Украина мен Ресей қашан ортақ мәмілеге келеді?

БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссарының мәліметтері бойынша, әскери қимылдар басталғалы Украинадан кеткен босқындар саны 4 миллионнан асты. Олардың басым бөлігін балалар мен әйелдер құрап отыр. Босқындардың 2,3 миллионы Польшада жүр. Көрші Румыния, Молдова, Венгрия мен Словакияға бас сауғалағандар да жетерлік.
Күні кеше, 29 наурыз күні Түркияда Украина мен Ресей делегацияларының бесінші келіссөзі өтті. Бұл жолғы келіссөзде қос тараптың келісуге деген беті бері қараған сыңайлы деп әлем жұртшылығы қуанған еді. Алайда, кеше түні бойы  Ресей әскері ел астанасы Киев пен солтүстіктегі Чернигов және Нежин қалаларына артиллериядан соққы жасапты. Бесінші келіссөз демекші, бұл жөнінде Украина президенті Владимир Зеленский «иә, келіссөздер жүріп жатыр. Бірақ, сылдыр сөз көп. Ресей әскерін Киев пен Чернигов жақтан әкетті деген де сөз бар. Бірақ, Ресей әскерінің Донбасқа жаңа соққылар жасау үшін жиналып жатқанын білеміз. Біз қазір осыған дайындалып жатырмыз» деді.

Қос тараптың талаптары белгілі болды
Украинадағы гуманитарлық дағдарыс күннен күнге ушыға түсуде. Расында, келіссөздер айтарлықтай нәтиже берер емес.
Кейбір сенімді ақпарат көздері Украина мен Ресей арасындағы келіссөз сәуірдің басында қайта жанданады деп хабарлады. «Слуга народа» фракциясының өкілі, Украина делегациясының жетекшісі Давид Арахамия өзінің телеграм каналында бұл жолғы кездесу онлайн форматта ұйымдастырылатынын айтыпты. 29 наурызда Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен кездесуде бірқатар мәселе талқыланып, ұсыныстар айтылды. Бірақ, Давид Арахамияның айтуынша, ешбір құжатқа қол қойылмаған.
Украина Ресейге мынандай талаптар қойып отыр. Біріншіден, екі ел де Қырым мен Севастопольді әскери күшпен басып алудан бас тартуы тиіс. Әрі бұл аймақтарды бөлісу үшін 15 жыл бойы бейбіт келіссөз жүруі керек.
Екіншіден, Донбасс пен Луганск облыстарын бөлісу бойынша Ресей мен Украина президенттері кездесіп, ақылдасуы тиіс.
Үшіншіден, Киев ядролық қарудан бас тарту мәртебесін кепілдендіргісі келеді. Сондықтан Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік берілуі тиіс. Кепілгер елдердің тізіміне Ұлы-британия, Қытай, АҚШ, Франция, Түркия, Германия, Канада, Польша мен Израильді қосқан. Украинаға қауіп төнсе, осы елдер көмектесуі керек.
Төртіншіден, Украина ешқандай әскери қауымдастыққа мүше болмайды, бұл амбициясынан бас тартпақ. Нақтырақ айтқанда, Украина әскери одақтарға кіруден, шетелдік әскери базаларды, контингенттерді орналастырудан, кепілгер мемлекеттердің, соның ішінде Ресейдің келісімінсіз Украина аумағында әскери жаттығулар өткізуден бас тартуға дайын.
Ал, Ресей тарабы бұл келіссөзде белгілі болғанындай, бұрынғы ультиматумдарының кейбірінен бас тартқан сыңайлы. Батыс БАҚ-тарының жазуынша, Ресей арнайы «әскери операцияны» бастарда «операцияның мақсаты – Украинаны денацификациялау мен демилитаризациялау» деп көрсеткен еді. Түркияда өткен келіссөзде денацификациялау туралы жақ ашпаған. 
Анкара қаласында болған екі елдің арасындағы келіссөз 4 сағатқа созылды. Нәтижесі кейінірек белгілі болмақ. 
Ресей делегациясының басшысы, РФ президенті В.Путиннің көмекшісі Владимир Мединскийдің айтуынша, Мәскеу билігі  Украинаның Еуропалық одаққа кіруіне қарсы емес. В.Мединский: «Украина тарабы мемлекетіне қауіпсіздік кепілдігін сұрап отыр, яғни тәуелсіздігіне қол сұқпау мен оның қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуге кепілдік алғысы келеді» дейді. 

