Салауатты өмір салтанат құрған ауыл

Жасыратыны жоқ, қазір ішімдік ішетін ауыл көп. Ал, «Ішімдік ішпейтін ауыл бар» деген жаңалыққа елең етпейтін жан жоқ шығар. Бес жылдан бері бірде-бір тұрғыны «ащы суды» татып алмайтын Алмалы ауылы жер жәннаты Жетісай ауданына қарасты Мақталы ауылдық округінде орналасқан.
Ауданның бір түкпірінде шалғайда қоныс тепкен Алмалыда 150 отбасы түтін түтетіп отыр. 1200-дей тұрғыны бар Ынтымақ, бірлігі бекем, киелі мекенде ауыл ақсақалдары үнемі жақсы, игілікті істердің ұйытқысы болуда. Мұнда бастауыш ардагерлер ұйымы, ауыл билері, әжелер алқасы елдің тыныштығын, ауызбіршілігін  сақтауға, жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, әрбір шаңырақта  бақыт пен берекенің орнығуына белсене атсалысып келеді. «Адам баласының қас жауы – әзәзіл арақтан ауыл болып бас тартайық, ішімдік ауыл жастарын бұзып бітті» деп осындай ізгілікті іске бастамашыл болған ауыл билері Елеусін және Асан аталарымыз еді. Ақылман қарияларымыздың бастамалары  әлі күнге жалғасын тауып келеді. Қазір бұл ауылда үш азық-түлік дүкені бар. Бірақ, онда ешқандай алкоголь өнімі сатылмайды. Ауыл билері «Кім тойында дастарқанға арақ-шарап қоятын болса, онда ол отбасында өтетін той, ас-жиынға бармаймыз» деген бәтуаға келіп, ауылға қатаң талап қойды. Бұған алғашқыда бірқатар ауыл азаматтары өкпелеп, тоң-теріс болып жүрді. Бірақ, келе-келе қуаныш тойларды ішімдіксіз де қызықты етіп өткізуге болатынына көздері жетіп, ауыл ақсақалдарының  бастамасы дұрыс екен деп қуана қабылдады» дейді бізбен әңгімесінде Мақталы ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Әбдімәжитов.
– Бұрын көшеде кешке қарай аузынан жағымсыз арақ иісі бұрқырап, қисаңдап мас болып, өзара төбелесіп, жанжалдасып жүретін жастарға қарап ренжігенімізбен қолдан келер шарамыз жоқ еді. Ішкіліктің кесірінен мас болып көлік жүргізіп, қаншама жастар жол апатына түсіп жатыр. Маскүнемділікке салынып, отбасының шырқын бұзып, ажырасып жатқандар, ішімдіктің зардабынан жұмысынан айырылып қаңғып бос қалғандар аз ба? Соңғы бес жыл көлемінде ауылымызда  мұндай келеңсіз жәйттер орын алған жоқ, бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Біз осыған қуанамыз,– дейді қазіргі ауыл биі, батагөй қария Нұржан ақсақал.
«Ынтымақты елдің ырысы мол» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Елдің берекелі, ырысты болуы түсіністік
пен сыйластықта, үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетуде жатыр. Қазыналы қариялардың ақыл-кеңесіне құлақ асып, ішімдік атаулы кесірлі кесапаттан мүлдем бас тартқан ауылдың ымырашылдығы көпке үлгі боларлық үлкен тірлік. Ал, ымыра кілтін әр адам алдымен өз жүрегінен, санасының түкпірінен іздегені абзал-ау деп ойлаймыз.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Жетісай ауданы.



Пікір қалдырыңыз