Бірлігі күшті ел озады

Қазақтың байтақ даласында бүгінде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тіршілік етуде. Ел басына күн туған сонау бір қиын-қыстау жылдары тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлт өкілдері үшін Қазақстан киелі мекен саналады. Қазіргі таңда олар елімізде шынайы достық пен береке-бірліктің нығаюына үлкен үлес қосуда.
Кезінде атамекендерінен ықтиярсыз дүркірей көтерілгендер бүгінде жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжай мінезінің, табиғи болмысының, даласындай дархан көңілінің, бітімгершілік қасиеттерінің арқасында ұлтаралық келісім мен татулықта өмір сүруде. Қазақ даласынан пана тауып, ұрпағын өрбіткендердің жергілікті халыққа деген  алғыстары да шексіз. Олар бүгінде тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналған мемлекеттің азаматы болғандарын мақтаныш етеді. Мақтаныш етіп қана қоймайды, олар  Қазақстанды өздерінің Отаны деп есептейді.
Қазақстанда әр ұлттың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын  сақтап, тілін, мәдениетін дамытуға бар жағдай жасалған. Ынтымақты елдің ырысы артады. Қазақстан Республикасындағы сан жағынан аз халықтарға қамқорлық жасау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Түрлі нәсілдерге жататын барлық ұлт өкілдерінің тең құқықтығы Конституциямен қорғалады.
Халық әрқашан бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қандай жағдайда да өздерінің бірліктерін көрсетіп келеді. Дегенмен, соңғы кездері әлемде болып жатқан жағдайлар ойлантады. Бүгінде көптеген елдерде орын алып жатқан зорлық-зомбылық, этникалық алалау, түрлі соғыстар мен қақтығыстар бейбітшіліксүйгіш адамзаттың орынды алаңдаушылығын туғызуда. Сондықтан әрбір қазақ­стандық төзімділік пен толеранттылық жолын таңдағанда ғана орны толмас қайғы-қасіреттен аман қалатынын жете сезіне бастады. Қалай болғанда да «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дейтін қазақ мақалы бүкіл адамзат үшін маңызды болып тұр.

Саясат бөлімі.


Пікір қалдырыңыз