Ғылым кез келген дағдарысты еңсере алады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті Кеңес мүшелері!
Алдымен баршаңызды Ғылым күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер арқылы Қазақстан ғалымдарына жылы лебізімді жеткізгім келеді.
Шын мәнінде, бүгінгі мерекелік күн – қоғамымыздағы ерекше сәт, себебі бұл күн ғұлама ғалым, заңғар тұлға Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Дәл бүгін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды.
Біз ұлы Абайды қазақ руханиятының темірқазығы, Ахмет Байтұрсынұлын Ұлт ұстазы дейміз. Ал, Қаныш Сәтбаевты қазіргі қазақ ғылымының атасы деуге болады. Өздеріңіз білесіздер, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – халқымыздың біртуар перзенті. Еліміз әлі күнге дейін оның ғылыми жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Әйгілі ғалымның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту маңызды.
Менің тапсырмаммен көптеген іс-шара өткізіледі. Біз, бір жағынан, ұлы ғалымға шынайы құрмет көрсетеміз. Екінші жағынан, білім-ғылым культін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасаймыз. Ең бастысы, еліміз Сәтбаев салған сара жолды жалғастыруы қажет. 
Біз «ғылым» туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ұлы ғалым Қаныш Сәтбаевтың есімі ойға оралады. Бұл – заңдылық.
Мемлекеттік мәртебесін қайта иеленген Ұлттық ғылым академиясы еліміз ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми қауымдастығы мақтан тұтатын Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл кездейсоқтық емес.
 
Құрметті ғалымдар және жиынға қатысушылар!
Ең алдымен, мен еліміздегі қазіргі ахуалға қысқаша тоқталып өткім келеді. Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы, ахуал өте күрделі. Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз.
Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті.
1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал, 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан. Яғни аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы – суға қатысты апаттар. Әрине, бұл – бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы. Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр.
Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен ин­фрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек.
Ал, су тасқынына оралсақ, ал­ды­мызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ, біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұ­мыс. Түптеп келгенде, Қазақ­­станды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі.
Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті.
Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылды. Былтыр ғылымға үш жылдың ішінде 625 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет алдағы уақытта да бұл қаражаттың көлемін көбейте береді.
Қазір ғалымдардың жалақысы екі есе көбейді. Озық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруға қомақты қаржы бөлініп жатыр. Докторантурада оқуға арналған білім гранттарының саны артты. Ғалымдарға әлемнің озық ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін зор мүмкіндік беріліп отыр. Жас зерттеушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Соның нәтижесінде ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келеді. Аймақтарда шетелдің жетекші университеттерінің филиалдары ашылды. Бірақ, бұл шаралармен шектеліп қалуға болмайды.
Еліміз тұрақты дамуы үшін өзгерістерге тез бейімделіп, тың мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану өте маңызды. Бұл – стратегиялық міндет. Осы орайда мемлекет ғалымдарға, сарапшыларға, ел экономикасына жаңашылдық әкелетін мамандарға зор үміт артады. Оларға айрықша миссия жүктеледі. Сол үшін де ғылыми әлеуетімізді нығайта береміз. Барлық салаға инновациялық тәсілдер енгізу үшін қолайлы жағдай жасаймыз. Сондықтан бірқатар өзекті мәселені назарға алуымыз керек.
Бірінші. Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды. Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты. Ашығын айтсақ, төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар. Бұл – жылдар бойы шешімін таппаған мәселелер. Ең алдымен – білікті мамандардың тапшылығы. Тиісті ғылыми қорытынды сапалы жасалмайды. Сондықтан жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек.
Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Оқу орнын материалдық-техникалық тұрғыдан толық жабдықтау керек. Сейсмология институтының жағдайы да мәз емес. Үкіметке осы институттың ғылыми әлеуетін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар дайындауды тапсырдым.
Сондай-ақ, сейсмологияны және сейсмикалық режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалы ұсыныстар әзірленуге тиіс. Менің тапсырмаммен Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеу жүргізіледі. Әкімдік үш жылдық зерттеу жұмыстарына қаржы бөледі.
Энергетикалық апатты, эпидемияны, қуаңшылықты болжау және оның алдын алу мәселесі аса маңызды. Жауапты министрліктер тиісті саланы, ал, әкімдіктер аймақтарды дамыту бағдарламаларын қайта қарауы керек. Әсіресе, төтенше жағдай туындау қаупі бар-жоғын мұқият зерттеу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми қауымдастықты жұмылдырған жөн. Яғни гидрология, климатология, география, инженерия және өзге де сала мамандарын тарту қажет.
Тағы да қайталап айтқым келеді, мемлекеттік органдар барлық істе, ең алдымен, сапалы ғылыми қорытындыға сүйенуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Шешімдер әбден пысықталып, нақты негізделіп барып, қабылдануға тиіс. Талдау жүргізіп, ахуалды болжау үшін ғалымдардың қолында, зерттеу орталықтарында қажетті құрал-жабдықтар болуға тиіс.
Жаңа айтқанымдай, соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Кейбір болжамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жылда әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі.
ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляциологиялық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді.
Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді. Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі, оның мерзімі биыл аяқталады.
БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Саммитке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін.
Екінші. Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс.
Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ.
Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор.
Кеңестің бірінші отырысында мен Үкіметке ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды тапсырған едім. Ғылыми жобаларда академиялық сұраныстар ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктері де ескерілуі керек. Ол үшін үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, зерттеудің нақты басымдықтарын айқындау қажет.
Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырудың мәні зор. Мысалы, ғалымдардың зерттеулерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы шығындарды азайту, ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу, сондай-ақ климаттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, жолдарды жөндеу және салу үшін пайдалануға болады.
«Қарапайым заттар туралы ғылым» белсенді дамуға тиіс. Ол үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықтың тиімді тетіктерін жолға қою қажет. Әкімдіктер жанынан осы бағыттағы міндеттерді шешуге ықпал ететін ғылыми кеңестер құрған жөн. Ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске кеңінен енгізу процесіне еліміздің барлық өңіріндегі ірі кәсіпорындар тартылуға тиіс.
Мен ғалымдарымыздың өнімді қайта өңдеу деңгейін арттыруға қосқан нақты үлесін көрсететін бірқатар жобамен таныстым. Мұндай сәтті тәжірибені кеңінен тарату керек. Бұл іске барлық ірі өндіріс компанияларының қатысуы маңызды.
Үкімет ғылым саласындағы шығындарға салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру арқылы бизнесті ынталандыруды жалғастырғаны жөн.
Отандық ғылымның алдында Қазақстан экономикасын декарбонизациялауға байланысты маңызды міндет тұр.
Дамыған елдердің көбі жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды белсенді іске асыруда. Сондай-ақ, олар көміртексіз дамуға көшіп, жаңа экономикалық кластерлер құру үшін қажетті технологиялық әлеуетке ие. Бұл саладағы жаһандық үрдістер көшінен қалмау үшін бізге өз ерекшеліктеріміз ескерілген төл ғылыми әзірлемелер қажет. Осы ретте жеріміздің қазба байлығы бұрынғыша еліміздің экономикалық өсімінің негізі болып қала беретінін естен шығармаған жөн. Сондықтан табиғи ресурстарды, соның ішінде көмірсутегілер мен сирек кездесетін металдарды өндіру саласына озық технологияларды енгізу керек. Сирек кездесетін металдарды іс жүзінде екінші мұнай деуге болады. Біз бұл әлеуетті өте тиімді пайдалануымыз керек. Көріп отырғандарыңыздай, сирек кездесетін металдардың төңірегінде геосаяси күрес жүріп жатыр. Бұл жерде мемлекеттің де, ғылымның да рөлі өте маңызды.
Іздеу-барлау жұмыстарының нәтижелі болуына мән беріп, жаңа кен орындарын ашу қажет. Ол үшін геология ғылымын сапалы дамыту маңызды.
