Сегіз қырлы, бір сырлы азамат немесе дос туралы бір үзік сыр

Киелі Қазығұрт пен қаражамбас Қаржан таудың төс түйістірген тұсында орналасқан Алтынтөбе елі – ата дәстүрін сақтап, ана тілін ұстап қалған, жүрегіне жылу мен мейірім ұялаған киелі халқы бар өнерлі өлке. Табиғаты қандай бай болса, бітімі бөлек, болмысы терең, ізгілікті перзенттерге де соншалықты бай. Сондай азаматтың бірі – Аманбаев Ақылбай Молдағұлұлы.

Жалпы достықтың бірнеше түрі бар. Сыйлас, дәмдес достар кім-кімде де аз емес. Ал, жай достық пен нағыз, шын, жанашыр достықтың арасы жер мен көктей. Ендігі сыр сондай нағыз дос жайлы болмақ.

Ақылбаймен сыныптас әрі құрдас болғаныммен қоян-қолтық араласқаным 1983 жылы «Алтынтөбе» сегіз- жылдық мектебіне мұғалім болып орналасқан кезден басталды. Өз мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті болса да, мектептегі география мен денешынықтыру пәнінің мұғалімі Алшынбай Мәуленов ағамыз қайтыс болып, сол кісінің сағат жүктемелері бойынша әскерден келген соң мектепке орналасқан болатынмын. Бұл жүктемелер бойынша бұрын-соңды жұмыс істемегендіктен неден, қалай бастауды білмей біраз ойланып жүрдім. Атам қазақтың «бұраудың да сұрауы бар» дегендей, қолымдағы бұрауды қалай бұраудың қажеттілігін білмей жүргенде ақылын айтып, мені жұмысқа құлшындырған Ақылбай болды. 

Тығырықтан шығу үшін Ақылбаймен жолығып, екеуміз ұзақ сұқбаттастық, ол ақылын айтып, кеңес берді. Сөзінің соңында Ақылбай бетіме күлімсіреп қарап отырды да: «Адамдардың бiрi игiлiктi билiктен, екiншiлерi ғылымнан, бiлiмге құмарлықтан, үшiншiлерi рахаттан iздейдi. Десек те, адамға бiрiншi бiлiм емес, тәрбие берiлуi тиіс, тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өмiрiне опат әкеледi. Сол үшін біз мақсатқа жету үшін тәрбиеден бастауымыз керек. Яғни игілікті биліктен, білім-ғылым мен рахаттан іздейтіндердің бәріне бос сөзді тәрбие емес, практикалық тәрбие беруіміз керек. Өйткені, қу мекиен шөл далада қурап қалған жантақ сияқты, салмағы жоқ бос сөздерден де қуат кетеді. Олай болса, бос сөзді тәрбиеден аулақ болып, шындықтың құнды сөзін ұстанайық. Сенде білім бар, ілім бар, ғылым бар, яғни теория бар, бірақ, өзіңе жүктелген жүктемелер бойынша тәжірибе жоқ. Ал, мен осы саланың маманымын, сондықтан менде ақыл-кеңес сұрап келген адамға қолұшын беріп, білгенім мен тәжірибемді бөлісетін ниет пен ықылас бар, теорияны іске асыратын үлкен күш бар, бастаған істі мақсатқа жеткізетін тәртіп бар. Шын ниетпен ақыл-кеңес сұраған екенсің, демек, екеуміз бірігіп, жұмыла білсек, іргелі іске де, мақсатты ойымызға да жетеміз» деп денеме қуат, бойыма күш, көңіліме шабыт берді. 

Ақиқатында да солай болды. Сол жылдары тығырыққа тірелген сәттерде Ақылбайдың кеңесін алып денешынықтыру пәні мен туризм саласы бойынша біраз жетістіктерге жеттік. Ақылбайдың қамқорлығы арқасында мектебімізде біршама спорттық жабдықтар пайда болды. Мектепаралық спорт сайыстарын жиі ұйымдастырып, бір-екі жылдың ішінде «Алтынтөбе» сегізжылдық мектебі мектептер арасында жүлделі орындардан көріне бастады. Бұл жетістікке жетуде Ақылбайдың еңбегі үлкен болды, ол ең бастысы, ықылас пен ниет танытты, мені қолдады, қуаттады, тығырықтан шығудың жолын көрсетті. Нәтижесінде біздің сегізжылдық мектебіміз ауылдық мектептер арасында ғана емес, аудандық, тіпті, облыстық іс-шараларға да қатысып, ауыл жұртшылығының ризашылығына бөленді. Демек, Ақылбай тек нағыз маман ғана емес, тереңнен ойлайтын ойшыл азамат, жанашыр дос болды. 

Жалпы, Ақылбай өзі еңбек етіп жүрген салада «Болашағыңды білгің келсе, бүгініңе қара, кешегіңді сарала» дегенді ұстанған азамат. Бойында кішілігі де, кісілігі де бар жан. Кішілігі – бойында үлкен-кіші деп алалаушылық қасиет жоқ, барлық адамға бірдей қарайтын, өзгенің жағдайын қамдай жүретін бойындағы жақсы қасиеттерінің молдығы. Кісілігі – өзі жайлы айтылған сын мен әділетсіз сөздерге көңіл бөлмейді, кешіріммен қарайды. Кешірім жасау – кеңдік. Жөнсіз сөзге жығыла бермеу де кісіліктің бір белгісі. Кісілікті көзбен көріп, қолмен өлшеуге болмайды, ол адамның терең ойымен, адал арымен, жайсаң жанымен, қастерлі қасиетімен бағаланып, байқалады. Ол – ақыл-ой мен парасаттың көрінісі. Сондықтан қазақ: «Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі» дейді. Осы аталы сөзді ұстанған Ақылбай «үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығымен өмір сүретін азамат. Мен онымен араласа бастаған сәтте оның бойындағы осы қасиетін аңғарғандай болдым. Ол даналықты үлкеннен, өзіне дейінгі көзі ашық, көкірегі ояу зиялы да, зерделі ұрпақтан алып, кейінгі ұрпаққа тәлім етіп отырады. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қазақи дәстүр сабақтастығын жалғап, үнемі өз ортасында «кімге не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген ұстанымды ұстанып отыратын.

Демек, Ақылбай – жігер күші де, өмірге құштарлығы да мықты, алдына қойған мақсатына адал еңбегі мен адами қасиетінің арқасында жете білетін шын дос. Ерік-жігері күшті, рухани өмірінің мазмұны бай, ұстанған идеясына сенімі мол Ақылбай сол жылдары қандай ауыр жағдайда болса да өзін көтеріңкі, сергек ұстайтын. Сөз қадірін өз қадірім деп ұғып, қатты сөзге бармайтын және тілінен шыққан сөзіне ісімен жауап беретін. «Әділет тілесе, атаң болсын айыбын айт» дегенді де ұстанатын, яғни әділетті болатын. Төрелігін қай жерде болса да дөп басып айтып, кей-кейде әзілмен, кейде ащы болса да шымбайына тиетін сыншыл сөздерімен шымшылап отыратын.

Сондықтан Ақылбайды көпшілік тек білікті маман ретінде ғана емес, тума талантты танып, адам бойындағы табиғи қасиетін аша білетін тәлімгер ұстаз ретінде де таниды. Ұстаз шәкіртімен, шәкіртіне артқан сенімімен қадірлі. Оның бастауы – тәлім мен тәрбие ісінде жатыр. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген аталы сөздің аясында ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр және ұстаздың қай салада болса да, өз кәсібін, барлық шәкіртін, мамандығын шексіз сүйетін адам екендігі айтылған. Ақылбай да осы сүйіспеншілігінің арқасында үнемі шәкірттерін алға жетелейтін, бағыт-бағдар беретін, шабыттандыратын. Мақсат қоюға, сол мақсатқа жетуіне сенім ұялататын, іске батыл әрі сеніммен қарап кірісуіне септігін тигізетін. Яғни шәкірт алдында өмірлік тәжірибесі мол, нағыз еңбекқор, ізденімпаз, ұшқыр ойлылық қасиеті үнемі сезіліп отырады. 

Жақсы ұстаз шәкіртінің мәңгілік мақтанышына айналады. Алтынсарин: «Ұстаз – білім беруші ғана емес, тәлім-тәрбие беріп, бағыт-бағдар көрсетуші, адами қасиеттерді бойына жинаған талантты тәлімгер» деген. Осы жағынан қарағанда, тазалықты білетін, сүйетін Ақылбай да талай талантқа ұстаз болған, бұлақ көзін ашуды сауапты іс деп білген ұстаз. Спорт саласында ел ішінде көрінбей жүрген таланттарды бағалап, бағалағанын тағалап отырған. Спортта өзгеге кеткені болса егелеп, нақты деректермен шегелеп отыратын, тәртіпке бойұсынатын, тәртіпті темірқазық ететін, тәрбиелі ортадан шығып елдің ұлы болған тағдыры тәлім аларлық азамат. 

Ақылбай – өз кәсібінің білгір маманы. Бұл қасиетке еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы арқасында жеткен. Еңбексүйгіш, еңбекқор адам өмірде құрметке бөленген. Яғни ерекше ізденушілік пен табандылық қасиеттермен ғана белгілі бір табыстарға қол жеткізуге болады. Осы жағынан қарағанда, Ақылбай кез келген істің алдымен ақиқатына көз жеткізіп алады, одан соң барып дұрыс әрекет жасаудың әртүрлі жолдарын ұсынады және өз таңдауыңды жасауға мүмкіндік береді. Бұл Ақылбайдың үлгі аларлық жақсы қасиетінің бірі. Аты аңыз бен ұлттың мақтанышына айналған батыр Бауыржан: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, тәртіпті – елдің ұлы» десе, ақиық ақын Олжас: «Адам тағдырын тәрбие шешеді» деген. Ал, қазақ: «Тәртіп – тәрбие бастауы» дейді. Бәрі де рас, бәрі де шындық. Сондықтан Ақылбайдың ұстанымында тәрбие кешіктірілсе кешірілмейтін, дұрыс бағыт алмаса, қалпына келмейтін нәзік, кәделі де сауатты, игілікті де ізгілікті іс. Өйткені, адам ұрпағымен ұлы, еңбегімен ерен, келешегімен кемел болатынын Ақылбайға бала жастан ата-анасы бойына сіңдірген. 

Өмір соқпағы тек түзу даңғыл жолдардан тұрмайды, кедір-бұдыры да кездеседі. Ақ жолақ пен қара жолақтары кезектесіп адам өмірі де бір қуанумен, бір қайғырумен өтіп жататыны белгілі. Осынау қиыны мен қызығы аралас өмір жолында бізді достастырған өмірге деген көзқарасымыздың ұқсастығы, әділетсіздік атаулыға төзбейтін, соған қарсы күреске құлшынып тұратын табиғи мінезіміздің сәйкестігі еді. Өтінішім мен тілегімді бұлжытпай орындайтын. Мектептегі түрлі іс-шаралар бізді жақындастыра түсті. Сондықтан болар, Ақылбайды қай жағынан болса да өзіме ұстаз тұттым. Шын дос, жанашыр дос, нағыз дос қиыншылықтарда сыналады емес пе? Міне, осы жағынан қарағанда, достықтың сол қасиеттері Ақылбайдың бойынан табылып отырды.

 Жас келген сайын уақыт шіркін өз дегеніне көндіріп, өткен өміріңді көз алдыңа келтірмей қоймайды. Өткен жылдар ішінде кімнен үйрендің, кіммен дос болдың, кімді үлгі тұттың – бәрі-бәрі еріксіз ойға оралады және оны анда-санда болса да сыртқа шығарудың бір себебі табылады. Естелік жазғысы келетін, артына сәл де болса із қалдырғысы келетін адамға ондай себептер де жеткілікті, тек адамның құлқы, талпынысы болса болғаны. 

Қазіргі кезде Кеңес дәуірін жамандайтындар, сол кездің кейбір көлеңкелі тұстарын іздеп, шұқылап көрсететіндер баршылық. Ақылбай екеуміздің саналы ғұмырымыздың көп бөлігі Кеңес заманында өтті. Сол заманда тудық, өстік, оқыдық, санамызға тоқыдық, адами болмысымыз қалыптасты. Ол заманға біздің еш өкпеміз жоқ. Өйткені оқуымызды аяқтап, әскерден келген бойда жұмысымыз дайын тұрды. Білмегенімізді білгендерден үйрендік. Қолдан келмеске қолынан келетіндер көмектесті. Ақылға зәру кезде ақылдылар ақылын айтты, бірақ, ақы сұрамады. Адал еңбегіміздің арқасында тұрмыс жағдайымыз жақсы болды. Бұдан артық не керек адамға?! Сондықтан сол заманды қаралап, суын ішкен құдығымызға түкіргеніміз дұрыс болар ма екен, бұл біздің тарихымыз ғой. Тарихқа дұрыс көзбен қарау керек. Осы естелікті жаза отырып сол тарихтың бір көрінісі, сол тарихтың бір кейіпкері Ақылбай жайлы, оның кеңестік дәуірде алған тәлімі жайлы ғана шолу жасадым. Ең бастысы, Ақылбай екеуміз жүріп өткен өмір жолымызды барынша шыншыл сипаттауға тырыстым. 

Жаза берсе сөз де, Ақылбай жайындағы естелік те көп. Дегенмен, оның өмір жолы шағын ғана естелік тұрмақ, бірнеше том кітап болуға жарайды. Ақылбай туралы бұл естелік-пікірімді жазғандағы ойым – осыны оқыған балаларымыз, немере-шөберелеріміз атасының өмірінен үлгі алсын дегенім. Бұрынғылардан қалған «Адам ағын су емес. Ағын су артына қарай алмайды» деген сөз бар. Өткенге үңіліп, тарихқа айналған сол бір оралмас шақтарға ойша саяхат жасау жұмыр басты пенденің бәріне тән қасиет. Бүгін мен нағыз дос жайлы жазбам арқылы сол бір қимас та қызықты шақтарға, өткен өмірімізге ойша саяхат жасадым.

Алтынтөбе ауылында Аманбай Мәмбетов, Қуаныш Исаев, Жарқынбек Мамықов қалыптастырған волейбол мектебінің ісін жалғаушы, «волейболшылар ұстаханасы» атанған мектептің ұстаз-бапкері Ақылбай Аманбаев 63 жасқа толып зейнетке абыроймен шықты. Ақылбайдың зейнетке шығуын қартаю деп айта алмаймын. Ендігі күшін ілім мен ғылымға арнайды, ел ағасы болып еңбек етеді деп ойлаймын. Мен үшін Ақылбай «сегіз қырлы, бір сырлы» жан.

Ұлы Абай жас ұрпаққа: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деп өсиет қалдырған. Ақылбай – өз атына лайық, мейірімді, өзгелерді қадірлей білетін азамат. Достары мен жора-жолдастары, бірге қызметтес болған ұжымы, Қаржантау етегінде орналасқан ел-жұрты да оның адами қасиеттерін жақсы біледі...


Қазыбек ТӘЖИЕВ,

филология ғылымдарының кандидаты, фольклорист-әдебиеттанушы.


Пікір қалдырыңыз