Мені ұмытып кетпеңіздер, адамдар!

Әмзе Қалмырзаұлы (Хамза Көктәнді) – ақын, тарихшы, Қазақстан Жазушылар және әлемдік Монғолтанушылар ассоциациясының мүшесі. Мақтаарал, Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда қызмет еткен. Халықаралық жас ақын-жазушылардың тәуелсіз «Игілік» ассоциациясының президенті, «Ақтолғай», «Наурыз», «Роман-газет» мерзімді басылымы газеттерінде, «Ән-қазына» альманах-журналдарында бас редактор болды. 1983 жылы өткен республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жабық бәйгесінің жеңімпазы, 1987 жылы Қазақстан Ленин комсомолы және Республикалық кітап саудасы істері жөніндегі комитеті мен «Жалын» баспасы бірігіп жариялаған жабық бәйгесінің жеңімпазы атанды. 1998 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық жас ақын-жазушылар кеңесіне Қазақстаннан делегат болып қатысқан.
Әмзе Қалмырзаұлының кітаптары – Хамза Көктәнді, Кеніш Хикмет, Кенен Кеніш, Кемел Кеніш, Манас Мұңтегін есімдерімен жарыққа шыққан. Шығармалары ағылшын, орыс, түрік, монғол, өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік тілдеріне аударылған.
Саналы ғұмырында қуатты қалам иесінің «Күн саңы», «Арман қуып адассам, кешір мені...», «Адуын ағыстар», «Құбылыс», «Алшы» және «Көз аясындағы әлем» (Өмірдің он сегіз жылы) қос томдық жыр жинақтары, «Мен сені көргелі», «Кереметнама», «Он екі таным», «Туысқан», «Теберік дүние», «Ойдың күші», «Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихы», «Сопылық әлемі» (Жоғалған жолдар), «Алтын төркін» (тарихи қос томдық) атты кітаптары жарық көрген. Халық арасында кеңінен танылған оннан аса әннің мәтінін жазған. Оның ішінде «Қуанышым қазынам», «Әттең-ай, әттең, жүрегім жалғыз...», «Армандаймын адам боп жаралған соң...» сынды әуенді өлеңдері ел аузында.
«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деп жырлаған ақынның шын дүниесіне аттанғалы да жыл толып қалыпты. Өтіп бара жатқын уақыт. Алайда, оның соңында уақыттың шаңына көміомес өлеңдері қалды. Өлеңдері өлмесе, ақын да өлмейді. Ақын өлеңдерін назарларыңызға қайтара ұсынып отырған себебіміз де осы.
«Руханият» бөлімі.
Тағдырым тартқан сыйымсың...
(Толғаныс)
Салют боп көкке ұшқанда от,
Құт болды тойың «Ақжолым»:
«Оңтүстік Қазақстан» боп,
Жалғасты мәңгі бақ жолың.
Ғасырмен қайта түлеген,
Сайраған сыр боп әр ісі.
Аузын айға білеген,
Алаштың сенде арысы.
Өмірді қанмен жазылған,
Оқуда ұрпақ үлгі алып.
Қайраткер-батыр әз ұлдан,
Нәр еміп өскен бұл халық.
Өткенді білмес әр пенде,
Безбендей білген бақ табар.
Хакімнің нұры бар сенде,
Ақынның жыры сенде бар.
Өйткені болдың шопан да,
Диқан боп қырман-дән жидың.
Тұрғансың Ту боп қашанда,
Қайырмасындай ән-күйдің.
Баламен бозбас сырластың,
Данамен әз бас сырластың.
Даламен тозбас сырластың,
Әзілі болдың құрдастың,
Наз үні болдың гүл-жастың!
Күйігін айттың сананың,
Қайғысын жайдың соғыстың.
Аңырған жұртқа айтқансың –
Алты арыс ұлмен таныстым.
Тұрған бір шақта абдырап,
Мені де қайрап, ұштадың.
Өзіңнен жүрдім мен нұр ап,
«Оңтүстік Қазақстаным!»
Бетінде жатыр көп күнім,
Кісілік жолын нұсқадың.
Таныттың өмір отты үнін,
«Оңтүстік Қазақстаным!»
Абырой бердің, жар сүйдім,
Дос болды кейбір дұшпаным.
Таттырдың дәмін қанша үйдің,
«Оңтүстік Қазақстаным!»
Болсам да сол шақ албырт тым,
Шақырды арман – шартарап.
Алдына шықтым ел-жұрттың,
Ар-жүгін сөздің арқалап.
Белгісі көктем кезімнің –
Жүргенім гүлден наз ұғып,
Бетіңде қалды өзіңнің,
Күнделік болып жазылып.
Сен – әкем болдың, анам да,
Тәрбие берді ағалар.
Қанша сыр жатыр санаңда,
Іздеген жоғын таба алар.
Заманды қанша дастан қып,
Жырлаған едім жас үнмен.
Мерейтойыңа тоқсандық,
Кеп тұрмын аппақ шашыммен.
Себебі Орда-үйімсің,
Тартылған әсем күйімсің.
Қайнаған домна-миымсың,
Киелі алтын түйінсің
Тағдырым тартқан сыйымсың!
Адамның бәрі мендей ме...
Өзінің ісін өзгелер сынды «жөн» деген,
Асығыс басып жүретін жанмын мен де әмен.
Білмей-ақ қойдым,
Адамның бәрі мендей ме,
Өкінбес күнім кемде-кем!
Ойларым-дағы,
Тойларым-дағы қым-қиғаш,
Кездейсоқ ұшып көмейге келген сынды ұйқас.
Жырымды менің жүрегіне жеткер жұртымның,
Жүзіме сіңген мұң-күйді аш!
Өлі де емес,
Тірі де емес күйдемін.
Өзіңе мәлім сүйгенім, әлде күйгенім.
Қуана алмаймын ағарып атқан таңдарға,
Сүлдемді әрең сүйредім!
Тап-таза тәнім...
Тілімде қалды бар күнәм,
Машайықпын ба,
Ғажайыппын ба – нәркүмән.
Ясауи сынды қылуетке түсем деп тұрып,
Айнып қаламын артынан.
Қандай ғажайып,
Қимайтын жарық-дүние-ай:
Қонақтап тұрған кеудеме
Күннің күйін-ай!
Басқа жандардың білмейтіндерін білдірген,
Тағдырдың тылсым сыйын-ай...
Мың жасаған жандаймын
Дәрілер ішем,
Уыстап алып шайнаймын,
Маза бермейді мидағы мың-сан ой, қайғым!
Дәріні емес жатқанымды білем у жұтып,
Сонда да бір сәт жан,
тәнге тыным ойлаймын.
Бір сәттік қана жаныма бер деп тыныштық,
Іше саламын қандай уды да ырыс қып!
Жалған дегенің – шынымен толған жалғандық,
Қай жақта, кәні, әділет, иба, дұрыстық!
Білетіндеріңді бүркеп ұста деп тұр Күштім,
Қалай айтайын мың құбылғанын түр-түстің?!
Қолыммен ымдап көрсем бе Нұрды тұспалдап,
Арасын ашпай, тіл тістің!
Болады екен-ау ой жеткен жерді айта алмас?!
Сынса егер – сынар,
Қайрауға түспес қайта алмас.
Жүрек пен мида атқылап жатыр жанартау,
Сыртымда түк те байқалмас.
Жасаған Ием,
Барлығына шексіз сенемін.
Толық еттіңіз,
Тасыраңдаған мен бір кем едім.
Көкірегім толы көрінбейтін сырдың көмбесі,
Мың жыл жасаған көнемін.
* * *
Өтер өмір, келер қоғам, замандар,
Кеудемде көп күмәнім бар, алаң бар.
Әрбір күнін өлең жазып өткерген,
Мені ұмытып кетпеңіздер, Адамдар!