Еңбек ұтқырлығы орталығы –жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қалалар және астананың жергілікті атқарушы органы болып табылады» делінген құжатта.
Бұйрықта көрсетілгендей, Еңбек ұтқырлығы орталығының аудан, облыс және республикалық маңызы бар қалалардағы функциясын атқаратын филиалдары «Мансап орталығы» болып аталады. «Мансап орталықтары» мынадай санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтиды:
– жұмыс іздеген адамдарды;
– жұмыссыздарды;
– жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары және олардың отбасы мүшелерінің жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі;
– қандастарға көмек көрсетеді.

Нарықты болжаудың ұлттық жүйесі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін құруды ұсынды. Бұл бастама ашық талқыға шығарылған ведомство басшысының бұйрығында көрсетілген. Бұйрық жобасына сәйкес, еңбек ресурстарының болжамын халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді. Ол үшін мамандандырылған статистикалық бағдарлама қолданылады. Бағдарлама көмегімен нарықтық жағдайларға талдау жүргізіліп, еңбек ресурстарының болжамы жасалады.
Құжатта көрсетілгендей, еңбек нарығындағы болжамдар мына мерзімдерге жасалады:
– қысқа мерзімді болжау кезеңі – 1 жыл;
– орта мерзімді болжау кезеңі – 6 жыл;
– ұзақ мерзімді болжау кезеңі – 2050 жылға дейін.
Талдау жұмыстарына еліміздің барлық өңірі енеді. Оның нәтижесінде нақты қалалар мен аймақтарда алдағы уақытта болуы мүмкін маман тапшылығы, бос жұмыс орындарының есебі дайындалмақ. Министрліктің мәліметінше, бұл ақпараттар «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпарат порталында жарияланады. Бұл өз кезегінде түлектерге болашақ мамандықты таңдау кезінде сұраныстағы салаларға басымдық беруіне жол ашады.

Жұмыссыз қалғандарға табысының 45%-ы төленеді

«Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр.  Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салық жүктемесі ендігі жылы 33%-дан 20%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар онлайн платформалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдер жүргізеді, – деді Тамара Дүйсенова. 
«Онымен қоса, жұмыскерлердің жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтерін төмендету көзделеді. Бұл ставкалардың ең төменгі және ең жоғарғы дәрежесі белгіленеді. Келесі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45%-ын төлеу қарастырылып отыр» деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.   

Материалды интернеттен алып әзірлеген

С.Мәтқалиұлы.                                        
Пікір қалдырыңыз