АҚЖАН ӘЛ-МАШАНИ және ОТЫРАР

Ғұмырының жартысын әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуге арнаған ғұлама ғалым Ақжан әл-Машани аға туралы айтар әңгіме көп. Ол өмірінің соңына дейін отандық және шетелдік фарабитанушы ғалымдардың ғылыми кеңесшісі болды. Әлем құрмет тұтқан отырарлық Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін тану, қазақ тіліне аудару, зерттеу, насихаттауда, Абай атамыз айтқандай, ыстық қайрат, жылы жүрек, нұрлы ақыл иесі бола білді.
Осы ұлы мақсатты орындау үшін ол ең алдымен сапарын Отырар–Оқсыз өңірінен бастады. Қасына Хамит ақсақалды ертіп, Отырар төбенің басына шығып, толқыған Ақжан әл-Машанидің өз сөзімен айтсақ: «...көз жетер жерде ешбір ел көрінбейді, қала да жоқ. Жып-жылмағай құлазыған қиян дала... Бір кезде дүние жүзіне аты шыққан әйгілі қала қайда? Әл-Фараби оқыған медресе қайда? Дуылдаған базар қайда? Отырардың Шыңғыс шабуылына ұшырағаны рас. Бірақ, сонан кейін жоғалып кеткен жоқ, көп замандардан соң атақты Әмір Темір Қытайға жорыққа аттанар алдында осы Отырарда болды емес пе? Сол сапарға аттанғалы тұрып 1405 жылы Отырарда қайтыс болған-ды». Осылай толғанған ол Отырар төбеде, Оқсызда бабаларға дұға бағыштап, Әл-Фарабидің кіндік қаны тамған өңірдің бір уыс топырағын қол орамалына түйіп алған болатын.
Бұл 1958 жыл еді. Алпысыншы жылдарға дейін көптеген қиындықтарға, кедергілерге кезігіп, әл-Фарабидің еңбектерін оқи алу мақсатында араб тілін меңгеруге ден қойды. Осы жылдары Алматы, Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Уфа қалаларынан әл-Фарабидің трактаттарын іздестірді. Осындай сапарларында Ақжан әл-Машани Уфа мешітінің қарамағындағы Ғалия медресесінің кітапханасынан әл-Фарабидің үш кітабын тапқан. Мешіттің имамы Камал Башари қази əл-Фарабидің қазақ-қыпшақ тумасы екенін естіп, сол кітаптың бірін оған сыйға тартыпты. «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби музейінің» қорында осы кітаптар сақтаулы тұр. Жоғарыдағы кітап бізге жеткен сол құнды жәдігер.
Музейдің аса құнды жәдігерлерінің бірі болып саналатын, әл-Машани аманат етіп тапсырған әл-Фарабидің трактаттары мыналар:
1. «Ізгі немесе қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы». Қолжазбаны көшірген дамаскілік Шейх Фарух Аллаһу Заки ал-Курди және Шейх Мұстафа Кабани. Мысыр, «Ніл» баспасы. 1907 жыл.
2. «Музыканың ұлы кітабы» трактатының фотокөшірмесі. Лейден кітапханасы. 123 бет. Халил Ахмад ибн Халилдың түсіндірмесімен 943 хижра жылының мухаррам айындағы бейсенбі күні аяқталды. Хижраның 482 жылындағы құрметті Рамазан айының ортасында жазылған нұсқадан көшірілді.
3. Аль-Фараби. «Большая книга музыки» (Китаб ал-музики ал-кабир) І-II том. г. Кайр, 1967. Көшірме. Араб тілінде жазылған. А.Ж.Машанов арнайы көшірмесін жасатқан. Алматы қаласы. 1987 ж. 577 беттен тұрады.
Ақжан әл-Машани «Музыканың ұлы кітабы» трактатының фотокөшірмесін Лейден кітапханасынан алдырады. 1962 жылы 11 қазанда Голландияның (Лейден қ.) Лейден университеті кітапханасындағы осы трактаттың фотокөшірмесі Қазақстанға осылай оралады. Ақжан ағаның 4 жылы әл-Фараби мирастарын аударуға, зерттеуге арналды. Ақжан әл-Машани халықаралық конференцияларда әл-Фарабидің ғылыми еңбектерінің Батыс өркениетіне ықпалы туралы көптеген баяндамалар жасады.
1968 жылы Ақжан әл-Машани өз қаражатымен Сирия, Ливанда болып, Дамаск қаласындағы әл-Фараби бабамыздың зиратын тауып, суретке түсіріп, басында дұға оқып, елден апарған бір уыс топырағын салып және сол қабірдің басынан бір уыс топырақты тәбәрік етіп алады. Осы сапардан кейін тағы да Отырарға келіп, ел ақсақалдары һәм зиялыларымен кездесіп, әл-Фараби бабаның зиратын тауып келгенін, осы күнге дейін атқарған шаруаларын айтып, ой бөлісті. Музей қорында осы күндердің куәгері Ақжан әл-Машанидің және Әселхан Қалыбекованың өлеңдері бар.
Музей қорында әл-Машанидің көптеген мақалалары, кітаптары, хаттары сақтаулы. Оларды болашақта зерттеп, көпшілікке таныстыруды жалғастыра береміз.
2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірігіп, «Отырардан басталған әл-Машани ізімен» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткіздік. Сол жылы салтанатты түрде әл-Машанидің көрме залы ашылған болатын. Осы көрмеден әл-Машанидің ғылым мен парасат жолында жасаған еңбектері қойылған. Ал, биыл әл-Машанидің 115 жылдығы құрметіне халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тұран тарихын, мәдениеті мен ғылымын, тілі мен дінін зерттеп, артына мол мұра қалдырған әл-Машани 90 жасқа қараған шағында «Әл-Фараби және Абай» деген еңбегін жазған еді. Осы кітапта Отырар өңірінен басталған ғылым жолы жан-жақты айтылған.
1958 жылы Отырарға келген сапарында Хамит ақсақал екеуі Арыстан баб әулиенің басына барып, дұға оқығанда әл-Машани кесененің қабырғасы дымқылданып, үгітіліп, құлауға шақ қалғанын көріп қамығады. Ол кесене жанынан арық қаздырып, судың арыққа қарай ығысуынан ғимаратты аман сақтап қалу жолдарын айтып, кеңес береді. Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі жанашырлық қалыпта екен: іші де, сырты да бұрқырап жатқан топырақ, ішіндегі заттардың көбісі бұрыш-бұрышқа үйіліп қойылған. Тайқазанды Ленинград эрмитажына алып кеткен. Монша, хилуатхана сияқты қосымша құрылыстар құлаған, жабылған...» деген әл-Машанидің естелігін оқып отырып, кешегі күннен хабар аламыз. Ғұлама ғалым жасының сексенге келіп, денсаулығының сыр бергеніне қарамай, министрліктің шақыруымен Отырар археологиялық музейінің ғылыми кеңесшісі қызметін 1985 жылдың ақпанынан тамызға дейін атқарады. Бұл ақпараттың дәлелі ретінде музей қорындағы құжаттарды ұсына аламыз. Осы аз ғана уақытта әл-Машани қыруар жұмыс атқарады. Мәселен, Ленинградтағы тайқазанды қайтару, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне ғылыми тұрғыдан мәдени ескерткіш мәртебесін беріп, сақтау, қорғау туралы мәселелер көтереді.
Әл-Машани 1986 жылы КСРО Мәдениет министрі П.Демичевке жазған хатында былай дейді: «...Осы өңірдің халқы, осы уақытқа дейін Ленинградтағы Эрмитажда тұрған Ахмет Ясауи кесенесінің тайқазанын орнына қайтарудың дұрыстығы жөнінде сұрақ көтеріп жатыр. Эрмитаж әкімшілігімен хат алмасып, пікір білдіргенімізде, олар тайқазанды қайтаруға қарсы еместіктерін көрсетті. Бұл мәселе оң шешімін табады деген сенімдеміз...» Осы хат жазылғаннан үш жыл өткесін – 1989 жылы Ақжан әл-Машани сияқты ұлтын сүйген азаматтардың арқасында тайқазан тарихи Отанына қайтарылды. Әл-Машани Отырар археологиялық қорық музейінде «Әл-Фараби» залының тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасады. Оған қосымша, таныстырушы-гидтің келушілерге таныстыратын мәтіндерін өзі жазып шықты.
Ақжан әл-Машани әл-Фараби трактаттарын Берлин, Лиссабон, Париж, Каир, Мадрид қалаларының кітапханаларынан іздестіріп, сұрау салуды еш тоқтатқан жоқ. Ыстамбұлдан біраз дүние табады. Шетелге кетіп бара жатқанның бәріне «қарай кел» деп әл-Фараби мұрасын іздестіруді тапсырады. Нәтижесінде академик, дәрігер Сайын Балмұханов Ыстамбұлдан әл-Фараби кітаптарының тізімін әкеліп берсе, академик Шаһмардан Есенов Канадаға барған сапарында екінші ұстаздың Бейрутта араб тілінде шыққан еңбегін әкеліп, сыйға тартады.
Ол Отырар археологиялық музейінің негізін қалаушы Асантай Әлімовпен, «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің негізін қалаушы Абдулла Жұмашевпен, қазақтың мақтанышы, айтыскер ақын қызы Әселхан Қалыбекова сынды Отырар өңірінің құрметті зиялыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Осы ұлы достықтың куәгері болған фотосурет жәдігерлер музей қорында, көрме залында тұр.
Әл-Машанидің ізбасар шәкірті, тау-кен инженері Шәмшидин Әбдіраман: «Әл-Машанидің әл-Фараби әлеміне келуі де ерекше, Абайды тануы да ерекше. Ақжан әл-Машани халық үшін қандай соны істі қолға алмасын, тыңнан соқпақ салып, ғылымның жаңа бетін ашты» деп жазды.
Отырардан әлі талай ғылымның жаңа беттерін ашар ғалымдар шығарына сенеміз.
Жанболат ӘБЖАППАР,
«Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің бөлім меңгерушісі.