Ол үшін ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Бар ғұмырын еңбекке арнаған, туған жерін түлетуге атсалысып, елдің қамын ойлаған арамызда қаншама азаматтар жүр. Көп жыл бойы қызу еңбектің көрігінде шыңдалған, ұрпақ тәрбиесі жолында қолынан келгенін аямаған, болмысы берен, кеудесі кенен азаматтардың бірі – Төлеби ауданындағы «Қаратөбе» негізгі орта мектебінің директоры Елшібек Табылдиев. 
Ол «еңбек ет те міндет еттің» адамы емес, төрде отырып алмай, тынымсыз жұмыс істейтіндер қатарында ел-жұртына адал қызмет етіп келеді. Осы ауылдың тұрғыны Лесбек Әбдіраевтың айтуынша, еңбекқорлық Елшібектің бойына әкесі Өкімбектен ауысқан. Өкімбек Табылдиев те ауылдың бас көтерер азаматы болыпты. Тұрғындардың қамын ойлап, өзен үстінен көпір салдырған. Қойма меңгерушісі, звено жетекшісі қызметтерін атқарған Өкімбек аға сонымен қатар ауылдағы бар шаруаның ұйымдастырушысы да болыпты. Айталық, үйіргелік жердің су кезегі, қолдағы малды бағу кезегін үйлестіріп отырған. Анасы Ұлбала да ауыл-аймаққа сыйлы жан болыпты. Осындай жандардың ұлы Елшібектің бойына ізгі қасиеттер сіңбей қалуы мүмкін емес еді.
Задында, ұстаздықты Тәңірінің сыйы деп білуіміз керек. Екінің бірі мұғалім бола алады, бірақ нағыз ұстаз болу үшін қанға сіңген жақсы қасиет, үлгілі тәрбие, білімдарлық, ұстамдылық, ұйымдастырушылық, іскерлік, бұларға қосымша балаға деген іңкәрлік сезім қажет. Бала жанын, бала тілегін, бала жүрегін түсіне алған жан ғана ұстаз бола алмақ. Осы ретте Елшібек Өкімбекұлы ұлағатты ұстаз шыңына көтерілген ізгі жан. Қыран құсты зау көкке самғататын қос қанаты болса, адамды биікке шығаратын арманы мен мақсаты. Елшібек мұны үнемі шәкірттеріне айтып отырады. 
Елшібек Табылдиев жан-жағын мұзарт таулар қоршаған, еңісінде бұлқына аққан ақ көбікті өзені бар, табиғаты келіскен, төрт түлігі тоқ қайтатын өрістен Төңкеріс деген ауылда дүниеге келді. Ол жас кезінің өзінде көкте қалықтап ұшып жүрген қыранға, үйінің ішіне кіріп ұя салатын қарлығашқа қарап, ой жүгіртетін. Бала арман оны қай қияға апарып қондырмады десеңізші?! Ақырында ол дүние сырын бір ашса, физика әлемі ашады деген қорытындыға келді. Осы оймен мектеп бітірген соң Шымкент педагогикалық институтының физика факультетіне құжат тапсырды. Институтты бітірген соң оны жолдамамен Шардара ауданындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» орта мектебіне жіберген. Ол жаңа өлкеге тез сіңісті. Алғашқы еңбек жолы, романтикаға толы өмір кімді де болса алыстарға ұмтылдырады ғой. Елшібек осында жүріп, тәжірибелі ұстаздардан білмегенін үйренді. Достар тапты. Мұғалімдік қызметтің әліппесін үйреткен осы мектепке өзін әлі де қарыздар санайды.
Әйткенмен, ол отбасылық жағдайларға байланысты ауылға оралды. Мұнда оны «Балдыберек» сегізжылдық мектебі күтіп тұрған болатын. Ізденімпаз, жаңашыл ұстаз көп кешікпей аудандық білім бөліміне де танылды. Көп кешікпей Елшібек мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ол міне, осы кезде балаға білімнен бұрын тәрбие беру керектігін жақсы түсінді. Тәрбиелі бала сені ешқашан ұятқа қалдырмайды, сабаққа да барынша дайындалып келеді. Елшібек енді ұстаздық қызметіне қосымша қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастады. Физика пәні бойынша іс-тәжірибесі аудан көлеміне таралған Елшібек Табылдиев ендігі білікті басшы ретінде де танылған еді. Өзінің алдындағы директор басқа қызметке ауысқанда аудандық білім бөлімінің меңгерушісі кадр іздеп сарсылған жоқ. Елшібек лайықты кадр болатын. Елшібек осында директор болып келген соң мектеп сегізжылдықтан онжылдыққа айналды. Мектеп ғимараты тар болған соң ауданда алғашқылардың бірі болып асарлату әдісімен қосымша жай салды. Осылайша ауыл балаларының орта білімді өз мектептерінде алуларына зор ықпал етті.
Аудандық білім бөлімі 2012 жылы оны «Қаратөбе» орта мектебіне директорлық қызметке жіберді. Осында келісімен Елшібек Табылдиев мектептің материалдық базасын нығайтуды қолға алды. Алдымен мектеп асханасына ауыз су кіргізді. Санитарлық талаптар үшін мұның өзі маңызды болатын. Артынша оқушылардың сырт киімдерін ілетін орын әзірлетті. Мектептегі музейдің жұмысын жолға қойды. Музей құнды жәдігерлермен толықты. Ал, келесі жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, жылу жүйесін толық қалпына келтірді.
Бүгінде «Қаратөбе» негізгі орта мектебі аудандағы алдыңғы қатардағы білім ошағы саналады. Мұнда білім мен тәрбие сапасына, оқытудың әдіс-тәсілдерінің мазмұны мен мақсатына жіті көңіл бөлінеді. Жаңаша көзқарастағы мұғалімдер жас ұрпаққа терең мазмұнды білім берумен қатар оларды ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеуді бірінші орынға қойып отыр. Осының нәтижесінде оқушылар түрлі пәндік, зияткерлік олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларында облыстық, республикалық деңгейде топ жарып жүр. Айталық, ұлттық спортымыз аударыспақтан Қазақстан атын әлемге танытып жүрген Құралбай Ермек, Ағабек Ғабит Ерекеңнің шәкірттері.
Мектеп оқушылары жыл сайын ҰБТ-дан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, мектеп бітірушілердің 2015-2016 оқу жылында 50 пайызы, 2016-2017 жылы 57 пайызы, 2017-2018 жылында 82 пайызы грант иегерлері атанды. 2018-2019 оқу жылында 4 «Алтын белгі»,1 «Ерекше аттестат», 4 «Үздік аттестат» иегерінің шығуы мектеп басшысының ұйымдастыру қабілетін танытса керек. Бұдан кейінгі жылдарда да бұл көрсеткіш төмендеген жоқ.
2021 жылы мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін демеушілердің күшімен жобалық-сметалық құжат дайындалды. Бұл бастама облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты. Осылайша «Ауылым – алтын бесігім» жобасы бойынша мектеп 342 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Бұл іскер басшының ұйымдастыру қабілетінің жоғары екенінің тағы бір айғағы.
Міне, осындай сүбелі еңбектерінің нәтижесінде Елшібек Табылдиев 
«Ы.Алтынсарин» медалімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, облыстық мәслихаттың және облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, басқа да толып жатқан Алғыс хаттармен марапатталды. Солардың ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен алған Алғыс хаты бір төбе.
Елекең білікті маман, тәжірибелі басшы ретінде танылып қана қоймай, әріптестері арасында және азаматтармен қарым-қатынаста кішіпейілдігімен, сыпайылығымен де ерекшеленеді. Ол биіктерді бағындырғанды ұнатады. Айналасына осы мінезі ұнайды. 

