«Доғдыр апа» немесе дәрігерлерге деген құрмет бәсеңсімеуі тиіс

  Қайбір жылы таң қараңғысында келе жатып, жолдың жиегінде қол көтеріп тұрған бойжеткенді байқап қалдым. Күн суық, қыс мезгілі еді.  Жас қызға жаным ашып, мінгізіп алдым. Жолда өзін Перизат Айдосова деп таныстырған қарындас  «ШимФармда» дәрігер болып істейтінін, жұмысқа кешігіп жатқанын айтып жатыр. «Қанша десеңіз де төлеймін, жылдамырақ айдасаңыз» деген өтінішін де айтып үлгерді.  Әңгіме ақшаға келіп тірелгенде Перизатқа 1965 жылғы «жол ережесінен» үзінді айтып бердім. Қазіргі жастар білер, білмес, ол кезде жүргізушілер жол жиегінде қол көтеріп тұрған ақ халатты немесе қолында дәрігерлік қобдишасы бар адамды көрсе, ол өз бағытыңнан басқа жаққа баратын болса да айтқан жеріне жеткізіп салуға міндетті болатынсың. Дәрігерлер «Гиппократ антын қалай сақтаса,  жүргізушілер осы ережені қатаң сақтауға  тиіс еді. Мен де ескі ереженің қатаң тәртібі бойынша Перизатты жұмысына дер кезінде жеткізіп үлгердім.

Бірде бір топ жігіттер осы оқиғаны сөз етіп отырғанымызда  Ордабасы ауданының құрметті азаматы, дәрігер Иманбай Оразбаев: «Е, ол кездегі жүргізушілердің жөні бөлек еді ғой. Қазір сені айтқан жеріңе апармақ түгілі, арқалап келе жатқан ауруыңмен қоса домалатып қағып кетеді. Тіпті, қазіргі күндері жасыл шамын жарқыратып, дабылын безілдетіп келе жатқан «Жедел жәрдем» көлігіне де жол бермейді» деген еді.
Шынында да, «адам жанының арашашысы» атанған дәрігерлерге қазіргі көзқарасымыз қандай? Оларды қаншалықты құрметтей алып жүрміз. Кейде науқастың  дерті асқынып немесе басқа да себеппен көз жұмып жатса, марқұмның жақындары дәрігерлерді жазғырып жатады. Ақ халаттылардың арасында жұмысына салғырт қарайтындары жоқ емес те шығар, бірақ ажал тіктеп келсе, олардың да дәрменсіз болатынын ұмытпауымыз керек.
«Дәрігер – адам жанының арашашысы» деген сөз текке айтылмаса керек. Бала күнімізде ауылымызда «Доғдыр апа» аталып кеткен орыс келіншек дәрігер болды. Кейін білсек ол апамыз соғыс кезінде санитар болған екен. «Соғыста қылтиғанды «қағып тастайтын» жау мергендері де ақ халат киген, білегіне ақ мата байлаған санитарларға көп шүйліге бермейтін. Тірідей қолға түссе, бәлкім өз жаралыларын емдетіп қояр ма еді, кім білсін» дейді екен сол Доғдыр апа ауыл адамдарымен әңгімелескенде.
Бірде Доғдыр апа менің шешеме соғыста бастан өткізген жантүршігерлік бір оқиғасын айтып беріпті.
«Бір жолы кескілескен ұрыстан соң, майдан даласында жайрап қалған сәбет-немісі аралас өліктердің арасынан жаралыларын іздеп, бұқпантайлап келе жатқанмын. Бір кезде снарядтан пайда болған шұңқырдан «Муттер, муттер» (мама, мама) деп оң аяғын құшақтап, еңіреп жылап жатқан он бестерге де жетпеген жас баланы байқап қалдым. Соғыстың соңына қарай солдаттары қырылып таусыла бастаған неміс командованиесі «гитлер-югент» (гитлершіл-өрендер) деп дәріптеп, жасөспірімдерді де соғысқа салған. Өздерін мақтағанға желпініп ұрысқа түскен жас бала, өлімнің қандай болатынын енді білсе керек, мені анасындай көріп жаутаңдап жылайды. Жарақатын таңған бойда арқама салып, тылға қарай еңбектей жөнелдім. Өйткені, дәрігерлер үшін адамның жасы мен жынысы, ұлты мен көзқарасы деген болмайды. Тіпті, үкімі шығарылып, ертең атылатын адамға да тиісті дәрігерлік көмек көрсетуіміз керек. «У врачей  врагов не бывает» деген сөз осындайдан қалса керек.
Сонда жыбырлағанның бәрін жайратып отырған неміс мергендері бізді атқан жоқ. Оны бүкіл жан-тәніммен сезіндім. Әйтпесе алдында ғана бір солдатты палаткаға салып сүйреп келе жатқанымда, снайпердің оғы көз алдымда әлгі жаралыны жан тәсілім еткен. Міне, соғыстың да өз заңы, дәрігерге деген құрметі болатын.
 Өліп-өшіп окопқа жеткенім сол, қасыма таяған «особый отделдің» капитаны: «Нашла кому помогать»  деп әлгіге зер салып та қарамастан пистолетімен атып салғаны. Мені құтқарушысындай көріп «мама, мама» деп көзі жаутаңдап жылап келе жатқан жас балаға жаным ашып, еңіреп қоя бердім»  депті Доғдыр апа сол бір күндерді еске алып.
Қанқұйлы соғыста жаудың өзі құрметпен қараған дәрігерлерге деген көзқарасымыз бүгінде неге өзгеріп кетті? Соңғы екі жылда бүткіл әлемді қамтыған «ковид ауруы» көп адамдардың өмірін жалмап кетті. «Қайтсек осы ауруды ауыздықтаймыз» деп жанталасқан дәрігерлердің өздері де осы ауруды жұқтырып, көз жұмды. «Ерлікті жасамаудан, бағаламау әлдеқайда қауіпті» деп ақын
Мұхтар Шаханов айтқандай, дәрігерлердің ерлігін көре тұра көз жұма қарағанымыз қалай болады?! Дәрігерлерге деген ықылас пен құрметіміз жоғалмаса игі.


Бөріхан ТӘМЕН,
Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.         

Пікір қалдырыңыз