Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Қаныбек САРЫБАЕВ

БӘРІН САТАМЫЗ!



Буып тұрмын дауға бел,
Жұрттың бәрі саудагер.
Қаһарынан заманның
Қалтырады, жаурады ел.
 
Махаббат та сатулы,
Шапағат та сатулы.
Жарылқай гөр, Құдайым,
Жалаңаяқ ақынды!..
 
Тұз да қымбат бүгінде,
Қыз да қымбат бүгінде.
Үйленуді, жігіттер,
Қоямыз-ау түбінде!
 
Су да бізде сатулы,
У да бізде сатулы.
Сау басымыз осылай
Саудаға әбден шатылды.
 
Ауаның жоқ мазасы,
Көптің содан қазасы...
Сатар едік оны да,
Табылса егер тазасы.
 
Жауып Аспан түңлігін,
Сатар едік Күн нұрын,
Ай сәулесін сатар ек,
Ұстатпайды құрғырың!..
 
Қайдан шыққан қу әдет,
Пұл сұрайды туалет,
Артын ұстап шыңғырып
Жүргендерге куә көп.
 
Қайда адамдық сапамыз,
Бәрін, бәрін сатамыз.



Пікір қалдырыңыз