Әбдімәжит ағай

Ерболат Айнабеков, «Ońtústik Qazaqstan».
Ұстаз деген ұлы мамандыққа деген құрмет кеше немесе бүгін ғана басталған жоқ. Ұлтымыздың ұстыны ретінде ұстаздарды құрметтеу бұрыннан бар дәстүр. Қазақта «Алғабас» деген жер-су аттары жиі кездеседі. Соның ішінде Төлеби ауданында орналасқан Алғабас ауылының топырағында дүниеге келген талапты ұл-қыздарды түгендеп шығу қиынның қиыны. Өнер, білім-ғылым саласында ерекше танылған дарынды ұл-қыздардың көпшілігі осы топырақта дүниеге келгендер. Бүгін біз әңгіме еткелі отырған ардагер ұстаз Әбдімәжит Үдербаев ағамыз да киелі Алғабас ауылында дүниеге келген.
Ол алдымен осы Алғабас ауылындағы сегізжылдық мектепті, кейіннен Леңгір қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 орта мектепті бітірген. Мектеп бітірген соң әскерге шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеген. Әскерден оралып, Шымкент қаласындағы қорғасын зауытында механикалық шеберханаға жұмысқа орналасады. Осы екі ортада Шымкент педагогикалық институтына құжат тапсырып, математика пәнінің мұғалімі мамандығын иеленеді.
Кейіннен осы оқу орнында жүріп, институттың «жалпы техникалық еңбек» кафедрасында оқу мастері болып жұмыс істеген. Ұстаздық жолын 1982 жылы өзінің туған жері «Алғабас» орта мектебінде бастаған. Іскерлігімен, біліктілігімен, жұмысына адалдығымен танылған Әбдімәжит ұстаздың еңбек жолы одан әрі өрлей береді. 1997 жылдан 2020 жылға дейін «Алғабас» орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Басшылық қызмет атқарып жүрсе де Әбдімәжит ағай шәкірттерге сабақ беру ісінен шет қалмайды. Ол осы мектептің оқушыларына математика деген пәннің қыр-сырын үйретеді. Білім саласына 43 жылын арнаған ұлағатты ұстаз ширек ғасыр мектеп директорының орынбасары болды.
Осы уақыт ішінде Әбдімәжит ағай ізденімпаздығын, тиянақтылығын, іскерлігін, ұжым алдына нақты талап қоя білетіндігін көрсете білді. Ұжымдағы ұстаздардың барлығына қамқоршы және жанашыр болды. Мектептің материалдық базасын нығайтуға, ауылда «Жеңіс» саябағын салуға елеулі үлес қосты. Қанша жылдардан бері жөндеу көрмей, тозығы жеткен білім ордасын күрделі жөндеуден өткізу үшін аудан, облыс басшыларына дейін кіріп жүріп, ақыры сол жүгірістен нәтиже шығарды.
Ол кісіден тәлім алған шәкірттері қазір республиканың түкпір-түкпірінде ұстаз, дәрігер, инженер, заңгер, әскери қызметкер, жеке кәсіпкер, құрылысшы және тағы басқа да мамандықтар бойынша абыройлы еңбек етіп жүр.
«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп ұлы ғұлама Әл-Фараби бабамыз айтқандай, мамандық атаулының төресі ұстаздық деген ұлы атқа кір келтірмеу кез келген мұғалімнің парызы деп санайды Әбдімәжит ағайымыз.
Әбдімәжит Үдербаев жұбайы Құндыз апамыз екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы иелері. Ұлы Нұрбек пен қызы Әлия ұстаздық жолды таңдаған. Әбдімәжит ағамыз қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып істеді.
1983 жылдан бастап, 2007 жылға дейін сайлау комиссиясының хатшысы болды. 2012 жылдан бастап, 2020 жылға дейін сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Оның мұрындық болуымен
2010 жылы ақпан айында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары арасында «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында ауыл мектебі мұғалімдерінің бастамаларын дамыту» атты тақырыпта семинар ұйымдастырылған. Ауданда өткізілген оқу ісі меңгерушілерінің арасындағы байқауда III орынға ие болған.
Ол ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің ерен еңбегімен ел құрметіне бөлене білді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Әбдімәжит ағай оқу саласының білгір маманы атанды.
Суретте: (оң жақта бірінші) Ә.Үдербаев.