Чемпионат бел ортасынан ауды...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты бел ортасынан ауды. Осы аптада екінші тур ойындарының соңғы матчтары мен үшінші турдың ойындары өтті. Екінші турдың соңғы ойындары нәтижелілігімен есте қалды. Сонымен қатар Бельгия күтпеген жерден Мароккоға жол беріп қойды.


Осы ойынның алдында бельгиялық футболшы Кевин де Брюйне журналистерге сұхбат беріп, командасының чемпиондық таласта аутсайдер екенін айтқан-ды. Сонымен қатар команданың қартайғанын, ішкі атмосфераның дұрыс еместігін де жайып салыпты. Көпшілікті таң қалдырған осы сұхбаттан кейін аузымен құс тістеген Бельгияны ортаңқолдан да төмендеу Марокко жеңіп кетті. Кейіннен белгілі болғандай, расымен де Кевин де Брюйне мен Тибо Куртуаның, Азар мен Троссардың, Лукаку мен Батшуайидің арасынан ала мысық өтіп кеткенге ұқсайды. Осылайша Бельгия футболының үлкен бір дәуірі аяқталған сияқты. Канаданы жеңіп, Мароккодан жеңілген «қызыл сойқандар» үшін енді соңғы турда Хорватияны қалай да жеңу керек. Әйтпесе, заттарын жинап, қонақүйді босата берсе болады.

Ал, шахмат жейделі хорват футболшыларының көңіл-күйі тамаша. Алғашқы турда Марокконы ұта алмады демесеңіз, екінші ойында Канадаға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Бұл ойында есепті алғаш болып үйеңкі жапырақты елдің футболшылары ашқан. «Бавария» ойыншысы Альфонсо Дэвис ойынның небәрі 2-минутында (әзірге осы чемпионаттағы ең жылдам гол) Хорватия қақпасынан саңылау тапқан. Айтпақшы, бұл – Канаданың әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы голы. Алайда, Зладко Далич шәкірттері естерін тез есін жиды. Үзіліске дейін есепте алға шықса, екінші таймда тағы екі гол соғып, сенімді жеңіске жетті. Канада құрамасы енді 2026 жылы өз елдерінде өтетін мундиальге дайындала берсе болады.

«G» тобында драманың көкесі болды. Сербия мен Камерун арасындағы ойында еуропалық ұжымның жеңіске жететініне сенімділер көп еді. Матчта африкалықтар бірінші болып есеп ашқанымен, Тадич бастаған жігіттер 3 гол салып алға шыққан. Одан кейін Драган Стойкович жаза басты. Ойынды біттіге санап, ойы үшінші турдағы матчқа кетіп қалды-ау, мықты футболшыларын алаңнан алып тастады. Ал, ойынға тыңнан қосылған камерундық футболшы Абубакар айналасы 3 минуттың ішінде есепті теңестіріп тастады. Алдымен өзі мергендік танытса, кейін Шупо-Мотингтің көзге түсуіне жағдай жасап берді.

Бұл топтағы Бразилия мен Швейцария тартысты ойын көрсеткенімен, матчта 1 ғана гол соғылды. «Манчестер Юнайтедтің» жартылай қорғаушысы Каземиро ойын аяқталуға 7 минут қалғанда кездесу тағдырын шешіп кетті. Жалпы «селесао» екі турда қарсыластарына бірде-бір тура соққы жасатпаған екен. Ал, мундиаль басталмай тұрып «пентакампеондардың» ең қатты сыналған тұсы осы қорғаныс шебі болатын. Осы жеңістен кейін Тите шәкірттері плей-оффқа шығып қойды.

Әлемнің ең атақты футболшысы португалиялық Криштиану Роналду қазір жұмыссыз. Жұмыссыз дегеніміз Португалияның жұмыспен қамту орталығында тіркеліп тұр деген сөз емес. Футболшының осы мундиаль алдында берген сұхбаты «МЮ» басшыларына ұнамаса керек, арадағы келісімшартты бұзды. Роналду – әлем чемпионаттары тарихында клубсыз өнер көрсететін үшінші футболшы. Бұған дейін 1978 және 1986 жылдары Аргентина құрамасы сапында клубсыз болса да құрамаға алынған екі футболшы болған. Бір қызығы, бұл екеуі де сол мундиальді жеңіп алған екен. Криштиану бастаған команда да бас бәйгеден үміттілердің бірі. Олар бұл турда Уругвай құрамасын тізе бүктіріп, 2018 жылы 1/8 финалда кеткен есені қайтарды. Ал, Гана мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы кездесу осы турнирдегі ең тартысты бәсекелердің бірі ретінде айтылатыны сөзсіз. Африкалықтар бірінші таймда 2 гол салғанымен, екінші тайм бастала сала азиялықтар есепті теңестіріп тастады. Абырой болғанда Ганаға Мұхаммед Кудус көмекке келіп, жеңіс голын салды. Енді Гана Уругвай құрамасымен кездесіп, плей-офф жолдамасын сарапқа салады. Қазіргі Уругвай құрамасы Ганаға төтеп береді деп айту қиын. Осы мундиальде әлі гол салмаған үш құрама болса, соның бірі – Уругвай.

Олардың ізін ала «А» және «В» тобындағы командалар ақтық тур ойындарын өткізіп үлгерді. Нидерланды алаң қожайындарын емін-еркін (2:0) ұтты. Ал, Эквадор мен Сенегал арасындағы ойын екінші жолдамаға талас болған соң тартысты өтті. Алдымен Сарр пенальтиден гол салып, Сенегалды алға шығарған. Екінші таймда Эквадор бұрыштамадан гол салып кетті. Бірақ, 1:1 есебі ұзақ сақталған жоқ. Сенегал капитаны Калиду Кулибали командасын плей-оффқа алып шықты. 

Ал, «В» тобындағы ең тартысты кездесулердің біріне баланған Иран мен АҚШ ойыны бірсыдырғы өтті десек те болатындай. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында қос команданың бапкерлері мен капитандарына футбол жайлы бірде-бір сұрақ қойылмаған. Тек қана екі ел арасындағы саяси қарым-қатынасқа байланысты сұрақтар қойылыпты. Алайда, матч барысында саяси қақтығыстар ұмытылып, қос команда бейбіт ойын көрсетті. Ойын тағдырын Кристиан Пулишич салған жалғыз гол шешіп кетті.

Бұл топтан бірінші орынмен Англия құрамасы шықты. Олар соңғы турда «інілері» Уэльс құрамасының қақпасына жауапсыз үш гол салды. «МЮ» шабуылшысы Маркус Рэшфордтың осы ойында дубль жасағанын айта кету керек. Рэшфорд франциялық Мбаппе, нидерландтық Гакпо, эквадорлық Валенсиямен бір қатарда мергендер көшін бастап тұр.

Пікір қалдырыңыз