Тайқазанға тағам жасамаған

Дилара БИМЕНОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Әмір Темір заманынан қалған құнды жәдігерлердің бірі тайқазанның тарихи отанына оралғанына биыл – 33 жыл. Тарқатыңқырап айтсақ, 1935 жылы тайқазан Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өтетін Иран шеберлерінің ІІІ халықаралық конференциясына үш айға жіберілген болатын. Содан араға 54 жыл салып, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде Түркістанға қайта әкелінді.

Осы атаулы датаға орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері дәстүрлі түрде жыл сайын Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінде көрме өткізеді. Көрменің бұл жолғы тақырыбы «Құт пен берекенің символы – Тайқазан» деп аталды. Онда тайқазанның тарихына қатысты бірнеше мұрағаттық суреттер қойылды. Шараға жиналғандар тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқан және Эрмитаждан елге оралған сәтіндегі суреттерді қызыға тамашалады. Тайқазанның елге қайтарылуына қатысты жазылған ресми құжаттар да келушілердің назарын аударды. Экскурсоводтар қазанның тұғырлы және тұғырсыз деп екі түрге бөлінетінін айтады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде осы өңірде сақ дәуірінде қолданылған тұғырсыз қазандар табылыпты. Олар да көпшілікті таң қалдырған жәдігерлердің бірі болды.    
Сонымен қатар, аталмыш музей қызметкерлері тайқазанға қатысты деректермен бөлісті. 
– Тайқазан 1399 жылы Ясы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан Қарнақ қаласында құйылған. Оған сирек кездесетін 7 түрлі металл қоспасы пайдаланылған. Шебер Әбділәзиз бин Шарафуддиннің қолынан шыққан алып қазанның салмағы – 2 тонна. Сыйымдылығы 3 тонна болған. Тайқазанға тағам жасалмаған. Оған су толтырып, тәтті араластырып қойған. Кесенеге зиярат етіп келушілерге сол су ұсынылған. 
Бұл сөзімізге Тайқазанның сыртында жазылған үш қатар жазу дәлел бола алады. Алғашқы қатарда Құранның Тәубе сүресінің 19-шы аяты мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисі келтірілген. «Кімде-кім Алланың жолында жүрген зияратшыларға арнап су орнын жасаса, жәннатта оған «хауыз» деген орын беріледі» делінген. Және тайқазанның Әмір Темірдің бұйрығымен жасалынғаны көрсетілген. Екінші қатарда «Құтты болсын!» деген сөз 18 рет қайталанған. Қазанды жасаған шебердің де аты-жөні бар.  Үшінші қатарда бұл мүлік тек Аллаға тиесілі екені жазылған, – дейді экскурсовод Марина Ысқақова. 
Көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этно-граф Өзбек­әлі Жәнібековтің сіңірген еңбегі орасан зор. Көрмеге тайқазанның елге оралуына үлес қосқан жергілікті азаматтар  шақырылған екен. Солардың бірі Әбдісадық Әбдіразақовпен тілдестік. 
– Мен ол кезде аяқ киім тігетін кооперативтің басшысы болатынмын. Түркістан қалалық атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков еді. Ол тайқазанды елге қайтару мақсатында Санкт-Петербургке бірнеше рет барды. Бірде «қазанды алып келемін» деп жолға шыққанында қасына өзімен бірге мені ертті. Бұл сапар да сәтсіз аяқталды. Содан елге келгеннен кейін арада көп уақыт өтпей қайта хабарласып, жолға дайындалуым керектігін жеткізді. Осы жолы тайқазанды міндетті түрде алып келетінімізді айтты.
«Санкт-Петербургтің тұрғындары елдің өнімінен дәм татсын» деген ниетпен жүк көлігіне қарбыз тиедік. Біз ұшақпен бардық. Жүк көлігі келгеннен кейін тайқазанды сыртқа қалай шығаратынымызды білмедік. Музейдің есігі тайқазанның көлемінен әлдеқайда кішкентай еді. Бірақ, бір терезенің ұзындығы мен ені қазанға сәйкес келді. Сөйтіп, жәдігерді кранмен терезеден сыртқа шығардық. 
Тайқазанды алып келе жатқанымызда Түркістанның кіре берісінен адамдар бізді екі қатарға тізіліп тұрып күтіп алды. Сондағы қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаспын, – дейді Әбдісадық 
Әбдіразақов.
Көрме бір ай бойы жұмыс істейді. 

Суреттерде: (жоғарыда) Түркістандағы тайқазан, (төменде) көрмені тамашалаушылар.
Пікір қалдырыңыз