«Jana lep» өңір мәдениетіне жаңа леп ала келгендей»

«Конгресс холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар КЕНЕХАН:

– Асқар Оразханұлы, «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне директор болып келгеніңізге көп болған жоқ. Өмірбаяныңызға қарасақ, бұған дейін мәдениет саласында қызмет істемеген сияқтысыз. Қаржы маманы екенсіз. Өзіңізді өнердің өкілімін деп санайсыз ба?

– Иә, мен «Конгресс холл» мекемесіне басшылыққа өткен жылдың аяғында келдім. Өзім туралы айтсам, киелі Бәйдібек ауданында дәрігерлер отбасында дүниеге келгенмін. Әкем де, анам да  табан аудармай бір мекемеде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан (еңбек кітапшаларына бір ғана мекеме жазылған) жандар. Анам –  ауылдағы 3 мыңнан астам баланың кіндік шешесі, акушер.  Әкем бас дәрігер болып елге қызмет етті. Біздің әулетімізде ақын-жазушы, журналист көп. Інім Еркебұлан Кенехан – өңірге танымал жазба ақын. Мен де бала күнімнен жазу-сызуға, өнерге жақын болдым, журналист болғым келді. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі едім. Мектептегі күллі іс-шараларға, кештерге белсене араластым. «Жігіт сұлтаны», «КВН» ойындарының бел ортасында жүруші едім. Тіпті, мектептің жанынан құрылған драма үйірмесінде, қуыршақ театрында да ойнадым. Әлгі іс-шараларды безендіретін заттар, оның костюмдері деген әжептәуір ақша тұрады. Ақша ол кездері оқушы бала түгілі, үлкендердің өзінде  бола бермейтін. Сонда үйдегі бірер қап ұн, бидай секілді сатуға болатын дүниелерді базарға апарып «бартер» жасап, керек дүниелерді тауып келіп, қалайда сол көріністі сахнаға шығарушы едік. Бүгінде ұстаздарым кездескенде «Асқар, сен жоқтан бар жасаушы едің ғой» деп айтып жүреді. Бұл бір жағы балалық, бір жағы өнерге деген құштарлық па екен, сол күндерді, сол сәттерді өзім де жымиып еске аламын. Әкем менің қаржыгер болғанымды қалады. Жетелеп Семейдегі қаржы институтына оқуға түсірді. Оқуда озат, қоғамдық жұмыстарда белсенді болдым. Сол тұста Семей полигонының жабылуына 10 жыл толуына орай облыстық жазба ақындар арасында мүшәйра өтті. Бағым жанып, бас жүлдені жеңіп алдым. Спортты жаныма серік етіп, қазақ күресінен спорт шебері атандым. Өнер мен спортты құстың қос қанатындай егіз дүние деп қабылдаймын. Ақындықпен қатар ептеп ән де жазатыным бар. «Асыл жарым» деген әнім той-жиындарда, концерттерде орындалып жүр. Бұл ән үш қызғалдағымнан кейін маған ұл сыйлаған Құдай қосқан аяулы жарыма арналған еді.  

– «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің жұмыс бағдары қандай? Бірнеше үйірме ашыпсыздар. Әдетте, үйірмелер мектеп жанынан не Оқушылар сарайынан ашылушы еді...

– Өз басым 7-8 шақырылымдарда Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты болдым. Сол жылдары осында жиналыстарға, мерекелік іс-шараларға жиі келетінбіз. Сонда маған бұл жер тек іс-шаралар өтетін мекеме секілді көрінетін. Өткен жылдың 28 желтоқсанынан бастап осында басшы болып келдім. Келген күннен кешеннің инфрақұрылымымен таныстым. Кешен десе дегендей, барлық жағдай жасалған өте үлкен (15 мың шаршы метр) ғимарат екен. Жылу жүйесі, жарықтандырылуы да кешенді түрде қамтылған. Яғни бір қабатты сөндіріп, бірін қосып үнемдеу мүмкін емес. Қосылғанда автоматты түрде тұтас қосылады. Соған лайық коммуналдық шығындары да едәуір. Ұжыммен ақылдаса келе бос тұрған бөлмелерді пайдаланып, ақылы үйірмелер ашайық, шығындарды жабудың балама түрін қарастырайық деп басшылыққа ұсыныс айттым. Бірінші кезекте би үйірмесін аштық, одан кейін вокал, көркемсурет үйірмелері ашылды. Би үйірмесіне  хореограф маманды Алматыдан шақырттық. Көркемсурет үйірмесіне Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы Ермек Мәмбетаевты тарттық.  Би үйірмесіне де, көркемсуретке де көбіне мемлекеттік қызметшілер, ішінара кәсіпкерлер, медиа саласы қызметкерлері қатысып жатыр. Жуырда қолөнер үйірмесін (оның ішінде құмыра жасаушылар)  де аштық. Мұны Т.Жүргенов академиясында оқитын жас жігіт жүргізеді. Бұл үйірмеге де жұртшылық тарапынан қызығушылық артып келеді. Үйірмелерге көбіне мемлекеттік қызметшілер, ересектер қатысып жатыр. Иә, ересектер жұмыс уақытынан кейін келіп, өздері таңдаған үйірмелерге қатысып, бір мезгіл миын тынықтырып, шығармашылық өнермен  айналысуына мүмкіндік  алып отыр.

Облыс әкімінің бастамасымен белгілі продюсер, телережиссер Сержан Молдасанұлымен келісімшарт жасалып, «Jana lep» шығармашылық ұйымы құрылған. Одан бөлек бізде «Алқоңыр» этнофольклорлық ансамблі, «Самғау» хореографиялық би ұжымы, классикалық, эстрадалық, дәстүрлі, заманауи бағыттағы әншілер жұмыс істейді. Жалпы, кешеннің жұмыс бағыты көңіл-көтеру, концерт өткізу ғана емес, елдің мәдени деңгейін биікке көтеретін іс-шаралар ұйымдастыру.

– «Jana lep» шығармашылық ұжымы туралы тарқатып айтсаңыз.

– «Jana lep» шығармашылық ұжымы, жоғарыда айтып өткенімдей, тікелей облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен құрылды. Облыс мәдениетін көтеру, халыққа мәдени қызмет көрсету мақсатында республиканың сан тарапынан талантты жастарды тартып, 100 маман жұмысқа қабылданған болатын. Кадрлардың дені Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітіріп келген, іріктелген жастар. Олар облыс мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді, мәселен,  мюзикл жанрында мықты қойылымдар қойылды. Көрермен өте жылы қабылдады. Аншлаг болды, тың дүние сахналанды. Біріншісі желтоқсан айында «Құстар қайтып келеді» деген атпен қойылды. Режиссері – Еслям Нұртазин, көркемдік жетекшісі – Сержан Молдасанұлы. Мюзиклдің идеясы – жастарды Түркістанға шоғырландыру және оларға рухани қуат беріп, облыс орталығында өз қабілеттерін шыңдап, армандарын іске асыруға болатынын көрсету. Екінші рет, міне, кеше ғана «Көктемдегі кездесу» деген атпен поэтикалық драма қойылды. Қойылымның режиссері – Фархат Молдағали, көркемдік жетекшісі – Сержан Молдасан- ұлы. Бұл қойылымды да көрермен өте жақсы қабылдады.  Шақырылған мамандарға пәтер беру туралы облыс басшылығының уәдесі бар. Үй салынып бітіп, пәтер берілгенше әзірге олар пәтер жалдап тұрып жатыр. Жалақылары мемлекеттік тарифпен бекітілген, тым жоғары айлық емес. Сондықтан да олардың әлеуметтік мәселесін оң шешуге тырысып, демеушілер тарапынан төлеп беріп отырмыз. Жан-жақтан келген жастар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмылып, өңір мәдениетін көтеруге атсалысуда. Араларында тіл табысып, отау құрғандары да бар. Бүгінге дейін 5 жұптың шаңырақ көтеруі бізді қуантты. Өнерлі жастарды мұнда жинаудағы мақсатымыз да – Түркістан мәдениетін көтеру. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы да көңілі толып, ризашылығын білдірді. «Jana lep» расында өңір мәдениетіне жаңа леп ала келгендей.

– Алдағы жоспарлар қандай?

– Облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев Түркістанда туристік жаңа маусымның ашылуына орай әр өнер ұжымы аптасына бір күн «Керуен сарай» алаңында өздерінің репертуарынан қойылым ұсынса деген болатын. Соған біздің «Jana lep» ұжымы да концерттік бағдарлама әзірлеп, туристерге қызмет көрсетпек. Алдағы уақытта демеушілер тартып, өңір домбырашыларының арасында күй сайысын өткізсек деп жоспарлап отырмыз. Бұл конкурстың концепциясын Секен Тұрысбеков ағамызбен ақылдаса отырып, жаңаша форматта өткізуді ойластырудамыз. Біз қызметкерлеріміз үшін шағын кітапхана жасақтаған едік. Әзірге онда 200 кітап бар. Алдағы уақытта облыстық архив ұжымымен бірлесіп, мұрағат бұрышын ашпақпыз. Облыстық архив басшылығы бүгінде Өзбекстан республикасының Мұрағат комитетімен келіссөздер жүргізуде. Іскерлік байланыстарды нығайту арқылы құнды мұрағат құжаттарына қол жеткізіп, олардың көшірмелерін алып, маусым-шілде айларында бір жақсы көрме ұйымдастырсақ, ол көрме бір-екі күн емес, айға жуық тұрса дейміз. Іс-шараға не концертке келген көрермен Түркістанның бай тарихынан хабардар болып, көкжиегін кеңейтіп жатса, бұл да бір мәдени игілік қой деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет!                                                         


Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ, 

журналист.

Түркістан қаласы.

Пікір қалдырыңыз