Әу баста шиеленіс қалай басталды?
Екі ел арасындағы шиеленістің алғышарттары сонау КСРО ыдырағаннан кейін-ақ қалыптаса бастаған. Мұндағы бар мәселе – Ресейдің Украинаны өз уысынан шығарғысы келмейтіндігі. Газдың бағасы, шекара мәселесі, Украинаның саяси одақтасы ретінде АҚШ-ты таңдауы, міне, осының барлығы мемлекеттердің ара қатынасын шиеленістіре түскені анық. 
1991 жылы тамызда Мәскеудегі саяси төңкерістен кейін Украина өзін тәуелсіз мемлекет деп жариялады. Дегенмен, КСРО-ның ядролық арсеналының үлкен бөлігі Украина аумағында қалып қойды. 1994 жылғы келіссөздерден кейін Киев ядролық қарудан бас тартып, зымырандарды Мәскеуге табыстады. Осыған байланысты Ресей, АҚШ және Ұлыбритания Украинаның мемлекеттік тұтастығына, шекарасына және егемендігіне қарсы күш қолданбау міндеттемелерін өз мойындарына алды.
1997 жылы Украина мен Ресей Қара теңіздегі әскери флотты бөлісу туралы келісімге келді. Ал, 2003 жылы Ресей мен Украина мемлекеттер арасындағы шекара туралы келісімшартқа қол қойды. Аталмыш келісімшартта Қырым жері Украинаға тиесілі деп анық көрсетілген. Бірақ, бірнеше айдан соң Қырым аумағындағы Керчь бұғазына байланысты жанжал туды.
Кейіннен екі мемлекет арасында газға байланысты түсінбестік туындады. Екі тарап газды тасымалдау шарттары мен оның бағасына келісе алмады. Бағаға келісе алмағаннан кейін Ресей бірнеше рет газ тасымалына шектеу қойды.
Жылдар өте келе Украинаның тілдік саясаты да Ресейге жақпады. Мәскеу Украинадағы мектептердің мемлекеттік тілге жаппай көшуіне қарсылық танытты.
Бауырлас елдер арасындағы мұнан өзге де келіспеушіліктердің салдары 
2022 жылы шырқау шегіне жетті. Екі ел арасында соғыс өрті тұтанды. Ресей Украинаға басып кірді. Путин өз мақсаты Украина аумағын басып алу емес, тек олардың әскери күшін жою екендігін қадап айтты. Елде ядролық қару жасау туралы әңгіменің қозғалуы Ресейге үлкен қауіп төндіретінін ескертудей ескертті. «Украинаның өз ядролық қаруын жасау туралы сөз қозғауы бос әңгіме емес. Бұл мемлекетте мұндай қаруды құрастыру  үшін кеңсе кезінен қалған тахнологиялар мен оны тасымалдау мүмкіндігі бар» деді Путин. Қазіргі болып жатқан оқиғалар барысы Путиннің қаупінің негізсіз емес екенін көрсеткендей.

Санкция жалғасып жатыр
Санкция әсіресе, орыс олигархтарына оңайға тимеуде. Мәселен, Ұлыбритания үкіметі ресейлік миллиардер, мұнай магнаты және «Сибнефть» компаниясының бұрынғы президенті Евгений Швидлерге тиесілі ұшақтарды тәркіледі. 
Ұлыбританияның көлік министрі Грант Шаппс Украинада жазықсыз адамдар өліп жатқанда «Путиннің достары» сән-салтанат құрмауы керек екенін мәлімдеді. Швидлерге лондондық «Челси» футбол клубының иесі Роман Абрамовичпен іскерлік байланысы болғаны үшін санкция салынды.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс Telegraph газетіне берген сұхбатында Ресейге салынған санкцияға қатысты пікір білдірді. Ведомство басшысының айтуынша, Кремль билігі Украина аумағынан әскерін әкетсе және келешекте шабуыл жасамауға кепілдік берсе ғана санкциялар алынып тасталады.
«Санкциялар атысты толық тоқтату және әскерді шығару, сондай-ақ бұдан әрі агрессия жасалмайтыны жөнінде міндеттеме алған жағдайда ғана жойылуы мүмкін» деді ол.
Лиз Трасстың сөзіне сүйенсек, Ресей қайтадан Украина жеріне әскер енгізетіндей болса, шектеу қайта салынады.
Зеленский Украина келіссөздерге дайын екенін және оны жалғастыратынын, бірақ бұлар Ресейге қарсы санкциялардың жойылуына әсер етпеуі керектігін айтады.
Ал, Еуроодақ елдерінің көшбасшылары Ресей мен Беларуське қарсы жаңа санкциялар енгізуге дайын екенін хабарлады. Олар Ресейдің әскери іс-қимылдары аяқталғаннан кейін Украинаны қалпына келтіруді қаржыландыру үшін ынтымақтастықтың сенімді қорын құруға келісті. 
Мәселе екі мемлекет басшылары кездеспей шешілмейтін сыңайлы.
Иә, қарулы қақтығысқа нүкте қоятын да қос тараптың басшылары болуы тиіс. Ыстамбұлда өткен Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің кезекті раундында кездесуді ашқан Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған  Украинаның да, Ресейдің де Түркия үшін маңызы зор екенін айта келіп, бұл келіссөздер екі мемлекеттің басшысының кездесуіне жол ашатынын жеткізген еді. Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров президенттер – Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің кездесуі дәл қазір тиімді нәтиже бермейді деген пікір білдірді. С.Лавров екі көшбасшы арасындағы кездесу тек екі тарап негізгі мәселелерге қатысты ортақ шешімге келе бастағанда ғана өтуі керек дейді. 
Көзіқарақты оқырман әлеуметтік желі, баспасөз құралдары арқылы екі елдің арасындағы соғыстың жай-жапсарынан хабардар. Кейбіреулері саясаткер, сарапшылардан да  терең ой толғап, алдағыны болжап жататыны жасырын емес. «Украина келіссөзде Ресейдің талаптарын орындайтын болса, НАТО-дан бас тартса, онда осыған дейін халқын оққа байлаудың не керегі бар еді? Меніңше, бұл келісімдерге Украина бостан-бос көніп отырған жоқ. Олардың басты демеушісі АҚШ артқа шегінді. Өйткені, Ресейдің доллардан бас тартуы АҚШ үшін мемлекет ретінде жойылудың тап өзі болатын. Ресейдің кешелері «Газ-мұнайымызды тек рубльге сатамыз» деуі – долларды құнды қағаз ретінде жинауды тоқтатамыз дегені. Осыдан кейін АҚШ Зеленскийге басқа нұсқау берді» деп жатқандар да бар. Кім не десе де жұртқа әліптің артын күткеннен басқа амал жоқ...    

Дайындаған Б.ДАРҒОЖИНА.
Пікір қалдырыңыз