Теміртау, Шымкент көтерілістері туралы не білеміз?

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихы: методологиялық мәселелер» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
«Кеңестік Қазақстан: әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихының тағлымы (1920-1991 жж.)» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған семинарда Кеңес өкіметі үстемдік еткен жылдары жасыруға барынша күш салынған этносаралық шиеленіс пен әлеуметтік себептерден туындаған қақтығыстарды зерттеудің мәселелері талқыланды.
Соғыстан кейінгі 50-60 жылдарда орын алған әлеуметтік қақтығыстардың ішінен Теміртау, Шымкент көтерілістері мен сексенінші жылдарда Жаңаөзенде, Ұзынағашта және Алматыда болған бас көтерулер жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Семинарда аталмыш оқу орнының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.Алдажұманов «1959 жылғы Теміртау көтерілісі» тақырыбында баяндама жасап, Теміртауда орын алған көтерілістің басты себебі әлеуметтік мәселелер болғанын атап көрсетті.
– Теміртау көтерілісінде 16 адам қаза болған. Олардың ішінде жалғыз қазақ жігіті бар. Мәскеу архивтерінде ол жайлы мынадай деректер сақталған. 1937 жылы туған Ә.Дарымбаевтың Теміртаудағы металлургия зауытына слесарьдің көмекшісі болып барғанына 3-4 күн ғана болған екен. Теміртау көтерілісін басуға әкелінген әскерилердің легін бұзу үшін «МАЗ» жүк автокөлігінің руліне Ә.Дарымбаев отырған. Әскерилер өздеріне таяп келген көлікке қарсы автоматпен оқ жаудырып, жүргізушіні мерт еткен, – дейді ғалым.
Теміртау көтерілісінен кейін елде жаппай тазалау жүргізіліп, Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Беляев пен облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қаркенов қызметінен алынған. Баяндамашының мәлімдеуінше, Теміртау көтерілісі бойынша тергеу жұмыстарына Қарағанды облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеу бөлімінің бастығы капитан Қылдыбаев басшылық жасаған. Көтеріліс бойынша материалдарды саралағанда дәл осы Қылдыбаевтың Теміртауда орын алған оқиғалардың қарсаңында металлургия заводында қауіпті ахуал қалыптасып келе жатқанын ескертіп, жоғарыға жолдаған 7-8 құпия хаты болғаны анықталған. Қылдыбаевқа осы үшін мерзімінен бұрын майор әскери атағы беріледі. Теміртау көтерілісінен кейін қанды бас көтеру Новочеркасск қаласында болып, партиялық эмиссар А.Микоянның басшылығымен қанға бөктіріліп басылған. Теміртау көтерілісінің нәтижесінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына назар аударылып, олардың тұрмысына қажетті инфрақұрылымға көңіл бөліне бастады. Металлургтерге арнап пәтер салынды. Сөз соңында ғалым Теміртау көтерілісіне қатысты маңызды құжаттардың бүгінде Мәскеудегі Ресей мемлекеттік архиві мен Ресейдің қазіргі заман архивінде сақталғанын жеткізді.
Ал, 1967 жылы орын алған Шымкент көтерілісі туралы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институының докторанты, тарихшы Е.Стамшалов әңгімеледі.
1967 жылдың 13-14 маусым аралығында болған Шымкент көтерілісінің де астарында әлеуметтік себептер жатты. Тоталитарлық билік барынша жасырып-жапқан Шымкенттегі жаппай тәртіпсіздіктердің тууына халық пен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасындағы қарама-қайшылықтың шиеленісуі, оңтүстіктегі Шымкент сияқты ірі қалада түрме, түзету мекемелерінің, қылмыстың, сотталушылар санының артып кетуі түрткі болды. Тарихшы Е.Стамшалов Шымкент көтерілісі Л.Брежнев билікте болған кезеңдегі ең ірі бас көтеру болғанын және бұл дүрбелеңнің тұтануына автопарк жүргізушісі Остро-уховтың айықтыру мекемесінде дүниеден өтуі себеп екенін атап өтті.
– Шымкент ол кезде 100 мыңнан астам тұрғыны бар өндірістік қала еді. Мұнда Ішкі істер комендатурасы бақылауымен жазасын өтеу мерзімінің соңында еркін өндірістік кәсіпорында жұмыс істейтіндер, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотталғандар көп болды. Шымкенттегі адам көп шоғырланған ірі базарда ұрлық өршіп, тіпті есірткі заттарына дейін сату орын алады. Құқық қорғау органдарының
қызметкерлері қылмыспен күресудің орнына, олармен бірге ақша таба бастайды, – дейді ғалым.
Шымкент көтерілісі Кеңес Одағы орталық билігінің құтын қашырғанын Мәскеуден көтерілісті басу жұмыстарына жетекшілік жасау үшін СОКП ОК хатшысы А.Кириленконың, КСРО қоғамдық тәртіпті сақтау министрі Н.Щелоковтың, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың іссапармен арнайы келуінен байқауға болады. Шымкенттегі бас көтеру Түркістан әскери округі әскерлерінің күшімен басылып, 40-тан астам адам сотталды. Әсіресе, оқиғаға түрткі болған және
Остроуховты өлтірді деген айыппен алдымен ату жазасына кесіліп, артынша жазасы 8 жылға кемітілген 21 жасар Спабек Сыздықовтың тағдыры тоталитарлық жүйенің табанына тапталды. Кеңестік жазалау аппараты жаппай тәртіпсіздікте белсенділік танытқандарды аяусыз жазалап, міндеттерін тастап қашқан тәртіп сақшыларын қызметтерінен алып, партия мүшелігінен шығарды.
Семинар барысында т. ғ. д., профессор, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Г.Көкебаева «Қазақстандағы кеңестік билікке қарсы толқулардың шетелдік тарихнамасы» тақырыбында баяндама жасап, Теміртауда және Алматыда орын алған көтерілістер туралы Батыс Еуропа елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген ақпараттармен бөлісті.
Мұнан кейін семинарда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Шілдебай, тарих ғылымдарының кандидаты А.Жұмәділ және тарих ғылымдарының кандидаты, аталған жобаның жетекшісі М.Қалыбекова баяндама жасап, әлеуметтік және этникалық қақтығыстардың әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететініне
тоқталды.
А.ЫДЫРЫС,
Алматы облыстық мемлекеттік архивінің құжаттарды
мемлекеттік есепке алу және сақталуын қамтамасыз ету
бөлімінің қойма меңгерушісі.