Бразилияға алтыншы алтын бұйыра ма?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Осыған дейін 5 рет әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы Катардағы турнирге басты фаворит ретінде келіп отыр. Әлемде пентакампеон атағына бірінші болып жеткен құраманың әлем чемпионы атанбағанына да 20 жыл болыпты. 2002 жылғы «алтын құрамнан» кейін бұл елдің құрамасын мундиаль шыңына шығаратын бапкер де, футболшы да табылмай келеді. Мақтаулы Неймардың өзі 2 әлем чемпионатына қатысса да, ұлттық құраманы тұғыр төріне шығара алған жоқ.

Бразилия соңғы рет әлем чемпионы атанған кезде мундиаль Азия құрлығында өткен. Оңтүстік Корея мен Жапония жерінде өткен турнирде Бразилия тарихындағы ең «жұлдызды» құрам атой салған-ды. Алайда, 2006 жылы Германияда бұл футболшылардың жолы болмады. Содан кейін-ақ селесаоның алға басқан қадамы кері кете берді. Аңыз ойыншылары бірінен соң бірі спорттық мансабын аяқтады. Ал, олардың ізін басатын футболшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізе алмады. Буын алмасу процесі ұзақ жүрді. Тіпті, өз елдерінде өткен 2014 жылғы әлем чемпионатына мықты құрам дайындап үлгермеді. Бір ғана Неймарға үміт артқан құрама жартылай финалда немістерден оңбай (7:1) ұтылды. 

Биыл Катарға келген Бразилия құрамасының мундиальді жеңуге тәжірибесі де, жеке шеберліктері де жетеді. Тек командалық ойынның жарқын үлгісін көрсете ала ма деген сұрақ көпшілікті мазалап тұр. Команда құрамына үңілсеңіз, еуропалық үздік клубтардың маңдайалды футболшыларын кезіктіресіз. Неймар, Винисиус, Жезус, Алиссон, Милитао, Ришарлисон, Маркиньос, Тиаго Силва, Эдерсон, Родриго, Пакета, Фред, Каземиро, Антони, Мартинелли, Фабиньо секілді кілең сақа ойыншылар бар. Фирмино, Эмерсон Роял, Ренан Лоди, Коутиньо секілді мықтылардың құрамадан тыс қалғанынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. 

Атының өзінен ат үркетін осындай ойыншылары бар Бразилия құрамасын қалайша фаворит ретінде қарастырмаймыз? Бразилия халқының өзі көзін жұмып тұрып-ақ жеңіс талап ететін ойыншылар ғой. 

«G» тобында селесаодан бөлек Швейцария құрамасы бар. Еуропада ортаңқол ұжым саналғанымен, бұл елдің құрамасы мундиальде бірқатар фавориттердің көңіл-күйін түсіруі мүмкін. Швейцария қақпасының кілті – Ян Зоммерде. Шабуылшылар былтырғы Еуропа чемпионатында Зоммердің сейвтерін көрген. Қорғаныста Мануэль Аканджи, Фабиан Шер бастаған тасқамал жігіттер бар. Швейцария ойынын ортадан Гранит Джака, Денис Закария, Ремо Фройлер мен Джибрил Соу үйлестіреді. Ал, доп жеткізіп берсең гол соғуға Эмболо, Шакири мен Сеферович қашан да әзір. Швейцария құрамасының бұл чемпионатқа қалай келгенін италиялық жанкүйерлер әлі біразға дейін ұмытпайды. Іріктеу кезеңінде дәл сол әлемнің төрт дүркін чемпионын жолда қалдырып, тікелей берілетін жалғыз жолдамаға осы Мурат Якиннің командасы ие болған-ды. Ал, қосымша кездесулерде қандай жағдай орын алғанын айтпай-ақ қоялық, Италия құрамасының жанкүйерлері оқып отырса, қалталарын қарманып, жүректің дәрісін іздей бастар... 

Швейцарияның бұл чемпионатқа Еуро-2020 турнирінің жеңімпазын жолға тастап, жолдама алғанын білесіздер. Ал, Еуро-2016 турнирінің жеңімпазы да дәл осы топтағы бір құрамадан кәдімгідей қауіптенеді. Португалия құрамасының әлем чемпионатына іріктеу ойындарында өз тобында 2-орын алып қалғаны белгілі. Оның тобынан тікелей жолдамаға Сербия құрамасы ие болған. Қызық болғанда Португалия мен Сербия плей-офф кезеңіне шығып жатса, бір-бірімен ойнау мүмкіндігі өте жоғары. 

Алайда, мұнымен швейцариялық футболшылар келіспейтіні анық. Бірақ, олар келіспейді екен деп сербиялық футболшылар да допты аспанға теппейді ғой. Сербия жалғыз Душан Тадичке үміт артпайды. Ол Душаннан бөлек Душан Влахович есімді жас жұлдыз бар. Ол аз десеңіз, Александр Митрович, Сергей Милинкович-Савич, Неманья Максимович, Неманья Гудель сынды есімдерін әлем танып қалған футболшылар Сербия намысын жыртады. 

Бұл квартеттегі аустайдердің бірі ретінде кейбір жанкүйерлер Камерун құрамасын айтып жүр. Алайда, әрбір әлем чемпионатында африкалық құрамалар күтпеген нәтижелер көрсетіп жатады. Африкалық құрамалардың ойыншылары өздерінің бағын ашатын әлем чемпионаты секілді турнирде жай ойнап кеткісі келмейтіні анық. Сондықтан да Камерун құрамасының сапынан жаңа есімдер табылып жатса, біз ескертті дейсіздер ғой. Егер бұл құрамада әлі күнге Роже Милла мен Самуэль Это О ойнап жүрген болса, Сербия мен Швейцарияға плей-офф жолдамасы туралы ұмытуға тура келер еді. Алайда, қазір олар жоқ. Есесіне есімдерін ешкім біле қоймаса да «біздің бабымызды бәйгеде көр!» дейтін жабу астында жүрген жүйріктер аз болмаса керек. Ал, ондай жүйріктер бәйге жолына шыққанда ешкімнің абырой-атағына қарамайды!

Пікір қалдырыңыз