Айтыскерлердің атасы

Қазақтың қасиетті төл өнері – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында қайтадан қолға алынғанда халықтың қуанышында шек болмады. Осы бекзат өнердің өркендеп дамуына қаншама саңлақ ақын адал қызмет етті. Оңтүстік өңірінде кешегі Майлықожа, Құлыншақ, Мәделіқожа, Молда Мұса, Манат қыздың жолын Көпбай Әлімбетов, Қалдыбек Әліқұлов, Өмірсерік Қалдыбаев, Айнабек Нысанов, Құлжабай Төлеуов, Келімбет Серғазиев, Көпжасар Мәденұлы сынды от ауызды, орақ тілді айтыскерлер жалғады. Ал, олардың ізін Көпбай Омаров, Қаныбек Сарыбаев, Тұрар Байсариев, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Әбдікәрім Манапов, Мұхтар Құралов, Камал Ендібаев, Абай Айнабеков, Аманбай Қанашев, Әбдіхалық Әбдірайымов, Қазыбек Мыңжанов, Асфендияр Келімбетов сыңды айтыскер ақындар басты. Кейінгі толқыннан Бекарыс Шойбеков, Жәкен Омаров, Ақмарал Леубаева, Маржан Есжанова, Кәрима Оралова, Анар Жаппарқұлова сынды сөз зергерлері жауһар жырларымен танылды. Өкінішке қарай, осы айтыскер ақындардың бірқатары бүгінде арамызда жоқ.
Солардың бірі – Тұрар Байсариев. Ол Түлкібас ауданы, Келтемашат ауылдық округі, Жиынбай ауылының тумасы, соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, айтулы айтыскер ақын болды. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр.
Мен Тұрар Байсариевпен және басқа да айтыскер ақындармен облысымызда өткізілген айтыстарда танысып, жақын араластым. 1990 жылдың басында Созақ ауданында Құлыншақ ақынның 150 жылдығына орай ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Қайтар жолда менің қолқа салуыммен Тұрар ақын Шаяндағы біздің үйге түсіп, көрші-қолаңға өзінің жырларын арнап, қона жатып аттанған еді. Көп ұзамай Тұрар Байсариевпен Созақ ауданында айтыскер ақын Көпбай Омаровты еске алуға арналған шарада тағы жолықтық. Сол жолы Тұрар Байсариев пен Тәушен Әбуова шал мен кемпірдің, Әбдікерім Манапов пен Әселхан Қалыбекова жігіт пен қыздың, Абай Айнабеков пен Асфендияр Келімбетов құрдастардың айтысын жасап, халықты бір серпілткен еді. Шарада Елікбай Төлепов, Мейірбек Бекбаев сынды өңірімізге танымал әнші-термешілермен бірге мен де өз өнерімді паш еттім.
1995 жылы Бәйдібек ауданының Шаян ауылынан Төлеби ауданының Тоғыс ауылына қоныс аударып, осы өңірдің атынан үш жыл қатарынан облыстық өнер байқауына қатысып, бас жүлдені иемдендім. Сонда маған әкелік мейірін төгіп, шын жүректен құттықтағаны күні кешегідей көз алдымда...
Бұл кезде облыс көлемінде айтыс өткізу тоқтатылған болатын. Тұрар Байсариев пен Тәушен Әбуова бастаған айтыскерлер отбасы, ошақ қасында отырып қалған еді. Ақын Жүрсін Ерманов ағамыз Алматыда ұйымдастыратын айтысқа біздің өңірімізден анда-санда бірлі-жарым ақын қатысатын. Дегенмен, көпшілігі бұл үлкен додадан тыс қалып жүрді. Сондықтан Шымкенттегі қалталы азаматтарды өнердің осы саласын жандандыруға үлес қосуға шақырдым. Өкінішке қарай, қоғамдық шараларға келгенде белсенділік танытып, жұрт алдында руханиятқа жанашыр болып көрінетін ағаларым құрғақ уәдемен алдаусырата берген соң 1997 жылдың қыркүйек айында «Домалақ ана» қорының төрағасы, әулие Домалақ анамызға кесене салдырған ер мінезді, жаны жомарт Алтынбек Төлепбеков ағамыздың алдына бар үмітімді арқалап бардым.
