Ең әдемі киім – өз ұлтыңның киімі

Біле білсек, қазақтың ұлттық киімдерінде өзге халықтарға ұқсамайтын ерекшеліктер көп. Бір ғана ою-өрнектің өзінен халқымыздың арғы-бергі тарихынан сыр шертер қаншама көріністі байқауға болады. Көнеден бүгінге жеткен сол киімдеріміз өзінің әсем әрі ыңғайлы пішінімен әлі де сұранысқа ие.

Ұлттық киімдер жайында әңгіме қозғала қалса, «ау, ағайын, үстімізге шапан, басымызға сәукеле киейік» деп аттан салатындар көп. Біздің айтпағымыз, ұлттық нақышта тігілген заманауи әрі күнделікті өмірге ыңғайлы киімдер жайында. Ал, мұндай киімдер бар ма? Өкінішке қарай, жоқтың қасы. Әрине, осы саланың басы-қасында жүргендер ұлттық нақышта безендірілген киімдердің көптеп тігіліп жатқанын алға тартуы мүмкін. Сөз жоқ, тігіліп-ақ жатыр. Бірақ, олар әлемдік деңгейдегі көрмелерге немесе түрлі сән байқауларына арналған киімдер ғана дер едік. Ал, қарапайым халыққа күнделікті киіп жүретін қарапайым киім қажет. Қазір базарға барсаңыз да, сауда орталықтарындағы қымбат бутиктерді араласаңыз да, қазақы өрнекті қарапайым киім табуыңыз неғайбыл. Демек, мұндай киімдерге сұраныс жоқ деген сөз. Сұраныс болмаған жерде, әрине, сауда да жоқ. 
Қазір әлемде сән үлгілерінің қарқынды дамып жатқанын байқауға болады. Бірақ, соған қарамастан төл киімдерін үстерінен тастамай жүрген ұлттар көп. Мәселен, қырғыз ағайындар қалада жүрсе де, далада жүрсе де айыр қалпақтарын бастарынан тастамайды. Іргеміздегі өзбек қоңсымыз қайда жүрсе де ала шапандарын жамылып жүреді. Бастарында ала топысы. Жапондар болса, кимоноларын бүкіл әлемге жарнамалап болды. Қайбір жылы Түркіменстанның ғылым академиясы ғалым әйелдерді үстіне ұлттық нақыштағы көйлек, бастарына орамал тартып жүруге міндеттеді. Ал, Моңғолия мектеп мұғалімдеріне ұлттық нақыштағы киім киюді міндеттеп, үзілісте соғылатын қоңыраудың өзін моңғол ұлтының рухын көтеретін музыкамен алмастырған. Ал, біз ше? Өкінішке қарай, біз ұлттық киімдерімізді кию тұрмақ, оны өз дәрежесінде насихаттай алмай келеміз. Себебі, ою-өрнегі бар киімдерді сол сахнаның маңайындағы әртістерден, теледидардағы «жұлдыздардың» үстінен ғана көруге көзіміз үйреніп қалған. Тіпті, басына үкілі бөрік, үстіне бүрмелі қос етек көйлек киіп, көшеде жүргендерге біртүрлі, аңтарыла қараймыз. 
Қазір тойларда қазақтың бәрі бір-біріне шапан жабады. Бұрын аса құрметті адамдарға жабылатын шапандардың бүгінгі сипаты дарақылықтың символындай әсер қалдырады. Ол шапандар асабалардың тілімен айтқанда, айналымда жүрген шапандар. «Осы айналымда жүрген он шақты шапанды анда-санда көріп қалғанда, көзімізге жылыұшырап тұрады» деп әзілдеп жатады. Сосын шапанды қазір балаға да, данаға да жабатын болдық. Осы шапандарды тым құрығанда неге жылына бір рет кимеске?! Күнделікті өмірде басымызға заманауи үлгіде тігілген бөрік киіп, иығымызға оқалы шапан іліп жүрсек, бізге біреу қой дей ме?! Әрине, ешкім қой демес, бірақ, соған ұлттық намысымыз жетіңкіремейтін сияқты. Әйтпесе, сыртқы болмысымызды айқындап, өзгелерге рухымызды паш етіп тұратын ең үлкен құндылықтарымыздың бірі осы ұлттық киімдеріміз емес пе?! Сондықтан ұлттық киімдерімізді дәріптейміз десек, мұны әркім өзінен бастағаны жөн. Себебі, қазақтың ұлттық киімі тек қазаққа ғана жарасады.

 Суретті түсірген Қайсар Шерім.

Пікір қалдырыңыз