Ерекше бала ерекше білімді қажет етеді

Мемлекет басшысы ағымдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, денсаулық, білім және әлеуметтік салада балаларды қорғау мақсатындағы нақты шаралардың орындалуына баса назар аударуда. Балаларға ерекше назар аударудағы мақсат – олардың мықты денсаулық пен терең білім алуларына зор жауапкершілікпен қарау. Себебі, кемелді келешек – жас ұрпақтың қолында. Дені сау, білімді ұрпақ қана  ұлт болашағын қалыптастыра алады. Ал, бала тәрбиесі мен біліміне отбасындағы ата-ана мен ұстаздардың жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, әсіресе, ерекше білімді қажет ететін ерекше балалар туралы тереңірек айтқым келеді.

Ерекше білімді қажет ететін балаларға берілетін білім инклюзивті білім деп аталады. Инклюзия деген не? Инклюзия – денсаулығы дімкәс, мүмкіндігі шектеулі балалардың өз күшіне деген сенімін арттыру арқылы басқа жеткіншектермен бірге білім алуы, яғни арнайы мамандар (логопед, дефектолог, психолог, олигофренопедагог және сурдопедагог) арқылы қосымша білімді керек етуі. Инклюзивті білім – қоғам қажеттілігі. Себебі, инклюзивті білім беру даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізудегі өзекті мәселе саналады. Оның мақсаты – дені сау баламен бірге инклюзивті білімді қажет ететін балаларды қоршаған ортаға бейімдеу. Балалардың деңгейіне қарай (тіл кемістігі, дене дамуының жеткіліксіздігі,  көру қабілеті нашар, есту қабілеті бұзылған және қандастар үшін (тіл және салт-дәстүрді меңгеру бойынша ортаға бейімдеу) қажетті білім беру болып табылады.   
Қазір аурудың түрлері көп. Бір-біріне ұқсас болғанымен, атаулары әр басқа. Аурулар экологияның ластануынан бастау алып, тұқым қуалаушылық, денсаулыққа немқұрайдылық таныту, жыныстық қатынастағы жұқпалы аурулар мен отбасылық жағдайдағы кикілжіңдерден де (депрессия) туындауда. Әсіресе, орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан, мидың органикалық зақымдануынан, жүктілік пен туу кезіндегі жарақаттар мен нейроинфекция әсерінен аутист балаларды дүниеге әкеліп жатқан аналар  аз емес.
Ал, аутизм – ауру емес. Ол – ешбір генетикалық сараптама көрсете алмайтын, яғни  адамның жан-дүниесінде болып жатқан арпалыс. Өзіңіздің бойыңыздағы байқалмайтын және байқалатын қасиеттерді балаңыздың бойынан (99% гендік) көру. Ата-аналардың көпшілігі бұл жағдайды мойындай бермейді.
Аутист бала сезінуге қабілетсіз болады. Баланың бойындағы аутистік бұзылуларды 2-3 жасқа келгенде ойын арқылы  анықтауға болады. Мысалы, дені сау бала мен аутизмге шалдыққан сәбидің ойнап отырған ойыншығын тартып алсаң, жылайтыны анық. Сау балаға ойыншығын қайтарсаң, жылағанын бірден қояды, ал, аутистік белгісі бар балаға ойыншығын қайтарсаң да жылай береді. Тағы бір белгісі,  адамның көзіне тіке қарамайды. Балаға қарама-қарсы тұрып, ым-ишаралармен жаттығулар жасауды талап етсең, құлақ аспайды. Ал,  сол жаттығуларды артына өтіп жасасаң, оны орындайды.  Өсе келе ешнәрсеге қызығушылығы оянбай, айтқанды түсінбей, тек қайталай береді. Мамандар олардың психологиясын зерделеу барысында ерке, тәртіпсіз әрекеттерімен жақын адамдарына (тіпті анасына) деген аяушылық сезімнен алшақ болатынын байқаған. Дертті дер кезінде (2-3 жасында) анықтап, арнайы мамандарға емдететін болса, сауығып кетуіне мүмкіндік бар.
 Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізуде арнайы мамандардың қызметі үлкен шеберлік пен білімді қажет етеді. Ерекше баламен ерекше білімді мамандардың жұмыс жүргізгені дұрыс. Шетелдің білікті мамандарымен тәжірибе алмаса отырып, әдістемелік құралдар әзірленсе, нұр үстіне нұр болар еді. Білікті маман іздеп, баламен сан-саққа жүгірген ата-аналарға да арнайы оңалту (анаға да, балаға да психологиялық және психикалық тұрғыдан көмек көрсететін) орталықтары ашылуы керек деп ойлаймын. Неге десеңіз, анасымен жұмыс жүргізу арқылы баланы емдеу тиімдірек. Себебі, дені сау ана мен әкеден ғана дені сау бала өмірге келетінін ескерген жөн.
                                                                    
 Мәдина АЛДАБЕРГЕНОВА,
Шымкент қалалық білім басқармасының  орта білім беру  және тәрбие жұмыстарын дамыту,
қосымша білім беру бөлімінің бас маманы.
Пікір қалдырыңыз