Ардагерлерге құрмет

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жеңіс мерекесі қарсаңында екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Эрмохан Ишхоновтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
Ұлы Отан соғысының ардагері Эрмохан Ишхонов 1923 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. 1948 жылы әскери қызметті тоқтатқан. I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы» ордендерімен, «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» және тағы басқа медальдармен марапатталған. Денсаулығы жақсы, 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.

*  *  *
Түркістандағы «Жеңіс» саябағында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және республикалық «Барбанк» күрді этномәдени бірлестігі облыстық филиалының ұйытқы болуымен Жеңістің 77 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Шараға қатысушылар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Қайырымдылық мақсатында өткен іс-шараға Төлеби ауданының тыл ардагерлері, күрді этномәдени бірлестігінің өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері және «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігі мен қаланың белсенді жастары қатысты.
Мазмұнды іс-шара барысында ардагерлер Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат жасап, «Керуен сарай» және басқа да Түркістан шаһарынан жаңадан бой көтерген нысандарды аралады. Сапар соңында ел ағалары ризашылығын білдіріп, жастарға ақ батасын берді және елге тыныштық пен татулық тіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз