Дәмді шұжықты тек «Нәрленнен» табасыз!

Биыл Қазақстандағы шұжық өндірудің үздігі атанған «Қарқын-2030» ЖШС-нің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Осыған орай біз серіктестіктің Өндіріс меңгерушісі Зулфия ЖАМАЛОВАМЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Зулфия ханым, айтыңызшы, табиғи әрі дәмі тіл үйіретін шұжықтарды қалай табуға және қалай таңдауға болады? 

– Жалпы, шұжық сапалы болуы үшін оған қойылатын арнайы талаптар бар. Сіздің сауалыңызға орай алдымен жартылай ысталған шұжық түрін қарастырып көрейік. Мәселен, жартылай ысталған шұжық – дайындау процесінде қайнатылған, ысталып- кептірілген, диаметрі немесе көлденең қимасы 32 мм-ден асатын шұжық өнімі. Өнімнің сыртқы қабықшасы таза әрі құрғақ, дақтарсыз, қабықшасы зақымданбаған, фарш ағынынсыз болуы тиіс. Кесіндінің түсі қызғылт түстен қою қызыл түске дейін болуы шарт. Фарш біркелкі араластырылған әрі онда сұр дақтар мен бос кеңістік болмауы тиіс.

Шұжық өндіру үшін оған тек жоғары сапалы балғын ет қана пайдаланылады. Өнімді таңбалау кезінде өндіруші «Ет өнімі» деп көрсетуге құқылы болуы үшін шұжықтың рецептурасындағы бұлшық еттің салмақтық үлесі 60 пайыздан артық болуы керек. Міне, сіз сұраған нағыз шұжық осылай дайындалады. 

– Шұжық өндіруде HACCP (ХАССП) халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттары қаншалықты қатаң сақталады? 

– «Қарқын-2030» ЖШС нарықта 15 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Серіктестік осы уақыт аралығында жүзден астам ет өнімдерін, оның ішінде пісірілген-ысталған және жартылай ысталған шұжықтар, шұжықшалар мен сарделькалардың үлкен ассортиментін игере алды. Деликатес өндірісі де жолға қойылды. Өндіріс орны Германияның арнайы технологиялық жабдықтарымен жабдықталған және шұжық өндірісіне тек жергілікті жердің шикізаты, яғни ірі қара мал, жылқы және тауық еті ғана пайдаланылады. Бүгінде цехтарда тәулігіне бір жарым тоннаға дейін немесе айына 45 тоннадан астам ет өнімдері шығарылады. Шұжық өнімдерін өндірумен 600-ден астам жұмысшы айналысса, олардың басым бөлігі көпжылдық тәжірибесі бар, алыс-жақын шетелдердің жетекші ет комбинаттарынан шақырылған арнайы мамандар екенін айта кеткен жөн.

– «НӘРЛЕН» сауда белгісімен дайындалған шұжық өнімдері, жартылай фабрикаттары мен деликатестері еліміздің қай өңірлеріне тарайды?

– Бүгінде біздің өнімді Түркістан облысында ғана емес, Шымкент қаласының барлық сауда нүктелерінен, супермаркеттерден, сондай-ақ, гипермаркеттерден де табуға болады. Біздің өнім Астана, Алматы, Қарағанды және Балқаш қалаларының тұрғындарына да жақсы таныс. Соңғы жылдары өнімдерімізді Қызылорда, Ақтау қалаларының базарларына да шығарып жатырмыз. Кең ассортимент, тұрақты жұмыс және жоғары сапалы өнім бүгінде нарықтағы орнын әйгілеп үлгерді. Нарықтық экономикада бәсекеге қабілетті болу үшін шұжық өнімдерінің сапасы жоғары болуы тиіс. Сондықтан басты мақсатымыз – белгіленген және бекітілген стандарттарды сақтау.

– Шұжық өндірісіне қажетті шикізатты қайдан аласыздар?

– Түркістан облысының ет өңдеу нарығы алуан түрлі. Мұнда жергілікті өндірушілермен қатар Ресейден және Қазақстанның басқа да өңірлерінен әкелінетін шұжық өнімдері де аз емес. Бәсекеге қабілетті болу үшін біз әрқашан сапаға баса назар аударамыз. Комбинатта сойылымға келетін ірі қара малдың денсаулығына жауап беретін мал дәрігері, сонымен қатар, шикізатқа да, дайын өнімге де толық талдау жүргізуге мүмкіндік беретін жеке зертхана жұмыс істейді. Оның үстіне біз сынамаларды үнемі облыстық мемлекеттік зертханаға жіберіп отырамыз. 

Алдымызда өнімдердің ассортиментін кеңейту, материалдық-техникалық базаны жаңғырту, қызметкерлер құрамын, өнім көлемін және сауда нарығын кеңейту сынды үлкен жоспарлар тұр. Алайда, мұндай жұмысты атқару қиын әрі өте қымбатқа түседі. Дегенмен, «Қарқын-2030» ЖШС-нің жұмысшылары отандық өнім өндіруде мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қолдауын барынша сезініп келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз!


Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз