Оққа байлаған он екі минут

Биыл қазақтың ұлттық кәсіби театрының негізін қалаған қоғам қайраткері, режиссер, драматург Жұмат Шаниннің туғанына – 130 жыл. Атаулы күнге қарай Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» пьесасын көрермен назарына ұсынады. Біз премьера алдында дара тұлғаның өмір жолы, тағдырындағы ауыртпалығы мен қазақ өнеріне сіңірген еңбегі жайында Сая Қасымбекпен сұхбаттасқан едік.

– Сая Қасымбекқызы, ХХ ғасыр­дың отызыншы жылдарында Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр», «Шахта» пьесалары Шымкент облыстық драма театрында қойылған деседі. Соған қарағанда Жұмекең Оңтүстікте болған ба?

– Жоқ, ол кісі Оңтүстік өңірінде болмаған. Бірақ, Жұмат Шаниннің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол – театр үшін бүкіл теперішті көріп, азабына шыдаған, ол жолда өмірін қиған дара тұлға. Қазақ даласында түбінде бір театр ашылатын еді десек те, оның қашан пайда болары белгісіз еді. Ал, Жұмекең – сонау 1916 жылы ақ патшаның жарлығымен қара жұмысқа жегіліп жүріп, қазақ халқына театрдың керектігін, ұлтымыздың дарыны мен таланты өзгелерден артық болмаса кем емес екенін түсіне білген арда азамат. Елге оралған соң тәуекелге барып, сан түрлі қиындықтар мен кедергілерге мойымай, мақсатын жүзеге асыру үшін барын салды. Атақты Қоянды жәрмеңкесінде Серке Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сияқты дала дүлдүлдерімен танысып, олардың басын қосып, театрға алып келуінің өзі неге тұрады?! 

– Мұхтар Әуезов те Жұмекеңді өзі іздеп тапқан деседі...

– Мұхаң газетке: «Қазақ даласына театр керек. Жұмат Шанин деген жігіт осы мәселемен айналысып жүр деседі, маған хабарласса екен» деген мағынада хабарландыру берген. Жұмекең хабарландыруды оқыған соң Әуезовті іздеп барып, шығармашылық одақ құрады. Таланттардың бірін-бірі алыстан тануы заңдылық. Екеуі алғаш рет «Еңлік-Кебекті» Мұхаңның туған ауылына апарып қойғанда, матай мен тобықты руларының арасында қиян-кескі төбелес орын алады. Спектакльдегі кейіпкерлер өмірде болған адамдар ғой, «сен солай еттің», «мен етпедім» деген қызылкеңірдек жанжалдың соңы қақтығысқа ұласып кетеді. Сонда Әуезов үлкен кебеженің ішіне тығылып жатып, адамдардың аузынан шыққан сөздерді жазып алады. Кейінірек қойылған спектакльде айтылатын «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараймын десең, мен сөзімді бермеймін» дейтін Көбейдің, «шолақ байталдың құйрығындай шолтаңдаған тобықты» деген Еспенбеттің сөздері төбелес кезінде ауыл адамдарының аузынан шыққан тіркестер.

– Кәсіби қазақ театры 1926 жы­-лы Қызылорда қаласында ашылды ғой.

– Театр ашылғаннан кейін де оңай бола қоймағаны белгілі. Жұмат Шанин, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков үшеуі гастроль кезінде билет алмай, отарба жүріп бара жатқан кезде, ашық тұрған терезеге жармасып мінетін болған. Ол үшін қаншама тәуекел, қаншама батылдық керек екенін шамалай беріңіз. Ал, үш адамның билетінен үнемделген ақшаға спектакльге қажетті заттар алады. 

Бір жолы өгіз арбамен шалғай ауылға барса, ауылда жарық жоқ екен. Ол кезде шамамен «Ильич шамы» болса керек, оны жағатын электрик «сендер айтқан уақытта бара алмаймын. Сиырым асау, әйелім соны сауып болғанша, бұзауын ұстап тұрамын» деп кергиді. Сонда Жұмекең «сиырыңды біз сауып береміз, сен жарығыңды жақ. Қойылым уақытында басталсын, халықты күттірме» деп, өзі бұзауды ұстап тұрып, Серке Қожамқұловқа сиыр сауғызған. Өнерге деген адалдығы мен құштарлығын ғұмырының соңына дейін сақтап өткенін осыдан-ақ білуге болады.

– Кезінде Станиславскийдің өзі Жұмат Шаниннің еңбегін жоғары бағалаған деседі.

– Жұмекең 1934 жылдары Қазақ­станның сол кездегі басшыларына хат жазып жүріп, Қазақтың опера және балет театрын ашып, «Жалбыр», «Қыз Жібек» спектакльдерін қояды. Ұлттық ән-күйлер мен тұрмыс-салттық, этнографиялық бояуына, сахналық реквизитке, декорация мен костюмге ерекше ден қойылған, қазақтың айтысы мен ұлттық биін енгізген қойылымға Станиславский риза болып, таң қалған. Қазақ өнерінің ғажайып туындысына басын шайқап, «Сіз үшін халқыңыз мақтанатын болады» деген екен. Жұмат Шанин «Киіз басу», «Қоян-бүркіт», «Өрмек», «Шашу» атты музыкалық спектакльдерінде халықтың би өнерін пайдалана білген. Бұл да өз заманында ерекше бағаланған.

– «Халқыңыз мақтанады» деп жүргенде қамалып кетті...

– Қазақстандық өнер ұжымы 1936 жылы Мәскеудегі есеп беру онкүндігіне «Қыз Жібекті» алып барған ғой. Спектакльге Сталин бастаған ЦК мүшелері түгелдей келеді. «Қырсыққанда қымыран іридінің» кері келіп, спектакль басталар алдында сахна пердесі (занавес) техникалық ақаулармен ашылмай қалады. Бас режиссер Жұмат Шанин мен Қазақстанның сол кездегі «Наркомы» Темірбек Жүргенов қанша шырылдап әрекет еткенімен, шымылдықтың ашылуы 12 минутқа кешігеді. Осы 12 минут абзал азаматтардың тағдырын шешеді. 

Премьерадан кейінгі банкетке қойылымның бас режиссері Жұмат Шанин мен әйелі Жанбике шақырылмайды. Бұл – «үкімің шықты» деген емеурін. Содан бастап қайран азамат қуғынға түседі. 

1937 жылы Орал қаласында өзі ашқан, қазіргі Хадиша Бөкеева атындағы театрда көркемдік жетекші болып жүрген жерінен Алматыға алдап шақырып, тұтқынға алған. Қазақстанның Мәскеудегі өкілетті өкілі болған Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин үшеуіне «Жапон импералистеріне сатылғандықтан, Сталинге қастандық жасау үшін 12 минут шымылдықты ашпады» деген айып тағылып, ату жазасына кесіледі.

– Жұмат Шаниннің бір баласы Шымкентте қызмет еткен деседі...

– Жалпы Жұмекеңнің отбасылық тағдыры өте ауыр. Театр алғаш құрылғанда труппаға әйел адам табу қиынға соққандықтан өзінің әйелі Жанбике мен балдызын жанына тартады. Балдызы кейінірек кетіп қалады да, әйелі Жанбике театрда қалады. Олардан үш ұл туылған. 

1927 жылы қазақ делегациясы ұлттық фольклорын таныстыру үшін он күнге Мәскеуге барады. Ол кезде қайбір жетіскен көлік бар дейсіз, итіңдеген отарбада жағдайы келіспей, Аян деген алты айлық баласы суықтап, жолда шетінеп кетеді. Бұл оқиға құпия сақталмаса «қазақ делегациясы Мәскеуге әдейі жамандықпен келді» деген кереғар хабар тарап кетуі мүмкін болғандықтан, ешкімге тіс жармайды. Жұмат пен Жанбике бақилық болған перзентінің бетін бүркеп, пойыздан күліп түскен. Арада бір тәулік өткен соң ғана Мәскеуден мұсылман зиратын тауып, баланың денесін түн жарымында, елден жасырып жерлейді. Перзентінен айырылып, жүрегі қан жылап тұрса да, Жанбике сахнаға шығып ән айтып, би билеген, жымиып суретке түседі.

Тағы бір ұлдары Рауыпбек 19 жа­сында Мәскеуде оқып жүрген жерінен қан иісі мүңкіген Бутырка түрмесінде тергеуге алынады. Әкесі «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілген, шешесі АЛЖИРГЕ сегіз жылға айдалған бозбала сол тергеуден кейін денсаулығынан айырылып көз жұмады.

Осы кезде Жұмат Шаниннің туған інісі Әкіш Шанин көзсіз ерлікке барады. Біртуар азаматтан тұқым қалмай бара жатқанын сезген Әкіш Жұмат пен Жанбикеден қалған жалғыз тұяқ Қасымханды «өзімізден туған бала» деп жаздырып алады да, Алматыдан қашып шығады. Жолай отарба Шымкентке аялдайды. Қалада театр барын білген Әкіш әйелі мен Қасымханды алып түсіп қалады. Ол өмірінің соңына дейін Қасымханды «менің балам» деп өтті. Тек кейін заманның тоңы еріп, әділдік орнағаннан кейін ғана шындықтың беті ашылды. Жанбикені жазасын өтеп шыққаннан кейін де Қарағандыдан шығармаған, өмірінің соңына дейін сонда қалған. Ал, Қасымхан Шаниннен 3 қыз, 1 ұл тараған. Қасымханның ұлы Болат Шанин бүгінде ата жолын қуған режиссер.

– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан Пернебай САПАР,

«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз