Отбасының цифрлық картасы

«2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы  және Әлеуметтік әмиян  сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады». 

(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі  қоғам» атты 
Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан).

Бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылғанындай, аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау саласындағы заңнамадағы күтілетін өзгерістерге тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік саласын жаңғырту мәселесіне айрықша назар аударылып отыр. 

Біріншіден, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды  

Іс жүзінде бұл карта — әлеуметтік мәртебесіне байланысты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Ол – көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының жаңа құралы. Яғни мемлекет ақпараттық жүйе арқылы азаматқа тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады. 
Бұл жоба қалай жұмыс істейді? Бастапқы кезеңде  мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің  деректері негізінде  отбасылардың әл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жүргізілді. Цифрлық картада шамамен облыс бойынша 581,3 мың отбасы және оның 2,1 миллион мүшесі туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылды. Карта деректері отбасы және оның мүшелері мәртебесінің  өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда  мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін  әлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін әлеуметтік жәрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады. 
Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алу мүмкіндігі ұсынылды. Ал, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап тізбе әлеуметтік  қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтілетін болады. 2024 жылдың қаңтарынан денсаулық сақтау  және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізілмек. 2025 жылдан мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады. 
 
Екіншіден, жұмыспен қамтудың жаңа саясаты

 Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыру мақсатында саяси жаңғырту басталды. Қолайлы іскерлік климат, адал бәсекелестік және инвестицияларды тарту үшін экономикалық трансформация іске қосылды. Жүргізіліп жатқан трансформациялардың үшінші стратегиялық  басымдығы әділ әлеуметтік даму моделін қалыптастыру болуы тиіс. Ол азаматтарды өнімді жұмыспен қамтуға  және әрбір тараптың жауапты рөлін белгілейтін  жаңа «әлеуметтік шартқа» негізделетін болады. Яғни  мемлекет жұмыспен қамтудың атаулы бағдарламаларын қамтамасыз етіп, оларға қатысудың ашық ережелерін қамтамасыз етеді;
– жұмыс берушілер өнімді жұмыс орындарын құрады және жұмысшыларды әділетті түрде марапаттайды;
– азаматтар масылдықты қабылдамайды және өзінің кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіріп отырады.
Мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы әлеуметтік әріптестіктің дәл осы формуласы «еңбекке қабілетті азаматтардың барлық санаттары үшін нәтижелі жұмыспен қамту үшін тең бастапқы жағдай жасауға» бағытталған жұмыспен қамтудың жаңа саясатын қабылдауды талап етеді.

Үшіншіден, жаңа көші-қон саясаты 

Әлеуметтік кодекс жобасында жаңа көші-қон саясатының төмендегідей негізгі бағыттары қамтылған. Негізгі бағыттарының бірі:
– көші-қон ағындарының ұлғаюы мен және босқындардың көптеп келуі мүмкіндігіне байланысты тәуекелдер мен ықтимал салдарлардың алдын алу;
– инвестициялар үшін ашықтықты сақтау және Қазақстанды жоғары білікті мамандарды тарту орталығы ретінде көрсету.
Белгіленген міндеттер негізінде бұрынғы тәсілдер түбегейлі қайта қаралып, көші-қон саясатының негізгі басым бағыттарын айқындайтын «Ашық Қазақстан +500» тұжырымдамасының жобасы әзірленді. 
1. Елге білікті мамандардың келуін ынталандыру. 
2. Бизнес-иммиграция үшін мүмкіндіктерді ынталандыру және кеңейту. 
3. Этникалық көші-қонды одан әрі дамыту.
4. Ішкі көші-қонды реттеу және ынталандыру.
5. Қазақстан азаматтарының көшіп кетуі.

Төртіншіден, балалы отбасыларға қолдау көрсету шаралары 

Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Әлеуметтік кодекстің жобасында  да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы  толық сақталған.  Дегенмен, отбасының жекелеген санаттарын қолдаудың қолданыстағы шараларын күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілуде.
1. Бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. Бұл құқықты жарты миллионға дейін ата-ана пайдаланатын болады. Оған қоса бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне  қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуі тиіс. Бұл төлем бүгінде МӘСҚ-ға аударымдар жүргізілген табыстың 40 пайызын құрайды. Ал, жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейін, соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар  ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер болады. 
2. Төлем мөлшері жәрдемақы мөлшерінің деңгейінде жүргізіледі. Жаңа кодекс бойынша бала күтімін  атқаратын ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда төлемдер республикалық бюджеттен жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді.
3. Көп балалы аналарға арналған жәрдемақы. Ең алдымен, кодекс бойынша «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізілетінін атап өткен жөн. Әлеуметтік кодекс қабылданғаннан кейін «Алтын алқа» алқасымен, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері мен «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар үшін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін артатын болады. Бұл мәртебе  көп балалы ананың сіңірген еңбегін құрметтеу  және тану ретінде өмір бойы «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендері бар әйелдерге берілетін болады. Екінші наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері сараланбақ. Бүгінде 6,7 және одан да көп  бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алуда.
4. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау. Сонымен қатар, әлеуметтік көмектің осы түрін алушылардың сұраныстарын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға ұсынылатын кепілдендірілген әлеуметтік пакет заттай көмектен монетизацияланған көмек түріне ауыстырылатын болады. Бүгінде Қазақстанда 190 мыңнан астам аз қамтылған отбасынан миллионға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек түрінде  мемлекеттен қолдау алады. 2020 жылдан бастап осындай отбасылардан шыққан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар заттай түрдегі кепілдік берілген әлеуметтік пакет ұсынылады. Бұл шара қиын өмірлік жағдайға  тап болған отбасылар үшін жақсы қолдау болды.

Бесіншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту

Бұл – əр адамның жеке қажеттіліктеріне негізделген қызметтер болып табылады. Мысалы, сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған логопед қызметі, мектепке баруға мүмкіндігі жоқ балаларды үйде оқыту, жүрегіне операция жасағаннан кейін азаматтарды медициналық оңалту, жүріп-тұруы қиын адамдарға арбалар беру жəне тағысын-тағылар. Соңғы жылдары елімізде егде жастағы адамдар (2 миллионнан аса) мен мүгедектігі бар адамдар (700 мыңдай) санының көбеюіне байланысты азаматтардың бұл қызметтерге қажеттілігі артуда.
Көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін төмендегідей нарықтандыру жүргізілді. Мемлекеттік интернат үйімен қатар үкіметтік емес ұйым мен жеке сектор субьектілері арнаулы қызметтер көрсетеді. Мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтер  мен тауарлардың шарайнасы (витринасы) іспеттес Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді. Оның арқасында азаматтар тауарларды немесе жеткізушілерді  өздері таңдау мүмкіндігіне ие болды. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс  жобасында мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың  және азаматтардың  өздерінің қатысуына назар аудара отырып, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту көзделеді.

 Алтыншыдан, Қазақстанда зейнетақы төлемдерін арттыру

1. Әйелдер зейнеткерлікке 61 жаста шығады. 
Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылды.
Олардың бірі – 2023 жылдан бастап əйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру. Бұл шара коронавирус  пандемиясының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына  теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданбақ. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге  және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ, кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады. 
2. Қазақстанда зейнетақы төлемдері өседі.
 Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша  жаңа шаралар топтамасы ұсынылды: 
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақының  мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 70 пайызына дейін, ең жоғарысын – тиісінше 100 пайыздан 120 пайызға дейін кезең-кезеңмен жеткізу. 
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемін  енді зейнеткер атанғандар  үшін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін ұлғайту. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға өсіруге  және жиынтық зейнетақыдағы  мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын  арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдайды.
3. Жұмыс берушілер есебінен қосымша зейнетақы жарналарын енгізу.
 Жұмыс берушілер есебінен қосымша зейнетақы жарналарын кезең-кезеңімен енгізу 2023 жылы 1,5 пайыздан 2027 жылға қарай 5 пайызға дейін. Осылайша мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің өзі қазіргі жас ұрпақты зейнетақымен қамтамасыз етуге жауапты болады. Бұл – әлемдік тәжірибе, сондай-ақ, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі.
Сөзімді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында арнаған мына сөздерімен аяқтағым келеді: «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақ-станның болашағын айқындайды. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз».

Әсия ТЕМІРБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік 
бағдарламалар басқармасының басшысы.


Пікір қалдырыңыз