Алмақтың да салмағы бар немесе несиені кешіктірген жағдайда не істеу керек?

Елімізде несиесін уақтылы төлей алмай жүргендер аз емес. Иә,  өмір болған соң неше түрлі жағдайлар болады. Біреу жұмыстан шығып қалады, енді біреудің жалақысы қысқарады, денсаулығы сыр береді дегендей. Осы кезде адамның қаржылық жағдайы нашарлап, банктен алған несиесін төлеуге шамасы жетпейді. Осылайша ай сайынғы төлемін кешіктіріп, қарыз үстіне қарыз жамайды. Қарыз алушы мұндай жағдайда не істеу керек? 

Елімізде екінші деңгейлі 22 банк жұмыс істейді. Өз кезегінде несие алуға мұқтаж жандар осы банктердің табалдырығын тоздырады. Қазақстандықтар банктерден 6,6 трлн. теңге тұтынушылық несие алған. Бірінші тоқсанда бұл сан 6,3 трлн. болса, кейінгі үш айда қарыз көлемі 350 млрд. теңгеге немесе 5,6 пайызға артқан.  Қаржыгерлер қауымдастығының дерегіне сәйкес, қарыз алушы азаматтар несиені көбіне тұрмыстық техника, смартфон, саяхат жасау үшін туристік пакет және әуе билеттеріне алады екен. Сондай-ақ, тұрғын үй мен көлік жөндеу үшін заем алушылар да аз емес.

Қайда барған жөн?

Fingramota.kz  ақпаратына сүйенсек, егер қарыз алушы кредитін мерзімінде төлей алмаса, несиені кешіктіргеннен бастап 30 күн ішінде бірінші кезекте несие алған банкке немесе микроқаржы ұйымдарына өтінішпен жүгінуі қажет.  Өтініште кредитті неге уақытында төлей алмағанын түсіндіріп, келісімшартты өзгертуге қатысты ұсыныстарын беруі қажет. Бұл жерде 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қарыз алған жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі енгізілгенін есте ұстаған жөн.  
Қарыз алушы кредит берушіге өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беріп, кірістердің төмендеуі немесе болмауы өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға мүмкіндік бермеу фактісін құжатпен растауға тиіс. Сұратқан құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болып табылатынын да ұмытпау керек. 
Қарыз алушы барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушының ағымдағы қаржы және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепіл тұрғын үйдің жалғыз баспанасы екені, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындауы сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау ресімін бастайды. 
Банк өтінішті тіркеп, 15 күн ішінде қарап, жазбаша түрде жауап беруге тиіс. Кредиттік ұйым сіздің ұсыныстарыңызбен келісуі де, келіспеуі де мүмкін немесе олар өз жолдарын ұсынады.


Егер өзара қолайлы нұсқа табылмаса, қарыз алушы не істеуі керек?

Қарыз алушыға қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредит берушімен келісімге қол жеткізу мүмкін болмаса немесе кредит беруші мерзімі өткен берешекті реттеу ресімін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредит берушінің шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бірақ, өз өтінішімен бірге кредит ұйымына жүгінгенінің және онымен өзара қолайлы шешімге келмегенінің дәлелін қоса беруі керек. 
Қарыз алушының өтініші негізінде агенттік банкке немесе микроқаржы ұйымына  қатысты құжаттық тексеру жүргізуге бастамашылық жасайды. 

Қарыз алушы кредиттік ұйымға жүгінбесе қандай жағдайға тап болуы мүмкін?

Бұл жағдайда кредитор уақытында несиені төлемеген қарыз алушыға қатысты шаралар қолдануға құқығы бар. 
 Олар жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариустың депозит жағдайындағы енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу шотына қаражат ала алады. Сондай-ақ, берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу үшін коллекторлық агенттікке беру немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға бере алады. 
Сонымен қатар, кредиторлар  мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешекті реттеу бойынша барлық шараларды қабылдауын ескеретін болады.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы сәуірде агенттік және ҚР Жоғарғы сотының арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум сотқа дейін, соттан тыс реттеумен байланысты дауларды шешуге бағытталған. Осылайша, соттар кредиттік ұйымдардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу жөніндегі бірыңғай тәртібін сақтауына барынша көңіл аударады. Аталған тәртіп орындалмаған жағдайда, соттар істерді қараусыз қайтарады. 
Мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына  жататын ипотекалық қарыз алушылар нені білулері қажет?
Уәкілетті орган ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушыдан түскен жолданымды қарайтын уақытта кепілдегі мүлікті сот тәртібімен, сондай-ақ соттан тыс өндіріп алуға жол берілмейді.
Ипотекалық қарыз шарттарынан туындайтын наразылықтарды реттеу үшін қарыз алушылар банктер туралы заңға сәйкес банк омбудсменіне жүгіне алады. 

Банктер мен микроқаржы ұйымдары не істеуі керек?

Заңнамалық талаптарға сәйкес кредитор қарыз алушыға төлем мерзімін кешіктіру туралы  алғашқы сәттен бастап 20 күн ішінде хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға туындаған кешіктірудің нақты мөлшерін көрсете отырып, төлем жасау қажеттілігін, қарыз алушы жеке тұлғаның кредиторға жүгіну құқығы туралы және кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамаудың салдары туралы ескертеді.
Сондықтан, егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда бірінші кезекте оған қызмет көрсетілетін банкке немесе микроқаржы ұйымдарына өтінішпен жүгіну қажет. Қандай жағдайда да кредит берушіден қашудың, жасырынудың қажеті жоқ. Орын алған жағдайда дұрыс шешім қабылдау қарыз алушының ғана емес, кредиттік ұйымның да мүддесі үшін қажет.  Сондықтан реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылатын болады. 
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу тетігі енгізілген сәттен бастап бір жыл бойы тұрақты банктер мен микроқаржы ұйымдарының осы тәртіпті қолдануының мониторингін жүргізуде. Кредиттік ұйымдар қарыз алушының өтінішін кезең-кезеңмен қарау процесін қоса алғанда, қарыздар бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібін қолдануды регламенттейтін ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары өз клиенттері үшін ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және бар болса мобильді қосымшаларда ақпарат орналастырады, сондай-ақ call-орталықтар арқылы азаматтарға кеңес бере алады.
Агенттіктің мәліметінше, жасалған кредиттік шарттардың талаптарын өзгерту үшін банктер мен микроқаржы ұйымдарына осы жылдың басынан бері 273,8 мыңнан астам қарыз алушы жүгінген. Оның ішінде азаматтардың шамамен 70 пайызына (199,2 мыңнан астам қарыз алушы) қатысты қарыздар мен микрокредиттерді қайта құрылымдау бойынша жұмыстар жүргізілген.
Шындығында, көптеген отбасының шырайын кетірген несиенің жыры ешқашан бітпейтіні рас. Қаншама себеп-салдарын анықтағанымызбен, қарыз түбінде бәрібір қайтарылады. Сондықтан қарызға белшеден батпаудың қамын жасап, несие төлей алмасаңыз бірден банкке барып, екі жаққа да тиімді жолды табыңыз.  

Пікір қалдырыңыз