Көпжасар тез ұмытылып кететіндерден емес еді

«Ол өнер өлкесінің шыңында тұрды»
«Оңтүстік Қазақстан». №84. 2 шілде, 2022 жыл.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Абзал Әділбековтің Шаян халық театрының негізін қалаған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Көпжасар Момышов туралы мақаласы қалың оқырманның көңілінен шыққан дүние болды десек, қателеспейміз. Көпжасар Момышов қазақ өнеріне өзіндік ізін қалдырған қайраткер тұлға еді. Басқа еңбектерін айтпағанда, Шаян халық театрын құрып, оны Мәскеудегі үлкен сахнаға алып шығуының өзі неге тұрады?! Сол Көпжасар ағамыз іргетасын қалаған Шаян халық театрының құрылғанына биыл алпыс жыл толып отыр.
Біз әр жылдарда осы театрдың және «Шаттық» халық ән-би ансамблінің құрамында көрермендерге мәдени қызмет көрсеттік. Бүгінде сол сағым жылдарға сіңіп кеткен күндерімізді сағынышпен еске аламыз және мықты ұжым қалыптастырғанымызды мақтан тұтамыз.
Көпжасар көкеміз қан майданнан жараланып келді. Денсаулығының нашарлағанына қарамастан күні-түні еңбек етіп, өнер, мәдениет үшін тер төкті. Әрине, төккен тері зая кеткен жоқ. 1966 жылы Мәскеуден мерейлі оралып еді. Ол мықты музыкант, сыршыл суретші, талантты режиссер, дарынды ұйымдастырушы бола білді. Осындай дара талант иесінің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Осы ретте Көпжасар Момышов ағамыздың есімін Шаян халық театрына берсек, мұның өзі үлкен сауапты іс болар еді. Шындығында, біз бұл мәселені бұрын да көтергенбіз. Алайда, түрлі себептермен үнемі кейін шегеріліп келеді. Енді сол олқылықтың орнын толтырудың орайы келіп тұрған жоқ па?! Театрдың алпыс жылдық, ағамыздың жүз жылдық мерейтойлары қарсаңында өзі ұйымдастырған театрға атын берсек, мұнымыз көшелі елдің, көргенді ұрпақтың тірлігі болып шықпай ма?!
Осы жерде тағы бір жәйтті айта кеткіміз келеді. ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 3 сәуірдегі Қаулысына сәйкес Ақмешіт ауыл округіндегі Кеңестөбе елді мекеніндегі Мәдениет үйі Манатқыз апамыздың есімін иеленген еді. Алайда, бұл Мәдениет үйі осы күнге дейін атаусыз қалып қойды. Өйткені, Мәдениет үйі маңдайшасынан ешқандай белгі көре алмайсыз. Жергілікті тұрғындар да «мәдениет үйі» дейді де қояды. «Манат қыз атындағы Мәдениет үйі» десе, жарасып тұрмас па?! Ендігі жерде осы олқылықтың да орнын толтыру керек-ақ.
Тұрсын ДҮЙСЕНБИЕВА, Нышан ТӨЛЕГЕНОВ, Ғалия МАСАУЫРОВА, Гүлбала ӘБУОВА, Ақмарал
БИНАЗАРОВА, «Шаян» халық театрының алғашқы мүшелері.