Сонда Алтекең ойға алған істерді жүзеге асыруға қолдау білдіретінін айтып, мені қатты қуанып тастаған еді. Осылайша «Домалақ ана» қоры жанынан «Айтыс» отауы құрылып, оған әдеби кеңесші болып талантты ақын Әбілда Аймақ сайланды. Сол күннен бастап Алтынбек аға айтыстың шамын қайта жақты, қазақтың киелі өнері шын жанашырын тапты деуге болады. Отырар ауданы, Балтакөл ауылында тұратын Тәушен Әбуоваға барып, айтыс өткізгелі жүргенімізді жеткіздім. Тәушен апамен көптен бері көріспегендіктен шұрқырасып амандасып, мәз-мәйрам болыстық. Отағасы Серікбай ата мені қолдағанымен, ақын апа «Жауабын кейін айтамын» деп шығарып салды. Одан кейін Түлкібас ауданы, Жиынбай ауылдық округіне барып, Тұрар Байсариевпен жолықтым. Оның да жауабы құдды Тәушен апамдікіндей болғанына таң-тамаша болып қайттым. Арада бес күн өткенде алдымен Тұрар Байсариевке, содан соң Тәушен Әбуоваға қайта келдім. Екеуінің жауабы бір жерден шықты. «Қартайдық, суып қалдық, ұят болар, жастар бар ғой» деді. Содан әбден басым қатып келе жатқанымда кітаптан оқыған «Ұлы мақсатқа қол жеткізу үшін Отанға төнген қауіпті сейілткен өтірік айту күнә емес» деген сөйлем ойыма орала берді. «Құдай кешірсін» деп осы тәсілді қолдануға бел буып, ертеңіне Тәушен Әбуоваға қайта бардым. «Сіз айтысқа келмей-ақ қойыңыз. Бірақ, кеше бір тойда Тұрар ақсақал Тәушеннің менімен айтысуға шамасы келмей қапты. Әйтпесе, Нышан мен Алтынбек ұйымдастырып жатқан айтысқа келер еді ғой депті. Соны сізге айтуға келіп едім» дей салдым. Ол кісі: «Нышанжан-ау, сенің әзілдерің көп қой. Бұл сөзің де соның бірі шығар. Мен білетін Тұрекең ондай іске бармайды» деп сөзіме сенер-сенбесін білмей дал болды да қалды. Біз де шайға қарамай үй телефонымыздың нөмірін қалдырып асығыс жүріп кеттік. Тұрар Байсариевке келіп ақын апамызға айтқандарымды өңін айналдырып жеткіздім. Алғашында абдырап қалса да, Тәушен апамызға шық жуытпауға тырысып бақты. Үш күннен кейін үйдегі телефонға Тәушен апам қоңырау шалып: ««Нышанды әбден әуре қылдың» деп үйдегі шал да ұрсып жатыр. Ана шал қалай қарайды? Жағдайы қалай? Не істейміз?» деді. «Өзіңіз дайынсыз ба?» деп едім, «Мен дайынмын, қу шалдың жынын қағып аламын» деп тұр жарықтық апам. Жүрегім қуаныштан жарыла жаздап Алтекеңе барып мән-жайды баяндадым.
Бірінші айтыстың шымылдығын Тұрар ата мен Тәушен апа ашты. Әрі қарай айтыстың көрігін Мұхтар Құралов ағамыз бен Әселхан әпкеміз және басқа айтыскерлер қыздыра түсті. Сахна мен көрерменді сағынған болуы керек, ақындарымыз көсіле шапты. Соңынан Алтекең сый-сияпат жасап, Сәуле жеңгейдің берекелі дастарқанынан дәм татып тарқастық. Бұдан кейінгі айтыстар бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып, ұлттық төл өнерімізді жаңғыртуға ел жұмыла кірісті. «Домалақ ана» қоры жанынан құрылған «Айтыс» отауы 2000 жылға дейін өте жемісті еңбек етті. Тұрар ата мен Тәушен апаны ел аралатып, халықпен қауыштырып, айтыс ұйымдастырды. Бұл кісілердің бір-біріне деген таза көңілдері, өнерге адалдығы, тағы басқа жақсы қасиеттері өз алдына бір кітапқа азық болар дүние еді деп ойлаймын.
Сөзімді қорыта келе екі ақынның сөз қағысуынан үзінді келтіре кетуді жөн санап отырмын.
Тәушен апа:
Отырардан ақ жаулық
желбіретіп,
Өлеңімді ап келдім мөлдіретіп.
Қалихан, Манап ақын кетіп
қалды,
Сіз жүрсіз жүрегімді елжіретіп.
Құлазыған көңілді көктем етіп,
Халқым қолдар ақынын
еркелетіп.
Жыныма тие бермей аңдап
сөйле,
Әйтпесе жіберемін тентіретіп.
Тұрар ата:
Сахнадан қусаң-дағы желкелетіп,
Тәушенжан деп жүрміз ғой
еркелетіп.
Көп мықты ақын кетіп,
сен қалдың деп,
Мақтап алып қоймақсың
тентіретіп.
Ол рас отты өлең құрағаның,
Сан рет соқсаң-дағы құламадым.
Қалиханның мүйізін қағып алып,
Ұят болды-ау Манаптың мұрнын
сұрағаның.
Киелі сахнада жұптасып, елге адал қызмет еткен қос қария бүгінде арамызда жоқ. Көзі тірі болғанда Тәушен апа 90-ға, Тұрар ата 100-ге келер еді.
2009 жылы Шымкентте халық ақыны Айнабек Нысановтың 100 жылдығына орай «Сағындырған саңлақтар» атты әдеби-музыкалық кеш өткіздік. Сонда Молда Мұса рөлін шаяндық Ерғали Жүнісбеков, Манат қызды Ұлбосын Темірбаева, Айнабек Нысановты Тұрсынбай Жәнібеков, Құлжабай Төлеуовті Мықтыбек Досжанов, Көпбай Омаровты Жақып Сыпатаев, Тәушен Әбуованы темірландық Манзура Есетова керемет ойнап шықты. Іс-шараны жыр-шашуымен ашқан Тұрар Байсариев «Рахмет саған, Нышанжан. Бәрі тамаша» деп баға беріп, Тәушен рөлін сомдаған Манзура Есетоваға ризашылығын білдіріп, «Апаңнан аумайтын әртісті қайдан тапқансың» деп көзіне жас алғаны бар еді.
Нышанбек ТӨЛЕГЕНОВ,
әнші-сазгер,
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері.