«Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса...»

Ахмет Байтұрсынұлы – бала оқыту ісін жолға қоюға ерекше құлшыныспен кіріскен тұлға. Оған  ұстаздың әр жылдары білім беру мәселесіне қатысты жазған  мақалалары дәлел. Атап айтар болсақ, ғалым «Жазу тәртібі» (1912), «Жазу мәселесі» (1913), «Қазақша сөз жазушыларға» (1913), «Қазақша оқу жайынан» (бас мақала, 1913), «Оқу жайы» (1913), «Орысша оқушылар» (1913), «Оқыту жайынан» (1913), «Бастауыш мектеп» (1914), «Мектеп керектері» (1914), «Қалам қайраткерлері жайынан» (1922), «Қазақты ағарту халімізден» (1922),  «Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек» (1923), «Баулу мектебі» (1925), Жалқылау (айырыңқы) әдіс» (1927), «Ана тілінің әдісі» (1927),  «Қай әдіс жақсы» (1928), «Емле туралы» (1929 ) атты тақырыптарда жарық көрген мақалаларында қазақ мектебін алға сүйрейтін әрекеттерді көрсетуге тырысқан.

Мәселен, «Қазақ қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында: «Тiрнек iсiнен шыққан шеберлiктi өнер деймiз, сана-саңылау күшiнен шыққан бiлiмдi ғылым деймiз. Бұл екеуi де iштен адаммен бiрге туатын нəрсе емес, үйренумен табылатын нəрсе. Үйрену дегенiмiз – оқу. Сөйтiп, мəдениет жүзiнде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мəдениет жiгi жоғалуы оқуға келiп тiреледi» деп жазады. Яғни оқу арқылы өнерді де, ғылымды да үйренуге болатынын, мәдениетке сол арқылы қадам жасалатынын  айтады. 
Ал, «Мектеп керектері» мақаласында мәселені оқуға қажет құралдардан бұрын  мұғалім мен оған қойылатын талаптан бастайды.  «Мұғалiм нашар болса, сайлы мектепте отырып сабақ бере алмайды. Мұғалiмдiк оңай нəрсе емес. Тəртiппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тəртiппен оқыта бiлетiн мұғалiм керек» дейді. Бұл мәселе тап бүгін де өте өзекті. Мектептерде оқу-құралдары, техникалар жеткілікті дегенмен, мұғалімдер біліктілігі жағынан ақсап тұр. Ахмет Байтұрсынұлы «Оқыту жайынан» мақаласында «жақсы мұғалім» деген сөзді қолданады. Ғалымның пікірінше, мұғалімі қандай болса, мектебі де сондай болмақ. Әрине, мұғалім білімді болуы керек. Алайда, оның білімді болғанынан гөрі білгенін өзіндік әдіспен үйрете алуы маңызды. «Тəртiппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тəртiппен оқыта бiлетiн мұғалiм керек. Оны бiлмейтiн мұғалiмдер тəртiппен жасалған оқу құралдарын тəртiпсiз жасалған құралдар орнында тұтынады» дей келіп, оқыту жайын мұғалім жақсы білсе, екі тараптың, яғни мұғалім мен шәкірттің жұмысы жеңіл жүретінін айтады. Педагогика мен методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалімді «мектептің ең керегі» дейді А.Байтұрсынұлы. 
Оқыту ісі ел түзеу ісімен сабақтас дүние. Сондықтан  қазақ зиялылары елді дамыту бағытындағы жұмысын бала оқытудан бастады. Дегенмен, қазақ даласындағы мектептердің үлесін арттыру мен дәулеті кем адамдардың балаларын да оқуға тарту мәселесін шешуге қаржылық тапшылық қолбайлау болды. Ахмет Байтұрсын-ұлы мектеп ашу ісіне қатысты ұсыныстарын газет бетінде жариялап отырды. 
Айталық, «Қазақша оқу жайынан» мақаласында: «Бала оқытуын жақсы бiлейiн деген адам əуелi балаларға үйрететiн нəрселерiн өзi жақсы бiлерге керек, екiншi, баланың табиғатын бiлiп, көңiл сарайын танитын адам боларға керек. Оны бiлуге баланың туғаннан бастап, өсiп жеткенше тəнiмен қатар ақылы қалай кiретiн жолын бiлерге керек. Баланың iсiне, түсiне қарап, iшкi халінен хабар аларлық болу керек» деп жазды. Осы талап бүгін де, кейін де өзектілігін жоймақ емес.   
Ал, «Орысша оқушылар» атты мақаласында баланы тәрбиелеу үшін алдымен оған қамқорлық таныту керектігін айтады. Оқырманға «Жақсы тәрбие жақсы тәрбиешіден басталады» деген ой тастайды. 
«...Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып, оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, сонда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымын деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштармыз деп жүр. Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы... Мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілері де көбеюі ықтимал»  дейді. Қазақ елінің болашағы – ізгілікке тәрбиеленген жас буынның қолында. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытатын мұғалімдер осы істің бастаушысы ретінде дұрыс жұмыс жүргізе алса, онда елдің келешегіне алаңдауға негіз болмайды.   
Ахмет Байтұрсынұлы білім беру әдістері «жалаң оқытуға» түскен жағдайда «өлі оқуға» айналуы мүмкін екенін ескертеді. «Оқу біткеннің бəрінен алатын білім – өлі білім. Өйткені, оның бəрі де нəрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нəрсенің  атымен ғана  айналыстырып, тек мəнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандарда мəніс білім мол болғанмен, əдіс  білім  аз  болады.  Əдіссіз  тек  мəніс  білімі  –  өлі  білім.  Тіршілік  –  тірлік  шарасы.  Тірлік  шарасына  үйрететін  білім   тірі  білім  болу  керек» дейді. Шынында да, біздің оқыту ісіндегі кемшілігіміз осында. Жаңартылған білім беру мазмұнында көтеріліп отырған басты мәселе –өмірге қажет білімді меңгерту және оны орнымен қолдана алу. 
Ахмет Байтұрсынұлының пікірінше, оқытудың ең тиімді әдісі – баулу әдісі. «Баулу мектеп» –  ұйым түрінде іс қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші болып, ұшқанда алатын нəрсесіне ұяда баулынған қыран баласы сияқты жастар шығаратын орын»  дейді. Бүгінгі қазақ қоғамының да ең басты талабы осы «Баулу мектебі» болып отыр. Оның болашағы зор деп білеміз.
Ғалым-ұстаз «сауаттау әдісінің» ерекшелігін оқу мен жазуды салыстыру арқылы көрсетуге тырысады. Сауаттылық үшін маңыздысы оқу ма, әлде  жазу ма дей келе, жазуды сауаттылық өлшемі деп бағалайды.
Қай уақытта да білім беру жүйесі өмір талабы, заман ыңғайына сай үйлестіріледі. Десек те, бала оқыту ісінде уақыт ысыра алмайтын, мазмұны жойылмайтын басты ұстанымдардың болатыны анық. Ахмет Байтұрсынұлының бала оқытуда тиімділігін көрсеткен сондай ұстанымдары мен әдістемелерінің бізге берері көп.   

Ұлжан ЖОЛДАСОВА, 
Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті 
пәнінің мұғалімі.
Түркістан қаласы. 

2 пікір

Пікір қалдырыңыз