Жалпы, бүкіл отандық ғылымның әлеуеті бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалануға және ғылымды қажет ететін жаңа секторларды кеңінен игеруге бағытталуға тиіс.
Үшінші. Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет.
Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды.
Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал, 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.
Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады.
Елімізде жасанды интеллект қауіпсіздік жүйесі, медицина, банк қызметі, логистика, білім беру салаларына ойдағыдай енгізіліп жатыр. Осы технологияны меңгерген мықты компаниялар да пайда болды. Соған қарамастан, жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек.
Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет.
Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек. Қазір Үкімет жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын және Цифрлық кодексті әзірлеп жатыр.
Бұл құжаттар аталған саладағы зерттеу жұмыстарына және әзірлемелерді іс жүзінде қолдануға жағдай жасауы керек. Сондай-ақ, бизнес пен жоғары оқу орындары үшін технологиялық инфрақұрылымдар мен мәліметтер базасын қолжетімді етуге тиіс.
Жасанды интеллектіні адамзат игілігіне қызмет ету үшін дамыту маңызды. Сондықтан этикалық стандарттарды белгілеу, мәліметтерді қорғау және аталған саладағы киберқауіптің алдын алу ісіне ерекше мән берген жөн.
Жасанды интеллектіні реттеу мәселесі бүгінде ұлттық және жаһандық деңгейде жиі талқыланады. Мысалы, жақында ЕуроОдақта (Artificial Intelligence Act) тиісті заң қабылданды.
Цифрлық дәуір жаңа активтің, яғни деректердің пайда болуына ықпал етті. Олар жасанды интеллект пен машиналық үйренудің негізгі шикізаты саналады. Сондықтан мемлекеттік органдар мен оларға бағынышты ұйымдардың деректер қорын интеграциялаумен белсенді айналысу керек.
Күрделі ғылыми міндеттерді шешу және қолданбалы жобаларды жүзеге асыру үшін жақын арада елімізде жасалып, іске қосылатын суперкомпьютерлердің мүмкіндігін барынша жұмылдыру қажет.  
Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай- ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.
Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар.
Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс. Жалпы, Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс.
Төртінші. Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет.
Соңғы жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ, тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады.
Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын.
Жалпы, университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір балынан да аспайды.
Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.
Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ, өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал, кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.
Жалпы, университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.
Бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек.
Жалпы, еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті.
Осы орайда, менің тапсырмаммен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады. Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет.
Медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов өзі ойлап тауып, бүгін таныстырған бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалымның Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Министрлік бұл мәселені зерделеуі қажет.
Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады.
Ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырған едім. Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұндай орталықтар көптеген елде табысты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор. 
Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі, олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет.
Жалпы, Үкімет бүкіл ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен институттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн. 
Бесінші. Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті. Сондай-ақ, экономиканың маңызды салалары бойынша кәсіби мамандар даярлау жұмысын күшейту керек. Ғылыми жаңалықтың бәрі ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз.
Кез келген жетістік, ең әуелі, адамға, яғни адам капиталына тікелей байланысты. Сондықтан жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі сапасы маңызды.
Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек. Қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет.
Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Яғни оған ғылыми институттарда және ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандарды қосуға болады.
Сондай-ақ, ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағлымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет.
Еліміздің оқу орындарында білім алып жүрген азаматтардың арасында да докторанттардың үлесі төмен. Мен былтыр докторантураға жыл сайын 5 мың адамға дейін қабылдау туралы тапсырма бердім. Ол үшін тың тәсілдер керек. PhD-ді ғылыми әлеуеті зор және терең зерттеу жүргізе алатын білім ордалары даярлауға тиіс. Үкімет магистратура және докторантура бағдарламасына арналған гранттың құнын арттыру қажет.
Білікті мамандарды іріктеу, даярлау және олардың ғылым саласында қалуына жағдай жасау – өте маңызды мәселе. Грант санын арттырып, оның құнын көтерген кезде осы мәселеге баса мән беру керек.
Алдыңғы жылы бір жарым мыңнан астам докторанттың небәрі 38 пайызы диссертация қорғаған. Олардың жартысына жуығы ғана ғылым саласында қалды. Ғылым докторларын дайындауға орасан зор қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл көрсеткіш әлі де төмен. Бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, ахуалды түзеу үшін қажетті шара қабылдауды тапсырамын.
Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.
Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы, «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді.
Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе. Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын.
Бұған қоса өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет. Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіптің басым салаларындағы сұранысқа негізделуі керек.
Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму тенденциясы зерттелуде.
Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын-ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру.
Бүгінгі жиында шетелдік ғылыми орталықтарда табысты жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару маңызды деген пікір айтылды. Бұл ұсынысты қолдаймын және отандастарымызды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырамын.
Мемлекет өз тарапынан мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетеді. Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. 
Әйтсе де, Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек. Өте білімді адамдар, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай іздеп немесе жай ғана жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударады.
Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Мұны әлемдік тәжірибе анық көрсетіп отыр.
Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек.
Жалпы, мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт екеніне сенімдімін.
 
Құрметті жиынға қатысушылар!
Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе, дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды. Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым.
Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын.
Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін.
Жалпы, білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет. Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес.
Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар Отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады.
Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал, ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін.
Ашығын айтсақ, елімізде көп жыл бойы қордаланған мәселе әлі де аз емес, түрлі саладағы түйткілдер шешілмеді. Соның салдарын енді көріп жатырмыз. Қалай десек те, алдымызда бір ғана жол бар. Біз барлық мәселені міндетті түрде шешуіміз қажет. Бұл – заманның да, халықтың да талабы. Жүйелі жұмыс істесек, барлығы орнына келеді деп ойлаймын.
Дәл қазір жасалған іс-әрекеттің игілігін ертең кейінгі ұрпақ көреді. Сондықтан бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып адал еңбек етуіміз керек. Халқымыз бұдан да күрделі кезеңдерді еңсерген. Бәрін берекелі бірліктің арқасында жеңе білген.
Қазіргі жауапты сәтте де мызғымас ынтымағымыз айқын көрініп отыр. Осы ауызбіршілігімізден айырмасын, барлығын да еңсереміз. Қазақ «Жамандық көрмей, жақсылық болмас» дейді. Елдің бірлігі де, мамандардың кәсіби деңгейі де осындай сын сағатта шыңдалады.
Қазір мыңдаған мемлекеттік қызметші құтқарушылармен, волонтерлермен бірге күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Олар апаттың алдын алу, адамдарды құтқару және тасқынның салдарын жою үшін еңбек етіп жүр. Әр азаматтың шынайы отаншылдығы нақты іс жүзінде байқалып жатыр. 
Халыққа қызмет ету – парыз. Ал, қиын-қыстау сәтте туған ел үшін адал қызмет ету – қасиетті борыш. Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары еліміз көптеген сын-қатерді бастан өткеріп жатыр. Мемлекеттік аппарат қиындықтармен күресіп, мол тәжірибе жинақтады. Шыңдала түсті.    
Қазіргі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік сабағы тоқсаныншы жылдардағы тәжірибеден артық болмаса, кем емес. Мен су тасқынымен күресіп жатқан мемлекеттік қызметшілерге, құтқарушыларға және еріктілерге алғысымды айтамын. Сондай-ақ, күрделі жағдайда мызғымас бірлікте болып, өзара жанашырлық көрсеткен, сабыр мен төзімділік танытқан барша халқымызға зор ризашылығымды білдіремін.
Біз бұл қиындықты міндетті түрде еңсереміз. Мемлекет тарапынан барлық шаруа тиянақты жасалады. Әр қиындықтың қайыры бар. Апаттың салдарын жою – жұмыстың бір кезеңі ғана. Ең бастысы, апат болған аймақтарда жаңару және жаңғыру жұмыстары басталады. Бұл – өте маңызды шаруа. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс тұр. 
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Пікір қалдырыңыз