Сталинге хат жазған Емберген Алтынбеков туралы не білеміз?

Облыстық қоғамдық-саяси  мемлекеттік архивінің қорында Сталинге хат жазған бесеудің бірі, қазақ халқының аяулы ұлы – Емберген Алтынбековтің өмірінен сыр шертетін бірқатар құжаттар жинақталған.

Емберген Алтынбеков 1904 жылы Перовск (Қызылорда) уезінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі 1916 жылы қайтыс болып, еңбекке ерте араласқан. Жетім қалғандықтан мектеп-интернатта тәрбиеленген. Мектептен кейін  Шымкент педагогикалық техникумында оқып, педагог мамандығын алған. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, 1919 жылы комсомол қатарына өткен. 1922-1925 жылдар аралығында комсомолдың басшылық жұмыстарын атқарған. 1924 жылы Ташкент қаласындағы тұңғыш оқу орны – Қазақ педагогикалық институтын бітіріп, жоғары білімді маман болып шығад. 1932 жылы 4 шілдеде қазақ зиялылары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекинге қазақ халқының бастан кешіп отырған трагедиясы туралы хат жолдағаны белгілі. Бастапқыда бұл хат И.В.Сталинге арналып жазылған. «Бесеудің хаты» деген атпен тарихта қалған бұл хат республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі еді.

Хаттың авторлары – жазушы Ғабит Мүсірепов (1902-1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903-1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904-1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904-1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев (1906 жылы туылған, қайтыс болған жылы белгісіз) қуғынға ұшырайды.

1933 жылы Голощекиннің тұсында Емберген Алтынбеков асыра сілтеу саясатының құрбаны болып, «Жұртшылықтан тұқымдық астық жинамаған» деген сылтаумен партия қатарынан шығарылып, үстінен қылмыстық іс қозғалған. Алайда, көп ұзамай Мирзоянның тұсында ақталып, Өлкелік комитетке нұсқаушы қызметіне бекітілген. 1937 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық партия комитетінде басшылық қызметте жүргенде бұрын Өзбекстанға ауып кеткен 1000 отбасының елге оралуына ықпал еткен. Дегенмен, тоталитарлық жүйе өз дегенін істеп, 1938 жылғы алапатта «Революцияға қарсы ұлтшыл бүлдіргіш ұйымға қатысты» деген жаламен Канск лагеріне айдалған. Ұлы Отан соғысы қарсаңында ісінде қылмыс құрамы болмауы себепті, ақталып шыққан. Соғыс жылдарында қазіргі Түркістан облысының Келес, Сарыағаш аудандарын басқарған. 

Қиын да ауыртпалыққа толы ғұмыр кешкен Емберген Алтынбеков 1954  жылы өз отбасының ортасында дүниеден өтті. 

Гүлнар ШАРДАРБЕКОВА,

облыстық қоғамдық-саяси мемлекеттік архивінің басшысы.

Пікір қалдырыңыз