Актер Ғани ҚҰЛЖАНОВ: «Басшы болу – уақытша, актер болу – мәңгілік»

Ақша мен үшін қолдың кірі емес
– Журналистиканың жақсы жағы көп қой, Ғанеке. Әсіресе, адамдармен қалағаныңша араласуға беретін мүмкіндігін айтсаңызшы. Міне, сәті түсіп, бүгін сізбен танысып отырмыз.
Менің ойымша, адам баласы үшін, оның ішінде, шығармашылық адамдары үшін «қынсыз қылыш» қырық бес пен «емен шоқпар» елу бестің арасы толысу кезеңі сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Кешіріңіз, атыңызды тағы бір қайталап жіберіңізші...
– Өмірзақ Әбдіуәлиұлы. Және мен жат жұрттың салтымен Пәленше Түгеншеұлы дегеннен гөрі қазақтың өз әдет-ғұрпымен Сәке, Бәке дегенді дұрыс санаймын. Ғабаңның «немереммен жасты журналист қыз сексендегі маған келіп «Ғабит Махмұтұлы» дейді» дегені бар-ды...
– Өмеке, мен сізді аға деймін. Менен аттай он бір жас үлкен екенсіз. Мен өзімнен екі жас үлкендерге «сіз» деп сөйлеймін, сөйтіп өзімді сыйлатамын.
– Керемет, мен өзімнен үш жас үлкендерге «сіз» деуші едім, сіз менен озып кетіпсіз. Нағыз қазақы тәрбие осыдан басталады...
– Өмірзақ аға! «Болдым, толдым» деген күннен бастап өнер адамы...
– Кешіріңіз, Ғанеке, сөзіңізді бөлейін, мен айтпағыңызды түсіндім... Бірақ, мен бұл үдеріс жоғарыда айтылған адамдар санаты үшін үлкен маңызға ие деп білемін, сондықтан нақтылай түсейін. Рас, қазақта «ай толғанын білмейді, жігіт болғанын білмейді» деген сөз бар. Бірақ, мен әрбір өзіне сын көзбен қарай алатын, болмысында әділеттілік бар өнерпаз адам өзінің дарын-талантының, ішкі әлеуетінің деңгейін, соны қаншалықты сыртқа шығара алғандығының деңгейін, жұртқа мойындамаса да, іштей өзі біледі деп ойлаймын. Өйткені, өзіне деген әділ сыни көзқарас болмаса ол рухани жағынан, шығармашылық жағынан өспес еді. Менің айтайын дегенім, атыңыз шауып тұр, бағыңыздың шабысына да үлкен-кіші қызыққандай, ал, қаншалықты бабыңыздасыз, спортшылардың тілімен айтсақ, оның шыңына шыққаныңызға қанша жыл болды?
– «Толыстым, болыстым» деп айту... Рас, жүрек құрғыр әрқашан «мен – жиырма бестемін» деп ұрып тұрады ғой... Шеберліктің шыңына жеттім деп мен өзім айта алмаймын. Неге десеңіз, менің аларым көп әлі. Берерім де бар! Бірақ, аларым көп-ау деп ойлаймын. Себебі, мен – тойымсыз адаммын. Көпті білгім келеді, көпті көргім келеді, көп дүниені ұстағым келеді. Мен «болдым, толдым, жеттім, енді маған тек бере беріңдер» дейтіндердің қатарынан емеспін. Жоқ! Біреу саған бір нәрсе беру үшін, алған нәрсенің қайтарымы болады, алғаныңнан беріп үйренуің керек.
– Бәрекелді! Алла Тағаланың өзі де ешнәрсені өтеусіз бере салмайды ғой – бір жағынан берсе, екінші жағынан алып отырады!
– Сол себепті, толдым деуіме де болады, бірақ, толғанымның өзіндік беретін, жұртқа тарататын жеке қоры бар. Түсіндіре алдым ба?..
– Түсіндіре алғанда қандай! Жауабыңыз атақты Сегіз серіден Сыр елінің жақсылары: «Арқада Алшынбай, Құнанбай деген асылдар бар деп естиміз, оларды бір сөзбен сипаттап бере аласыз ба?» деп сұрағанда, Сегіз серінің: «Олар – құйса толмайтын, толса – төгілмейтін адамдар» деген жауабын еске түсірді...
Ары қарай кеттік. Мен ән сала алмайтын, би билей алмайтын, бірақ, өнерді өлердей жақсы көретін, өзінде жоқ болғаны себепті өнерпаз жандарды өте қатты сыйлайтын көп қазақтың бірімін. Сондықтан, кейде сұрағым оғаштау естіліп жатса айып етпейсіз, Ғанеке.
Мен өнерпаздардың ішінде ақындар мен әртістерді жүрген жерлері той-думан болатыны себепті айрықша жақсы көрсем, әншілерді ең бақытты жандар деп есептеймін. Себебі, олар өзі үшін ән салады, сол үшін тағы елден ақша алады. Хоббиі (ермегі) де, жұмысы да бір нәрсе, рахат қой!
Сұрағым алдыңғы сұрақтың жалғасы ретінде. Ғани Құлжанов ішкі әлеуетін қаншалықты сыртқа шығара алды? Математик Асқар Жұмаділдаев «мен Алланың маған бергенін жүз пайыз пайдалана алған адаммын» деп еді, сізде ол жағы қандай?
– Мен «жүз пайыз пайдаланып жүрмін» деп айта алмаймын. Неге десеңіз оған мүмкіндік бар-дағы, екінші жағынан... Неге десеңіз, мүмкін, режиссерім жоқ шығар. Дегенмен, Алланың берген талантының сексен пайызын пайдалана алдым деп ойлаймын. «Ән салады және сол үшін ақша алады» дегеніңіздей, мен талантым үшін, жақсы көретін жұмысым үшін жақсы ақша аламын. Кинода болсын, концерттерде болсын. Менің өнердегі жолыма Құдай оң көзімен қарады деп ойлаймын. Менің сүйікті мамандығым бар. Мен тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыс істей аламын.
Біреулер маған «ақша деген қолдың кірі» дейді. Жоқ, мен олай ойламаймын. Ақша мен үшін қолдың кірі емес, ақша мен үшін – энергия. Біреулер «мына байғұс ақшадан өліпті-ау» деуі мүмкін. Мейлі, айтса, айта берсін.
Сонымен қатар, менің жан-дүниемді түсінетін ортам бар, ұжымым бар. Мен өз ұжымымды жақсы көремін, олар да мені жақсы көреді. Театрдағы қыздарды еркелетіп тұрамын. Қайталайын, жұмыс жағынан менің жолым болды. Сексен емес, тоқсан пайыз пайдалана алдым деп ойлаймын. Ал, он пайызға келсек... Домбыра тарту. Сіз әншілерге қызықсаңыз, мен домбырамен ән айтатындарға қызығамын. Әрине, жалқаулық та бар. Бірақ, осы іс менің қолымнан келмеді. Ал, пианинода ойнай аламын.
– Өзіңіз музыкалық училищені бітіргенсіз?
– Иә, өзім музыкалық училищені бітіргенмін...
– Мамандығыңыз?
– Контрабас. Бірақ, 1984 жылы училищені бітіргелі бері қолыма контрабасты ұстаған емеспін. Театрға кеттім, сол кеткеннен мол кеттім ғой...
– Сіздің шәкірттеріңізге айтатын «танымал болу бар-дағы, атақты болу бар, атақты болғаннан танымал болған артық» деген сөзіңіз есіме түсіп кетті. Әрине, сіздің талай атақты жинап алғанымен, елге онша танымал емес адамдарды меңзеп отырғаныңыз түсінікті...
– Сахнада жүріп, «мен танымал болуды армандамаймын, маған жұмыс істеген жетеді» дейтін адамның сөзі өтірік! Кез келген мамандық иесінің елге танымал болсам деп армандамауы мүмкін емес. Мысалға, журналистикаға елу жасында келген сіздің де сондай арманыңыз бар, дұрыс па?
– Дұрыс.
– Және белгілі бір дәрежеде оған жеттіңіз деп ойлаймын... Менде де сондай арман бар. «Тоғысқан тағдырлар» («Перекресток») киносериалына түсуді маңдайыма жазған Аллаға мен мың мәрте алғыс айтамын! Ол фильм мені тек өз елімізге ғана емес, Қырғызстанға, Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарына да танымал етті. Менің ең үлкен мақтанышым – бұл фильмді менің анам көрді. Менің сол жетістігім арқылы тапқан нанымды өз қолымен жеп кетті.
