Менің де атам соғысқа қатысқан

Ұлы Отан соғысында талай азамат шейіт болып, қаншама отбасы арыстарынан айырылды. Ата-бабаларымыздың сол ерлігі бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлады.  Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай оқырман қауымға соғыс ардагері атам Әлінің өмір жолы жөнінде баяндағым келеді. 

Әлі Ошақбай  1923 жылы 17 тамызда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы,  Көмешбұлақ ауылдық Кеңесіндегі  «Ленин жолы» ұжымшарында (қазіргі Ақарыс ауылы)  Ақсу мен Арыс өзендерінің түйіскен жерінде дүниеге келген.  Әкесі Ошақбай  бағбан  болған кісі. Керуен тартып сауда жасаған ол  он саусағынан өнер тамған шебер болған. Домалақ ана кесенесінің жөндеу жұмыстарына атсалысқан, діни сауаты да болған. Арғы атамыз Ошақбайдың өз заманында Арыс өзеніне өтпелі көпір салдырғанын да айта кетейік.
Бірде Ошақбай атамыз түс көреді. Түсінде мешітте 2 кебісі жоғалып, артынша табылады. Бұл түсін майдандағы 2 ұлы да аман-есен  келеді деп жақсылыққа  жорыпты. Расында да екі ұлы да соғыстан аман-есен оралады, бірақ екеуі де бомба жарылғанда топырақтың астында қалып кеткендіктен өкпе ауруына ұшырап, құлақтары нашар еститін болып қалады. Ошақбай атамның  үшінші ұлы 1942 жылы дүниеге келген. Әлі атамның анасы Қалан шаруашылықта сауыншы болып еңбек еткен екен.
Әлі атам 1934 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы «Ленин жолы» ұжымшарындағы «Қызыл Октябрь» жетіжылдық мектебінде оқып, 1941 жылы жетінші сынып бітірген шағында Отан қорғауға өз еркімен аттанады. 1943 жылы 9-сынып оқып жүргенде әскер қатарына алынып, Украина, Белоруссия майдандарында соғысқа кіріп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Соғыстан елге оралып, 1951 жылы Шымкент педагогика институтына оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын  алып шығады. Оқуын жалғастырып, 1957 жылы Қызылорданың Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп,  1963 жылы бітіреді.  1957 жылы Шаяндағы «Борлысай»  ауылдық кеңесіндегі «Ақтас» жеті жылдық мектебінде физика, математика пәнінен сабақ берген. 1958 жылы «Қызыл Октябрь» орта мектебінде қызмет еткен. Оқу ісінің үздігі 1987 жылы  зейнеткерлікке шыққанымен, өмірінің соңына дейін ұстаздық қызмет атқарды. Жары Ермекүл апам екеуі  6 ұл, 2 қыз сүйген. Ермекүл апа соғыс жылдарынан кейін дүниеден өтеді.  Кейін Ұлпан апамен көңіл жарастырып, ол кісі 24 немеренің әжесі атанады. Әлі атамыз  69 жасында   дүниеден өтті. Өмірі өнегеге толы атамызды біз әрдайым мақтан тұтамыз.  

 Толғанай Әлі,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан 
мемлекеттік университетінің 3-курс студенті.

10 пікір

  • Жандос Ошақбаев
    Жандос Ошақбаев

    Жарайсын. Атамыз мықты ата болған.

  • Ошакбаева Фариза
    Ошакбаева Фариза

    Әлі атам менің біздің айнамыз жүрегіміз мәңгі есте қалады атамыздың жаны жәнатта топырағы торқа болсын

  • Әлі Толғанай
    Әлі Толғанай

    Рақмет барлықтарыңызға

  • Жаныс
    Жаныс

    Керемет мақала жарайсың. Аталарыыз мықты дана кісі болғанғой . Керемет

  • Слам Нұрмағанбетұлы
    Слам Нұрмағанбетұлы

    Әлі ағайдың суретін көріп толқып кеттім. Ол кісі бізге физика пәнінен сабақ берген және жетекшіміз болған керемет ұстазымыз еді. Қашанда жүзінен нұр төгіліп, жымия күліп жүретін сабырлы кісі болатын. атасын еске алып осындай естелік жазған Толқын немересіне айтар алғысымыз шексіз. Қайбір жылдары ол кісі жайлы "Оңтүстік Қазақстанға" "Қызыл қалампыр" деген лирикалық мақала жазып едім. Қайран, Әлі ағай-ай...Ондай жақсы адам ешқашанда ұмытылмауы тиіс қой...

  • Парида Әліқызы
    Парида Әліқызы

    Рахмет Әлі атаның немересі Толғанай Мадиярқызы атасына арнап өмірінен мақала жазыптыы.Алла разы болсын.Атасының өмірін біліп журген ұрпақтары бақытты .

  • Мерей
    Мерей

    Жарайсың????????

  • Асел
    Асел

    Толғанай жарайсың Әлі атамыздын өмір баянын әдемелеп жеткізіпсің. Кушті ????????????

  • Нариман
    Нариман

    ???????????????????????? Атамыз мықты кісі болған????????????????????????

  • Фари
    Фари

    Әлі ағай Өте тамаша үлгі тұтарлық жан адам болған әкесі Ошакбай да қолындағы барын беріп жіберетің адам болған бір адам бұзау әкеп тастаса келесі жылы екі үш сиырымен беріп жіберген осындай адамдар қазір жоқ қой

Пікір қалдырыңыз