Алқабилер адам тағдырын шешеді

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алқабилер сотына баса мән беріп, олар қарайтын істердің санатын кеңейтуді тапсырған болатын. Біз осы орайда Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Әбсаттар ШахидиновҚа арнайы жолығып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік.

– Әбсаттар Әбдіқалықұлы, Президент тапсырмасынан кейін алқабилер соты тағы қандай қылмыстық істерді қарауға мүмкіндік алып отыр?
– Келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап алқабилер соты қарайтын істердің құрамы 44-ке кеңейгелі отыр. Яғни «мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы», «соғыс уақытында жасалған» немесе «террористік сипаттағы қылмыстардан» өзге аса ауыр қылмыстардың барлығы ендігіде алқабилердің қатысуымен қаралады. Ал, 2024 жылдан бастап азаптау, жүкті әйелдерді және кәмелетке толмағандарды қорлау, мал ұрлығы, заңсыз аңшылық, көлікті мас күйінде жүргізу сынды ауыр қылмыстарды қарау жоспарланып отыр.
– Алқабилер сотының жұмыс істей бастағанына 15 жылға жуықтапты. Сот құрылғалы өзіңіз де осы жауапты істің басы-қасында жүрсіз. Айтыңызшы, халықтың сот төрелігіне араласуы қаншалықты нәтиже беріп жатыр?
– Елімізде алқабилер сотының пайда болуы – құқықтық мемлекет құруға деген ұмтылыстың нәтижесі. Задында, адам баласы айналасымен тең дәрежеде араласуға ынталы келеді емес пе?! Сол сияқты сотты болып жатқан азаматтар да өзін еркін сезінетін ортада өз әрекетіне баға берілгенін қалайды. Бұл – тарихымызда да, табиғатымызда да бар үрдіс. 
– Демек, Қазақстандағы алқабилер сотының өзге елдерге қарағанда өз ерекшелігі болды ғой...
– Жалпы, бұл институт бұдан тоғыз ғасыр бұрын Англияда пайда болған. Жан-жақты ізденіс, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде біз алқабилер сотының бұлардан өзгеше түрін қабылдадық. Оларда қылмыстық оқиғаны алқабилер анықтап бергенімен, шешімді судья қабылдайды. Яғни жазаны судья белгілейді. Ал, бізде алқабилер қылмыстық оқиғаны, сотталушының кінәлі екенін анықтап қана қоймай, судьямен бірге жаза тағайындауға қатысып, сотталушыға қандай жаза тағайындау керек екенін де шешеді. 
– Жаңа құрылымның тәжірибеге енуі оңай болмаған шығар?
– 2007 жылы «Алқабилер туралы» заң қабылданып, одан соң Қылмыстық-процестік кодекске алқабилер құзыретін, олардың істерді қарау өндірісін қамтыған бір тарау қосылды. Алғашқыда алқабилер соты облыстық соттың құрамында болды. Олар заң талаптарына сәйкес, аса ауыр қылмыстар, соның ішінде, ату жазасына қатысты істерді де қарады. Алғашқы кезде алқабилер соты бірден нәтиже көрсетті деп кесіп айту қиын. Жаңашылдықты игеру алқабилерді айтпағанда, судьяларға да оңайға түспеді. Кемшіліктер де аз болған жоқ. Бірақ, біз оларды түзей жүріп, қалыптаса бастадық. Әрине, мұндай қиындықтардың әрбір жаңа істе кездесетіні заңдылық еді. 
– Алқабилер құрамы қалай жасақталады?
– Алқабиге үміткерлер тізімі сайлаушылар арасынан «кездейсоқ таңдау» жолымен түзіледі. Таңдауға түсетіндер, ең алдымен 25 жасқа толған, денсаулығы жақсы, ақыл-ойы дұрыс, бұрын сотталмаған болуы керек. Бұларды қалалық, облыстық әкімдіктер жинап, іріктегеннен кейін кемшіліктерді сот мүшелері тағы да тексереді. Бұл сұрақ-жауап арқылы жүргізіледі. Өйткені, бұрын құқық қорғау органында жұмыс істегендер, адвокаттар немесе қазір де сондай қызмет істеп жүргендер алқабилер құрамына енбеуі тиіс. Себебі, алқабилердің заңға ешқандай қатысы жоқ адамдар болғаны жөн. Өкінішке қарай, алқабилер тізімін жасаған кезде құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен олардың қатарына өткен өмір жолы күмәнді, жауапкершілікті жете түсінбейтін, тіпті, тәртіпсіз адамдардың да еніп кететінін жасыруға болмайды. Үміткерлерді компьютер арқылы таңдағанда небір адамдардың алқаби болып шыға келетіні сөзсіз. 
– Алқабилерге үміткерлерді кездейсоқ таңдау қағидаты қаншалықты дұрыс? Мұнда қандай өлшемдер басшылыққа алынады?
– Үміткерлерді кездейсоқ таңдап алу – әлемдік сот жүйесінде бар талап. Ол – алқабилер құрамының тәуелсіз әрі бейтарап болуының бірден-бір кепілі. Мәселен, Шымкент қаласындағы істердің санына қарай алқабилер сотына 6000 үміткер керек делік. Олардың арасынан кездейсоқ таңдауды қамтамасыз ететін арнайы технология бойынша таңдалған шамамен 500-600 адамның тізімі бекітіліп, қала әкімдігіне жіберіледі. Онда алқабилердің бірыңғай тізімі түзіледі. Нақты бір істі қарауға таңдалған он бір алқаби қанша қажет болса, сонша рет сот процесіне қатысады. Оларға судья жалақысының 50 пайыз көлемінде айлық төленеді. 
– «Оңтүстік өңірлерде алқабилер сотына үміткерлер таңдау қиын. Өйткені, мұнда тұратын халықтың дені бір-бірімен туыс. Бұл олардың шешімінің субъективті болуына әсер етеді» дейтін пікірлер ара-тұра естіліп қалып жатады...
– Иә, осындай әңгімелерді біздің де құлағымыз шалып қалады. Бірақ, қазақтың бәрі бір-бірімен туыс емес қой. Негізі, заң бойынша адамның әке-шешесі және бірге туған іні-қарындастары ғана бір-бірімен жақын туыс болып есептеледі. Ал, бірнеше ата арқылы байланысатын рулас ағайындар жақын туысқа жатпайды. Сондықтан билер соты тек бір-біріне туыс жандардан құрылып жатыр деген әңгіме шындыққа сай емес.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз