Қазына толы алтын сандық балалар үйіне тарту етілді

Біздің буын ойынға емес, кітапқа құмар боп өсті. Кітап оқығаны үшін атасы қатаң жазалаған бала Максим Пешковқа жанымыз қатты ашитын. Біздің жастық шағымыз Абайдың «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық болымен», Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасының» әдеби нұсқасын кино нұсқасымен салыстырумен, Мақатаевты жата-жастана оқып, Мақатаев сарынымен өлең құраумен, В.Гюго, Т.Драйзер, т.б. әлемдік жауһарларды оқумен, сол туралы пікір алысумен өтті. Зере, Домалақ ене, Айғанымдай ұлт анасы болуды мақсат тұтқан қыздар жүрді жанымызда... «...Баяғы заман болса, шіркін-ай, Тұмар, Бопай, Гауһарлардың жанында жүрер ем...» деген батыр қыздармен сырласып өстік.
Айналамыздағылардың бәрі бір-біріне мейіріммен, ақ пейілмен қарайтын. Ұрысса, кек сақтамайтын, ертеңге деген сенімі жоғары, ойлары жүйрік, қиялдары ұшқыр, жандары таза болатын. Өз басым орыс классиктерін оқып жүріп, олимпиада, конкурстарға қатысып, «қазақ тілінен үлкен бәйге-додалар қашан өтер екен, кібіртіктемей, құлашымды кеңге жазып, қашан ана тілімде бағымды сынар екенмін?..» деп армандайтынмын. Ол енді бөлек әңгіме...
Сөз зергері М.Әуезов «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деген екен. Кітаптың шынайы құндылығын түсінетін ұстаздар қауымының қасиетті қарашаңырағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде күні кеше «Кітап сыйла» акциясы өтті.
Халықаралық кітап сыйлау күніне орай ұйымдастырылған бұл игі шараның биылғы ерекшелігі – «Балаларға базарлық» ретінде оқу ордасы фойесіне алтын сандық қойылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылды «Балалар жылы», ал, университетте басқарма төрайымы – ректор Гүлжан Сүгірбаеваның «Ғылым жылы» деп жариялауына байланысты ұлттық нақышта безендірілген сандықты балаларға арналған ғылыми-танымдық, көркем әдеби кітаптарға толтыру ұсынылды. Олардың барлығы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тарту етілді.
«Кітап сыйла» акциясын басқарма төрайымы – ректор Гүлжан Дәулетбекқызы ашып беріп, іс-шараның мақсатымен таныстырды. Қоғамдық кәсіптер даярлау орталығының басшысы ретінде қызметін бастаған түлегіміз Біржан Есімовке Шымкент қаласы туралы энциклопедиялық иллюстрациялық кітабын сыйға тартты. Алтын сандыққа балаларға арнап әкелген кітаптарын салды.
Мен сүйікті жазушым Дулат Исабековтің «Бонапарттың үйленуі» кітабының атына арқау болған аттас әңгіменің желісін акция шарты бойынша 7 сөйлемге сыйдырып, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының директоры Аққоңыр Жылысбаеваға тарту еттім. Дулат Исабековтің езуге күлкі үйіретін әдемі әңгімелері позитив сыйлап, көктемгі аккредитациядан жеңіл өтулеріне тілектестік білдірдім.
Филология факультетінің деканы Эльмира Оразбаева алтын сандығымызды балаларға арналған 60 кітаппен толықтырды. Басқа факультет, құрылымдық бөлім басшылары, студенттер акцияға өз үлестерін қосты.
Айтпақшы, акция барысында лотерея ойынын да өткіздік. Таңдаулы 11 кітапты ұтып алу үшін қоржынға нөмірленген 11 асық салдық. Бір қызығы, асық таңдаған қатысушылардың бәрі дерлік өз қызығушылықтарына сай кітап ұтты. Университет ректоры Гүлжан Сүгірбаева Жапониядан бастау алған жұмыс өнімділігін арттыруға және ұйымның жұмысқа деген ынта-жігерін арттыруға ықпал ететін кайдзен жүйесі туралы әлемдік бестселлерге ие болса, физика-математика факультетінің белсенді студенті Аманжол Ауешовке ең негізгі сыйлығымыз – 4 томдық «Абай жолы» роман-
эпопеясы бұйырды. Филология факультетінің деканы Эльмира Бейсенбайқызы «Балалықтан – даналыққа», ал, Естай атты студентіміз Луиза Хейдің «Өмірің өз қолыңда», фотографымыз Қасым Тағабаев Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» атты тағлымдық шығармасына, бас есепші Күмісай Қыстаубаева Әкім Ысқақтың «Жүректегі жазулар» кітабына ие болды.
Университет ұжымы бір-біріне кітап сыйлап қана қоймай, мейірім, жылылық, шуақты көңіл, білім, келешекке сенім сыйлады.
«Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт» екенін қарашаңырақ ұстаздары мен студенттері бүкіл болмысымен ұғынған күн болды, бұл күн.
Ақлима МАРХАБАТҚЫЗЫ,
ОҚМПУ-дың әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры.