«Президентті таңдау – өз болашағыңа таңдау жасау»

Сарыағаш шипалы суы, шипажайларымен ғана емес, жылыжайларымен де танымал.  Жері де, климаты да, әсіресе аграрлық секторды дамытуға қолайлы. Ал, Өзбекстан Республикасының астанасымен шекаралас жатуы, екі елді байланыстыратын «Сарыағаш» теміржол стансасы мен халықаралық «Жібек жолы» кеден бекетінің осы аудан жерінде орналасуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  автобанының осы аумақтан өтуі мұнда сауда-саттық, кәсіпкерліктің дамуына да серпін береді. Халқы бейнеткеш, несібесін жерден терген еңбекқор жұрт мемлекеттің қолдауымен-қолдауынсыз еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ал, бұл елдің халық қалаулылары сайлаушыларының қамсыз өмір сүруі үшін не істеп жатыр?  Депкорпустың жұмысы жайлы Сарыағаш аудандық мәслихатының хатшысы Смайыл ТАСҚҰЛОВ айтсын.

– Соңғы сайлау өткелі де екі жылға жуықтады, осы аралықта депутаттық корпус сайлаушылар талап-тілегінен қаншалықты шығып жатыр деп ойлайсыз?
–  Сарыағаш аудандық мәслихатының қазіргі құрамында  22 депутат бар. «Аmanat» партиясынан – 18 өкіл, «Ауыл» ХДПП-дан – 2 өкіл, «Ақ жол» ҚДП-дан – 2 өкіл. 
Қай партия болмасын сайлауалды бағдарламасы әртүрлі болғанымен, көздеген мүддесі біреу ғана – халықтың әл-ауқатын көтеру,  әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту. Осы мүдде үшін 22 депутат бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етіп келеміз. Мәселен, «Аmanat» партиясы аудандық филиалы сайлауалды бағдарламасында жол картасы бекітілген. Аудандағы қала, кент және ауылдық округтер бойынша 2021-2025 жылдарға арналған атқарылатын жұмыстар сол жол картасында көрсетілген. Мұнда ауданда қанша жаңа мектеп салынып, қаншасы күрделі жөндеуден өтетіні, қанша денсаулық сақтау мекемесі салынып, қанша амбулатория, ФАП-тың жөнделетіні, қай ауылдарға ауыз су, табиғи газ құбыры тартылып, қайсысында жол жөнделетіні көрсетілген. Сайлау алдында берілген уәделердің барлығы дерлік орындалып келеді. 2021 жылы 2 млрд. теңгеге жуық қаражат жолды асфальттау мен шағал төсеуге бөлінген, ал, 2022 жылға 2 млрд. 200 мыңнан астам қаражат қаралған. Қазіргі таңда аудан түрғындарының  70%-ға жуығы газбен, 67%-ы ауыз сумен қамтылған. Ауданда жаңадан мектептер, қосымша ғимараттар салынып, жолдар жөнделіп, пайдалануға берілуде. Қазіргі таңда осы жол картасы аясында жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Халық оның нәтижесін көруде.
–  Депутаттардың араласуымен нақты қандай өзекті мәселелер шешілгенін айта кетіңізші.
– 2021 жылы аудандық мәслихаттың 17 сессиясы өтіп, түрлі сұрақтармен 117 шешім қабылданды. Ал, биыл осы уақытқа дейін 8 сессия өтіп, 64 шешім қабылданды. Аудандық мәслихатта аудан әкімінен бастап 12 дербес бөлім басшысы, 1 қала, 1 кент, 12 ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстары жөніндегі есептері қаралады.  Ауданның бюджеті тұрақты комиссияларда талқыланып, сессияда бекітіледі. 2021 жылы аудан бюджеті 32,9 млрд. теңге, 2022 жылы 31,9 млрд. теңге болып бекітілді. 
Аудандық мәслихат сессияларында бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Мәселен,  2020 жылы аудандық мәслихаттың сессиясында мақұлданған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары (санитарлық тазалау, көшелерді жарықтандыру) үшін қаралған қаржыны жаңа шақырылым депутаттары аудан бюджетіне тиімсіз деп танып, шешімнің күші жойылды. Керісінше бұл қаржыны қала, кент және ауылдық округтерге беруді қарастыру жөнінде аудан әкімдігіне ұсыныс берілді. 
Аудан әкімдігінің ұсынысына сәйкес Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты кейбір елді мекендерді дамыту және құрылыс салу схемаларын бекіту мәселесі ұсынылып, шешім қабылданды. 
Аудандық мәслихат аппаратында  депутаттардың  сауалдары тіркеліп, тиісті мекемелерге жолданып, жауаптары уақтылы алынуда. Атап айтқанда, 2021 жылы Ұлы Жеңістің 76 жылдығына және Кеңес әскерлерінің Ауған республикасынан шығарылғандығына 32 жыл толуына орай Отан алдындағы  борыштарын адал атқарған ардагерлерімізді пандемия жағдайында қолдау көрсету үшін  барлық санаттағы ардагерлер (Ауған, тәжік, Карабах соғыстарының ардагерлері, Семей және Чернобыль және тыл ардагерлері, тұтқынға түскендер, жесірлер) қауымына берілетін бір жолғы жәрдемақы көлемін аудандық бюджет қаражаты шегінде көбейтіліп берілді.
Жылға ауылдық округінде орналасқан  С.Сейфуллин атындағы №12 жалпы орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының өте сапасыз жүргізіліп жатқандығын аудандық мәслихат депутаттары  бақылауларына алып, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының басшыларына депутаттық сауал арқылы  жеткізді. Комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу жұмыстарының келісімшартта көзделген мерзімнен кеш орындалуына байланысты мердігер мекеменің үстінен сотқа талап-арызы берілді. Осы секілді шешімін тауып жатқан мәселелер көп.
Сарыағаш аудандық мәслихатына  аудандағы жеке азаматтардан, жеке және заңды тұлғалардан өтініштер, арыздар келіп түседі. Тіркелген арыздар өз мерзімінде қаралып, бақылауға алынады. 
Ақжар ауылдық округі, Ақжар ауылының ортасынан өткен Келес өзені арнасына дамбы салынып, Ынтымақ елді мекеніндегі Джами көшесі мен Бесқорған көшелерін жалғайтын Ащынау каналының үстіндегі  көпір жаңартылды.  Жібек жолы ауылдық округінің Зортөбе және Сарқырама елді мекендеріне интернет желісін қосу үшін бағана (телевышка) орнатылды.  Жылға ауылдық округінің Шеңгелді елді мекенінде 4 көшеге тас төселсе, Қарақалпақ елді мекеніне ауыз су әкелетін құбыр ағымдағы жөндеуден өткізілді. Осы секілді біраз жұмыстар депутаттардың  өз қаражаттарымен бітіп жатыр. 
– Қоғамдық қабылдауда қандай мәселе көп айтылады? 
– Аудандық мәслихаттың депутаттары қала, кент және ауылдық округтерге бөлініп, әр апта сайын ауылдық округ әкімдіктерінде бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдау өткізеді. Қабылдауға көбіне көп балалы аналар және әлеуметтік жағдайлары төмен отбасы мүшелері келеді. Олар мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жайлы сұрайды. Сонымен бірге, заңсыз салынған үйлердің құжаттарын заңдастыру, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеке кәсіп бастаған жағдайда мемлекеттен қандай көмек көрсетілетіні, жайылымның тарлығы, үй салуға немесе егін егуге жерді қалай алуға болатыны, ауыз су, ағын су, табиғи газ, жол секілді мәселелермен келеді. 
Мәслихатта биылғы 9 айда 32 мәселе  қаралған. Жалпы, жыл басынан аудандық мәслихаттың қарауына 64 мәселе қойылып, шешімі шықты. Ал, 4-тоқсанда жұмыс жоспарына сәйкес 11 мәселе қойылған. Бізге ұсынылған әрбір мәселе уақтылы қаралып, шешілуде. 
– Сарыағаш қаласындағы осыдан бірнеше жыл бұрын бой көтерген көп қабатты 13 тұрғын үй неге пайдалануға берілмей тұр? Депутаттық корпус осы мәселені шешуге қаншалықты атсалысып жатыр? Тұрғындар тиесілі пәтерлеріне қашан кіре алады? 
– Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 4580 азамат тұрғын үй кезегінде тұрады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Бәйтерек көшесінің бойынан 13 көп қабатты (585 пәтер) арендалық тұрғын үйдің құрылысы басталып, 2020 жылы аяқталған болатын. Бірақ, үйлер пайдалануға берілген жоқ. Өйткені, Сарыағаш қаласы аумағында кәріз жүйесі жоқ. Қазір  қаланы кәріз жүйесімен қамтамасыз ету бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. 
 Аудан тұрғындарынан осыған қатысты арыз-шағымдар түсуіне байланысты   мәслихаттың тұрақты комиссияларында да,  бірлескен отырыстарында да бірнеше рет қаралып, жергілікті атқарушы органға ұсыныстар берілді. Аудандық мәслихаттың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жол және инфрақұрылымдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қаулысына сәйкес көп қабатты үйлердің кәріз жүйесіне 105 млн. теңге бөлу туралы  ауданның бюджеттік комиссиясына ұсыныс енгізілді. Қазіргі таңда аудан әкімдігі  осы 13 үйге қоныстанатын  тұрғындар санын есепке ала отырып,  кәріз желісі дайын болғанша 3 септик орнатып, амалдай тұруды жоспарлап отыр. 
– Дәл қазір елімізде үлкен саяси науқан – Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өзіңіз бұл сайлаудан не өзгеріс күтесіз?
– Сайлау – еліміздегі әрбір адамның азаматтық құқығы, міндеті. Сайлауда біз тек Президентті таңдамаймыз, еліміздің болашағын, өзіміздің болашағымызды таңдаймыз.  Бұл сайлаудан өз басым тек жақсы өзгеріс күтемін. Келесі жылдың бірінші жартысында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы өтуі мүмкін. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтылғандай, осыдан кейін Үкімет құрамы жасақталып, негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарса, әрі қарай бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құруға бірге қадам жасаймыз. 
Әділетті Қазақстан деген – әділдіктен аттамай, берекелі ел болу деген сөз. Ешкім ешкімнің ала жібін аттамаса, адал еңбек етіп, нанын адалынан жеп, бірлікпен тірлік етсе, бүгінгідей алмағайып заманда кез келген қиындықты жеңіп шығамыз.  
– Сұхбатыңыз үшін  рақмет! 

Сұхбаттасқан Гүлдана АЙХОДЖАЕВА,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз