Қабылдау жүргізілуде

Еліміздің барлық өңірінде дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарына түсуге өтініштер қабылдау жалғасып жатыр. Оқушылар арасында конкурстық іріктеу 2022-2023 оқу жылына арналған.
Үміткерлер 1 сәуірге дейін www.qabyldau.daryn.kz сайтында онлайн тіркеліп, құжаттарын тапсыра алады. Сонымен қатар тіркеуде көрсетілген мерзім ішінде оқушылар өздері таңдаған мамандандырылған білім беру ұйымына қабылданады.
– Арнаулы білім беру ұйымдарына 5, 6, 7-сыныптар қабылданады. Ол үшін баланың ата-анасы немесе заңды өкілдері өтініш беріп, құжаттарды ұсынуы керек. Ол құжаттар: оқушының туу туралы куәлігінің көшірмесі, баланың оқу орнынан анықтама және оның фотосуреті. Байқаудың өтетін күні туралы қосымша хабарланады, – делінген министрлік таратқан хабарламада.
Емтихандар тестілеу форматында өткізіледі. Оқуға түсушілер математика, логика, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы бойынша емтихан тапсырады. Конкурстық іріктеудің барлық тест тапсырмасы логикалық тапсырмаларды қамтитын оқу бағдарламасы негізінде құрастырылған. Тестілеу әр өңірдің негізгі мектептерінде өткізіледі. Талапкерлерді арнаулы білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау ең жоғары балл санына қарай жүзеге асырылады. Арнаулы білім беру ұйымдарына қабылдау туралы толық ақпарат www.qabyldau.daryn.kz сайтында орналастырылған.