«Бауырлас екі ел арасында түйткілді мәселе болмауы керек»

Екіжақты келіссөздер мен Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан және Қырғызстан президенттері бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президентінің бұл жолғы сапарының екі ел үшін мән-маңызы зор екеніне назар аударып, тарихи келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
– Бұл – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрлі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасып, нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткізген.
– Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйткілді мәселе болмауы керек деген ортақ байламға келдік. Сонымен бірге сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән бердік. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Келіссөздер барысында бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге мүдделі екенімізді растадық. Жалпы, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір арттыруға мүмкіндік бар. Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Қазақстан Қырғызстанға қазірдің өзінде 195 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Қырғыз елінің де Қазақ­станға шығаратын өнімдері аз емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалану, әсіресе, үкіметаралық кеңес пен аймақаралық форумның жұмысын жандандыру, шекарада салынып жатқан сауда-логистикалық индустриялық кешенді тез арада іске қосу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін айтты.
Бұдан бөлек, келіссөздер барысында агроөнеркәсіп секторындағы мүмкіндіктер талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары мемлекетаралық кеңес барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарға да баса мән берілгенін атап өтіп, осы күндері Астанада өтіп жатқан мәдени шаралар ортақ рухани құндылықтарымызды одан әрі байыта түсетініне сенім білдірді.
Президенттің пікірінше, екі елдің мәдени-гуманитарлық, туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастығы табысты жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы, Ош қаласында Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бөлімшесі жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, Қазақстан Үкіметі қырғыз студенттері үшін 50 грант бөліп отыр. Мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту үшін жыл сайын екі ел зиялыларының форумы өтеді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі елдің халықаралық түйткілді мәселелерге қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтіп, келіссөз барысында Орталық Азиядағы ықпалдастықты тереңдетуге назар аударылғанын жеткізді.
Өз кезегінде Садыр Жапаров Астанаға ресми сапармен келуге шақырып, қырғыз делегациясына көрсетіліп жатқан меймандостық сый-құрметі үшін алғыс айтты. Қырғыз Президенті бүгінгі кездесу екі мемлекет арасындағы одақтастық және стратегиялық серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге шығаруға әрі оның мазмұнын байытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Пікір қалдырыңыз