Төлеби ауданы.

21 пікір

  • Дархан Ибраимов
    Дархан Ибраимов

    Еңбегіңіз өрлей берсін Алла күш қуат берсін сізге

  • Туймебаев Шохан Омирсерикулы
    Туймебаев Шохан Омирсерикулы

    Оте сауатты устаз, тамаш адам

  • Уркинбаева Гульнара
    Уркинбаева Гульнара

    Адамға игілік болып оралатын құндылықтарды еңбегіңіз жана берсін.

  • Оңғарова Алима Сусынқызы
    Оңғарова Алима Сусынқызы

    Мен бастауыш сынып мұғалимасы Оңғарова Алима Табылдиев Елшібек ағайды арман мақсаты орындалып,биікте қалқыған ,балаға білімнен бұрын тәрбие беруде қолынан келгенін аямаған,адал басшы ретінде танимын.Қаратөбе жалпы орта мектебінің материалдық базасын нығайтуға үлкен күш жұмсаған,әріптестер арасында өзін қарапайым,кішіпейіл және сыпайы қасиетімен нағыз білімді,білгір басшы екендігімен ерекшеленгенін білемін.Елшібек ағай бейнеттің зейнетін көріңіз.Отбасыңызға амандық,тек жақсы күндер нәсіп етсін!

  • Бақдаулет Ауесханұлы
    Бақдаулет Ауесханұлы

    Елшібек ағамыз бен Қойсынай жеңешеміз де білім саласында табанды еңбек етіп жүрген үлгілі жандар. Еңбектеріңіз жана берсін!

  • Сандыбаева Алина Сапархановна
    Сандыбаева Алина Сапархановна

    Зейнет жас та құтты болсын , Ағайым , Мына өмірде көрдің қиын талайын . Қиын белдер артта қалып бақ келсін , Қара шаштың ақ шалмасын самайын .

  • Ахатова Назипа
    Ахатова Назипа

    Ұрпақ тәрбиесінде қосқан еңбегіңіз өте зор. Еңбегіңіздің зейнетін көріңіз. Алла ұзақ ғұмыр берсін.

  • Тоялиева Бағжан Бәкірқызы
    Тоялиева Бағжан Бәкірқызы

    Елшібек ағай!!! Еткен еңбегіңіз бен төккен теріңіз аз емес, нағыз көшбасшысыз, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз.

  • Мырзасейт Боранбаев
    Мырзасейт Боранбаев

    Қазіргі таңдағы білім ордасының болашағы мен жетістігі үшін қажырлы еңбеңбегімен,бар білімін шәкіртінің бойына сіңіруде мектеп директоры Елшібек Табылдиевтың еңбегі ерекше.Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды дегендей жас ұрпаққа ,өнегелі тәрбие мен сапалы білім беруде ,Тәуелсіз елдіміздің дамуына өз үлесін қосудағы еңбегіңіз ерекше

  • Шитибаева С.А
    Шитибаева С.А

    Ия,Елшібек ағайдын ауылга ,мектебімізге сіңірген еңбегі өте көп,еңбегіңіздін жемісін көре берініз.Сіз мықты басшысыз!!!

Пікір қалдырыңыз