Мәселе бір кездесумен шешілмейді

Түркияның Анталия қаласында 10 наурызда өткен Украина мен Ресей сыртқы істер министрлерінің кездесуінде тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Жабық есік жағдайында өткен кездесуден соң екі елдің министрі екі бөлек залда бір мезгілде брифинг өткізді. Бір жарым сағатқа созылған келіссөз нәтижесіз аяқталғанын қос тарап та мойындады. Алайда, тараптар әлі де кездесуі мүмкін.

Екі жақты кездесуден бұрын Ресей мен Украина елдерінің сыртқы істер министрлерін Түркияның сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу жеке-жеке қабылдап, пікірлесті. 

Украина сыртқы істер минис-трі Дмитро Кулеба «бітімге келу бойынша ешқандай ілгерілеу жоқ» деп мәлімдеді. Айтуынша, жиын кезінде ол ресейлік әріптесімен 24 сағатқа оқ атуды тоқтату жағын талқылаған. Бұдан бөлек, Украина жағы қоршаудағы қалалардан күн сайын гуманитарлық дәліз ашу мәселесін көтерді. Ресей жағы бұл мәселені тиісті лауазымды тұлғалармен ақылдаса отырып шешетіндерін мәлімдеді.

Өз кезегінде Сергей Лавров «Ресей Украинаға шабуыл жасаған жоқ және өзге елдерге де шабуыл жасау жоспары жоқ. Керісінше, Киев Донецк пен Луганск халық республикаларына шабуыл жасамақ болды» деді. Сонымен қатар, Мариупольдегі перзентхананы бомбалау туралы онда украин батальоны жауынгерлері орналасқанын дәйек ретінде келтірді.

Бұдан бөлек, НАТО-ның ұлғаюына да тоқталған Лавров бұл мәселеде альянс Ресейдің мүддесін ескеруден мүлдем бас тартып отырғанын атап өтті.

Кулеба болса, Киев Ресейдің талаптарын орындамайтынын, дегенмен, қақтығысты дипломатия жолымен шешуге әзір екендерін мәлімдеді.

Беларусь елінде бұған дейін үш рет кездесу өткені белгілі. Бұл жөнінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Біз бүгін президент Путиннің Украина президенті Зеленскиймен кездесуден бас тартпайтынын нақтыладық. Ерте ме, кеш пе, мұндай кездесу болады. Алайда, ол үшін Беларусьта өтіп жатқан келіссөздер арқылы нақты дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Әзірге үш кездесу өтті. Біз Украина тарапына нақты ұсыныстарымызды айттық. Енді нақты жауап күтеміз» деді.

Ал, Украинаның сыртқы істер министрі Дмитро Кулеба бұл жиынға нақты қадамдар жасауға келгенін, алайда, қарсы тарап тек мәселелерді тыңдау мақсатында келгендігін алға тартты. «Лавров тек өзінің Украина туралы пікірлерімен бөлісті. Ал, қиын жағы қоршаудағы қалаларда нағыз трагедия болып жатыр. Мен осы трагедияны дипломатиялық жолдармен шешу үшін барымды салдым» деді.

Басқосуға мұрындық болған Түркияның сыртқы істер министрі екі ел арасында қақтығыстар басталғалы бірінші рет жоғары деңгейде осындай жиын өткізудің өзі үлкен жетістік екендігін айтты. Әрине, тым шиеленісіп кеткен жағдайды бір кездесумен шешу мүмкін еместігі белгілі. 

Екі жақтың министрлері келіссөздің келесі раундын өткізуге дайын екендіктерін жеткізді. Алайда, әзірге ол кездесудің қай жерде және қашан өтетіні туралы  нақты ақпарат берілген жоқ.

Пікір қалдырыңыз