ӨМІР ЖОЛЫМ – ӨНЕГЕ немесе Өзбекстандағы қазақтар

Бір қарағанда, ерекше, тыныш ауылда өсу қызық сияқты. Бірақ шөл далада табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің өзіндік қиындықтары бар. Бұл деректі әсіресе өткен ғасырда Қызылқұм өңірінде өмір сүрген халықтың тағдырынан терең түсінуге болады.

Мен Мыңбұлақ ауылында дүниеге келіп, екі жасымда әкем Мұрат Тоғанасов (1899-1944) бұл дүниеден өтіпті. Бүкіл ауырпашылық бала тәрбиесі анам Ажар Бақтыбаеваның (1903-1991)мойнында қалады. Анамыз екі әпкем мен менің тәлім-тәрбиеме ден қойып, бар өмірін балаларының кемелдігін көруге арнады.

Мектепті бітіріп, педагогика саласына қызыққаннан кейін Ташкент мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1963 жылы университетті өте жақсы бағаға бітірдім. Мыңбұлақ ауылындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істей бастадым. Одан кейін Мыңбұлақ совхозында біраз жұмыс істедім.

Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдар өмірінде түбегейлі өзгерістер басталды. 1991 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша 2009 жылға дейін Мыңбұлақ ауыл азаматтар жиынының төрағасы қызметін атқардым. Сондай-ақ 1976-2009 жылдары, яғни 33 жыл қатарынан Үшқұдық аудандық Кеңесінің депутаты болып сайландым.

Жас өткен сайын әрбір адам өткен өмірін қорытындылайды. Өзім де өткенге қарасам, талай игі істерге қолдаушы болғаным рас. Мәселен, 1981 жылы екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған елді мекен мүшелерінің есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында шағын «Ескерткіш алаңы» ашылды. 1984 жылы ауыл зиратының айналасы демеушілер есебінен қоршаумен қоршалды. 1991 жылы Солтүстік кен басқармасы демеушілігімен жаңа ғимарат салынып, ауыл тұрғындарының жиынына пайдалануға берілді.

2001 жылы 25 қыркүйекте Мыңбұлақ ААЖ конференциясы ұйымдастырылып, оған барлық ауылдардан делегаттар, аудан белсенділері, Солтүстік кен басқармасы, Зарафшан құрылыс басқармасы, Зарафшан орталық кен басқармасы және Үшқұдық ауданының әкімі қатысты. Өңір тұрғындары үшін аса маңызды болып табылатын жұмыспен қамту, көші-қон, жастарды жоғары оқу орындарына оқыту мәселелері талқыланды.

Соңында әр ауылдағы медициналық мекемеге, сондай-ақ Томди, Конимех аудандарындағы жұмыс істеп тұрған АВП-ға 1 «УАЗ» үлгідегі жедел жәрдем көлігі бөлінді. Мыңбұлақ ауылы электр желілері мен қосалқы станциясы, мектептің жылу қазандығы күрделі жөндеуден өтті.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Астана қаласында өткен халықаралық бітімге Өзбекстан делегациясының құрамында қатыстым. Мәртебелі халықаралық конференцияда сөз сөйлегенімде Өзбекстанда тұратын қазақ халқының ана тілінде білім алып, ұлттық құндылықтарын берік ұстанып, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік мол екендігін айттым. Сол сәттер менің жүрегімде мәңгілік қалды. Өйткені, әлемнің әр елінен келген қонақтар Өзбекстанда тұратын қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы қызығып сұрады. Олар менің сөздеріме және оларға берген жауабыма таңғалып тыңдады.

Кез келген ата-ана өз балаларының бақытты болып есейгенін көргісі келеді. Жұбайым Паля Омарова екеуміз 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Бірі мұғалім, бірі құрылысшы, бірі мал дәрігері болып, халық шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүр.

Тағы бір айта кететін жайт, жұбайым Паля Омарова еңбекқор, жанқияр жан еді. Ол  ұлттық қолөнер бұйымдарын шеберлікпен тігіп, өз білгендерін келіндерге, қыз-келіншектерге, көрші-қолаңға еш ойланбастан үйреткен. Оның ұлттылығымызды сақтап, көркейтуге қосқан үлесі орасан деп айта аламын.

Шындықты айтып, мүмкіндігінше басқаларға көмекті аямау – менің өмірдегі жалғыз ұраным. Осы қасиетіме сүйене отырып, халық арасында азды-көпті беделге ие болдым. Қызметтерімді ескеріп, 2004 жылы «Шухрат» медалімен, 2008 жылы «Елге құрмет» ордендерімен марапатталдым.

Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың іс жүзінде жүзеге асуы мен тиімділігін ең шалғай ауылдардың өзінде-ақ байқауға болады. Әрине, мектеп, аурухана, балабақша сынды әлеуметтік инфрақұрылым нысандарынан бастап, қарапайым халықтың өмір сүру деңгейінің көтеріліп жатқаны адамды қуантады.

Расында, ата-бабамыз аңсаған, талпынған мұндай мүмкіндіктерді бағалап, ел дамуына аз да болса үлес қосу – үлкен мәртебе. Маған осындай үлкен бақыт сыйлағаны үшін Жаратушыға мың алғыс айтамын.

 

Мұстафа Мұратов,

«Шухрат» медалі, «Эл-юрт ҳурмати» ордені иегері.

Пікір қалдырыңыз