– О, ата-ана үшін, шынында да, баласының жетістікке жеткенін көруден асқан мәртебе, одан асқан бақыт жоқ қой! Асанәлі ағамыздың соғыстан оралмаған әкесінің інісі, кеңшар директоры Қасым ағасы оның ауыл шаруашылығы институтын тастап кеткеніне ренжіп жүреді екен. Сол кісі Бекежан мен чекист Шадияровтың рөлін қатар ойнап, елге танымал болған, КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған інісін мойындап, Алматыға арнайы келіп, кілең әртіс, режиссерларды шақырып, той жасап бергені бар...
– Біз он ағайындымыз, бірақ, анам тек мені ғана туғандай еркелетуші еді. Мен де анамды сондай еркелете алдым. Өзім де еркелей білдім. Анамның менің жетістігімді көре алғаны (әкем ол күнге жетпей, мен институтта оқып жүргенде кетіп қалды) мен үшін үлкен бақыт. Ең болмағанда шешемнің көріп кеткеніне қуанамын. Мүмкін, кезінде мұны ойламаған шығармын, қазір ойлап жүрмін. Сол сияқты бауырларымның менің жетістігімді көріп қуанғандары – мен үшін үлкен мәртебе.
Сол себепті мен бұл сұрағыңызға алдағы мақсатыма әлі күнге қарай жүріп келемін деп жауап берер едім. Біздің Жастар театрында Мұхтархан атты ағамыз бар. Ол бір ұлы адам!
– Танимын, ол кісіден былтыр сұхбат алғанмын.
– Айтты. Мен сұхбатты көп бере бермеймін. «Бір өте жақсы журналист саған хабарласады, ойлан» деді. «Сіз айтқан соң сұрақ жоқ, дайынмын...» дедім. Қарап тұрсаңыз, Мұхтархан ағаның арманы жоқ: жасы сексенге келді, жағдайы өте жақсы, керемет жеңгеміз бар үйде, Құдайға шүкір, бала-шаға, немерелері, бәрі-бәрі бар, төрт құбыласы түгел адам. Бірақ... Сонда да театрдан қол үзе алмайды. Мақсаты – театрмен бірге болу. Сол секілді менің де мақсатым – бұдан әрмен де биіктерге шығып, танымал болған үстіне танымал бола беру.
– Сіздің жауабыңыз менің есіме Айша бибі туралы аңызды түсірді... Айша бибінің әкесі Зеңгі баба қызының Қара ханның баласына күйеуге шығам дегеніне қарсы болып, батасын бермепті. Қызы «ғашықпын, бата берсеңіз де, бермесеңіз де кетемін» депті дейді. Сонда Зеңгі баба: «Арманыңа жет, мақсатыңа жетпе!» деп бата берген екен. Айша бибі той өтіп, неке түнінде төсекке жата бергенінде жылан шағып өліпті...
Ғанеке, арманыңызға жетіпсіз, мақсатыңызға да жетіңіз!

Кейде маған біздің өміріміз өтірік сияқты болып көрінеді
– Әумин, аға, айтқаныңыз келсін!
– Ғани Құлжановпен сұхбатта «Тоғысқан тағдырларды» аттап кете алмасымыз белгілі. Талантты адамдардың талантының ашылмай қалуы, барын бере алмауы бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы, себебі көп ретте ол қоғамда қалыптасқан жағдайға байланысты. Бұл, әсіресе, өнер мен ғылымда жиі кездеседі. Мысалы, ғажайып өнертапқыш, мен «Миллиард ішінен бір жалғыз» деп мақала арнаған марқұм Сейілбек Қышқашұлы ағамыз кеңес кезінде де, одан кейін де қанша басын тауға, тасқа ұрғанмен теңдессіз темірлерінің бірде-біреуін де жасап шығара алмады, оларды қос мемлекет те керек етпеді. Қағаздары да жоғалды. Қазақтың аты әлемге жайылар еді, елге миллион емес миллиардтаған қаржы құйылар еді. Нағыз орны толмас өкініш – осы...
Әйгілі Асанәлі Әшімов ағамыз да екі рөлмен шектеліп қалды. Оған кінәлі – жаңа өзіңіз айтқан режиссерлер мен сценаристер. Айдалада жүріп, Ғани Құлжанов та сол «Жохамен» қалып кетер ме екен деген уайым бар менде...
– Айтқаныңыз рас. «Бір рөлдің актері» деген ұғым да бар өнерде. Білесіз бе, мен өз өмірімде осы рөлдің маған тап келгені үшін өзімді бақытты санаймын.
– Жете алмай, өмірден өтіп кетуім мүмкін еді дейсіз ғой...
– Жетпек түгілі оны маңайламай өтіп кеткен актер қаншама!.. Бұл фильмнің режиссері Абай Қарпықовқа мені тани білгені, таңдай білгені үшін, сол күні, сол сағатта оған жолықтырғаны үшін Алла Тағалаға менің алғысым шексіз.
– «Атыңыз», «бабыңыз» және «бағыңыз» сол жерде түйісіп, тоғысып қалғаны үшін?
– Иә! Көп адам маған «сол фильм тап келмегенде не істер едің?» дейді? Мен мына нәрсені ұғындым – бұйыратын зат сен ауырып, ажал аузында жатсаң да бұйырады екен. Бұйырмайын десе, сен қанша жерден қусаң да бұйырмайды екен...
– «Қуған – жетпейді, бұйырған – кетпейді» дейді дана қазақ.
– Дәл соның өзі! Фильм 1995 жылдан бастап түсірілді. 1998 жылдан беріле бастады. Міне, оған да жиырма төрт жыл болыпты...
– «Тоғысқан тағдырлардың» сонша жыл өтсе де, елдің есінен шықпастай болып қалуының себебін бір ауыз сөзбен сипаттап бересіз бе?
– Оның себебі – фильмде 99,99 пайыз кәсіби әртістер ойнап, оны 99,99 пайыз кәсіби мамандар түсірді. Ал, бүгінгі қаптап кеткен телесериалдарда іске деген сондай қатынастың өзі түгілі исі де жоқ...
– Ғанеке, талантты емес, жай ғана белсенді кез келген адамның ашылуы үшін бар жағдайды жасап қойған Америка оқушы баланы он жылда он сыныпқа ауыстырады.
– Һм, қызық екен...
– Мемлекет солайша оны өмір деген өзгерістен тұратынын көрсетеді, өзгерісті өзі жасауға үйретеді. Ал, бізде таланттың танылмауына қоғам, мемлекет пен жеке адамның қатысы, үлесі қаншалықты, қалай ойлайсыз?
– Мен өткенде бір таксиге отырдым. Сөйлесіп қалдық, сирек те керек мамандықтың (атауын ұмытып қалдым) иесі екен. «Неге таксист болып жүрсің?» деп едім, «жұмыстағы жалақым аз» деді. «Аз деген қанша?» «300 мың, мен ондай жалақыға жұмыс істемеймін». «Сен жұмыс істеуің үшін жалақың қанша болу керек?» «1 миллион теңге. Кем дегенде 800-900 мың». Мен бұл құбылыстың сыртында жалқаулық жатыр-ау деп ойлаймын.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Жастар сыйлығының лауреаты, еңбек өтілі 40 жылдан астам менің алатын жалақым – 180 мың теңге. «Ондай жалақыға жету үшін біраз еңбектенуің керек шығар?» деймін әлгі институтты жаңа бітірген жігітке. «Менің оны күтуге уақытым жоқ». «Күтпейтіндей сен маман ретінде қандай деңгейге көтеріліп үлгердің?»
Таланты ашылмаған күйі театрдан басқа салаға ауысып кететін адамдарды аяймын. Жүрегім ауырады. Алда оларды не күтіп тұр дейсіз?..
Кешіріңіз, көзіме бір нәрсе түсіп кетті.
– Жаңағы шай әкелген қызды шақырыңыз-дағы, тілін салдырыңыз.
– Қалай, қалай?..
– Мұндай кезде бір адам көзге тілін салып, оны бір айналдырса, оған түскен нәрсені алып шығуына болады. Мен де сала аламын, бірақ, қыздардың біреуін шақырғаныңыз дұрыстау болар дегенім ғой...
– Есте болатын ем екен... Не жайлы айтып отыр едік?
– Адам, мемлекет пен қоғам жайлы.
– Мен бұл сұраққа жауап бермей-ақ қояйыншы?..
– Қалауыңыз білсін!
– Неге десеңіз, маған кейде біздің өміріміз өтірік өмір сияқты болып кетеді, теледидардан көріп отырғаным да соған ұқсас сияқты.
– «Ұқсас сияқты» емес, соның нақ өзі! Сіз оны өте дұрыс байқағансыз, біз 1991 жылдан бері өтірік, екіжүзді өмір сүріп келе жатырмыз деуге болады. Айтатынымыз – басқа, істейтініміз – басқа. Ельцин: «Россия – страна намерений (ниеттің еліміз) деген болса, біз «имитация – ұқсаудың», болудың емес, болғандай болып көрінудің еліміз...
Жарайды, бұл бөлек тақырып, сұхбатымызды жалғастырайық. «Адамның аты қандай – заты сондай» дейді дана қазақ. Ғани деген есім «байлық иесі» дегенді білдіреді екен...
– «Байсалды байлықтың иесі» дегенді.
– Иә. Ендеше, қанша рухани, заттай байлықтың иесісіз? 180 мың теңге жалақы мен бүгінгі тұрмыс талабы арасындағы айырмашылықты қалай теңестіріп, қалай қанағаттандырып, матери байлық пен рухани байлықты қалай қабыстырып жүрсіз?
– Рухани жағынан мен баймын. Құдайға шүкір! Мен өзіме ұнамаған адаммен арақатынасты бірден үзіп, ат құйрығын кесіп тастайтын адаммын. Менде ақ пен қара деген екі ғана бояу бар. Адалсың ба – доспын! Басқасың ба – бар, жоғал! Мінезім ит мінез деп ойлаймын кейде. Сөйте тұра, тіпәй, тіпәй, қырық жылдан бері кір шалмаған достарым бар. Жеңіс Ысқақова, Нұрмахан Шатеміров, Қайраттар, Сайлаулар... Ұлымды – ұяға, қызымды – қияға қондырдым, немерелерім бар. Құдайға шүкір, бұл жағынан да баймын. Дүние-мал жағына келсек, о жағынан да ешкімнен кем емеспін, театрдың 180 мың теңгесіне қарап отырған жоқпын, басқа да табыс көздерім жетеді. Елу жеті жасқа дейін айға қарап жүрмеген шығармын...
– Сүйікті мамандығым дедіңіз, мен істің нәтижесіне жетпей тұрып-ақ, жұмыс процесінің өзінен рахат сезіміне бөленуді осы журналистикаға келген соң көрдім...
– Міне, міне, мен де дәл сол сіздің қатарыңызданмын!
– ...Ал, бірақ, сонымен қатар, өмір бойы тек жалақымен күн көру қиын екенін көріп келе жатқан адаммын...
– Білесіз бе, мен өзіммен өзім отырып, «шіркін, театр әртістерінің жалақысын үкімет ең болмаса үш жүз мың теңгеге көтерсе ғой, сонда ешкім той қуып, тамада болмас еді, дубляж қумас еді ғой, өнері сәл де болса ақсамас еді-ау» деп ойлаймын...
– Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» деген кітабында Төле бидің «Осы жылқы біткен көп кісінесіп кеткен жоқ па, қатын біткен көп кісімсініп кеткен жоқ па?» деген сұрағына Қазыбек би: «Жылқы біткен көп кісінесіп кетсе, ел шетіне дүбір жетейін дегені болмасын; қатын біткен көп кісімсініп кетсе, қадырының өтейін дегені болмасын» деп жауап беріп, Әйтеке би былай деп түйіндейді: «Жарақты жаудан құтқарса – атың мұра, жалғыздықтан құтқарса – қатын мұра!»
Әйелді еркекпен тең құқылы етеміз деп жүріп, жұмыс істетеміз деп жүріп, ақша тапқан әйелді еркекке үстемдік еткісі келетін етіп алып, еркектің ұлды ғана тәрбиелейтінін, ал, әйелдің тұтас ұлтты тәрбиелейтінін ұмыттырып алып жүрген жоқпыз ба?
– Мен үйленген кезде біз гастрольге айлап кететінбіз. Тұңғышымыз бар. Содан балалардың тәрбиесі туралы неше түрлі әңгіме естіп жүрдім де, «мен асыраймын, барыңды-нәріңді балаларға бер, тәрбиесімен айналыс» дедім. Құдайға шүкір, баланың бәрі дұрыс болып өсті, өмірден орындарын тапты.
Ал, әйел негізі жұмыс істемесе үйде отырып қарайып қалады деп ойлаймын.
– Бірақ, бүгін техниканың дамыған заманында қашықтықтан-ақ жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар ғой...
– Мен бұдан кемі жиырма жыл бұрын шетелдегілер «үйінде отырып-ақ жер шарының екінші бұрышындағы бір компанияға жұмыс істей береді екен» деген сөзді естігенімде «оттаған сөз» деуші едім. «Құлақ естігенді көз көреді» дейді қазақ, ол заман бізге де жетті, бірақ, біздің қоғам әлі оған дайын болмай жатыр. Сабақты қалай онлайн өткізуді білмей, бәріміздің миымызды су қылып жіберген жоқ па?! Егер дамыған елдердегідей жағдайға жете алсақ, әйелдің үйде отырғанына не жетсін?!

Көзі от болып жанған адамды көрдім-дағы, «мен әртіс боламын!» дедім...
– Мен «баланы бұзар фактор қалада көп болады» деп, бір ұл, бір ғана қызы болса да әйеліне жұмыс істетпеген, су добынан Еуропа чемпионы, алматылық «Динамоның» құрамында Кеңес Одағының бірнеше дүркін чемпионы болған, көп жыл еліміздің құрама командасын басқарған спортшы, пулеметтің аузын жауып құласа да, Алла-Тағаланың құдіретімен тірі қалған, бірақ, қазақ болғаны себепті болса керек, Кеңес Одағы Батыры атағы берілмеген Сабалақ батырдың ұлы Асқар Оразалиновтан кейінгі екінші қала қазағын көріп отырғаным осы, бәрекелді!
Қазақта, кәсіби әртістер болмаса да, сал-серілер түрінде кәсіби әншілер болды және олардың ел арасындағы абыройы деген сұмдық болған. Бүгінгі кәсіби әншілер сол деңгейге шыға алмаса да қайтсе жақындайтын болады?
– Мен фонограммасыз, жанды дауыспен айтатын дәстүрлі әншілерді тыңдасам, жаным рахаттанып қалады. Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова, Елмұра Жаңабаеваның даусына тәнтімін. Жеңіс Ысқақова, Роза Рымбаева секілді барлық әнші фонограммасыз ән салатын болса, қазақ эстрадасы 80 пайызға тазарар еді.
– Адам бала кезде және әсіресе, жасөспірім кезде әсершіл келеді. Сіздің де жан-дүниеңізді төңкеріп тастағандай әсер еткен адам немесе оқиға болды ма?
– Болды! Мен, жаңылыспасам 14 жасар кезімде, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрының спектакліне бардым. Сол жерде мен өмірімде бірінші рет Тұрысжан Айнақұлов деген актердің ойын үстінде көзінің шамдай жарқырап жанғанын көрдім... Сосын кейінірек Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы «Әкемтеатрдың» актрисасы Гүлжан Әспетованың көзінің жанғанын көрдім. Ол кезде мен музыкалық училищенің дайындық, жоқ, тұра тұрыңыз, 1-ші курсында оқып жүрген едім. «Бітті, мен әртіс боламын!» дедім. Дедім-дағы кірістім. Болдым ғой...
Сонымен қатар менің әртіс болуыма Бекежанов театрының директоры Шайтұрсын Әбдібаев ағамның, сондай-ақ, Құсейін аға Әмір-Темірдің, театрдың қазіргі режиссерінің үлкееееен септігі тиді. Мың-мың алғыс ағаларыма! Ол кісілерге жолықпағанда менің кім боларым белгісіз еді...
Сонымен қатар Ізбасқан Шәкіров деген ағамның, Опатай Мәділова, Үмігүлсім Бегімова деген апаларымның «жетістікке былай жетесің» деген ақыл-кеңестері, «таза бол!» деген өсиеттері мені жетелеп бүгінге күнге алып келді ғой...
– Ол кісілердің көбі жоқ шығар бүгін?
– Иә, Құсейін ағамнан басқасының бәрі кетіп қалды. Гүлсім апам екі жыл бұрын кетті. Бұрын Қызылордаға барсам үйлеріне соғып кетуші едім, қазір бейіттерінің басына барып, дұға жасап кетемін.
– Рухы ырза болсын жарықтықтардың! Бүгін бір аунап түсіп жатқан шығар... Ғанеке, жаратылысы әділ әрбір өнер адамы сондай-ақ өзінің ғана емес, өзгелердің шама-деңгейін сырттай болмаса да, іштей мойындайды деп ойлаймын. Ғани Құлжановты мойындатқан өнерпаздың бір-екеуінің атын атасаңыз...
– Ой, аға, мақтайтындарым көп менің!.. Менде іштарлық деген жоқ. Екіншіден, менің тапқан табысымды менің отбасым жейді, ешкім менен оны тартып ала алмайды. Өзгенің жеңісіне қуанбай, қарақұрттай бүрісіп, қызғанып, қанша миллион жүйкемнің жасушасын жойғаннан маған не пайда? Өссін! Өнсін! Әркімнің өзінің несібесі, өзінің нәпақасы, өзінің жолы бар. Мен, мысалы, Әуезов театрының әртістерін шетінен мықты әртіс деп санаймын, Жастар театрының әртістері де сондай. Мен өзім осында жұмыс істейтіндіктен айтып отырған жоқпын.
Мен жақында Ахмет Байтұрсынұлы жайлы телесериалды көрдім. Ахаңның рөлін Байғали Есен­әлиев ойнапты. Сәлеміміздің түзулігі болмаса, таныстығымыз жоқ. Ютубтан бір ғана, бірінші сериясын көргеннен кейін телефонын тауып алып, қоңырау шалдым. «Байғали, амансың ба, Ғани ғой» дедім. «Қонақтар бар еді...» деп қалды. «Байғали аға!» дедім. Пауза... «Мен 60 секунд қана уақытыңды аламын. Ахаңды ойнаған рөліңді көрдім. Маған қатты ұнады. Бүгіннен бастап сен Байғали емессің, Байғали ағасың» дедім. Пауза тағы... «Ал, сау бол! Рөлің үшін рахмет!» «Рахмет, Ғани! Әріптесіңнен мұндай баға алу – мен үшін мәртебе!» деді.
Мұндай қоңырауды екінің біріне шала бермейсің ғой. Жұмағали Маханов қалай ойнады! Азат Сейітметов қалай ойнады! Асылдың тұқымы ғой...
– Режиссер болсам деген ой келген емес пе?
– Жоқ! Мен әркім өз ісімен айналысуы керек деп есептеймін. Менің театрға директор болуым да қызық.
– Білемін. Естідім. Оқыдым.
– Ермек Әмірханұлы Аманшаев, Сәкен Сейітқалиұлы Әбдірахманов деген екі азамат келді-дағы, маған «сен танымал адамсың, театрдың директоры боласың» деді... Қатты дауластық! Менің бағыма сол кезде осы театрдың тұсауын кесуге септескен Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Азамат Есқұлов, Бақыт Хаджибаев, Айнұр Рахипова, Жандәулет Батай, Мадина Май, Әсемгүл Айтпаева, Махаббат Мадгулова, Бауыржан Нұрымбетов, сол кездегі көркемдік жетекші Тілектес Мейрамовтың, режиссер Нұрқанат Жақыпбай ағаның, орынбасарым Нәзима Мырзахметқызы Шайбанованың, бас бухгалтер Руслан Аленовтың театрда болғаны үшін Аллаға мың мәрте алғыс айтамын!
– Театрға директор болуға қалай қиналсаңыз, одан босауыңыздың да сондай қиын болғанынан хабардармын. Марқұм Әшірбек ағамыз: «Осы жұрт қызық, мені таныстырса алдымен театр сыншысы демей, министрдің 1-ші орынбасары екенімді айтады, ал, мен сыншы атағыма ешнәрсені тең көрмеймін» деуші еді. Сіздің де жоғары мәртебелі Актерлік қызметіңізге қайта оралғаныңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз